Кәрiлiк алды және кәрiлiк жас кезеңіндегі психоздардың емі және профилактикасы
Айқын депрессиямен науқастарды емдеуде электротырысулық терапияның тиімділігі жоғары. Бiрақ электротырысулық терапия жүргізгенде буын таюлар, сынықтар, жүрек жұмысының бұзылуы (әсiресе егде жастағы науқастарда) және мнестикалық өзгерiстер сияқты, асқынулар болуы мүмкiн. Галлюцинаторлы-параноидты формасымен науқастарға инсулинді-шокты терапия қолдану оң нәтиже береді. Соңғы жылдарда пресенильдi және сенильдi психоздардың емінде психотропты дәрiлiк заттар кеңiнен қолданылады.
Психотропты заттарды таңдау бұзылыстардың психопатологиялық құрылымының ерекшеліктерімен және де науқастардың соматикалық жағдайымен анықталады. Психотропты дәрiлiк заттарды қолданудың терапиялық тактикасының жалпы принциптері басқа психикалық ауруларды емдеудегі принциппен ұқсас. Егде жастағы науқастарға психотропты дәрiлiк заттар аз мөлшерде тағайындалады. Егде жастағы науқастарда осы тәріздес психопатологиялық бұзылыстар орын алғанда емді ең төменгі мөлшерден бастау қажет. Мөлшерін ұлғайту науқастардың соматикалық күйін - әсiресе жүрек – қантамыр жүйесiнің қызметін қатаң бақылау арқылы жүргізіледі. Психомоторлы қозу жағдайында нейролептиктер қолдану оң нәтиже береді. Седативтi нейролептиктермен қатар тимолептиктер де кеңінен қолданылады: левомепромозин, тиоридазин. Егде жастағы науқастар нейролептик қатарындағы дәрiлiк заттарды нашар көтереді. Сондықтан оларды төмен мөлшерден бастап тағайындайды.
Нейролептикалық препараттар (аминазин, трифтазин, галоперидол) параноидты және галлюцинаторлы-параноидты синдроммен науқастарға қолдануға көрсетілген. Сандырақтық немесе галлюцинаторлы симптоматика депрессиялық құбылыстармен бірге жүрген жағдайда нейролептиктер мен антидепрессанттарды кешенді қолдану терапиялық тиімді нәтиже береді. Науқастардағы психикалық ауытқулар шекаралық бұзылыстармен көрінсе транквилизаторлар қолданылады (сибазон, мезапам, лоразепам, феназепам, нитрозепам және т.б.). Тұрақты терапиялық тиімді нәтижені сақтау үшiн көптеген айлар, кейде жылдарды құрайтын ұзақ психотропты терапия қажет. Әртүрлi жанама әсерлердiң алдын алу мақсатымен нейролептиктермен терапияны олардың корректорларымен /артан, циклодол/ бiрiктiрiп тағайындау керек.
Пресенильдi кезеңде жиі кездесетін депрессияның созылмалы түрiн емдеу үлкен қиындықтар туғызады. Бұл жағдайдағы науқастарға көптеген психотропты заттармен терапия қолдануға тура келеді. Оларда жиі нейролептикалық интоксикация құбылысы және әртүрлі асқынулар кездеседi. Бұл жағдайда басты синдромды ескере отырып индивидуальды тәсілді қолданған дұрыс. Психотропты терапияға резистенттілік түзілген депрессиямен науқастарға электротырысулық терапия қолдануға болады.
Депрессивті күйлердің алдын алу үшiн литий тұздары кеңiнен қолданылады. Дегенмен бұл ем түрі үлкен сақтықпен жүргiзілуі тиіс, өйткенi оның қарсы көрсеткіштерінің тізімінде егде жас кезеңі мен жүрек – қан тамыр жүйесiнiң аурулары бар. Литий тұздарымен емдеуде науқас қанындағы литий құрамын жүйелi түрде бақылап отыру қажет.
Егде жастағы адамдардағы дементті формалардың терапиясы ең алдымен науқастардың қанағаттанарлық физикалық жағдайын сүйемелдеп тұруға және психотропты заттар көмегімен психопатологиялық продуктивтi симптоматиканы басуға бағытталған.
Егде жастағы науқастардың психикалық бұзылыстарының профилактикасында соматикалық және инфекциялық аурулардың алдын алу, психожарақаттаушы жағдайларды болдырмаудың маңызы зор. Соматикалық аурулардың пайда болуын егде тартқан адамдар жалпы толымсыздық және жасқа байланысты өзгерістер ретінде қабылдайды, ал психикалық ауытқулар өздігімен оларда теріс реакция тудырмайды. Егде адамдар жиі психикалық және соматикалық жағдайының өзгеруіне байланысты өзiнiң өмiрдегi орны, мәні жөнінде көп ойланып-толғанады. Бұл мәселені шешуде психотерапиялық әсердің және әлеуметтік реабилитацияның үлкен көмегі бар.