М.Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті 3 страница
Балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев жоғары оқу орнында арнайы білім алмаған. Білім алған орны – орта мектеп, ортасы – ауыл, тағдыры қиын отбасы, армияда әскери борышын өтеу кезеңі. Оқымайын демеген. ҚазПИ-ге де түскен, ҚазМУ-ге де түскен. Бірақ әртүрлі себептермен жарым жолдан шығып кеткен.
Кеудесінде оты бар талантты жас мектеп табалдырығында жүрген кезінен газет-журналдарға әртүрлі мақалалар жаза бастайды. Ал қолына қалам ұстаған кісінің жоғары оқу орнын бітірген күннің өзінде өмір бойы ізденіс үстінде болатыны белгілі. Сонда жеткілікті білім ала алмай қалған қаламгер несіне тоқмейілсімек? Қатарларынан қалмау үшін олардан әлденеше есе артық жанталасуына, ізденуіне тура келмей ме? Сондай ізденіспен аудандық «Красногоршы» газетінің әуелі жауапты хатшысы, соңынан редакторы болып істейді. Осындай шығармашылық еңбек өтілімен Алматыға жол тартады. Мұнда да «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушілігінен бас редакторлығына дейін өсіп, он екі жыл бойы табан аудармай қызмет істейді. Шәкірт кезінен мектеп пионерлері арасында үнемі вожатый болып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарғандықтан болар, мектеп бітірген соң, аға пионер вожатый болып қызмет атқарып, редакцияда мектеп бөлімін басқарып, мектептермен тығыз байланыста болғаны бар, пионер жұмысын, бала психологиясын өте жақсы білетін. Жазушы болған соң, әркім өзінің жете білетін тақырыбын төңіректейді ғой. Сансызбайдың балалар жазушысы, оның ішінде пионер қозғалысының жаршысы болып қалыптасуы, дүниеге сол кездегі жас ұрпақтың айнасындай «Бір отрядта», «Достар», «Сәуленің жаңа достары», «Ақиқат», «Көңілді балалар», «Бір көшенің балалары», «Тәмпіш танау» сияқты тамаша кітаптар әкелуі – сол өзі өмір сүрген ортаны жете зерттеп-білуінің арқасы-ау.
Пионерлер қозғалысы қазақ балаларының да бір кездегі тарихи кезеңі болып қалды. Осы қозғалыс арқылы қаншама жасөспірім өнегелі тәрбие алды. Жазушы Аркадий Гайдардың жеке басының кейбір көлеңкелі тұстары болмаса, «Тимур және оның командасы» повесінің негізгі өзегінің игілікті қасиетін жоққа шығара алмаймыз ғой. Сол сияқты повестері мен әңгімелері кейіпкерлерінің адамгершілікті, іскерлікті, қайырымдылықты, туған елді, туған жерді сүюді ту ететін игі қасиеттерін Сансызбай Сарғасқаевтың да дәлелді көрсетіп отыратынын ұмытпауымыз керек.
С.Сарғасқаев творчествосына зер салғанда, оның кейіпкерлерінің көпшілігі балалар, пионерлер екенін аңғарамыз. «Сен неге пионерлер туралы ғана жазасың? – деп, жолдастарым менен жиі сұрайды,» - дейді жазушы. Бұл сұрауға былай деп жауап қайтарады.
«Осы шақта менің көз алдымнан өзімнің пионер болған күндерім елестеп өтеді. Бұл отызыншы жылдардың орта шені еді. Қызыл галустк тағып алған біздер мақтанышпен колхозды аралап жүрміз. Ал біздің қызықты істерміз қанша еді десеңізші! Біз кішкентай үгітшілер едік, бригадалар мен фермаларды аралайтынбыз, газеттер мен журналдарды оқып беретінбіз, жауынгерлік листоктар шығаратынбыз, концерттер қоятынбыз. Біз сауатсыздыққа қарсы күрестік, ауыл шаруашылығының зиянды жәндіктерін құртыстық, масақ терістік. Жорыққа шығатынбыз, жас бөбектер мен қарттарға жәрдемдесетінбіз. Мұны ешқашан ұмыта алмайсың!
Ал пионер отрядтары мен жасақтарында қазір қаншама қызықты іс бар десеңізші!.. Балалардың істеген барлық жақсы істерін санап болмайды. Мұндай жасақтар толып жатыр. Бұлар жөнінде жазбасқа не шара? Мен пионерлерді инициативасы, тапқырлығы үшін, коллектившілдігі мен шынайы достықтары үшін жақсы көремін».
Осы сөзінен-ақ жазушының өмірден көпті көргенін, айтатын әңгімелері молшылық екенін әрі соның ең елеулі дегендерін жас достарына ықыласпен айтып беруге әзір екенін шамалаймыз. Оның творчестволық жолы – осының куәсі. Мәселен, балаларға арналған тұңғыш кітабы 1952 жылы жарық көріп, повестің орталық кейіпкері – Қайрат арқылы пионер отрядының игілікті істері, балалар өмірінде елеулі роль атқаратыны жайында тартымды толғайды. Қазіргідей емес, елуінші жылдарда балаларға арналған повестер саусақпен санарлықтай аз ғана болатын. Сол сияқты балаларға арнап қалам тербейтін жазушылар да санаулы еді. Сол санаулылардың бірі, қазақ балалар әдебиетін дамытуға сүбелі үлес қосқан Сансызбай Сарғасқаев екенін бүгінде құрметпен айтамыз. Өйткені белгілі жазушының ұзақ жылдар бойы балаларға арнап қалам тартып, көптеген қызықты, мағыналы әңгімелер мен повестер ұсынғаны, жалпы творчествосының ең сүбелі тартулары балалар үшін екені қазақ балалар әдебиетінің жүріп өткен жолына назар аударғанда, бірден көзге түседі.
С.Сарғасқаев творчествосының ұнамды сипаттарын танытатын дүиелер – оның октябраттар мен пионерлерге арналған, солардың өмірін, өрнектеген әңгімелері мен повестері. Жазушының шығармаларына зер салсақ, бұл күнге дейін көптеген кітаптары жарияланған екен, соның екеуі очерктер жинағы да, екеуі ересектер мен жасөспірімдерге арналған («Ұстаз» романы, «Вожатый» повесті), ал басым көпшілігі жазушының жас достарына – төменгі сынып оқушыларына лайықталған.
Достар демекші, жазушының барлық шығармаларында үзілмейтін бір желі бар. Ол – достық желісі. Балалардың сабақты жақсы оқып, үлгілілер қатарына қосылуына, кемшіліктен арылуына, адал да батыл, күшті де әділ болып өсуіне өзгеше жәрдемін тигізетін – достық. Достықсыз көпшілдік, коллектившілдік болуы мүмкін емес. Достық дегеніңіз – ынтымақ, татулық пен бірлік. Міне, осы ой-идея жазушы шығармаларының лейтмотиві секілді. Сондықтан да ол 1953 жылы шыққан «Достар» атты әңгімелер жинағында, «Сәуленің жаңа достары», «Сұлутөрдің балалары», «Бір көшенің бойында» атты повестер жинағында, «Балалар» деген әңгімелер жинағында достықтың сыр-сипаты, адам өміріндегі өзгеше мәні, мінез-құлқы әрқилы балалар туралы жылы сезіммен, оларға деген құрметпен, ілтипатпен әңгімелейді.
«Жұмбақ қыз», «Тәмпіш қара» повестері де достықтың айғағы. Сыныптастары үшін «Жұмбақ қыз» болып көрінген Күләштің ауыр тағдырына Марат, Сахи, Атабек сияқты сынып достары біртіндеп байыппен зер салып, зерттеу жүргізу арқылы араласып, тіпті ересектерге – Күләштің әке-шешесіне де әсер етіп, Күләштің күлкісі түзелуіне, қабағына ұялаған көлеңкеден арылуына зор септігін тигізеді. Мұндай батыл да байыпты жас достар болмаса, теріс жолға түсіп, ішкілікке салынған әкенің түзелуі, үй ішінің жұмысынан сабақ дайындауға қолы тимей, әрі әкенің зардабына шыдамай қиналған Күләштің еңсесі көтеріліп, жайдары да жарқын өмірге араласуы екіталай.
Ал «Тәмпіш қара» повесіндегі Шаншатай басқаша бейнеленген. Егер Күләшқа бүкіл сыныптас достары ықпал етсе, Шаншатай жалғыз өзі-ақ бүкіл сыныптастарын, тіпті күллі ауыл балаларына игілікті әсер етеді. Бұрын уақытын кешке дейін ойнап, бір-біріне тиісіп, төбелесіп, бірдеңені бүлдіріп дегендей, текке өткізетін балалар ауылға Шаншатай деген жаңа бала келгелі күрт өзгереді. Өйткені Шаншатай – ақылды бала. Спортпен шұғылданады, сондықтан күшті, ең бұзық деген Иманбектің өзінен ықпай, бетпе бет келгенде, қалпақтай түсіреді. Бірақ ол әділ. Иманбек сияқтылардың өзінен жасы кіші, немесе күші кем, әлсіз балаларға жасаған қиянаттарына төзбей, бірден қарсы шығады, сонысымен балалардың арасында беделді. Балалардың басын қосып, үлкендерге көмектеседі, қабырға газеттерін шығарады, басқа да толып жатқан жақсы істерге жұмылдырады. Шаншатай сияқты жігерлі де тәрбиелі балалар өмірде бар екені шәксіз. Соны таба білген, әрі шынайы бейнелей білген жазушыға риза боласың.
С.Сарғасқаев туындыларында балалар қашанда үлкендермен қоян-қолтық араласып жүреді. Өйткені күнделікті тіршілік те солай. Үлкендер де әрқилы: олардың да арасында жақсы, жаман адамдар аралас. Байқағыш балалар соны біліп, шама-шарқына қарай өздерінше әрекет жасайды немесе олардың қиын шаруаларына көмектеседі. Мысалы, «Сынған тіс»повесіндегі кейіпкерлер – үлкендер мен балалар. Ауылдағы учаскелік милиция инспекторы Әмірдің дүкенді өртеген, онымен қоймай адам өлтірген қылмыскерді табуына Сабыр бастаған балалар көп көмек көрсетеді. Өрт сөндірушілер, жасыл жасақшылар, отрядтарын ұйымдастырған балалар қылмыскердің ізіне түсіп, бірде көз жазып қалып, бірде байқап қалып дегендей, ақыры, Әмірге көрген-білгендерін түгел айтып береді. Соның нәтижесінде қылмыскердің құтылып кетпей, дер кезінде ұсталуына зор жәрдем етеді.
Жазушының шығармаларының барлығында дерлік Алатау өңірінің әсем табиғаты, сол табиғат аясында күн кешкен түрлі тағдыр иелері өрнектелген. Шығыстан Батысқа қарай созылған аспан тауларының бір көрікті аймағы – Сұлутөр. С.Сарғасқаевтың әңгіме, повестерінен үнемі осы Сұлутөрдің балалары мен үлкендерін көреміз. Балаларға базарлыққа ұсынған кітабын «Сұлутөр балалары» деп атаса, ересектерге арнаған романына «Сұлутөр» деп ат қойып, соғыстан кейінгі жылдардағы ауылдың тұрмыс-тіршілігін суреттейді.
Ал «Біз төртеу едік»повесі балалар үйінде тәрбиеленген Құрмаш, Бекеш, Толик секілді балалардың ауыртпалықтары да, өзіндік қызықты сәттері де мол балалық, жастық өмірін көз алдымызға келтіріп, достық жайында сыр шертеді. Бұл шығарманың кейін жарық көрген «Белбелес» атты екінші бөлімінде де осы идея үзілмейді. Мұндағы кейіпкерлер де – Сұлутөр өңірінің перзенттері. Оның себебі бар. Жазушының айтуынша, оның кітаптарындағы кейіпкерлердің барлығы да өмірден алынған. «Бәрі де осы өзім туып-өскен Жамбыл облысы, Сұлутөр өңірінің Красногор, Қордай, Мерке, Луговой аудандарында бұл күндері оқып жүр, қызмет етіп жүр», - дейді автор. Ал шынайы әдебиет өмірдің өзінен нәр алғанда ғана қадірлі, шыншыл екені белгілі. Өмірді білмесе, зерттемесе, әдеби шығарма дүниеге келуі мүмкін емес. Бір қарағанда елеусіз көрінетін детальдардың өзі талай сыр аңғартпақшы.
Тегінде, жазушы үлкен немесе кіші кейіпкер деген болмауға тиіс. Үлкен бе, кіші ме, жас па, кәрі ме – бәрі де адам. Соның сырына, арман-мұратына зер салып, көңіл көзімен көре білсе ғана, кейіпкер келісті кестеленбек. Бұл ретте жазушының балаларға бүйрегі көбірек бұратынын байқаймыз. Повестің негізгі кейіпкері – Шоқай деген бала Бала демекші, аталған туындылардың барлығының да негізгі кейіпкерлері – балалар. Жазушы олардың жан дүниесін, тыныс-тіршілігін, мінез-құлқын жете біледі, сондықтан балалардың өзара әңгіме-диалогтарында жасандылық жоқ, нанымды, жеңіл, ширақ. Негізгі кейіпкерлер өз тұстастарына үлгі боларлықтай жақсы қасиеттерімен көзге түседі, құрбы-құрдастарына ұйтқы бола біледі. Жазушы қашанда кейіпкер мейлі бала, мейлі ересек болсын, оның жан дүниесіне үңілуге, адамның адамшылық қасиетін тануға, бағалай білуге, шын жақсы мен жаманды ажырата білуге шақырады.
Мәселен, ауылда «Әдептілер отрядын» ұйымдастырған Шоқай өз қатарына, мәселен, Күлзираға, Қанатқа мақтаншақ, менмен көрінеді алғашқыда. Бірақ күнделікті араласа келе, Шоқайдың әдептілігі, айтқан сөзінен қайтпайтын турашылдығы, жолдастырының да, үлкендердің де кейбір қателіктерін кешіре білетін кеңпейілділігі, ойлылығы мен батылдығы басқаларға да анық байқалады. «Әдептілер отряды», атынан-ақ байқалып тұрғандай, ізгі істерді атқаруға талпынады. Кейбір балалар «Тимуршылар командасы бар емес пе?» Бар. Тіпті өзіміздің пионер отрядымыз бар ғой. Осының бәрін сонда атқармаймыз ба?» дегенде, Шоқай ұтымды жауап қайтарады: «Біздің отрядтың ісінде өзінше қиял, өзіндік қызық бар. Біздің ісіміз кең өріс алса, бұл да – пионер отрядының ісі. Тимуршылар командасы пионерлер отрядтарының ісін толықтырып, қызғылықты етпесе, кесе-көлденең тұрған жоқ қой?».
Шоқай бастаған балалар отряды ауылда талай игі шаруаларды тындырады. Почта жәшіктерін жасап, сырлап, әр үйге таратады, газет-журналдар үлестіреді, көпшілікке қажет кітаптардың тізімін жасайды, балабақшаға барып, балдырғандарды ойнатады, тағы тағылары.
С.Сарғасқаевтың балаларға арналған шығармаларында табиғат суреттері, бітім-болмысы әрқилы образ-характерлер, түрлі кескін-келбеттер, көптеген кейіпкерлердің тек өздеріне ғана тән мінез-қылықтары, өзіндік тіршілігі мен соған сәйкес тұрмысы, тағдыр жолдары – бәрі де балалар ұғымына ауырлық келтірмейтіндей жеңіл, кестелі, нанымды.
Машқар Гумеров.11.11.1927 жылы Башқұрт АССР-і, Аскино ауданы, Кубяз ауылында туған. Жазушы. 1953 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1954-56 жж. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, сондай-ақ 1957-58 жж. «Қазақстан», 1958-75 жж. «Жазушы», 1976 ж. «Жалын» баспаларында редактор болып қызмет істеді. «Ұя» атты тұнғыш әнгімесі 1953 ж. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланады.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ана мен бала»(1956), «Үш күн, үш түн» (1958), «Асыл дәрі» (1960), «Қос шынар» (1963), «Орман дәрігері» (1964, ертегі), «Хазірет қарғаған ауыл» (1970), «Шыңырау» (1974), «Тоғыз тосқауыл» (1977,1 томдық), «Жұмбақ сәуле» (1981), «Алыстан келген қонақ» (1985), «Құпия дәптер» (2-бас., 1987) повестер мен әңгімелер жинақтары, т.б. суретті кітапшалары жарық көрді.
Шығармаларының негізгі тақырыбы – ана мен баланы қорғау, жас жеткіншектерді Отанын, елін сүюге тәрбиелеу. Жазушы аудармамен де шұғылданады. Бірқатар шығармалары әлем халықтары тілінде аударылған.
Көркем әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Құрманбай Толыбаев (1926-1978).Құрманбай Толыбаев – қазақ балалар әдебиеттінің танымал жазушысы. Қ.Толыбаев 1926 жылы 14 наурызда Алматы обылысының Шелек ауданында дүниеге келген. Балалық және жастық шағын Құлжа қаласында өткізген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Құлжа қаласындағы қазақ мектебінде қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1948 жылы газет жұмысына ауысып, 1955 жылға дейін Құлжа қаласында қазақ тілінде шығып тұрған газеттер мен журналдарда жұмыс істеді. Осы жылдардан бастап жазу жұмысттарымен бір жола айналысты. Өлең, очерктер мен мақалалары арқылы таныла бастады. 1955 жылы туған жеріне оралған соң, Алматыға келіп баспа орындарында жұмыс істеді. 1963 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факултетін тәмамдағаннан кейін республикалық «Қазақстан пионері» газетінде істеді. Кейін «Балдырған » журналына ауысып, сол журналда ұзақ жыл бойы, тұрақты жұмыс істеп келді.
1960 жылы басылған жас ақындардың «Жырға сапар» жинағында бір топ өлеңі, 1961 жылы «Жас дәурен» жинағында «Бел-белестер» поэмасы жарияланады. Содан былайғы жылдарда жиырмаға жуық әр түрлі жинақтарда өлеңдері, әңгімелері, мақалалары басылады.
Құрманбай Толыбаев туысқан халықтар жазушылары мен ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударуға да белсене араласып жүрді. Әлем халықтарының ертегілерін аудару ісіне де үлес қосты. Сонымен қатар балалар ақын жазушылары К.Паустовскийдің, А.Бартоның, Алексиннің, С.Баруздиннің, С.Алексеевтің, В.Бианкидің, Э.Шимнің, А.Балақаевтың, М.Зверевтің, Х.Абдуллиннің, Ж.Мұсаевтың тағы басқалардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Түрік тілдерін жақсы білетін Құрманбай Толыбаев өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр ақын- жазушыларын түп нұсқадан аудаған.
Жинақтары: «Ай күледі» (1969) Өлеңдер, «Қайдасың, досым» (1970) повесть, «Шырын» (1972) Әңгімелер мен ертегілер, «Дән» (1974) Өлеңдер, «Шынар» (1976) Өлеңдер, поэмалар, ертегілер, «Өжеттер» (1977) Повесть және ертегілер, «Балбөбек» (1979) Өлеңдер мен ертегілер, «Күн бөбегі» (1981) Ертегілер, «Шапақ» (1984) Таңдамалы.
«Тәтті тоқаш» (Ыстық тоқаш) әңгімесі.
- Менің туған жерім – Қараторғай! Әкемнің көп айтатын сөзі – бұл. Осыны айтқанда қат-қабат адырлар елестейтін. Менің туған жерім – сол Қараторғай. Әкем – құрылысшы-инженер. Бұл оқуды Алматыдан оқып бітірген. Қараторғайдың үй-құрылыстарын өзі салған. Кейін жұмысын аудан орталығына ауыстырған, содан туған жерін есіне алады. Мен жазда ылғи Қараторғайға барамын. Әкем екеуіміз барлығын аралап көрдік. Пионер лагерінен келген күні әке-шешеме: «Қараторғайға, апам мен әжеме барамын»- дедім. Қапшық, қорабымды алып ауылға аттандым.
Ауылға келсем, аялдамада атам мен әжем күтіп тұр екен. Екеуі қуанып қалды. Апам «Қарының ашқан жоқ па?»- деп, айналып-толғанып жатыр. Атам совхозда (қой фермасында) жұмыс істейді. Атам он бес күнге жайлауға кетті. Былтыр келгенде достасқан Қайсар екеуіміз ауылдан ұзап, дөңге шығып ойнап жүрдік. Бұл жердің неліктен Қараторғай атанғанын одан сұраймын. Ол өзінше түсінік береді.
-Ерте заманда бұл жерде қараторғайлар қаптап жүреді екен, содан солай атанған. Мен оған:
-Бұл жерді Қаражан немесе Сарыжан десе, дұрысырақ болар еді – дедім.
-Сен олай деп туған жеріңді тәлкек қылма! Сенің атың Қабыл. Қартайғанда тісің түседі, шашың ағарады, сонда сені Ақбас немесе Кетік деген ұнай ма?- дегені Қайсардың. Ол ренжіп қалды.Екеуіміз томсарып үйге қайттық.
Мен дөң басында отырмын. Қаражан,Сарыжан туралы айтқанымның растығын дәлелдеймін.
Қараторғайдың адамдары жаңбыр жауса, шаттанады.
Бір күні әжем екеуіміз қырға шықтық. Топ-толық бидайларды көріп, балаша мәз болып, қуанды. Әкемнің інісі Серік - механизатор болып жұмыс істейді. Күн шыға кетіп, күн бата келеді. Әжем оған:
-Серікжан, биыл Қараторғай иіп тұр екен, ә?
-Бабын тапқан шығармыз!
Екі-үш күннен кейін егін алқабында комбайндар жүйдікті. Түстен кейін, жаңа астықтың ұны келіп түсті. Әжем білегін түріп жіберіп, нан илеуге кірісті.
Біз Қайсар екеуіміз қурай әкелдік.Нан пісті. Әжем тандырдан ып-ыстық тоқаштарды асатуға ала бастады. Нанды алып болғаннан кейін, әжем маңайдағы балаларды шақырып, бәріне бір-бірден тоқаш ұстатты.
Дәмі тіл үйіреді. Әжем, мен, бәріміз дәмін көрдік.
-Жеңдер, айналайындар! Бұл- туған жеріміздің сөлі!
Тоқаштың дәмі сондай тәтті, мұндай нан жеп көрмеген сияқтымын. Неге екенін білмеймін, денем әлсіреп, тебіреніс толқыны шайқайды. О, біздің сүйікті Қараторғай, сенің құшағыңда өскен дәннің сөлі неткен шырын еді!
Мана бір алаңсырлығым үшін сары даладан кешірім сұрадым іштей. Сезетін болар!
«Қардың иісі» әңгімесі.
Күн бата жапалақтап жауған қар ел орынға отырғанша басып қалды. Бұған атамның қуанғанын айтпаңыз. Елең-алаңнан тұрып алыпты. Қар жауса, осылай қуанады. Мұндайда Қияс пен Айнашты тізесіне мінгізіп, секіртіп, ойнайды.
Апамның дабырлап сөйлегенінен таңертең оянып кеттім.Ол ақырын жаныма келіп:
-Балам, Нұртай! Жүр тұра ғой, екеуіміз есіктің алдын аршып тастайық, су жаңа қар басып қалыпты. Иісі қандай әдемі десеңші! Мен қардың иісі дегенге таң қалдым. Ешқандай иіс жоқ. Тек қи иісі келеді.
- Ата, қар иісі сезілмейді ғой.
- Күректі ұста, біраздан соң сезіледі.
Күн көтеріле бере, есіктің алдын тазалап болдық. Шай ішіп алғаннан кейін атам екеуіміз үй іргесіндегі қарды ысырып жатыр едік, Кәрім келді.
- Нұржан, жотаға шығып, шаңғы теуіп қайтайық.
- Апам оны қостай: - барып таза ауа жұтып кел, тауға шықсаң өсесің!
Кәрім екеуіміз тауға бет алдық. Омбы қарды тіліп, шұбалған із қалды. Тоқтай қалып ем, әлгі иіс түтін сейілгендей лезде тарап кетті. Әлденеге елеңдеген қимыл-қыбырымды Кәрім байқап қалды.
- Нұржан, қар сүзгілеп жүргенің не?
- Саған сезіле ме? Бір түрлі әдемі иіс шығып тұр, Кәрім.
- Жаңа қардың иісі ғой ол,-деді Кәрім. Ештеңеге елеңдеместен. Жаңа
жауған қарда сондай бір иіс болады. Ал қар сүрленсе онша білінбейді. Қазір шаңғымен зулағанда бұдан да әдемі иіс шығады.
Менің шаңғы тебе бастағаным былтырдан бері ғана. Ел құсап зырламаймында, онда көше арасында ғана.
Бұл жолы Кәрімге ілесіп, таудан төмен зырлап келе жатыр едім, көбік қарға күмп бердім. Үстімді қар басып қалды. Сол кезде тағы бір таңғажайып иіс танауымды кернеп кетті. Жұпар иіс сияқты емес.Бір түрлі тәтті.
Кәрім мені қардан аршып алып:
- Қарға тойдың ба? – деп, күліп жүр.
- Иісі жақсы екен! – деймін.
- Аунай түс ендеше.
Үйге келген соң, даладағы қардың ерекше иісін атама айтып ем:
- Туған жердің иісі сол ғой, балам! - деді атам.
Тынымбай Нұрмағамбетов (1945).10.06.1945 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Бірлік» кеңшарында туған. Жазушы. Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген соң көп таралымды «Су құрылысшысы» газетінде, Қызылорда облыстық радио комитетінде, «Жазушы» баспасында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. 1981 жылы Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курсын аяқтаған. 1996 жылы «Қазақ елі» газетінің редакторының орынбасары болған. Алғашқы әңгімелер жинағы «Қауын ісі» деген атпен 1971 жылы шықты. Сондай-ақ «Қош бол, ата» (1972), «Қарлығаштың ұясы» (1975), «Атақоныс» (1977), «Дарияның арғы беті» (1981), «Бәйтеректер» (1986), «Туған ауыл түтіні» (1989), «Балалық шақтың әндері», «Таңдамалы», «Запах денег», «Там где горел очаг», «Талисман» секілді кітаптардың авторы.