Кеспе әріптермен жүргізілетін сабақ үлгісі

Тақырыбы: X дыбысы және әрпі.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Кеспе әріптерден жаңа дыбыстарды қатыстырып, сөйлем, сөз құрастыру және оны талдауға үйрету. Дыбыс пен әріпті ажырата білуге үйрету. Дыбыстардың айтылу артикуляңиясын дұрыс меңгерту. Жазу дағдысын қалыптастыру.

Әдіс-тәсілі: сұрақ-жауап, көрсету, түсіндіру, ойын, қол жаттықтыру жүмысы.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: кеспе әріптер, суреттер.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

I. Ұйымдастыру кезеңі.

I. Кіріспе әңгіме өткізу.

Педагог алдыңғы сабақтарда өтілген дыбыстар туралы алған білімдерін «Сөз құра, көп құра» дидактикалық ойыны арқылы пысықтайды.

Мысалы: а - алма, д - доп, дос, дойбы, дөңгелек, қ - қияр, қарбыз, қала, с - сағат, сағыз, т.б.

II. Негізгі бөлім.

1. Жұмбақтар шешу.

Аяғы жоқ, қолы жоқ.

Жүрмей тұғын жолы жоқ. (Хат)

Сәлем алып алыстан

Туысынан таныстан,

Келе тұғын хат, хабар

Қай әріптен басталар? (X)

Дәптермен жұмыс.

Хат, дәріхана, шахмат сөздеріне дыбыстық талдау жасатып, ондағы х дыбысының орнын ажыратқызады. Балалардың өздеріне х дыбысының сөздің аяғында келетін сөздер ойлатады. Дәптердегі буындарды, сөздерді құратып оқытады. Барлығы хормен қайталап оқиды.

Жазу жұмысы. Педагог х әрпін ауада және тақтада жазып көрсетеді.

Дәптерге үлгі бойынша х дыбысының кіші және бас әрпін бастырып жазады.

Торкөздегі х дыбысының орнына қарай сөз ойлап табады. Сөйлем құра тапсырмасын орындайды.

Суреттегі заттардың аттарын атап, сол сөздерге дыбыстық талдау жасайды. Хат, хор, шахмат.

Хат деген сөзде үш дыбыс бар. X дыбысы сөздің басында келіп түр.

X -дауыссыз, а - дауысты, т - дауыссыз.

3. Кеспе дыбыстарды пайдаланып сөз құрастырып жазғызу. Мысалы: хор, халат, т.б.

5. Жаңылтпаш жаттату.

Хабиба сөмке көтерген, Хат-хабар күнде әкелген. Хатипа мен Қанипаға, Қамарға Харьковтегі Хамит аға Хат жазыпты. Хабарла!

Қол жаттықтыру, дәптермен жұмыс.

III. Қорытындылау.

Сұрақ-жауап әдісі арқылы х дыбысы туралы білімдері бекітіледі.

Ертегі жанрын оқыту

Мақсаты: Ертегі жанры, оның қаһармандарының ерекшеліктеріне байланысты мағлұмат беру.

Негізгі ұғымдар:ертегі, миф, ертегілік сюжет, ертегі қаһарманы, әсірелеу, дамыту.

Шағын көлемді эпикаға тән жанрлық түрлердің бірі – ертегі. Ертегі адам өмірінде, не хайуанат дүниесінде болуға лайық, әр алуан қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая. Көркемдік жағынан алғанда, ертегінің көлемі қысқа, сюжеті ықшам, композициясы жинақы, тілі ауызекі айтуға лайық қарапайым, бірақ образдары өткір, дәл, мазмұны тартымды, идеясы бүкпесіз, ашық. Оқиғаға қатысатын адамдар санаулы, мінез-құлқы көбіне бір қырынан көрініп, ең елеулі ерекшелігімен ғана көзге түседі.Қазақтың төл ертегілері аса мол. Ғалымдар оларды әртүрлі жіктеп, саралайды. Мысалы, қазақ ертегілерін жете зерттеген ғалым-жазушы М.Әуезов қазақ ертегілерін шартты түрде мынадай топтарға бөледі:

а) Қиял-ғажайып ертегілер.

ә) Хайуанаттар жайындағы ертегілер.

б) Салт ертегілері.

в) Балаларға арналған ертегілер.

г) Аңыз ертегілер, күй аңызы.

Қиял-ғажайып ертегілер. Кейіпкерлері әр алуан ғаламаттар болып келеді. Олар: жеті басты жалмауыз, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, айдаһар т.б. Кез келген құбылыстың жаны бар деп түсінушілік қиял-ғажайып ертегілердің бәрінде де ұшырасады. Қиял-ғажайып ертегілердің бәрінде де ақиқат дүние мен қиял дүние араласып жатады. Соның бәрінде де ой бар. Ол – адамның тылсым табиғат сырларын ашуға, өзін қоршаған ортадан алыстағыны болжап білуге ұмтылуы.

Хайуанаттар жайындағы ертегілер. Бұл қазақ фольклорындағы мол саланың бірі. Қазақ тұрмысында үй хайуанаттарының маңызы мен рөлі ерекше. Халықтың күнкөріс кәсібінің, тіршілігінің тірегі болған хайуанаттардың маңызды орын алғанына бұл саладағы ертегілердің мазмұнымен қатар, молдығы да куә. Сондықтан олар жайындағы ертегілерде түйе, ешкі, қой, сиыр қызығылықты суреттеледі.

Салт ертегілері.Бұл топқа жататын ертегілер: қиял-ғажайып сарындар араласқан әрі нағыз салт ертегілері болып екіге бөлінеді. Аңшы кейіпкерлердің характері мен тұрмысының реалистік сипаттары мен қиял-ғажайып кереметтердің ерекше оқиғаларға тап болатын хайуанаттардың бейнесі өзара астасып, ұласып жатады.Көбінесе мұндай ертегілерге махаббат тақырыбы және сұлу қызды қиялы кереметтердің тылсым түрде ұрлап әкетуі тақырыбы араласады.

Нағыз тұрмыс-салт ертегілері көшпелі бақташылық тұрмысты суреттейді және арманға толы болып келеді. Қалың малға сатылып, сүймесіне еріксіз қосылған әйел тағдыры мен тұрмысы, өгей шешенің қорлығы мен зорлығы сияқты тақырыптағы ертегілер де осы топқа жатады.

Балаларға арналған ертегілер. Бұл қиял-ғажайып ертегілердің, тұрмыс-салт ертегілерінің және хайуанаттар туралы ертегілердің жиынтығы сияқты. Олар қызықты әрі күлкілі болып келеді. Кейде оларды өтірік ертегілер деп те атайды.Бұл ертегілер баланың ой-санасы оянып, қиялы шарықтап өсуіне әсер етеді.

Аңыз ертегілер.Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол – барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді.Аңыз ертегілерінің бір ерекшелігі – ошл әңгіме етілетін адамның өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің суреттелуінен туады. Сондықтан батыр жайындағы аңыз болса, тірліктегі іс-әрекетіне қосымша ұлғайтылып айтылған шығарма болады.

Қазақ аңыздар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататындар – Қорқыт, Асанқайғы, Алдарқөсе сияқты адамдар жайындағы аңыздар және Қожанасыржайындағы аңыз анекдоттардың қазақша нұсқалары. Екінші топқа күй аңыздары жатады. Домбыра мен қобызда, сыбызғыда тартылатын күйлер арқылы әр аңыздың мазмұны баяндалады. Қазақта күй өте көп. Солардың бәрінің де ауызша кіріспесі болады.

Наши рекомендации