Дістемлік нұсқау

Семинар тақырыптары, онда қарастырылатын сұрақтар фольклортану ғылымының өзекті теориялық және методологиялық мәселелерін кеңінен қамтиды. Студенттің білімді өз бетімен алуға ұмтылушылығын, ізденімпаздық қабілетін арттыру мақсат етіледі. Студенттен әр семинардың берілген сұрақтарына тыңғылықты әзірленуі талап етіледі. Ол үшін студент көрсетілген әдебиеттер бойынша әрбір сұрақтың мәнін ашатындай конспект әзірлеуі қажет. Бұл біріншіден, білімінің жүйелілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, дайын конспектінің өздік жұмысты орындау, коллоквиум, кезеңдік және қорытынды бақылауға дайындалу барысында пайдасы зор. Семинардың тақырыбымен танысып алған соң, қажетті әдебиеттерді іріктеп алу керек. Бір сұрақтың айналасында айтылған түрлі авторлардың пікірлеріне іштей салыстырулар жасап, түйінді жерлерін қағаз бетіне түсіру керек. Осы мәселе төңірегіндегі өз ойыңыз қандай, соны дәйектеңіз. Бұдан соң белгілі бір тұжырымды дәлелдеу үшін өзіңіз оқыған көркем туындылардан, сын мақалалардан мысалдар келтіріңіз. Келесі семинарларда алдыңғы өткен сабақтарда дайындаған материалдарыңызды, алған біліміңізді дұрыс пайдалана біліп, жаңа тақырыпппен байланыстырып отырыңыз. Әр тақыпрыпты өткен кезде ұсынылып отырған көркем мәтіндермен мұқият танысып, көрсетілген үзінділерін жатқа оқу қажет. Семинар барысында теориялық мәселелерді меңгерумен қатар мәтінді жатқа білу талап етіледі. Емтихан алдынла мәтіндік тест алынады.

2.4 СТУДЕНТТІҢ ОҚЫТУШЫ ЖЕТЕКШІЛІГІМЕН ОРЫНДАЙТЫН ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫ ШЕГІНДЕГІ САБАҚТАР ЖОСПАРЫ (СОӨЖ)

1. Қазақ халқының мақал – мәтелдерін жаттау. Бұл тақырып бойынша «Мың бір мақал» ойыны ойналады.

2. Қазақ жұмбақтарын жаттау. «Жүз бір жұмбақ» ойыны ойналады.

  1. Тұрмыс-салт жырларын жатқа білу. «Ұлт дәстүрі ұмытылмайды» атты сахналық көрініс қойылады.
  2. «Қобыланды батыр» жырының түрлі нұсқаларын салыстыра оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  3. «Ер Тарғын» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  4. «Қыз Жібек» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  5. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  6. Шешендік сөздердің түрлі жанрларынан (шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау) жатқа оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  7. «Біржан-Сара» айтысынан Біржан мен Сараның өздерін сипаттайтын жерлерінен үзінді жатқа оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
  8. Айтыс жинағын пайдалана отырып, айтыстың жанрлық түрлерін ажырату.

СОӨЖ жүргізу формасы:Пән барысында берілетін материалдарда қайталану болмау үшін СОӨЖ – ге берілген тақырыптардың барлығын ойын түрінде өткіземіз.

Әдістемелік нұсқау:Аталмыш тақырыптағы ойындар «Қазақстан» телеарнасында жүретін «Алтын сақа», «Мың бір мақал, Жүз бір жұмбақ» ойындарына негізделеді. СОӨЖ басталмас бұрын телеойынмен танысып алу қажет. Ойындардың барысында студенттің теориялық білімі, белсенділігі, ынтасы және шығармашылық шешім таба білу дағдысы бағаланады. Ойынға бүкіл топ қатысады.

2.5 СТУДЕНТТІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫС ТАПСЫРМАЛАРЫ (СӨЖ)

Тақырып: Мақалдар мен мәтелдер

Төменде келтірілген мақал-мәтелдердің мақалын бір бөлек, мәтелін бір бөлек теріп жаз. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1том, 1 кітап, -Алматы, 1964), Б.Адамбаевтың «Халық даналығы» (- Алматы:Рауан, 1996) атты кітаптарына сүйеніп, олардың мақал немесе мәтел жанрына жатқызылу себебін түсіндір.

«Қырғи қабақ болу», «Көпке топырақ шашпа», «Жұмған аузын ашпау», «Ер арыс – аруақ, ат арыса - тулақ», «Төбесінен тік тұру», «Ер айтпас, айтса - қайтпас», «Кеңеспен кескен қол ауырмас», «Ат-тонын ала қашу», «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен», «Көңіл қалмас, көйлек жыртпас», «Берсе – қолынан, бермесе - жолынан», «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады», «Итпен ойнасаң – үрерсің, баламен ойнасаң - күлерсің» «Тауықтың түсіне тары кіреді», «Той дегенде қубас домалапты», «Таз таранғанша той тарқар», «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар», «Халық қартаймайды», «Көпті сөкпе, кенді төкпе».

2. «Үнемі ауырдан жеңілге, қиыннан оңайға қарай ұстарып отыратын жалпы тіл заңына лайық мақал мен мәтелдер де қысқартумен, ықшамдалумен жетіледі. Қазақ мақал-мәтелдерін қысқарта ұстартудың бірнеше тәсілі бар...»- деген Б.Адамбаевтың пікірін нақты мысалдармен дәлелдеп, сол тәсілдерді көрсетіңдер.

Төмендегі мақалдарға тән ұйқас түрлерін анықтаңдар. Қазақ мақалдарының жинағын пайдалана отырып, әртүрлі ұйқасқа құрылған мақал-мәтелдерге 5-6 мысал келтіріңдер.

Жаман сайға су түссе,

Өткел бермес кешуге,

Жаман кісіге мал бітсе,

Сусын бермес ішуге.

***

Қошқар болар қозын

Маңдай жер дөң болар.

Жақсы болар жігіттің,

Етек-жеңі кең болар.

***

Өз сөзіңді шекер дейсің,

Өзге сөзді бекер дейсің.

Өзіңді-өзің хан көтеріп,

Өзге жұртты нөкер дейсің.

***

Қасқа, жайсаң билер бар,

Қасына ерген қулар бар.

Бидің басы қауақтай,

Қудың басы қуықтай.

Наши рекомендации