М.Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті 2 страница

Жоғалар едім өзім де.

Жылы юмор. Бала оқып шығып, сөзсіз жымияды. Ауыз әдебиеті формасын пайдаланып, «Қырық өтірік» ертегісінің ізімен,

Ұстадым киттің өзін қармақпенен,

Көтердім Көкшетауды бармақпенен, - деген секілді «Суайттың өлеңдерін» жазды. Мұның баршасы бала тәрбиесі үшін тынбай ізденіп, өлең жазған талант тәлімі. Өнердің өнегесі болып қалмақ.

Балалар әдебиетіне ақын аудармашы болып та қызмет етті. Бірнеше өлеңдер жинағы бүкілодақтық «Детская литература» баспасынан жарық көрді. Бауырлас өзбек, қырғыз тілдерінде де бала мінезді ақынның өлеңдер жинағы аударылып басылды. Шет ел және туысқан республикалар әдебиетінен бөбектерге арналған талай-талай тәтті жырларды жеткізе тәржімалаған еді. Мәселен, Джаний Родари, Самуил Маршак, Агния Барто, Сергей Михалков, Л.Ю.Лермонтов өлеңдері қазақ тілінеде осы ақын аудармасында кең танымал. Балалар әдебиетінің айтулы мамандары өлеңдерін аудару – ақынның өз шығармашылығына да елеулі ықпалын тигізгені анық.

Әнуарбек әдебиетке балалар ақыны болып келді, балалар ақыны болып өтті дүниеден. Ақынның балғын бөбектерге арнаған жыры барынша нәрлі, құнарлы, қызықты әдеби мұра. Дүниеге келген сәбиді ақын жыры ана әлдиі болып әлдилейді, ана мейірі болып аялайды, бесік жыры болып тербетеді.

Ақын аз ғұмырында (48 жыл өмір сүрді) балаларға арналған он шақты өлең кітабын жазып қалдырды. Ақынның «Қызғалдақ» (1958), «Ана жүрегі» (1959), «Қайырлы таң, балалар» (1960), «Гүлзар» (1962), «Аққулы айдын» (1976) таңдамалы өлеңдері мен поэмалары бар. Ақын өмірі ерте үзілгенмен нұрлы шығармашылығы еншімізде.

Қазір бала бақшаларында, мектептерде ақын ағаның балалар психологиясын жете танып, үздіксіз бақылай отырып жазған өлеңдері тақпақ болып айтылады, әнге қосылып шырқалады. Өлең өлген жоқ. Ақын өмірін алғы күнге жалғастырып алып барады.

Жақан Смақов (1932 – 1974).Ж.Смақов Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ынталы аулында туған. Он жылдықты бітіргеннен кейін КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1953 ж. “Пионер” журналында балаларға арналған “Арамшөп пен бидай” деген алғашқы өлеңі жарық көрген. Бөбектерге арнап “Сыйлық”, “Қаз-қаз бас”, “Жастық сыры”, “Ойындар мен жұмбақтар”, “Күлдірген”, “Сылдырмақ”, “Жүз бір жұмбақ” деген өлеңдер жинағы жарыққа шыққан.

1955 ж. университетті бітіргеннен кейін Талдықорған облыстық “Жетісу” газетінде, кейіннен “Қазақстан пионері” газетінде қызмет еткен.

1958 ж. Алматы телестудиясы өз жұмысын бастағанда, мұнда балалар хабары редакциясының редакторы болған.

1958 ж. Москвадағы Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында “Бүгінгі күн” жинағында орыс тілінде бір топ өлеңдері басылған.

Балаларға арнап өзінің “Сылдырмақ” жинағын орыс тіліне аударған.

Ж.Смақов өз талантының бейімін тапқан, бейіміне орай оқушысын тапқан ақын. Бесіктен белі шықпаған сәби мен бастауыш класс оқушылары аралығындағы жас мөлшерін қанағат тұтқан. Оның барлық жыр мұрасы осы аралықтағы бөбектерге арналған. Бала мінезді талант қаламынан өлең, мазақтама, ертегі, өтірік өлең, санамақ, ұйқасын тап, антоним өлең, жұмбақ, ойын өлең, санамақ т.б. алуан формалы жанр үлгілері туды.

Өлеңді бала мінезіне құру, сәбимен сырласу, таныстыру, циклдық өлең жазу – ақынның айнымас қасиетіне айналған.

Ақын өлеңдері – баланың өміртанымдық әліппесі іспетті. Оның бірсыпыра өлеңдерін ортақ табиғатына қарай жинақтап топтасақ “Бесік жыры” деп атауға болады. Айнала тіршілік сырын ақын сәбиге ана әлдиі етіп айтып береді.

Сонымен қатар Ж.Смақов – юморист ақын. Оның юмористік талантына тәнті ететін өлеңдердің бір тобы – “Болмаған ба, болған ба” деген циклы. Жан-жануарлар әлеміндегі табиғи заңдылықтарды бірден ашып тастамай, шындықты тануды бүлдіршіндер еншісіне қалдырады. Сәби санаға сол шындықты орнықты етіп ұялатуды көздейді. “Қаз бен ит”, “Қаймақбай”, “Шатақ”, “Керемет тышқан” сияқты өлеңдері жүйрік қиял, шебер қиюласуымен, жұмсақ әдемі күлкісімен көңілде қалады.

Ж.Смақов – бірнеше ертегі, поэманың авторы. “Опай-сопай”, “Тамшы”, “Бұршақ туралы ертегі”, “Кім күшті, кім мықты”, “Ұзын аяқ”, “Аю қалай адасты” секілді шығармаларының жұлдызы жоғары.

Оған қоса, Ж.Смақов журналист ретінде де балған бөбектер жайында қызықты телехабарлар жасаған. Құсбегі жөніндегі телефильмі Бүкілодақтық теледидарлар сайысында жүлдегер атанған.

Қазіргі қазақ балалар әдебиеті. Балалар прозасының дамуы (Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, Қ.Толыбаев, Т.Нұрмағамбетов шығармашылығы)

Бердібек Соқпақбаев. Бүкіл одақтық аренаға танылған балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қостөбе селосында туған. Ата-анасынан ерте айрылған, алғашқы кезде туыстарының қолында тұрған. Оның балалық шағында көрген қиыншылықтары мен жоқшылықтары "Балалық шаққа саяхат" деген кітабында бейнеленген. Отан соғысы жылдарында ФЗО мектебінде оқып, Совет Армиясы қатарында қызмет істеген, содан соң ауылда мұғалім болған. Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген. 1950 жылы тұңғыш "Бұлақ" деген жинағы шыққан. Алматыда "Пионер", "Қазақстан пионері" редакцияларында қызмет істеген. 1955-1957 жылдары Мәскеудегі жоғарғы әдеби курста оқып, балаларға арнап бірнеше кітап жазған. Бұлардың ішінде "Менің атым - Қожа", "Балалық шаққа саяхат", "Аяжан", "Гауһар", "Жекпе - жек" және т.б. повестері жарық көрген. Соңғы жылдардың ішінде соғыс жылын қамтитын ересектерге арналған повестермен қатар, "Кездесу" және "Бозтөбе" поэмаларын жазған.

"Қазақфильм" киностудиясында "Менің атым - Қожа" повесі бойынша фильм түсірілгені бәрімізге мәлім. 1967 жылы Канн қаласында болған жетінші халықаралық фестивальда Одақ бойынша екі фильм - "Менің атым - Қожа" және "Хош келдіңіз" атты фильмдерге қызғылықты да тартымды түсірілгені үшін арнайы сыйлықтар берілді. Сөйтіп, Қожаны бүкіл дүние жүзі балалары көретін болды. 1952 жылдан бастап "Қазақстан Жазушылар одағының" мүшесі.

Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің өсу, өркендеу жолына көз салар болсақ оның қазіргідей шырқау биікке шығуына небір ғажап таланттар ат салысқанын көреміз. Әрқайсысы өзінің шама-шарқынша туған әдебиетіміздің көп қырлы, көп сырлы, кемпірқосақтай алуан түрлі әсем бояулы болуына үлес қосыпты. Бұл ғасырда халқымыз басынан кешкен әрбір кезең хатталып көркем әдебиеттің бетіне түсіп балталасаң өшпейтін елдік шежіре жасалған. Нағыз ерек таланттар қаламынан туған шығармалар өз халқымыздың ғана емес, әлем халықтарының да рухани сусынын қандырар баршаға ортақ асыл қазынаға айналған.

Сондай асыл қазынамыздың бірі Бердібек Соқпақбаевтың творчествосы. Өзіндік сырлы бояуы бар шуақты шыншыл творчество. Балаларға деп жазып, балалар жазушысы атанып, ал шынтуайтына келгенде шығармалары жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқитын, қалың оқырманның махаббатына бөленген шын мәніндегі халықтық жазушы болып еді.

Б.Соқпақбаевтың жастық шағы қиындыққа толы, қайғы-қасіреттері көп болғанымен ол творчестволық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы.

Алғашқы кітабының жарыққа шыққаны жайлы Бердібек Соқпақбаевтың еске алған сөзін айтар болсақ: "Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен білетін. Бұрынғы жылы институттың мен басқаратын әдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дауласып, кездесу кешін өткізбенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бәрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай әуре-сарсанға салмай тындырып берді", - дейді.

Бұрымындай қыздардың

Ағасың әсем өріліп,

Төсінде ойнап құздардың,

Күмістей жалт-жұлт көрініп.

Соқса да дауыл бұлқынып,

Басса да құлап зіл жартас.

Жай түссе де тас жарып,

Күлкіңді сенің тыя алмас,- осындай жыр шумақтарымен Б.Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Әдебиетке құштар, жазушы болуды армандаған балғын жас осылайша өз күшін ең әуелі поэзияда байқап, сөз қасиетін, сөз қадірін поэзия безбенімен өлшеуді үйренді. "Бұлақ" жазушының алдағы шығармашылық ғұмырының программасы іспетті болатын. "Төсінде ойнап құздардың күмістей жалт-жұлт көрініп" - Соқпақбаев шығармашылығының бар сипат, қасиеттерінің анықтамасын осынау жолдарда алдын ала өзі айтып кеткендей. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт еткен мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді.

"Алыстағы ауылда", "Он алты жасар чемпион", "Менің атым - Қожа". Осы повестердің әрқайсысы кезінде балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, тақырыптық сонылық, идеялық көркемдік жаңалық әкелген айтулы шығармалар еді. Бұған дейін көбіне кейіпкерлерді екіге: ақ пен қараға, яғни жағымды, жағымсызға бөліп қойып, онан соң белгілі бір схемаға салып соларды өзара айтыстырып, жасанды оқиғаға құрылған шығарма жазған әдет болатын. Олар көбіне мектеп өмірі, мектептегі пионер өмірі болып келетін. Жағымды кейіпкер жеңіп, жағымсыз кейіпкер жеңілетін. Балалар әдебиеті деп аталатын әдебиеттің бірден бір үлгісі еді. Б.Соқпақбаев осы схеманы бұзды. Ал жазушы буыны бекіп өсу, іздену үстінде еді. Осы кезде оны балаларға арналған шағын шығармалары және "Мен қалай үйлендім", "Көйлек мәселесі", "Жалғыз биллярдшы", "Бурыл ат" тәрізді тамаша әңгімелері жарық көрді. Бұл әңгімелердің қайсысы болмасын көркемдік дәрежелері өте жоғары, қас шеберге тән қолмен жазылған дүниелер еді. Жазушының түлеуі, өсуі осы болатын. Күні кеше балалар жазушысы атанып, балаларға ғана жазып жүрген жас автордың бірден мұндай әңгімелер жазғанын әдебиет сынымыз я ұқпады, я ұқса да таршылық жасап мойындағысы келмеді ме, әлде өресі жетпеді ме, кім білсін, әйтеуір кезінде Бердібек Соқпақбаев шығармашылығының осынау жаңа қыры, және мықты қыры, жаңа шыққан биігі онша қолдау таппай, еленбей, ескерілмей қалды. Сол баяғы "балалар жазушысы" дегенді басыңқырай айтып, "үлкендерге" арналған шығармалары соның көлеңкесінде болатын. Сезімтал жазушыға бұл әрине, ауыр тиетін.

Сол жылдары жарық көрген "Балаық шаққа саяхат" повесі де, шығарманың аты да, заты да балалар үшін жазылғандай болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл қалың оқырманға арналған шығарма еді. Және қалың оқушы солай қабылдады да. Жазушы балалық шағын еске ала отырып жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жыдардағы қазақ ауылының бүкіл тұрмыс-тіршілігін, сол кездегі саяси және әлеуметтік жағдайларды жік-жігімен бақайшығына дейін шағып суреттейді.

Б.Соқпақбаевтың қай шығармасында болсын бас кейіпкермен қатар басқа да ондаған жанама кейіпкерлер өрбіп жүреді. Оқиғаның дамуына қарай бірі көбірек, бірі азырақ көрінгенімен әрқайсысы өз тағдырымен, мінез-құлқымен есте қалып отырады. Бірақ басы артық жүргені болмайды. Бір ғана "Балалық шаққа саяхаттың" ішінде жүзге тарта кейіпкер бар екен. Ал, солардың бәрінің орыны, оқиғаға қатысы бар және есте қалар мінез-құлықтары, қылықтары бар. Бас кейіпкерлері әкесі мен шешесі, ағалары, інісі әрқайсысы өз қалпымен еш боямасыз, әсірелеусіз, өмірде қандай болса, сол күйлерімен кітап бетіне көше салған. "... мен әкеме риза едім... ...жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдар тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді..."

Әдетте жазушы атаулы ауыр кезеңдегі ерлікті, патриоттықты, тылдағы жанкешті еңбекті көрсетуге тырысып шығармаларында сенімді-сенімсіз оқиғаларды дабыратып, ұрандатып, уақыт үндеуіне үн қосқанын ерекше білдіргісі кеп тақырыпқа арнайы жазды. Соғыс жылдарындағы тылдағы өмірді суреттеген қазақ жазушыларының жүздеген ірілі-ұсақты туындыларын бүгінде оқып отырып олардың уақыт талабына сай жазылған ұран екенін, кезінде мақтаулы туынды атанғанымен бүгінде тоттанғандарын көресің. Қаһармандардың сол ерліктеріне бас ие тұрып, олардың іс-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан баттиып бөлініп тұратын жасанды қасиеттеріне елти алмайсың, елікпейсің. Бойға сіңген тәрбие арқылы құрметтейсің, бірақ өмірде дәл солай болды дегенде иланбайсың, иланғың да келмейді. Ал, "Өлгендер қайтып келмейдіні": оқығандағы сезім мүлде басқаша. Автор тылдағы ерлікті көрсетуді де, лапылдаған патриотизмді де, көзге түсер ерен еңбекті де сипаттауды басқы мақсат тұтпаған. Яғни, уақыт заказы дегенде еске алмаған, мүлде ескермеген. Бар мақсаты: бас кейіпкердің басынан кешкенін, көргенін еш қоспасыз, бірауыз жалған сөз кірістірмей әңгімелеу. Ел тұрмысы, тіршілігі, қым - қуыт өмір сол бас кейіпкердің түйсінуімен баяндалады.

Б.Соқпақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" повесі - өмірбаяндық туынды. Онда автор өзінің балалық шақта басынан кешкендерін сол кездегі дәуір шындығына орай кішкентай Бектас бейнесі арқылы елестетеді. Ес білмес есер шақ, балалық мінез - Бектас, Жанбосын, Жүнісбай, Майра образдарынан шындық қалпында, толық көрінеді. Бектас жетімдік пен жоқшылық қасіретін көп көріп, жаншылып өссе де, онысына мойымайтын, қажырлы, өжет бала. Қу тілділеу, пысық, қағілездігі де бар. Сабаққа алғыр. Жүгіру, секіру, суға малтау жағынан да өзінен ересектерге есесін жібермейді.

"Жекпе-жек" повесі 1964 жылы шыққан "Біз де бала болғанбыз" жинағында басылған. Мұнда ауыл баласы, спортшы Мұрат Батырбаевтың спорттық өсу жолы, оның дарынды ұстазы украин жігіті Николай Трофимовичің қажымай-талмай жүргізген жемісті еңбегі көрсетіледі. Бұл повестің басты кейіпкері ауылдық мектепте оқитын Мұрат болғандықтан, ондағы оқиға тартысы, сюжеттік желінің бәрі де соның іс-әрекетіне, табысына байланысты дамиды.

Б.Соқпақбаевтың артына өшпес із қалдырған шоқтығы биік шығармалардың бірі - "Менің атым - Қожа" повесі. Ол - қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір белесі. Халықтың, жас оқырмандардың шынайы ықыласына бөленген сәтті туынды.

"Менің атым - Қожаның" көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. "Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.

Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым - қатынасы суреттеледі.

Повесть әрқайсысына тақырып қойылып, нанымды, әсерлі оқиғаларға құрылған 27 тараудан тұрады. Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың "Айвенгосын", немесе Ж.Верннің "Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі" әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.

Жазушының өзі көрсеткендей "Менің атым - Қожа" мен М.Твеннің "Том Сойерін" салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатппай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқы ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған талантты шығарма. "Осындай шығарма қазақ балаларына да керек" деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек.

"Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі - пролог - көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі" екенін ескерсек, повестегі "Кіріспе орнына" деген тарау пролог іспетті. "Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын - әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші-төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды...". Бұл - кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор "өтірік ештеңе қоспаймын" деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. "Кіріспе орнына" деген тараудың басты міндетінің өзі - шығарманың нанымды шығуына қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл "... өмір құбылыстарын - жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды".

Бұл айтқандарымыз - повестің бірден көзге түскен композияциялық ерекшелігі. Ол ерекшеліктер жазушының кейіннен жарық көрген, автобиографиялық туындысы болып саналатын "Балалық шаққа саяхат" повесінде де өз көрінісін тапқан. Сюжеттің басталуы оның кіріспесі іспетті: мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген 4 тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыпсық Жантасқа жолдама беріп, Қожаға бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсақ, педагогикалық қызметтегі объективтік бағалаудың сәл сәтке болса да әлсіреуі - бала тәрбиесіне әсер етеді екен.

Егер сюжеттің негізі тартыс болса, Қожа мен Майқанова арасындағы психологиялық тартыс сюжетті өрістетудің мотивировкасы тәрізді. Пионер лагеріне жолдама ала алмай қалған Қожа жайлауға мамасына жүрмекші болады. Колхоз атын ұрлап мінуге келгенде, Сұлтанмен кездеседі... Одан әрі шығарма сюжеті ширақ өрбіп дамиды. М.Горькийдің анықтауы бойынша, шығарманың тартымды, әсерлі болуы оның сюжетінің жатық, ширақ шығуына байланысты.

Жалпы, Б.Соқпақбаев шығарма сюжетін қаһармандар характерлерінің қақтығысы, конфликт арқылы өрбітеді. Сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң әсте қайталанбаса керек.

Тамаша құрылған сюжет пен композиция қаламгердің айтайын деген идеясына, образдың жан - жақты көрініп, өсу логикасына қызмет етеді. Ондаған кейіпкерлерге, сан түрлі оқиғалар мен неше алуан суреттеу құралдарына тиісті орын тауып, өмірлік жағынан нанымды етіп шығаруы, сөз зергерінің шын мәніндегі шеберлігін аңғартады.

Бердібек Соқпақбаев - қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ұрпаққа деген басты шығармаларды жазып, оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы.

Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті - балалар әдебиеті. Барлық еңбек, барлық өнер құрметті болғанмен, балаларға арналғаннан асары жоқ. Ал, сол қызметті балалардың өздері жоғары бағаласа, өнер адамы үшін одан үлкен бақыт бола бермес.

Сансызбай Сарғасқаев.Бүгінгі заманның балалары сонау отызыншы, қырқыншы, елуінші және алпысыншы жылдардағы өздерінің құрбы-құрдастарының тұрмыс-тіршілігі мен тағдыр жолдарын біле бермеуі заңды. Мұндайда баға жеткісіз әңгімеші - әдеби шығармалар. Белгілі балалар жазушысы – Сансызбай Сарғасқаевтың повестері, міне, осынау кезеңдер жайында тартымды әңгімелейді. Оның шығармаларын оқығанда, балалардың қашанда жақсылыққа, адалдыққа, әділдік пен ерлікке, барша жақсылық атаулыға іңкәр екенін көреміз. Әрине, оның алдында әрқилы кедергілер, тағдыр тауқыметі мен ауыртпалықтар ұшырасады, әйтсе де, нағыз жігерлі, нағыз мықты азамат болуға ұмтылған балалар ешқандай қиындықтан мойымай, күресе жүріп, көздеген мақсаттарына жетеді. Адамзатқа алабөтен ауыр зардабын тигізген фашизмге қарсы шайқаста да, бейбіт өмірде де балғын ұрпақ өкілдерінің ересектермен – ата-аналармен, аға-әпкелермен бірге жарқын болашаққа, бақытқа құштарлануы бүгінгі балаларды да енжар қалдырмайды.

Наши рекомендации