М.Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті 4 страница

Қазіргі балалар прозасындағы қызықты хикаялар жанры (М.Етекбаев, Ә.Қалдыбаев, Н.Ақыш шығармашылығы)

Мұхаметжан Етекбаев (1936-1998).Мұхаметжан Етекбаев 1936 жылы 16 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. М.Етекбаев 1960 жылы Қазақстан Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң алғашқы еңбек жолын аудандық газетте қызмет етуден бастап, кейіннен республикамыздың бас газеті «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жалғастырған. Қазақ телевидениесінің балалар редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Жамбыл Жабаевтың республикалық әдеби-ескеркіш мұражайында директор болып істеген жылдары да - Мұхаметжан атамыздың шығармашылығының қарқынмен өрістеген кезеңдері.

Журналистикалық қызметінің талабына сәйкес 400-ге тарта мақала, суреттеме, очерк, публицистикалық шығармаларының сыртында көркем әңгімелер, ертегілер, повестер жазып, жиырмадан астам кітаптар шығарғаны жазушының қай кезде де толассыз еңбек еткеніні көрсетсе керек.

Жазушының қаламынан жиырмаға тарта балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жарық көрді. Солардың ішінен «Алтын мүйізді киік» (1961), «Қисық бұтақ» (1963), «Қызыл ала автобус» (1964), «Болатбек» (1966), «Жапалақ туралы ертегі» (1967), «Алатау ертегісі» (1968), «Жамбылдың музей үйі» (1968), «Айтолқын» (1970), «Қара жартас хикаясы», «Жомарт жаз» (1971), «Сұлу шоқы» (1979), «Бала қыран» (1983), «Таутекелі биігі» (1984) секілді туындылары жас ұрпақтың игілігіне айналды.

Олардың ішінде «Алатау ертегісі» мен «Болатбек», «Бала қыран» повестерінің Мәскеудің «Детская литература» және «Молодая гвардия» баспаларынан орыс тілінде, ізінше соңғы екі повесінің Киевтің «Веселко» баспасынан орыс тілінде, ал «Алатау ертегісі» повесінің Германияда неміс тілінде жарық көргенін, жекелеген әңгімелері мен материалдарының қырғыз, татар, молдаван тілдеріне аударылып, сол елдердің балаларының да оқығанын еске алсақ, Мұхаметжан Етекбаевтың өз еліміздің аясында қалып қоймай, әлемдік балалар әдебиетіне қарай қанат қағып, өрісін кеңейте түскеніне риза боламыз.

Мұхаметжан Етекбаевтың «Қара жартас хикаясы» повесі 1971 жылы Қазақстан жазушылар одағы, Қазақстан баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитеттің, Қазақстан ЛКСМ Орталық комите- тінің балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық конкурсында екінші бәйгені жеңіп алған.

Қаламына өзі туып-өскен Алматы облысының Жамбыл ауданы өңірін, шежірелі Қаракестекті арқау еткен қаламгер Мұхаметжан Етекбайұлы көптеген тақырыптарда шығармалар жазды.

Жазушының елін, жерін қорғауға, ерлік, батырлық тақырыптарына арналған шығармалары жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Бұл шығармалары аңыз-әңгіме түрінде жазылған.

Мұхаметжан Етекбайұлының бертін жарияланған аңыз-әңгімелерінің бірі «Қызыл ала жолбарыс». Бұл прозалық шығармасында қаламгер халқымызға танымал Сұраншы батырдың батырлық, ерлік істерін суреттейді. Осы аңыз-әңгімеде Сұраншы батырдың жаугершілікте қорғап, жеңіске жеткізіп жүретін қорғаушысы, бақ-дәулеті, қызыл ала жолбарысы жайлы суреттелген. Қызыл ала жолбарыстың Сүйінші батырдан кейін елдің қамын жеп, халқына қамқор болған ел азаматтары Жамбыл атамыздың, Ораз Жандосовтың, Кенен атамыздың, Дінмұхамед Қонаевтың жандарында демеу болып жүргендігін айтады.

Шығарма соңында жазушы мынандай қорытынды жасайды:

Иә, содан, Қызыл ала жолбарыс, не керек, Қызыл ала жолбарыс алысқа ұзап кетеді. Ешкім де оны көрмейді. Арада бір бес-алты жыл өткенде Қызыр баба демеген қасиетті бабалар аруағы – Қызыл ала жолбарыс – Алматыға қайтадан оралады. Қазақстан елінің ең қадірлі жерінде төріне орналасқан құт мекен Ақордаға кіреді. Енді сонда біржолата орнығып жатыр екен деседі кейбір білгіш, әулие азаматтар. Ол қимылдап қозғалса, Қазақстан жеріне, Қазақстан еліне інжу-маржан шашылып тұрады екен !

Ұзағынан бір Алла сүйіндірсін дейміз біз.

Батырлық, ерлік тақырыбында жазушы қаламына арқау етіп «Саурық батыр» атты аңыз-әңгіме жазған. Аңыз-әңгімеде Саурық батырдың жастайынан батырлық, ерлік істер атқарып, елін, жерін қорғағанын суреттейді. Ел, жер қорғауда жаудан көрген қиындықтарды жеңіп шыққан ерліктерін шығармаға арқау етеді.

Осы батырлық, ерлік тақырыптарына жазылған шығармалары жас ұрпақты Отанды сүюге, елін, жерін қорғауға тәрбиелейді.

Мұхаметжан Етекбаевтың «Алатау ертегілері» атты әңгімелер мен хикаяттар жазылған еңбегінде Алатау өңірін мекендеген аңдар мен құстардың тіршілігі балалар үшін қызықты бір хикаят. Ертегі түрінде жазылған желілес әңгімелер мен хикаяттардың оқиғасы тартымды, кішкентай оқырмандардың табиғат сырларын тереңірек түсінуіне көмектеседі.

Еңбекте әңгімелер: «Қысқы ертегі», «Көктемгі ертегі», «Жазғы ертегі», «Күзгі ертегі», хикаят түрінде «Алатау ертегісі» берілген.

Қаламына өзі туып өскен Алматы облысының Жамбыл ауданы өңірін, шежірелі Қаракестекті арқау еткен белгілі қаламгер Мұхаметжан Етекбайұлы көзі тірі болғанда 2006 жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын қалың оқырмандары арасында атап өтер еді. Алайда жазушының өзі өмірден өткенімен артында мол мұра қалды. Оның қаламынан туған үлкен-кішіге арналған көркем шығармалары оқырман игілігіне айналды. Жазушының шығармаларының басым көпшілігі балалар мен жасөспірімдерге арналған. Мұхаметжан атамыздың балаларға арналған шығармаларының басым көпшілігі орыс, неміс, қырғыз, татар, молдаван тілдеріне аударылып, сол елдердің балаларының игілігіне айналған. Бұдан Мұхаметжан Етекбаевтың өз еліміздің аясында қалып қоймай, әлемдік балалар әдебиетіне қарай қанат қағып, өрісін кеңейте түскенін байқаймыз.

Қаламгердің қаламынан туындаған шығармалары тек мол мұра болып қоймай, сонымен қатар оқырманын тәрбиелеуде маңызы зор.

Әлдихан Қалдыбаев.1962 жылы балалардың қолына жазушының Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы шығарған «Көк дөңгелек» атты суретті кітапшасы тиді. Сотанақ бала Серікбектің Маратқа әлімжеттілік жасап, әдейі көк дөңгелегін қолға түсіруін, бірақ онық басына пәле болып жабысуын әдемі әжуамен бейнелеген кітапша еді ол.

Ал бұл кезде оның авторы - Әлдихан Қалдыбаев Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің бесінші курсында оқитын. Жас жазушы сол кезде екінші кітабын - «Қос тентек» атты жинағын баспаға әзірлеп үлгерген еді.

Жинақ Қазақстан Жазушылар одағының Қапан Сатыбалдин жетекшілік еткен балалар әдебиеті секциясында талқыланды. Қолжазбаны оқып, пікір айтқан жазушылар Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев бір ауыздан қазақ балалар әдебиетіне тағы бір жас қаламдас келгенін айтты.

Әлдиханньң алғашқы аяқ алысынан талантты балалар жазушысын таныған жоғарыда есімдері аталған қаламгерлердің ешқайсысы да жаңылған жок. Бұл жөнінде белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың мына бір пікірін келтіре кету артық болмас, «Қазақстан пионері» газетінде ол былай деп жазды: «Менің байқауымша, алғаш бастап жазатындардың көпшілігі әуелгі кезде балалар, жастар баспасөзін жағалайтын тәрізді. Содан бәрі бірдей балалар жазушылары болып қалмайды, әрине. Ес біліп алған соң, қайбірі әдебиеттің басқа саласына ауысып, өз жөнін табады. «Тас түскен жеріне ауыр» деп, дәм татқан босағадан табан аудармай, осы салада жемісті еңбек етіп, балалардың төл жазушысы болып қалатындар да бар. Осындай «сөзіне берік» автордың бірі - Әлдихан Қалдыбаев».

Міне, ширек ғасырдан астам уақыт Әлдихан қалам аудармай балаларға ғана арнап шығармалар жазып келеді. Бұл жылдар ішінде ол жас оқырмандарына тоғыз кітап сыйлады. Оның жетеуі әңгімелер жинағы да, екеуі повестерден тұратын кітаптар.

Әлдихан ауыл балалары өмірінен әңгіме жазуға бейім. Ол жазған алпысқа тарта әңгімеде бүгінгі ауыл балаларының тұтас бір галереясы жасалған. «Бүлдірген тере барғанда», «Жаңа дос», «Бір арқа отын», «Әліппе», «Су тасушы Әшірбек», «Автобус аялдамасы», «Рахима», «Сабыр ағай» тәрізді әңгімелері жазушының өз кітаптарында ғана емес, балаларға арналған көптеген коллективтік жинақтарда да жарық көріп, оқырмандар жүрегіне жылы ұялады. Жазушы әңгімелері оқушыларын баурап алады, бір деммен оқылады, бояуы қанық, шебер өрнектеліп өрілген дүниелер.

Ә.Қалдыбаев балалар әдебиетінде өз тақырыбын тапқан жазушы. Ол - арамызда азайып бара жатқан, екі өмірді көрген ауыл қарттарының бейнесін сәтті жасап жүр. «Қос тентек» жинағында «Шаншар атайдың шертпегі» атты әңгімесі бар. Адам психологиясын, қарттар қасиетін жетік білетін, олардың тілін алып, ақылын ардақтап, қамқорлығын көріп өскен жазушы шағын ғана әңгімесінде ауыл атасы - Шаншар қарттың бірегей әрі типтік бейнесін жасаған-ды. Былайша алып қарағанда, атайдың балалардың шекесінен шертпек алуы еріккен шалдың ермегі тәрізді еді, сөйтсек, ол дана қарттың бұл қылығы тәрбие тәсілімен ұштасып жатады екен. Әр ауылда болатын осындай қамқор қарт - Шаншар атай бейнесі жазушының сүйікті кейіпкеріне айналды. Ол кейін «Шаншар атай» атты повесть және «Шертпектен шеке зардап шекпейді» деген комедия жазды. Повесть баспасөзде лайықты бағаланды. Ал комедия Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында «Шаншар атай» деген атпен қойылып, балалар мен жастарға арналран спектакльдердің Бүкілодақтық байқауында бірінші орынға ие болды.

Бұл комедиясында автор жас ұрпақ тәрбиесіне арналған көкейтесті мәселелерді әдемі өрнектейді. Тәрбиенің басты құралы - еңбек. Жазушы осы ұлы шындықты түсінікті, әсерлі етіп айшықтаған.

Жазғы каникулда қамсыз, қайғысыз ойын қуып жүрген 8-класты бітірген оқушылар Әшірбек, Бекен, Санатбайларды Шаншар атай бос сенделгенше, колхозда жұмыс істеуге бағыттамақ болады. Бригадир Мұсатайдың ойы да осы, бірақ ол өз баласы Санатбайдың «қабырғасы қатпай жатып» еңбекке араласуына қарсы.

Әшірбек шөпшілерге су тасушы, Бекен Шаншар атаймен бірге кауынның қарауылы болады. Мұсатай - колхоз шаруасына қамқор болғансып жүріп, өз тірлігін кебірек күйттейтін адам. Шаншар атай - әділетсіздік, жалғандық атаулыныд қас жауы. Шаншар атайдың Мұсатаймен ұстасып қалатыны, міне, дәл осыдан - Мұсатайдың Әшірбекке әлімжеттілік жасап, шапқан шөбін алып қоймақ болғандығынан басталады. Оқиға осындай игі іспен өресіздік қақтығысынан басталып, кең арна тартады.

Әлдихан Қалдыбаев осы күнгі солдат өміріне біраздан бері қалам тартып жүр. Отан сақшыларының жауынгерлік және саяси даярлығын, олардың туған елге, жерге деген ыстық махаббатын, патриоттық сезімі мен интернационалдық достығын паш ететін «Ата», «Байнаш - солдат», «Мишка-менің досым», «Менің ағам- солдат», «Көк қозы» әңгімелері, «Солдат болу оңай ма?» повесі - осының айғағы.

Ә.Қалдыбаев жазушылығымен қоса белгілі журналист. Ол - Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеті редакторының орынбасары болған. Жазушы ретінде де, журналист ретінде де жол сапарларға аз шықпаған. Соның бәрінде ол әдебиет пен журналистиканың алуан жанрында қалам тербеп, жасампаз өмірімізді, нұрлы заманымызды, тамаша еңбеккерлерімізді шығармаларына арқау етеді.

Ал балалар болса, жазушының назарынан бір сәт те шығып көрген емес. Олармен кездесіп, достасып, жаңа шығармалар жазуды еш уақытта тоқтатқан жок.

Нұрдәулет Ақыш (1950).15.05.1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарғабатай ауданы, Маңырақ ауылында туған. Жазушы, прозашы, сыншы, публицист. 1973 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Мұнан соң республикалық «Мектеп», «Жалын», «Балауса» кітап баспаларында, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Дат» газет-журнал редакцияларында әр түрлі қызметтер атқарды. Қазір Қазақтың Білім академиясында ғылыми редактор. Жазушының «Үндемейтін ұл» (1982), «Қияннан келген көгершін» (1984), «Сынық домбыраның сазы» (1985), «Таң алдындағы дабыл», «Жатақхана қыздары» атты көркем кітаптары жарық көрді. Ол - Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері. Жазушы шығармаларында адам бойындағы қарама-қайшылықтарды, адам мен қоғам арасындағы үйлесімдіктерді суреттейді. Жазушының балаларға да арналған құнды шығармалары көп. Олар: «Жұмбақ іздер», «Әбдіреден шыққан қылыш», «Қиырдан келген көгершін», «Киелі көлдің қарақшылары», «Бейуақта жанған от» және т.б. шығармалары.

Наши рекомендации