Балалар әдебиеті пәні. Мақсаты мен міндеттері

Балалар әдебиеті – сөз өнерінің жеке бір өзекті бөлімі.

Балалар әдебиеті – қазақ әдебиеті тарихының өскелең әрі құрамдас бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол Х1Х ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. 1960-жылдардан бастап жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытыла бастады. Балалар әдебиетінің қалыптасу, өсіп-өркендеу жолы бұрынғы-соңғы зерттеулердің аясында, халық өмірі мен қоғам дамуына байланысты қарастырылады.

Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда “бала” деп атап жүрген жас жеткіншектердің өз араларында үлкен өзгешеліктер бар. Бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниеге көзқарасы бірдей еместігі мәлім. Соған орай балалар әдебиеті жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінеді. Балаларға арналып жазылатын шығармалардың жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамыта отырып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады.

Қазақ балалар әдебиеті көркемдік жағынан болсын, тақырыптық – тәрбиелік жағынан болсын барлық талаптарға сай өсіп-өркендеп, дамып келеді. Әдебиеттің басқа түрлеріне қарағанда балалар әдебиетінің өзіндік алғы шарттары да жоқ емес. Балалардың ойлау, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығы, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді. Сөз болатын оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірдей әсер ететін мағыналығы болуы керек. “Сөз-әдебиеттің құрылыс материалы” (Федин) болып табылатындықтан балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі әсерлі болуға тиісті. Себебі балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден-бір құрал. Балаларға арналған ірі туындылардың идеялық-эстетикалық қырларын халықтың педагогикалық көзқарастарымен, өмір тәжірбиесімен, қоғам талабымен, жазба әдебиетке тигізген әсері, дәстүрлік мәселесі, зерттелу жайы жөнінде оқып білгендерін болашақ мамандар тұжырымды түрде жеткізіп отырулары керек.

Балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік қасиеттерге баулитын өмір оқулығы. Оның өзектілігі – мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он жеті жасқа дейінгі мектеп оқушыларына әдеби тілде жазылған қызықты шығармалар ұсына алатындығында.

Өзінің қалыптасып, даму барысында бірнеше жүз жылдықтарды қамтитын қазақ балалар әдебиетін тағылымды, танымды тұрғыдан тереңдете түсу үшін аталмыш әдебиеттің құнды шығармаларын сұрыптап ала отырып оқыту - күрделі жұмыс.

Уақыт пен қоғамда болып жатқан өзгерістер, сол кездердегі идеологиялық қағидалардың әдеби шығармаларға тигізген әсерлері бүгінгі күні біраз әдеби шығармаларға басқаша көзқарас тұрғысынан қарауды керек етеді. Тарихи кезеңдердегі әртүрлі әдеби үрдіске байланысты қай шығарманы қалай оқыту керектігі жөнінде сөз ету - уақыт талабы. Өйткені балалар әдебиеті – қазақтың мәдениеті мен әдебиетінің құрамдас бір бөлігін құрайтын халықтың озық ойлы, терең де тамырлы әдебиеті.

Балалар әдебиетінің пайда болуы, қалыптасуы, дамуы (Ы.Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясы” (1879 ж.), М.Дулатов “ Қирағай”, “Балаларға тарту” (1927ж.), І.Жансүгіров “Ел өтірігі”, Х.Досмұхамедов “Қазақ халқының әдебиеті” ), зерттелуі. (Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаиылов, Х.Бекхожин, М.Ғабдуллин, Ш.Ахметов, Б.Г.Ерзагович, Б.Уахатов, Қ.Ергөбеков, Б.Ыбраимов, Қ.Ісләмжанұлы т.б.)

Балалар әдебиеті – қазақ әдебиеті тарихының құрамдас бір бөлігі. Оның қазақ әдебиетіндегі орны. Арақатынасы, бір-біріне әсері.

Балалар әдебиеті – халықтың сөз өнері мен жазба әдебиетінің балаларға арналған жанрлық түрлерін қамтыған пән. Пәннің теориясы мен тарихы.

Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан балалар әдебиетінің өз ішінде бірнеше салаға бөлінуі.

Балаларға арналған әдеби шығармалардың басқа тілдерге аударылуы, жариялануы, жеткен жетістіктері.

Балаларға арналған мерзімді басылымдар (“Балдырған”, “Ақ желкен”, ”Айгөлек”, “Мөлдір бұлақ”, ”Ұлан” газет-журналдары. Балалар шығармаларына арналған жүлделер. )

Балалар әдеби туындыларының жанрлық ерекшеліктері. Әдеби шығармамен танысу, жұмыс істеу амал-тәсілдері, талдау жолдары.

Балалар әдебиетінің тәрбиелік мәні. Халық педагогикасымен сабақтастығы.

Наши рекомендации