Азақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары

Әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға жалпы көзқарас

Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары халықаралық тәжірибе мен қазіргі жағдайды талдаудан туындайды. Нарық жағдайларына сәйкес келетін және тұрақты ақылы еңбекке ынталандыруды қалыптастыратын, әкімшілік шығындары төмен, халықты қамту деңгейі неғұрлым жоғары жүйе құру көзделіп отыр.

Жаңа жүйе адам өмірде тап болуы мүмкін негізгі қатерлерден халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге арналған ынтымақты және дербестендірілген жүйелердің, міндетті және ерікті сақтандырудың элементтерін қамтитын аралас жүйе болады.

Әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері экономикалық өсуді қолдау элементтерін қамтуы, қатерлі жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарға қорғау көрсетуде әділ болуы; тиімді жұмыс істеуі және халықты неғұрлым толық қамтуы тиіс.

Әлеуметтік саланы реттейтін заңнама әлеуметтік қатерлердің негізінде қалыптастырылады.

Әлеуметтік қорғаудың іске асыруға ұсынылып отырған жүйесі:

әділ - әлеуметтік қорғау құқығын іске асыру алушылар үшін жеңіл, қол жетерлік болуы тиіс. Мемлекет кепілдік берген ең төменгі жәрдемақылар көлемі бірдей әлеуметтік қатер туындаған кезде еңбек өтілі мен жалақысына байланыссыз төлемдердің кең деңгейін ұсынуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, қосымша қорғау деңгейі әрбір нақты адамның қатысуының ұзақтығы мен мөлшеріне байланысты болуы керек;

әрбір азаматтың мемлекетке тәуелділігін емес, оның жеке жауапкершілігін ынталандыруы тиіс. Тұтастай алғанда, барлық еңбекке қабілетті азаматтар өзінің жеке басының болашағы мен өз отбасының әл-ауқаты үшін жауапты болуға ұмтылуы тиіс;

пәрменді - жәрдемақылар атаулы болуы тиіс, яғни оны алуға құқығы бар және оған аса мұқтаж адамдарға беріледі;

тиімді, яғни ашық және жақсы басқарылатын, шығыны аз және қарапайым болуы қажет. Жүйенің негізгі компоненттері икемді реттелуі қажет;

қол жетерлік, яғни белгілі бір мерзім ішінде халықтың барынша толық қамтылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Осы айтылғандарды ескере отырып, әлеуметтік қатерлер негізінде қорғаудың мынадай элементтерін қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастыру көзделіп отыр:

барлық азаматтарға әлеуметтік қатерлерге қарай бюджет қаражатының есебінен бірдей деңгейдегі мемлекеттік төлемдер беру;

алғашқы кезеңде міндетті әлеуметтік сақтандыруды жұмыс берушілер есебінен және келешекте еңбеккерлерді де аударымдары есебінен жүргізу;

жинақтаушы зейнетақы жүйесі;

әлеуметтік көмек және белгілі бар санаттағы азаматтарды бюджеттің қаражаты есебінен қолдаудың арнаулы мемлекеттік бағдарламалары.

Бұдан басқа, азаматтардың әлеуметтік қатерлерден өздерін ерікті сақтандыруды жүзеге асыруы көтермеленетін болады.

Қазақстанның ерекшелігін, халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдастыру негізін қараған кезде мемлекеттік және сол сияқты жеке меншік институттардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылатын аралас жүйеге артықшылық берілуі тиіс.

Барлық әлеуметтік төлемді неғұрлым тиімді басқару және бақылау үшін әрбір азаматқа дербес бірдейлендірілген код бере отырып, дербес бірдейлендірудің жалпы мемлекеттік жүйесі мен ұлттық дерекқоры жасалуы тиіс.

Ана мен баланы кең ауқымды әлеуметтік қамсыздандыру мемлекеттің бүкіл әлеуметтік қорғау жүйесінің басымдықтарының бірі болады. Келешекте әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілдірілуі барысында әлеуметтік қорғауға мұқтаж қатерлер тізбесі кеңейтіледі. Мәселен, демографиялық процестердi қолдау мақсатында бала туу мен оларды тәрбиелеу әлеуметтiк көмекке мұқтаж жағдай ретiнде қаралады. Қолдау көрсету ретiнде бала туғанда бiр жолғы жәрдемақы және жасы кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына қосымша жәрдемақы беру енгiзiлетiн болады.

Мүгедектiк проблемаларын шешу бойынша іс-шаралар әзiрлеу, мүгедектердiң мұқтаждарына арналған өндiрiстердi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыру, мүгедектердiң негiзгi құқықтар мен көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк стандарттарды енгiзу қарастырылады. Әлеуметтiк қатерлердің алдын алудың және мүгедектердi оңалтудың (медициналық, әлеуметтiк, кәсiби) жеке бағдарламаларын дамыту, мүгедектердi әлеуметтiк, еңбекпен бейiмдеу жүйесiн құру, мүгедектердiң қоғамға кiрiгуiне жәрдемдесу жөнiнде шаралар қабылданатын болады. Бұл ұсыныстар әзiрленiп жатқан Мүгедектердi оңалтудың 2002-2005 жылдарға арналған бағдарламасында көрiнiс табады.

Атаулы әлеуметтiк көмек мұқтаждықтың нақты өлшемдерi негiзiнде халықтың ең аз қорғалған топтарына ғана берiлетiн болады. Бұдан басқа, адамдардың белгiлi бiр топтарына - соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге және көп балалы аналарға қосымша қорғау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарламалар әзiрленедi.

Әлеуметтік қорғауды реформалауда әлеуметтік нормативтердің рөлін арттыру, ең төменгi жалақыны кезең-кезеңiмен көбейтiп, күнкөрiс деңгейiне жақындату маңызды болып табылады. Әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi әлеуметтік-экономикалық табиғаты бар нормативтерге негізделіп есептелетін болады.

Әлеуметтік қатерлердің туындау мүмкіндігін болдырмау және оны қысқарту мақсатында мемлекет алдын алу сипатындағы шараларды қабылдайтын болады. Жұмысынан айырылып қалудың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың тұрақты ақы төленетiн еңбек қызметiн тауып алуын ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс орындарын құру бағдарламаларын жетiлдiредi. Азаматтардың еңбек мiндеттерiн атқару кезінде денсаулығы мен өмiрiне зиян келу қаупінің алдын алу үшiн мемлекет еңбек туралы заңнамалар мен еңбектi қорғау туралы заңнамалардың сақталуына бақылауды күшейтеді. Мүгедектiкке ұшырау қатерiн азайту мақсатында медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру, соның iшiнде оны қаржыландыру тетiгiн жетiлдiру арқылы жетiлдiру көзделуде.

Жасы бойынша, асыраушысынан айрылу және еңбек ету қабiлетiнен айрылу жағдайы бойынша мемлекеттiк жәрдемақылар алушыларды әлеуметтiк сақтандыруды енгiзу кезiне дейін тағайындалған төлемдердi қамтамасыз ету қағидаттары өзгерiстерге ұшырамайды.

Әлеуметтiк қорғаудың барлық жүйесi тiкелей немесе жанама түрде қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын болғандықтан, әлеуметтiк қорғау жүйесiне әрбiр нақты азаматтың ғана емес, Үкiметтiң әлеуметтiк әрiптестерiнiң - еңбекшілердiң кәсiптiк одақтарының және жұмыс берушiлер бiрлестiктерiнiң қатысу деңгейiн көтеру көзделедi.

Наши рекомендации