Сәлемдесу дәстүрі
Қазақ тілінде сәлемдесудің түрі өте көп. Соның ішінде жас адам жасы, жолы үлкен адамға алдымен ұмтылып, екі қолын кеудесіне қоя қусырып, «Ассаламағалейкум» деп дауысын шығарып амандасатын дәстүр бар. Бұл арабша «Сізге Алланың нұры жаусын!» деген мағынаны білдіреді. Қарсы жақ та дауысын шығарып ізетпен «Уағалейкум ассалам» деп қол алысады. Бұл да арабша «Сізге де Алланың нұры жаусын» дегенді білдіреді. Егер жас адам қарияға жол үстінде кездессе, амандасудан кейін «Жолыңыз (сапарыңыз) оң болсын» дейді. Қария «Әлей болсын» деуі керек. 8 Ауылдың бір адамы ұзақ сапардан оралса, мейлі ол жас болсын, оған ел адамдары барып амандасады. Халқымыздағы «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген мақал содан шыққан. Ерте замандарда «Армысың», «Армысыз» деп амандасқанда жауап беруші жақ «Бар болғын, балам!» дейтін болған. (Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. 15 бет)
2. Бірқатар шығыс елдеріндегі сәлемдесу рәсімі
Тибет. Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі олар бір-бірін көргенде, тілдерін шығарады. Бұл рәсім 9-ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда. Монғолия. Бейтаныс жанды үйіне қонаққа шақырған кезде монғолдар оған "хада" деп аталатын жібек не мақта-маталы жолақ береді. Әдетте оның түсі ақ. Кейде көк я жасыл түсті болады. Хада ұсынылған кезде келген қонақ оны екі қолмен алып, басты изеуі тиіс. Хада ұсыну мен алу рәсімі – үлкен құрметтің белгісі. Жапон халқы сәлемдесу рәсіміне аса мән береді. Бір-бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек. (http://news.nur.kz/kk/213293.html алынды)
3. Ғылым мен технология жаңалықтары Триллион градус 2012 жылдың тағы бір маңызды жаңалығы - АҚШ-тың Брукхейвен ұлттық зертханасында жасалған сынақ. Мамандар кварк-глюонды плазма өндіріп, оның температурасын төрт триллион градус цельсийге жеткізе алды. Бұл күн ядросынан 250 мың есе ыстық. Заттың мұндай күйі секундтың бір бөлшегінде ғана сақталады. Мұндай температура алтын иондарын жарық жылдамдығымен соғыстырған кезде пайда болған. (http://www.azattyq.org/ сайтынан алынды)
4. Жоғары сұранысқа ие мамандықтар Жыл сайын сарапшылар тапшы мамандықтар рейтингін жасап, өз болжамдарын білдіріп жатады. Еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеріп отырады. Егер бір жылы сату менеджерлері керек болып жатса, екінші жылы сауатты экономика мамандары, ал келесі жылы жарнама немесе PR саласы мамандары қажет болып жатады. Ғаламтор бетінде жарияланған мамандардың 2014-17 жылдарға арналған болжамдарына көз салатын болсақ, бірінші орында техникалық мамандықтар тұр. Табысқа жету үшін бұл кәсіп иелерінің техникамен қатар, экономика және заң саласындағы білімдері жоғары деңгейде болуы керек. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық қарқынды дамып жатқандықтан, шетел тілдерін меңгерулері керек. Жалпы алғанда, біліктілік талаптары жылдан-жылға арта береді. Сонымен бірге, жас мамандар өз мамандығы аясында бірнеше қызметті іске асыра алуға дайын болуы керек. Тек техникалық білімінің болғаны жеткіліксіз. Кәсіби білімімен қатар, басқару дағдысын игерген үміткерлер басымдыққа ие. Екінші орында IT-мамандары, программалық қамту әзірлеушілері мен графикалық интерфейстер дизайнерлері тұр. Программалық қамту нарығы ең тез дамитын сала, оның жұмысын қамтамасыз етушілер алдағы он-жиырма жылда ең жоғары сұранысқа ие мамандар болып табылады. Үшінші орынды баламалы энергетика мамандары иеленген. Оның себебі - энергияның дәстүрлі көздері (газ, көмір, мұнай) қорларының тез азаюында. Шынына келетін болсақ, өз ісінің шебері және жауапкершілігі мол кез келген сала маманы жалақысы жоғары және сұранысқа ие кәсіп иесі бола алады.
5. Галилео Галилей Галилей Галилео (15.02.1564, Италия, Пиза — 08.01.1642, Флоренция маңындағы Арчетри қ.) — италиялық физик, механик, астроном, табиғат тану ғылымдарының негізін салушы. Кедейленген ақсүйек отбасында туған. Әкесі 17 Винченцо белгілі музыкант болған. Галилейдің үлкен оқымысты болуына әкесінің ықпалы тиген. 11 жасына дейін Пиза қаласында тұрып, кейін отбасы Флоренцияға көшеді. 1581 ж. Пиза университетіне түсіп, медицинаны оқып үйренеді. Мұнда ол Аристотель, Евклид, Архимед еңбектерімен танысады. Сөйтіп, геометрия мен механикаға әуестенген Галилей медицинаны тастайды. Кейін Флоренцияға қайта оралып, төрт жыл бойы математиканы зерттейді. 1589 ж. Пизада математика кафедрасын қабылдап алып, ғылыми жұмысын онан әрі жалғастырады. Аристотельге қарсы "Қозғалыс туралы сұхбат" деген еңбек жазады. 1592 ж. Падуяда математика кафедрасын басқарады. Бұл кезең (1592-1610) Галилей шығармаларының кемеліне келген шағы болатын. Тепе- теңдік принципіне негізделген машина жайлы зерттеуі, дененің еркін түсуі, дененің көлбеу жазықтықтағы қозғалысы, көкжиекке (горизонтқа) бұрыш жасай лақтырылған дененің қозғалысы, маятник тербелісінің изохрондығы туралы жаңалықтары осы кезеңге жатады. 1609 ж. Галилей өзінің алғашқы телескопын құрастырады. Ол осы телескоптың көмегімен Шолпан планетасының фазасын, Күндегі дақты, Юпитердің 4 серігін, Сатурнның сақинасын ашты. Дін басылары Н. Коперник іліміне тыйым салған соң (1616), Галилей ұзақ уақыт үй тұтқынында ұсталды. 1630 ж. "Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы сұхбат" деген еңбегін Римге алып келді. Мұнда Коперник пен Евклидтің дүние жүйелері қаралған еді. 1637 ж. Галилей екі көзінен айырылады. Галилей 17 ғасырдағы механика, оптика және астрономия ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Ол ашқан жаңалықтар дүниенің гелиоцентрлік жүйесі туралы ілімнің жеңіп шығуына ықпал етті. Статика тарихы Архимедтен басталса, динамика тарихы Галилейден басталады. Ол ұлы ғалым болумен бірге, музыкант, суретші, ақын, әдебиетші де болған. (http://www.kitaphana.kz/)
6. Уақытты үнемдеу - табыстың кілті Мұхтар Шаханов ағамыздың «Кешікпей келем деп ең» деген өлеңін барлықтарыңыз да білетін шығарсыздар. Ал күніне қанша адамды күттіріп, елеңдетіп қоятындығыңызды ше? Баратын жерімізге кешікпей, дәл уақытында баруға көмектесетін бірнеше кеңестер ұсынамыз:21 1) Керек заттардың барлығын ұйықтар алдында жинастырып, сөмкеңізге салып қойыңыз. Ертең не киетініңізді ойластырып, қажет киімдерді шкафтан алып, мыжылғандарын үтіктеңіз. Осылайша «Ертең не киемін?» мәселесін шетке ысырамыз. Оқушы немесе студент болсаңыз, ертеңгі сабаққа қажеттінің барлығын сөмкеге салып, қызметкер болсаңыз, керек құжаттарды түгендеуді ұмытпаңыз. Бұлардың барлығы таңертең уақытты шығындамау үшін қажет. 2) Оятқышты әдеттегіден 30 минутқа ерте қойыңыз Қосымша 30 минуттың ішінде көп іс тындыруға болады. Мұнымен қатар, менің әлі жарты сағатым бар деп еркінсіп кетпегеніңіз де жөн. 3) Оянған соң салқын душқа түсу. Салқын душтың астында 5 минуттан артық тұра алмайтындығыңыз анық. Ал мұндайдан кейін өзіңізді сергек сезініп, жылдам қозғаласыз. 4) Сағатыңыздағы уақытты алға жылжытып қойыңыз. Сіз емес сағатыңыз асықсын. 5) Уақыттың құнын біліңіз. Жолыңызға кететін уақытты, көлік кептелісін алдын ала есептеп отырыңыз. Жолға артық 10 минутты қосып қойғаныңыз жөн. 6) Таңертең әлеуметтік желілердегі хабарламаларды тексеріп жатудың қажеті жоқ. Бұл «рәсім» көп уақытыңызды алады. Кейде интернет желісінен шыға алмай қалуыңыз мүмкін. 7) Жұмсалған уақытты да есептеп отырыңыз. Арнайы уақыт бөліп күні бойы уақытыңызды не нәрсеге жұмсағаныңызды және не себепті жұмсағаныңызды қағаз бетіне түсіріп, келесіде үнемдеңіз. 8) Мақтау мен жазалау. Уақытында барған кезде өзіңізді мақтап, кешіккен кезде өзіңізді жазалайтындай әрекеттер ойлап табыңыз. Мысалы, бір жерге кешігіп барғаныңыз үшін үй жинаңыз немесе өзіңіз жақсы көрмейтін бір іспен айналысыңыз. Ал уақытында барғаныңыз үшін тәтті тағамдар жеу, фильмге бару секілді марапаттарды ұйымдастырып отырыңыз. 9) Не себепті кешігетініңізді анықтаңыз. Сіздің маңызды себептеріңіз бар шығар. Мүмкін бара жатқан жеріңізде сізге қызық емес шығар. Ол үшін баратын жеріңізді ауыстырып көруіңізге болады. 10) Күнделікті шабыттандыру. Әр күн сайын өзіңіздің табысты да жинақы екендігіңізді қайталап айтып отырыңыз. Ал мұқияттылық – табыстың кілті. Ал Сіз уақытыңызды үнемдейсіз бе? (Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай: http://www.elarna.com/ сайтынан алынды)
7. Қартайтпайтын киім Кәрілік не... басталады? Жапондық Капево Spinning Corp. фирмасының мамандары адам... қартаюының себебі күн... көзінен келетін ультракүлгін сәулелердің әсері... деп топшылайды. Аспандағы алып жұлдыздың біздің көзіміз... көрінбейтін ультракүлгін сәулелері адам денесінің әдемі де, нәзік тері қабатының құрғап, ресурстық мүмкіндіктерін толық пайдаландырмай, қартаю процесінің басталуына мәжбүрлейді. Осыған көз жеткіз... жапондық зерттеушілер құрамы... Е витамині мен арнайы биологиялық ферменттері бар Nana Dew деп аталатын матаны жасап шығарған. Мата оны жасаушылар... айтуынша, ультракүлгін сәулелердің денеге зиян... әсерінен қорғап, терінің идеалды қалпының сақталуына жағдай жасайды. Капево Spinning Corp-тықтар мұндай мата... жаңа футболкалар мен көйлектер тігуді де қол... ала бастады. Сондықтан, жуық арада қартайтпа... киімнің сатыла бастауы ешкім... таңдандырмайтын болады. Бірақ, әзірге ол Жапонияда ғана мүмкін болып тұр. («Зерде» журналынан)
8. Уақыт туралы тәмсіл Кішкентай Балақай күні-түні өмірге қуанып, күліп-ойнап жүрді. Қасына үнемі Уақыт ерді. Сеп-семіз, топ-толық, үп-үлкен Уақыт көп болатын. Уақыт деген бәріне, барлығына жетіп артылатын: балалармен футбол ойнауға да, теледидар көруге де, және Балақайдың – Уақытпен, Уақыттың - Балақаймен еш шаруасы болмайтын. Балақай ер жетті. Дос-жарандар, құрбы-құрдастар пайда болды. Іс деген атау қосылды. Әр Іске көп уақыт қажет еді. Бала Уақыттан аздап кесіп алуды әдетке айналдырды: көлік жөндеуге, қызбен қыдыруға. Уақыт Бала артынан ере беруден шаршамады – Уақыт бар-тұғын. Дос-жаран, ағайын-туыс, құрбы-құрдастар Балаға өз мұңдарын шағып келе бастады. Олардың әрқайсысына Уақыт қажет-тұғын. Бала өз Уақытын өлтіруге әрқашан құлық білдірмесе де, өзгелер көмектесіп жатты. Бірде көршісі келіп, өсек айтып кетсе, енді бірде дос баласы қала аралауға алып шығатын. Одан қалды әр күн сайын өз дегендерін жасап үйренген теледидар, компьютер, телефон деген құбыжықтар бар-ды. Өзгелер кеміріп жатқан, өзі де ұрлап тұратын Уақытқа ара-тұра көз тастайтын болды. Бірақ еш нәрсе демейтін: болмайды.... онда... мұнда дегендей. Ақыры уақыт өлді. Ендігәрі Уақыты қалмады. Баласы келіп сұрады: - Әке, саябаққа ма, киноға ма барып қайтайықшы! Ол оған: - Кешір, ұлым, менің уақытым жоқ! - деді Әкесі қоңырау шалып, сұрады: - Қалайсың, хабарласпай кеттің ғой?26 - Кешір, әке, менің уақытым жоқ. Уақыт – көзге көрінбейтін ең қымбат әрі ең бағалы қор. Оны басқара біл. Алда мақсаттар болсын. Өмір мен жарқын істерді жобала. Бір күні бәріне, барлығына жететін Уақыттың күлімдеп тұрған жүзін көр!.. (Дайындаған: Фараби Арыстанбек http://massaget.kz/ сайтынан алынды)
9. Ғылым мен технология жаңалықтары Ұрланған ноутбук иесіне өзі «хабарласты» Әлемде ноутбукты бақылап отыруға мүмкіндік беретін көптеген бағдарламалар бар. Сондай бағдарламасы бар, ұрланған ноутбук интернетке қосылысымен өзінің қай жерде екенін иесіне хабарлайды. Лондон тұрғыны, графикалық дизайнер Дом дель Торто ақпан айында пәтерінен ноутбугін ұрлатып алған. Британдық Huffingtonpost сайтының жазуынша, Лондонда ұрланған ноутбук бір айдан соң арнайы бағдарлама арқылы өзінің Тегеранда (Лондоннан шамамен 5 мың шақырым жерде) екенін хабарлап, пайдаланып отырған адамның суретін иесіне жіберген. Дом дель Торто бұл жайтты Лондон полициясына хабарлаған кезде олар күліп, бұдан түк шықпайтынын айтқан. - Олар Интерполға сілтеді, бірақ қандай да бір нәтиже шығатынына сенген жоқ, - дейді дель Торто. Мұнан соң Дом дель Торто блог ашып, «ұрының» суретін интернетке орналастырған кезде ол әлеуметтік желілерде тез таралып, «вирустық постқа» айналып кетті. (http://www.azattyq.org/ сайтынан алынды)
10. Қазақстан Қазақстан Еуразия материгінің орталық бөлігінде орналасқан. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы - 15000 шақырымнан астам. Батысында және солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен, ал шығысында Қытаймен шектеседі. Қазақстанның жер көлемі - ұлан байтақ. Ауданы – 2717,3 мың шаршы шақырым. Қазақстан жеріне Франция, Испания, Португалия, Италия, Греция, Швеция, Норвегия және Финляндия мемлекеттерінің жер көлемі сыяды. Жер шарын бір тәулікте аралап шығатын Күн біздің еліміздің үстінде үш сағат кідіреді. Оңтүстігінде өрік гүлдеп тұрғанда, солтүстігінде қар жаууы да мүмкін. Халқының саны 14 (2014 ж. ақпандағы мәлімет бойынша 16 млн-дай) миллиондай. Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Онда 100-ден астам ұлт тату- тәтті өмір сүреді. Қазақ жері қызық та, бай тарихымен белгілі. Оған дәлел болатын Отырар, Тараз, Иасы, Сауран сияқты көне қалалары. Елдің солтүстігі орманды, ал оңтүстігі таулы болып келеді. Орталық Қазақстанды жазық дала алып жатыр. Қазақстанның өзендері – Ертіс, Сырдария, Жайық, Іле, Есіл, Шу және басқалары. Ең үлкен көлдері мен теңіздеріне Балқаш пен Зайсан көлдері және Каспий мен Арал теңіздері жатады. Қазақстан кенге бай. Сарқылмас қоры бар түсті металдар, темір, көмір, мыс, мұнай, газ және басқа кен байлықтары кездеседі. Қазақстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі жақсы дамыған. Өнеркәсібінің негізгі салалары – металлургия, металл өңдеу, отын-энергетика, химия және тағы басқа салалар. Ауыл шаруашылығының негізгі салалары – егіншілік пен мал шаруашылығы. Ауыр және жеңіл өнеркәсіптің орталықтары – Қарағанды, Теміртау, Екібастұз, Балқаш, Жезқазған, Шымкент және тағы басқалары. 28 Сонымен қатар Қазақстан ғылымы мен мәдениеті жоғары дамыған ел. Қазақстан ұлттық академиясы, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, опера және балет театры, драма театрлары, мектептер, кинотеатрлар, кітапханалар, мәдениет сарайлары сияқты ғылым мен мәдениет ошақтары бар. 1992 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасын бүкіл дүние жүзі танып, Біріккен Ұлттар Ұйымына толық құқылы мүше болып қабылданды. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республиксының мемлекеттік нышандары - мемлекетттік жалауы, елтаңбасы, әнұраны қабылданды
11. ЭКСПО-2017 жаңалықтары 1. АСТАНА. 19 мамыр, 2014 жыл. Baq.kz - Қазақстан 2017 жылға қарай соңғы буынды технологияларға негізделген 5G байланыс стандарты енгізіледі. Бұл туралы бүгін «ASTEX-2014» көрме-конференциясы аясында журналистерге ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов айтты. «Әлемде бүгінде 5G жобасы даярлануда. Оны қабылдау 2017 жылға жоспарланып отыр. Менің ойымша, Қазақстан осы кезде бұл стандарттарды енгізуге дайын болады», -деді С. Сәрсенов. 5G жаңа буынды телекоммуникациялық стандарт болып табылады. Мамандардың деректеріне қарағанда, 5G стандарты LTE (4G) жүйесімен 30 салыстырғанда мәліметтерді жіберу өткізу жылдамдығын еселеп арттыратын болады. 2. Астана. 18 сәуір. Baq.kz – Астанада «EXPO – 2017» көрмесі қарсанында 73 қонақ үй салыну жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Бұл жөнінде Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының төрағасы Айталап Қорғамбаев «EXPO – 2017» бүкіләлемдік бірегей көрмесіне қызметкерлер дайындау тақырыбында өткен отырыста мәлімдеді. Бүгінгі күні Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы «EXPO – 2017» бүкіләлемдік бірегей көрмесін ұйымдастыруға белсенді дайындық үстінде екендігін айтқан ол: - Қазір Астанада түрлі деңгейлі 178 қонақ үй кешені бар. Өткен жылғы статистикалық ақпараттар бойынша қонақ үйлер орташа 38-40 пайызға толады екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп білемін. Сонымен қатар, «EXPO – 2017» көрмесіне дайындық аясында қалада тағы да 73 қонақ үй салыну жоспарланып отыр. Оның 43-і бүгінгі күні жобалау үстінде болса, кейбіреулері құрылыстарын бастап та кеткен, - деді ол. Бәсекелестік бар жерде даму бар демекші, осындай құрылыстардың арқасында ғана қонақ үйлердің сапасы жоғарылап, сапасыздары біртіндеп ығыса бастайтындығын атап өткен төраға: - Бүгінгі күні біз туризм, қонақ үй мен мейрамхана бизнесі және Астанаға келген туристердің қолданатын қызметтері жөнінде білу үшін әлеуметтік сауалнама мен мониторингке Мемлекеттік тапсырыс бердік, - деп, осыған байланысты Астанадағы жетекші қонақ үй-мейрамханалық кешендерінің басшыларына бизнестің осы саласын оң жолға қою мақсатында аталмыш сауалнамаға белсене қатысып, әріптестік орнатуға ұсыныс жасады. Айта кетейік, Астанада «EXPO – 2017» көрмесі аясында 38 әлемдік брендтегі қонақ үй ашылады. (Айнұр Ракишева, http://baq.kz/ сайтынан алынды) 3. Астана. 31 наурыз. Baq.kz – «EXPO -2017» қалашығының салынуы жақын күндері басталады. Бұл жайында бүгін ОКҚ-нің кезекті брифингі барысында «Астана ЭКСПО-2017 ҰҚ» АҚ Басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев ОКҚ брифингінде мәлімдеді. «EXPO -2017» көрмесінің негізінде салынғалы жатқан «EXPO» қалашығының аумағы Астананың жаңа технологияларды қамтыған бірегей бөлшегі болмақ. «EXPO-city әлемдегі электр энергиясымен тек дәстүрлі қуат көздерінің ғана емес, жаңартылатын энергия көздері есебінен де қамтамасыз етілетін алғашқы нысандардың бірі болуы тиіс. EXPO көрмесі өтетін қалашықтың аумағында «Smart Grid» жүйесі қолданысқа енгізілетін болады. «Smart Grid» дегеніміз - қалашық учаскесіндегі сумен жабдықтау және электр қуатымен қамтамасыз ету желілерін мониторингілей алатын «ақылды жүйе». Бұл жүйе 31 EXPO аумағында орналасатын инфрақұрылымды, оның ішінде қауіпсіздік желісін де толық бақылайды», - деді басқарма төрағасы. Сондай-ақ, ол осы қалашықта көрме өткеннен кейін тұрып, қызмет ететін адамдар үшін барлық жағдайдың да ойластырылып жатқандығын айтты. Жаңа технологиялардың арқасында күн, су, жел арқылы пайда болған энергияны арнайы батареяларда сақтап, ақылды желілер арқылы қолдану көзделіп отыр. Сонымен қатар, құрылыс материалдарында энергияны үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. Ол біздің бүгінгі пайдаланып жүрген энергиядан 50 пайыз арзан болмақ. «Елбасы Жолдауында және «Қазақстан 2050» Стратегиясында көрсетілген индустриялды инновациялық дамуды, әлеуметті қамтамасыздандыруды, тұрғын үйлерді модернизациялау, денсаулық сақтау, білім жүйесін қамтитын «ЭКСПО» қалашығы әлемнің өзге қалаларына үлгі болады», - деді Т.Ермегияев. 4. АСТАНА. 24 мамыр. 2014 жыл. BAQ.KZ – Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифай Астанада ЭКСПО-2017 өткізу Қазақстанда туризмнің мықтап дамуына ықпал етеді деп санайды. Өзінің VII Астана экономикалық форумына бейнежолдауында «Қазақстанда ежелгі қалалар, мәдени мұра бар... Туризм әлеуметтік- экономикалық әл-ауқат үшін саясаттың басты басымдығы болуы тиіс. ЭКСПО-2017 Қазақстанды әлемдік туристік картаның бел ортасына қояды», - деді Талеб Рифай. Оның айтуынша, туризм - серпінді дамып отырған сала. Егер 1950 жылы әлемде 22 миллион турист саяхаттаған болса, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 1 миллиард адамға жеткен. Оның үстіне 5,5 миллиард адам өз елдерінің ішінде саяхаттайды. Оның айтуынша, бұл сектор өсімін жалғастыра түседі. «Біз 2030 жылға қарай халықаралық туристер саны 1,8 миллиард адамға дейін жететінін болжамдап отырмыз. Олар триллион доллардан астам қаржыны экспортқа шығарады және бұл әлемдік ІЖӨ-нің 9 пайызын құрайды. 11 адамның біреуі туризм саласында жұмыс жасайтын болады», - деп атап көрсетті ол. 5. Астана. 2 сәуір, 2014 жыл Baq.kz - Астана – студенттер көп шоғырланған жалынды жастар қаласы. Сондықтан да белсенді жастар ғана емес, қарапайым студенттер де «Экспо-2017» көрмесін өткізуге барынша атсалысуы керек деп хабарлайды 24 kz. Бұл – бүгінгі еріктілердің ұраны. Күллі әлем көз тіккен айтулы шараға қоғамдық бірлестіктер дайындықты қазірден бастап, еріктілер қозғалысы жөніндегі басқарманың қолдауымен «Команда-2017» ұжымының тұсауы кесілді. Тараптар алда атқарылар шараларды пысықтап, міндеттерін айқындады. Бұл ұжымға әрбір азамат қосыла алады. Жастар комитеті негізінен шет тілдерін жетік меңгерген студенттерге басымдық бермек. Сәйкесінше түрлі тренигтер мен семинарлар өткізіліп, білікті де білімді еріктілер дайындау жолында қыруар шаруа атқарылмақ. Бастаманың басты мақсаты – азаматтық көзқарасты білдіре отырып, қоғамға өзіндік үлес қосу. 32 Олар әзірге флэшмобтар мен түрлі спорттық сайыстарда шеберлігін шыңдайтын болады. Жақып Асланбек, «Ел қанаты» ҚҚ президенті: - Біздің еріктілер қазірден сақадай сай. Көздерінде оты бар. Алдағы келе жатқан мемлекеттік маңызы зор шараларға өз құштарлығын көрсетіп жатыр. Осы жастар – біздің мақтанышымыз
12. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ол түркі тілдерінің тобынан шыққан. Қазақ тілі сияқты түркі тілдерінің тобынан тараған қазіргі ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, әзірбайжан, ұйғыр, шуваш, тува, саха (якут) т.б. тілдерде сөйлейтін халықтар бір-бірімен еркін түсінісе алады. Сол себепті бұл тілдер өзара туыстас тілдер болып саналады. Ал қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарайым тілдері бір-біріне өте жақын. Өйткені бұлар түркі тілдерінің бір тармағы қыпшақ тобына жатады. Қазақ тілі өзінің көп ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді. Қазақ тілі ұзақ замандар бойы қазақ халқының қарым- қатынас тілі болумен қатар, оның рухани байлығы – ауыз әдебиетін атадан балаға мұра етіп ауызша жеткізді. 33 Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі. Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасынан тыс елдерде тұрып жатқан қазақтардың да тілі. Олар Ресейде, Қытайда, Монғолияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Түркияда, Алманияда т.б. елдерде шоғырланған. Қазіргі таңда жер бетінде 12 миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Оның 8 миллионнан астамы Қазақстанда, ал қалғандары шет елдерде тұрып жатыр. (Ш.К.Бектуров., А.Ш.Бектурова)
13. Түркістан Қазақстан - көне мәдениет өлкесі. Ерте замандардан-ақ оны мекен етушілер мал бағып, егін салумен шұғылдана жүріп, өзіндік өрнегі мол өнерін, мәдениетін қалыптастырды. Біздің заманымызға дейінгі сақталған обалар мен қала орындары, қорғаныстық бекіністер, мавзолейлер мен тұтас кенттер кеңінен дамыған көне мәдениеттің тамаша ескерткіштері болып табылады. Бұлардың арасында орта ғасырлық сәулет өнерінің теңдесі жоқ туындысы - Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі айрықша көзге түседі. Ол 14 ғасырдың аяғында қазіргі Түркістан қаласында салынған. Түркістан көп ғасырлар бойы түркі халықтары қоныстанған қазіргі Орта Азия мен Қазақстан территориясының бөлігін, сондай-ақ Орталық Азияның бірқатар аудандарын қамтыған тарихи-географиялық аймақ. Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Яссауи мешіт-мавзолейі - көне архитектуралық ескерткіш. 1389-99 жж. Әмір Темірдің бұйрығымен Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған. Мавзолей күмбезді мемориалдық құрылыс үлгісінде салынған. Оның негізіне жергілікті архитектуралық дәстүрді жете меңгерген ирандық шеберлердің жобасы алынған. Мавзолей оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай созылып жатыр, ұзындығы 65 м, ені 46,5 м. Кешеннің кіндік ортасы қазандық болып саналады. Қазандық аталатын себебі ортасында Тебриздік шебер Абдуләзіз 7 металл қорытпасынан құйған, 60 шелек су сыятын, диаметрі 2,4 м, салмағы 2 тонна үлкен қазан орнатылған. Қазандық бөлме мінәжат етушілердің жиналатын орны. Мавзолейде барлығы 30-дан астам бөлме бар. Түркістан қаласы 16-19 ғасырлар аралығында қазақ хандарының орда тіккен мекені.
14. Тайқазан туралы Уикипедиядан мәлімет: Тайқазан — Түркістандағы қасиетті қазан. Оны Қарнақ қаласында 1399 ж. Тебриздік шебер Абд ул-Әзиз ибн Шараф әд-Дин 7 металл қоспасынан құйып жасаған. Оған алпыс шелек су сыяды, салмағы 2 т. Қазан суы қасиетті су деп танылған. Қазанның бүйіріне өсімдік кейпіндегі өрнектер салынып, араб әріптерімен оюлап құйылған жазулары бар. Түркістан тайқазаны 1935 ж. Санкт-Петербургтегі Эрмитаж басшыларының өтініші бойынша 3- халықаралық конгреске көрсету үшін әкетілген еді. Эрмитаждың төменгі қабатында 48-залда 54 жыл тұрып, Қазақстан үкіметінің талап етуі бойынша 1989 жылдың 18 қыркүйегінде қасиетті Т. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі өз орнына қойылды. Оның қайтарылуына Ө.Жәнібеков көп еңбек сіңірді.[1][2] Тайқазанның ішіне 3000 литр су сыяды. Ол Қарнақ қаласынан өткен. Шебер оны көптеген асыл металдардың қоспасынан әзірлеген.
15. Ұлықбек Обсерваториясы Ұлықбек Обсерваториясы, Ұлықбек рәсітханасы, 15 ғасырдың 30- жылдары Самарқандта Ұлықбек салдырған. Ұлықбек обсерваториясы өзіне дейінгі Батыс және Шығыс елдері обсерваторияларының дәстүрлері негізінде салынған. Оның биіктігі төбесіне дейін есептегенде 30-35 м, диам. 46 м-ден асатын, дөңгелек пішінді үш қабат үй болғандығы археологтардың зерттеулер нәтижесінде анықталған. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі аспап-құралдар – радиусы 40,2 м мәрмәрдан жасалған секстант, Күн және астрон сағаттар, әртүрлі бұрыш өлшегіш дәлдігі жоғары құралдар болған. Аспаптың градустарға бөлінген төменгі бөлігі ғана сақталған. Аспап ені 2 м, тереңдетілген 11 м шамасындағы орға орнатылып, негізгі бөлігі жер бетіне шығып тұрған. Бұлардың көмегімен бұрын мүмкін болмаған көптеген астрономиялық бақылаулар (экватордың эклиптикаға көлбеулігінің, прецессияның, жыл ұзақтығының дәл мәндерін табу, т.б.) жүргізілген. Обсерваторияны Ұлықбек қаза болғаннан кейін мұсылман діншілдері қиратып тастаған (1449). Алайда Ұлықбек Обсерваториясы кейіннен шығыс елдерінде салынған көптеген обсерваторияларға үлгі болды. (мысалы: 18 ғасырда Үндістанда салынған Савой-Джай Синг обсерваториясы). (Қазақстан энциклопедиясы, 9 том, 52 б.)
16. Хиггс Бозоны Еуропа ядролық зерттеу ұйымының ғылыми орталығында (CERN) Хиггс бозонын (ядроның бөлшегі) зерттеумен айналысатын Джо Инкандела шілде айында орталық мамандарының "ғаламдық материал" тапқанын айтқан. «Бұл өте сирек кездесетін бөлшектерді іздестіруге арналған сынақ болды. Қолымызда әзірге, сынақтың алдын ала нәтижесі ғана. Бірақ ол өте күшті болады деп ойлаймыз» - деген Инкандела. Әдебиеттерде «Құдайдың бөлшегі» деп кекесінмен аталған Хиггс бозоны - ғаламдағы дене атаулыға салмақ беріп тұрған күш. Оны кейбір ғалымдар «ғаламның кірпішіне» теңейді. Оның табылуы физика тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл жаңалық «Біздің ғалам қалай пайда болған?» деген ең күрделі сұраққа жауап табуға жәрдемдесуі мүмкін. Әлем ғалымдары 45 жылдан бері оның бар екенін дәлелдеуге тырысып келеді. Оны анықтауға арналған ең ірі сынақ алаңы - коллайдер-туннель Швейцарияда орналасқан. 10 миллиард долларға салынған сынақ алаңында мамандар протондар шоғырын жарық жылдамдығымен тарқатып, бір-бірімен соғыстыру сияқты тәжірибелер жасап көрді. Хиггс бозоны "күңгірт материяның" болмысын түсіндіруге көмектесетін бөлшек болмай шықса да, бұл жаңалықты өткен ғасырдағы физиканың ұлы жетістіктерінің біріне қосуға болады. (http://www.azattyq.org/ сайтынан алынды)