Тақырып. Оқушылардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуына педагогикалық қолдау көрсету
Дәріс жоспары (1 сағат)
1. Білім беру мен тәрбиелеуді оқушылардың ішкі күші мен қабілеттері негізінде ұйымдастыру.
Қазiргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлесі қалыптасуда. Бұл процесі білім программасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Ол балаға өзін-өзі өзектелендіруге, өзін толытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Дене Декарттың трактатында: «Өзін-өзі тану жолындағы еңбек - ең құнды еңбек», деп көрсетілген. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білім, білік, дағдысын емес, оның тұлғасын, білім арқылы дамуын қамтып отыр. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі - баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығарып, оқу үрдісіне еңгізу. Сол себептен де білім беру саласы қызметкерлерінің алдында – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру міндеттері қойылып отыр.
Ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеттің ғылыми – педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге мұғалімдерді даярлау – оларды кәсіби білімін көтеруге дайындау аспектісінің бірі және тұлғасын қалыптастыру үрдісіндегі іс - әрекеттің нәтижесі болып табылады. Оқытудың жаңа технологияларының принциптері – оқытудың ізгілендіру, өздігінен дамитын, дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі жетілдіріп, өсіруші, тәрбиелеуші жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық жаңа технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты жетік маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің өзін-өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастырылуына көмектеседі.
Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында оқытудың жаңа технологиялық әдістерін пайдалану оқушылардың білім деңгейін заман талабына сай арттырады.
Қазақ халқы өз еркін өз қолына алып, өз болашағы болып табылатын болашақ жастарды білім мен тәрбие ісіне көңіл бөліп, өзіндік бағыт ұстап, жасампаздық жолға меңзейтін әдістер ұсынуда. Солардың бірі:
- Өз мүддесі мен қоғамдық мүдделерді ұштастыра білетін, зиялы, адамгершілігі мол, денсаулығы мықты жеткіншек тәрбиелеу.
- Оқушылардың санасына туған халқына деген патриоттық сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру. Сондай – ақ тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, салт дәстүрін меңгерту.
- Әр оқушыны дара тұлға деп танып, олардың бойына үнемі оқып үйренсем деген ізденімпаздық қасиет дарыту, оларға өздігінен білімдерін толықтырып тереңдету тәсілдерін жаңа технологиялармен, әдіс тәсілдермен байланыстыра отырып дамыту.
Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару студенттердің қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогикалық үдерісті ұйымдастыру модульдері:
1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер.
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Білім беруде ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту.
7. Білім берудегі басқару және көшбасшылық.
1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер:
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер «Диалог негізінде оқыту және оқу» және метасана немесе «Қалай оқу керектігін үйретуді» қарастырады. Білім беру әдістері ішінде ерекше орын алатыны - диалог. Диалог оқушылардың сөйлесу әрекетін, сұрақты дұрыс қоя білуде, ақпарат алмасуда, жалпы тіл үйренуде таптырмас жұмыс түрі. Әр түрлі тақырыпта диалог құрғызу мынадай нәтиже береді:
*сабақта белсенділік жоғарылайды;
*сөздерді есте сақтау қабілеті дамиды;
*дұрыс сөйлемдер құрауға дағдыланады;
*оқуға қызығушылықтары артады;
«Қалай оқу керектігін» үйретудің қозғаушы күші метатану болып табылады. Метатану индивид қалай ойлайтынын қадағалау, бағалау, бақылау және өзгерту қабілетін түсінеміз. Білім алуды үйрету өз бетімен оқуды ойластыру және ойлау нәтижелерін сабақта қолдана алу үдерісі болып табылады. Бұл үрдісінде мұғалім оқушыға:
- білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге;
- жеке ойлау үрдісін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге;
- міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға:
- нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі.
2. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы.
Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз не?
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту»
бағдарламасы бойынша ол:
- шыңдалған ойлау, кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сын көзбен қарау;
- күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешімге қабылдауға құштарлық;
- үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінінің сеніміне негізделген құрылым.
«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясын қолдану төмендегідей нәтиже береді:
- білім алушының белсенділігін арттыру;
- пәнге қызығушылығын ояту;
- өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру;
- зерттеуге икемділігін дамыту;
- сөйлесім әрекеті белсенділігін арттыру;
- білім алушылар бір - бірімен қарым - қатынас жасай біледі;
- басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға.
Жалпы, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып дәлелдерді талдайды.
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау.
Бағалау — оқыту нәтижесін анықтау үшін қолданылатын тәсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нәтижелі болуына ықпал ететін фактор. мектеп тәжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Бағалау оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау деп екіге бөлінеді. Формативті бағалау әр сабақта жүзеге асатын үрдіс. Формативті бағалау сабақ барысындағы барлық іс - әрекет бойынша оқушының білім, білік деңгейіне қоса дербес ойлауы, түсінігі, тіпті тәртібі т. б. бағаланады. Ал, сумативті бағалау немесе жиынтық бағалау оқушының белгілі бір кезеңдегі бақылаулар, білімді тексеру тестісі кезінде көрінетін білім деңгейінің өлшемі.
Жалпы, бағалаудың барлық түрлері төмендегілерді қамтиды:
Бақылау;
Алынған мәліметтердің интерпретациясы;
Бұдан арғы іс - әрекетті анықтау үшін қолданылуы мүмкін шешімдерді қорытындылау.
4. Білім беруде ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану.
Ақпараттық - коммуникациялық технологияның тиімділігі - келешек ұрпақтың жан - жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашатын педагогикалық - психологиялық жағдай жасауында.
Сондай - ақ, интерактивті тақта арқылы әр түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Көбінесе “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологы П. Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П. Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету - оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
“…Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады” Плутарх.
Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту.
Еш нәрсеге бейімділігі жоқ, қабілетсіз бала болмайтыны педагогикада дәлелденген.
Мысалы, төрт жасар балалар көп сұрақ қояды және «қайда», «не», «кім», «неге», «қашан» сияқты көптеген сұрақтар пайдаланады. Олар бес сөзден тұратын сөйлемді пайдалана алады және олардың 1500 сөзден тұратын сөздік қоры бар. Бес жасар балалар бағыныңқы бөліктері бар алты сөзден сөйлем құрай алады және 2000 сөз пайдаланады.. бірінші сынып оқушылары 6000 сөзге дейін пайдаланады, ал ересектер 25000 сөз пайдаланады және 50 000 сөз біледі.
Жалпы шәкірт бойына білім нәрін сіңіруде ең бастысы оқушының жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Топтық жұмыс немесе диалог барысында оқушының жас ерекшелігін ескере отырып жұмыстану - бұл мұғалімнің жан - жақты ойластырылған шеберлігін қажет етеді.
7. Білім берудегі басқару және көшбасшылық.
Осы заманғы кез келген оқыту технологиясы оқу процесін ұйымдастыру кезеңінде технологияның бар мүмкіндіктерін үнемі шығармашылықпен пайдалану қажеттілігіне көңіл аударуда. Оқыту технологиясын оқыту процесін ұйымдастыру, басқару және бақылау деп түсіну керек. Осы орайда өз тәжірибемнің негізінде оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдыма мынадай мақсат қойдым:
- заман талабына сай білімді, білікті, дүниетанымы кең, шығармашылық қабілеті дамыған жеке тұлға қалыптастыру.
Оқытудың, тәрбиелеудің мазмұнын қоғам дамуының қарышты қадамына сәйкестендіріп, оны шырқау биіктерге көтеруге бағытталған тың әдіс - тәсілдер жасалуда. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиісді деп табылған жаңа технологиялары дүниеге келуде. Оқыту барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдалану шәкірттердің ойлана білу қабілеттерін дамытады, олардың білім сапасын жақсартады, ой өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілеттерін өсіреді.
2. Өзін-өзі тану – адамның дүниетанымдық және мінез-құлық бағыттарын анықтайтын үдеріс ретінде.
г
Өзін-өзі тану – адамның дүниетанымдық және мінез-құлық бағыттарын анықтайтын үдеріс ретінде. Педагогтің ізгілік ұстанымы – оқушылардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуына жемісті педагогикалық қолдау көрсетудің басты қағидалары. Білім беру мен тәрбиелеуді оқушылардың ішкі күші мен қабілеттері негізінде ұйымдастыру. Өзіндік процестерге: өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі ұйымдастыру, өзін-өзі өзектендіруге және т.б. педагогикалық қолдау көрсету.
1. Адамның дүниетанымдық және мінез-құлық бағыттары. Тұтас-психикалық білім ретінде дүниетаным – күрделі де көп аспектілі құрылым. Оның өзегі -теоретикалық ойлау, жоғары интеллектуалды сезімдерді білдіру, саналы мақсатты ерік-жігердің дамытан қабілеттілігімен үйлесімді көзқарастар мен сенімдер.
Көзқарастар – адамның қол жеткізген идеялары, білімдері, теориялық тұжырымдар мен болжамдар ретінде қабылдаулары. Олар табиғат пен қоғам құбылыстарын түсіндіріп, адамның мінез-құлық, іс-әрекет пен қатынастардың бағыт-бағдары қызметін атқарады.
И.Ф.Харламов айтқандай әр адамның дүниетанымдық көзқарастары ұзақ, күрделі интеллектуальдық іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Ал көзқарастар болса өз кезегінде оның рухани мәдениетінің, оның «Мен» деген сезімінің мәнісін ашып, оның өмірлік ұстанымдарының, ар-ожданының негізін құрайды. Сенім – көзқарастардың сапа жағынан мейлінше жоғары күйі. Сенім білім сияқты объективті дүниенің субъективті көрінісі, адамдардың ұжымды жеке тәжірибесін меңгергенінің нәтижесі. Сенім әлде бір «білетін» немесе «түсінетін» емес, ол – жеке тұлғаның ішкі ұстанымдарына айналған білім.
Қазіргі уақытта сенім дүниетанымның өзегі «бастапқы», «элементарлық кереге көзі» болып табылады деген ережені терең негіздеу деп санауға болады.
Сенім дүнетанымның ұйтқысы дегенді әлеуметтік және педагогикалық маңызы жағынан бағалау қиын. Олардың адамның өмір жолын анықтаудағы, мінез-құлқын қалыптастырудағы рөлі әрбір педагогқа, әрбір оқушыға түсінікті болуы керек. Тек меңгерілген білім ғана емес, ал сол сенімнін өзі адамды белсендіретін шынайы күш, оны жетілдіретін анық қылықтар, қолжеткізген білімі және солар үшін күресу болып табылады (Волков К.Н.).
2. Педагогтің ізгілік ұстанымы. Ұстаз - жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Қазіргі қоғамда оқу-тәрбие жұмысын жүргізуші маман педагог ұстаз деп аталады. Дегенмен, ұстаз ұғымы арнаулы білім, қажетті құжатқа байланысты емес. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады. Жалпы “Ұстаз — тәрбиелеуші” ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы“Рабби — тәрбиелеуші” мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді. Мұсылмандар пайғамбары Мұхаммедке (ғ.с.) келген алғашқы уахидің де “Оқы, оқы, оқы…” деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады. Діни танымда, халықтың мифологиялық санасында шәкірттің ұстазға бұлтақсыз мойынсұнуы мен шексіз берілуін, өз еркін ұстазға сеніп тапсыруы арқылы ақиқат ілімді иеленетіні насихатталған. Мұның бір мысалын Мұса (ғ.с.) пайғамбардың Қызыр (ғ.с.) пайғамбарға шәкірт болуынан көреміз. Демек, бұдан ұстаздың зоржауапкершілігін, оның терең ілім иесі болуымен қатар, кемел адамдық қасиеттің иесі болуы керектігін байқаймыз. Дәстүрлі қазақмәдениетіндегі рухани-ақылақтық тәрбие ісінде “Ұстаз — шәкірт” қарым-қатынасы кең тараған әрі ғылыми, ағартушылық, мәдени, кәсіптік тәрбие беру тәжірибесін рухани тәжірибемен ұштастырған ерекше жүйе болды. Қазақ халқының шәкіртті ұстаз алдына апарғанда айтылып, мәтелге айналған “Сүйегі — менікі, еті — сенікі” деген сөзінің астарына үңілсек осыны аңғарамыз. Бұл мәтел кеңеcтік замандағы атеистік идеологияға сай бұрмаланып түсіндіріліп келсе, герменевтикалық тұрғыдан сөз астарына үңілсек: “сүйегінің — асылының, рухының иесі — Алла бар, оған қиянат жасама, ал етін сомдау, яғни біліммен көркейту ұстаздың ісі” деген тұспал бар.
Бұл мәтелде ұстаздың шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ең негізгі ұстанымның бірі — шәкірттің өзіндік “меніне” құрмет, қайталанбас адамдық тұлғасы қалыптасуына ықпал ету міндеті көрінеді. Ұстаз — пір, яғни ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы ұғымы да қазақ дәстүрлі мәдениетіне жат емес. Қазақ халқының рухани мәдениетінде бай мұра қалдырған, рухани адамгершілік мұраттары мен ақылақтық ұстанымдары, үлгі-өнегесі түркі әлеміне, жалпы адамзатқа ізгілікті, игілікті жол нұсқайтын рухани ұстаздар бар. XIX—XX ғасырларда А.Құнанбаев көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным тұтқан Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық ғылыми-әдістемелік негіз жасады. Кеңестік дәуірде өркендеген ғылым-білім саласындағы жетістіктер негізінде ұстаз мамандығы, педагогика ғылымы жаңа деңгейде дамып өрістеді.
Нағыз ұстаз бейнесін Әбунасыр әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».
Осындай ұстазға тән мінез-құлық ізгілікпен ұштасып, бала жүрегінің төрінен орын алған жағдайда жас ұрпақтың рухани бай, адамгершілігі мол, жан-жақты үйлесімді дамыған, елін сүйер абзал азамат болары сөзсіз.
3. Өзіндік процестерге педагогикалық қолдау көрсету. Білім берудің ұлттық жүйесін дамытудың басымды бағыттарының бірі адамның тұлғалық әлуетін барынша ашуға бағытталған және тұлғаның тәндік, психикалық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық дамуында үйлесімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін адамгершілік-рухани білім беру болып табылады.
Бұл білім беру тәжірибесінде түрлі жолдармен, сонымен қатар «Өзін-өзі тану» пәні арқылы жүзеге асырылуда.
Өзін-өзі тану оқушының өзін-өзі дамытуына, өзін-өзі кемелдендіруіне, өзінің қабілеттері мен әлуеттік мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қажетті болып табылады. Өзін-өзі тану нәтижесінде адам тұлғалық өсуіне, өзін-өзі жетілдіруге қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде адамға өмір қызығын толыққанды сезінуіне, оның мәнін терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Өзін-өзі тану оқушылардың гумантарлық білімінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қазіргі гуманитарлық білімнің мазмұны қазіргі рухани мәдениет негізінде жоланады. Жалпы адамзат құндылығына негізделе отырып, ол оқушыларда жоғары сапалы өмірді қамтамасыз ететін басты құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған.
«Қолдау» сөзі түсіндірме сөздіктерде жәрдем, ықпал ету ретінде анықталған. Ол мынадай мәндерді білідреді:
- сүйеп, құлатпау;
- жәрдем беру, ықпал ету;
- келісімін беріп, мақұлдап, біреуді қодау;
- бір нәрсенің тоқтауына, бұзылуына жол бермеу.
Мұндай мәндерін нақтылай отырып, «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда педагогикалық қодау дегеніміз – бұл педагог пен оқушының өмірлік маңызды және күнделікті мәселелерді шешу барысында ықпалдастығын, достастығын, ынтымақтастығын білдіреді.
Сонымен педагогикалық қолдау – білім беру процесін толығымен адамның ішкі күштері мен қабілеттеріне, оның белсенді әрекеттерінен көрініс табатын оның ішкі процестеріне: өзін-өзі тану және өзін-өзі бақылау, өзін-өзі иландыру мен өзін-өзі құрбан ету, өзіндік сын, өзін-өзі болжау және өзін-өзі талдауына жүгінетіндей түрде ұйымдастыру.
Осыған байланысты педагогикалық қолдау өзара әрекеттесу субъектілерін адамгершілік-рухани дамытудың қажетті шарты. Өсиет, уағыз, жазалау, мәжбүрлеу, кемшіліктері мен қателеріне шыдамау, сөзсіз бағыну секілді авторитарлық педагогикалық әсерлерден арылу – қазіргі күннің орынды талабы.
Педагогикалық қодаудың негізгі шарттары:
- шыдамдылықты тәрбиелеу басқа адамдарды қабылдауды қамтамсыз етеді;
- оқушыны жағымды түрде көтермелеу ризашылық жауаптың болуын қасмтамасыз етеді;
- оқытушы мен оқушының қатынастарындағы адалдық әділдік сезімін дамытуды қамтамасыз етеді;
- педагог тарапынан тұрақты сын айту шеттеуге алып келеді;
- оқытушының өшпенді қарым-қатынасы оқушының агрессиясын тудырады;
- педагог тарапынан көрінетін мазақ – оқушының тұйықталуына алып келеді.
Тақырып. Педагогтың оқушыларға өзін-өзі және өзін-өзі дамыту бойынша педагогикалық қолдау көрсетуді жүзеге асыруға дайындығы
Дәріс жоспары (1 сағат)
1. Педагогтің дүниетанымдық және мінез-құлық ориентирлері
Педагогикалық қарым-қатынас — белгілі бір педагогикалық қызмет атқаратын, жәйлі психологиялық климат құруға және оқу іс-әрекетін, педагог пен оқушы арасындағы, оқушылар ұжымы ішіндегі қатынастарды психологиялық тиімді етуге бағытталған оқытушы мен оқушының сабақтағы және сабақтан тыс уақыттағы кәсіптік қарым-қатынасы. Қарым – қатынас сан алуан сипатта; оның көптеген формалары, түрлері бар. Педагогикалық қарым – қатынас адамдар қарым – қатынасының жекеше түрі. Оған осы өзара әрекет формаларының жалпы қасиеттері де, білім беру процесіне тән қасиеттері де лайық.