Болашақ спорт жаттықтырушысының педагогикалық құзіреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері

І. Болашақ спорт жаттықтырушысы педагогикалық құзіреттілігін қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздері

Болашақ спорт жаттықтырушысының педагогикалық құзіреттілігін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері

Біздер үшін спорт педагогтарын дайындаудағы жаңа талап бойынша жеке тұлғаға бағдарлап оқыту мен тәрбиелеудің әлеуметтік маңызы зор. Осы бағытта көптеген зерттеулерде басты екі жағдайға баса назар аударылады: 1) педагогикалық білім ең алдымен болашақ мұғалімнің, тәрбиешінің тұлғалық жетілуін қамтамасыз ету керек; 2) оқыту процесі тәрбиеленушілерге білім, білік, дағдылар кешенін беріп қана қоймай, студенттердің тұлға ретінде дамуына бағдар беру қажет [2. б. 113].

Сондықтан да біз болашақ жаттықтырушы-педагогтарды кәсіби дайындауда жеке тұлғаға бағдарланған білім беру идеялары негіз болу қажет деп санаймыз.

Біздің көзқарасымыз: жаттықтырушы тұлғасының гуманистік бағыты жеке тұлғаға бағдарланған идеяларға негізделген болуы тиіс [2. б. 114].

Қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың басты міндеттерінің бірі білім берудің мазмұнын жетілдіру болып табылады. Білім берудің мазмұны оқушыларға тек белгілі бір білім, іскерлік, дағдылар жиынтығын меңгертіп қана қоймай, оқушы тұлғасын дамытуға, өмірлік пробемаларды өз бетімен және тиімді шешуге, тұлғаның өзін-өзі анықтауына, әлеуметтенуіне және өзін-өзі асырауына мүмкіндік беретін әмбебап білім, тәжірибе және қабілеттердің жиынтығын меңгеруге бағытталған. Білімге бағытталған оқытудан құзіретті, тұлғалық-бағдарлы білім беруге көшу білім берудің мазмұнында экономикалық, саяси, құқықтық, телекоммуникативтік мәдениет компоненттерінің сонымен бірге, еңбек, жанұялық қарым-қатыныстар, салауатты өмір салтын ұстану, өмір қауіпсіздігін сақтау мәдениетінің көрініс табуын белгілейді. [3. б. 39-60].

Осы міндеттерге сәйкес спорттық жоғары кәсіби оқу орындарының басты мақсаты – студенттің өз тұлғалық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін барлық жағдай тудыру, әр спортшының даралығын ашу, оның айқындалуына, дамуына, тұрақтануына көмек беру.

Осы бағытта осы мақсатқа қол жеткізу үшін спорттық педагогикасына да тұлғалық-бағдарлы білім беру енгізілуінде.

Тұлғалық-бағдарлы білім беру Қазақстан Республикасына енгізілген «үшінші буын» жаңа стандарттарындағы түйінді құзіреттіліктерді қалыптастырудың әдіснамалық қағидасы ретінде бекітілген. Бұл міндетті жүзеге асыру «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына да қатысты [4].

«Тұлғалық-бағдарлы білім беру» ұғымының түсіндірмесінде әр алуан пікірлер кездеседі. Бұл пікірлердің көптігі былайша түсіндіріледі: кез-келген оқытудың түрі тұлғаны дамытудағы бағытталған, яғни олардың әрқайсысын тұлғалық-бағдарлы білім беру деп тануға болады. Бүгінгі таңда оқытудың түрлі модельдері мен технологиялары жасалуда. Олардың әрқайсысында «тұлға», «тұлғаның дамуы», «тұлғалық-бағдарлы білім беру» ұғымдарын өз бетінше түсіндіріледі [5].

Тұлғалық-бағдарлы білім берудің орталығы тұлға болып табылады. Тұлғалық-бағдарлы білім берудің ұйымдастыру үшін «тұлға» ұғымының мәнін ашудың маңызы мынада: тұлға, оның құрылымы, қасиеттері, даму механизмі жайындағы түсініктер оқушылардың коммуникативтік құзіреттілігін дамытуда тұлғалық-бағдарлы ортаны ұйымдастыруда аса қажет. Сондықтан «тұлға» ұғымын жан-жақты талдау қажеттілігі туындайды.

Тұлға – психология және педагогика ғылымдарының іргелі ұғымдарының бірі. «Тұлға» ұғымының психология ғылымындағы көпмәнділігін көрсету мақсатында осы саладағы көрнекті теорияларға шолу жасасақ [6; 23-24бб]. Отандық және шетелдік психология және педагогика ғылымдарында түрлі тұлға теориялары қалыптасқан. Олардың әрқайсысы тұлға ұғымын және оның құрылымын түрліше түсіндіреді.

Іс-әрекеттік тұлға теориясы (С. Л. Рубинштейн, А. Н. Леонтьев, К. А. Абульханова-Славская) тұлғаның орталығы, оның даму көзі – іс-әрекет, бұл субъектінің қоғаммен өзара әрекеттесуінің күрделі динамикалық жүйесі, оның барысында тұлғаның қасиеттері қалыптасады. Іс-әрекеттік тұрғы аясында 4 компонентті моделі белгіленген. Тұлғаның басты құрамдас бөліктері: бағытталуы, қабілеттер, мінез-құлық және өзін-өзі бақылау [6.7.8].

Шетел психологиясында мына тұлға теориялары кең таралған, психологиялық-динамикалық (З. Фрейд); аналитикалық (К. Юнг); ізгіліктік(К. Роджерс, А. Маслоу); когнитивті (Дж. Келли); іс-әрекеттік (А. Бандура, Дж. Роттер); диспозициялық (Э. Кречмер, Г. Айзнек, Г. Олпорт) [9.10.11]. Карл Реджерс тұлғаны өзім ұғымымен түсіндірген: ұйымдасқан, ұзақмерзімді, субъективті қабылдайтын мән. Гордан Олпорт тұлғаға мынадай анықтама береді: тұлға – бұл адамның дүниемен өзара әрекеттесуінің сипатын беретін ішкі «бірнәрсе». Ал Эрик Эрикстон түсінігінде идивид өмір бойы психлогиялық-әлеуметтік дағдарыстар қатарына өтеді, және оның тұлғасы дағдарыстың нәтижелік қызметі түрінде көрінеді. Джордж Келли тұлғаны әрбір индивидке тән өмірлік тәжірибені ұғынудың ерекше тәсілі деп түсіндірген. [9.10.11]. «Тұлға-индивид – бұл қоғамда индивид қатысқан қоғамдық сипатта болатын қарым-қатынас жиынтығында меңгерілетін ерекше қасиет...» [12]. «Психологияда тұлға – бұл пәндік іс-әрекетте және қарым-қатынаста индивидтің меңгеретін жүйелі (әлеуметтік) қасиет, ол индивидтің бойында қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасу деңгейін көрсетеді» [13, 386 б]. «... Тұлға – таным, толғаныс және дүниеге деген көзқарас негізінде дүниені өзгертуші субъект ретінде нақты адам» [14]. «Тұлға – бұл адам болмысының идеалды ерекше формасы. Ол адамға субъектілік сапасын береді, яғни өзінің себебі болуға, өзінің болмысын дүниеде жасауға мүмкіндік береді» [13 14].

Осылайша бұл анықтамаларды талдай отырып, тұлғаны сипаттайтын үш мәнді қасиеттерді анықтайды. Олар бағытталу, іс-әрекет және қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы.

Б. Г. Ананьев адамның тұлғалық қасиеттерін былайша суреттейді: «тұлғаның құрылымдылық-динамикалық қасиеттерінің бастапқы сәті – осы тұлғаның тұрақтанған және қалыптасқан қоғамдағы мәртебесі. Мәртебе негізінде жүйелер құрылады : а) қоғамдық қызметтер – ролъдері; ә) мақсаты мен құндылықты бағдарлары» [17]. Ал К. К. Платоновтың зерттеулерінде тұлғаның иерархиялық құрылымы идеясы ұсынылады. Тұлға құрылымында төрт негізгі құрылым астылар бар: бағытталуы (тілегі, ұмтылысы, қызығушылығы, бейімділіктері, идеялары, көзқарастары, сенімдері); тәжірибесі (білім, іскерлік,дағды, әдет); психологиялық процестер (ерік, сезім, эмоция, ойлау, есте сақтау, қабылдау, түйсік); биопсихологиялық қасиеттер (темперамерт, жыныстық, жас, патологиялық және фармакологиялық қасиеттер) [18].

Қазіргі педагогикалық сөздікке жүгінсек, «тұлға» – 1) дербес әрекет ететін субъект ретінде нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара нысаны; 2) адамдар арасындағы өзінің ұстаным-орнын және жауапкершілікпен анықтайтын, қоғамның өкілі ретіндегі адам [19].

Жоғарыда берілген тұжырымдамаларды зерделей отырып, қорытындылар жасаймыз:

- тұлғаның мазмұны түрлі теориялық түсініктер тұрғысынан қарағанда бастапқы «сыртқы әлеуметтік бейне» тұжырымдамасында берілген түсінікте аталып өткен;

- тұлға генетикалық және биологиялық бастамаларды, әлеуметтік тәжірибесін және өзгермелі қоршаған ортаның жағдайларын қоса ішкі және сыртқы факторлар әсер ететін субъект ретінде қарастырылады.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді талдау барысында анықтағанымыз, қазіргі уақытта теория мен практикада тұлғаны қалыптастырудағы білім берудің үш парадигмасы анықталған: когнитивтік, іс-әрекеттік және тұлғалық-бағдарлы. Когнитивті білім беру парадигмасына сәйкес оқытудың тұлғалық аспектілері танымдық мотивацияны және танымдық қабілеттерді қалыптастыру, сонымен қатар басқа адамдардың өзінің іс-әрекетіне мәндік, құндылықты және эмоционалдық баға беруде тәжірибе жинақтау. Ең бастысы – тұлғаның ақпараттық қамтамасыз етілуі. Идеологиялық, басқару және экономикалық тұрғысынан ең тиімді және қажетті тұрғы. Психологиялық-педагогикалық тұрғыдан – тұлғадан алыс білім беру түрі. Іс-әрекеттік парадигма бағыттаушы – қоғамның білім беруге әлеуметтік тапсырысы. Білім берудің мақсаты – әлеуметтік, еңбек және көркемдік-қолданбалы іс-әрекеттің тиімділігін қамтамасыз ететін жалпы тәсілдерді, білім, іскерлік, дағдыны қалыптастыру. Когнитивті және іс-әрекетке бағытталған білім беру парадигмалары негізінен білім сапасына қол жеткізуге бағытталған. Нәтижесі – оқығандық және әлеуметтік даярлық.

Тұлғалық білім берудің орталығы – оқушылар тұлғасын үздіксіз дамыту. Бұл білім беруде тек білім беру емес, сонымен қатар өз бетімен білім алу, тек дамыту емес, сонымен қатар тұлғаның өзін-өзі дамытуы болып табылады. «Тұлғалық-бағдарлы» ұғымы Роджерстің «person-centered» және «pupil- centered», яғни оқушыға бағдарланған әрекеттер туралы еңбектерінен бастау алатыны және оның тұлғаға қатысты «психологиялық және педагогикалық қызметтердің жемісті болуы эмпатиялық қатынасты, яғни өзге адамның жандүниесіне үңілуді, оны бойындағы барлық қасиеттермен қабылдай алуды, шынайы қарым-қатынасты қажет етеді» деген идеялары мектеп тәжірибесінде пайдаланылып келеді. Осы бағыттағы австрия ғалымы Рудольф Штайнердің Вальдорф педагогикасы, итальяндық педагог-психолог Мария Монтессоридің баланы өзіндік еркін дамыту жүйесі, Л. С. Выготскийдің «жақын даму аймағы» теориясы, Л. В. Занков, В. В. Давылов, Д. Б. Эльконин идеяларына негізделген дамыта оқыту жүйесі мектептер тәжірибесіне кең түрде енгізілуде. Сонымен қатар, авторлық мектептер В. С. Библердің «Мәдениеттер диалогы мектебі», А. Н. Тубельскийдің «Өзіндік бағдарлау мектебі», Е. А. Ямбургтің «Адаптивтік мектебі» көптеп таралып, олардың басты идеясы – тұлғаның өзіндік танымы мен мүмкіндіктерін дамытуға жол ашу болып табылады. [20, 21].

«Тұлғалық-бағдарлы тәрбие» тәжірибесі ерте заманнан-ақ басталады. Ежелгі Грек философтары Сократ, Платон, Аристотельдің жан-жақты дамыған, еркін тұлғаны тәрбиелеудің мақсатын, мазмұны мен әдістерін анықтауға арналған жұмыстарын кездестіруге болады. Олардың айтуынша, тұлғалық тұрғыны адамгершілік тұрғысынан өзін-өзі жетілдіру, табиғи қабілеттерін дамыту, тұлғаны қоғамдық қызметке дайындау негізінде жүзеге асыруға болады.

«Тұлғалық-бағдарлы педагогика» мәселесі бойынша жинақталған педагогикалық білімді талдай отырып, біз ұзақтығы әртүрлі 6 даму кезеңін белгіледік:

Бірінші кезең – ежелгі дүниенің педагогикалық тәжірибесі мен теориясында жекелеу идеясының пайда болуы (б. з. д. 3 мың жылдық-б. э. V ғ. соңы).

Екінші кезең – орта ғасыр және қайта өрлеу дәуірінде (VI-XVI ғғ.) тұлғалық-бағдарлы педагогикасының дамуы.

Үшінші кезең – оқытудағы жекелеу мәселесінің жаңа дәуірде (XVII-XVIII ғғ.) дамуы

Төртінші кезең – XIX ғасырдың педагогикалық ғылымы мен оқу орындарының тәжірибесінде жекелеп оқыту мәселесін дамыту.

Бесінші кезең – жаңа уақыт дәуірінде тұлғалық-бағдарлы педагогикасының дамытылуы.

Алтыншы кезең – тұлғалық-бағдарлы педагогиканың дамытылуы (XX ғ. 90-шы жылдарынан басталып, бүгінгі күнмен жалғасады) [22, 23, 24].

Жекелеу мәселесіне өз үлесін қосқан педагогтар еңбегін зерттей отырып, ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийді атап өтпеу мүмкін емес. Ұжымдық жұмыс жасауда оқушыларға жекелеу тұрғысынан қарау қажеттілігі жайындағы айтылған алғашқы пікірлердің авторы да осы Я. А. Коменский. Ол дидактиканы «барлығын бәрін» үйрету өнері деп түсіндірген, барлық оқушы бірдей болмағанымен балалардың табиғи күштеріне сену керектігін айта отырып, білім беруді әрбір оқушы дамуының жаңа деңгейіне өту құралы деп қарастырған. Оның «Ұлы дидактика» еңбегінде оқытуды баланың басты бағыттары ретінде көрсеткен. Д. Локктың айтуынша, «бала – белгілі бір құндылықты жан, сондықтан оны құрметтеу қажет». Оқудың мазмұны мен барлық әдістері баланың жас жеке ерекшеліктерін аса ұқыптылықпен анықтау қажет. Баланы оқу-тәрбие үрдісінде өзіне байқалмайтындай бақылау керек, себебі сол кезде ғана оның басым әуесқойлығын және бейімділігін байқауға болады. Осы қасиеттерге сәйкес қолданылатын әдістер де жіктелуі тиіс. Локктың дидактикасы осы қалатын ұғымға негізделген: білім, іскерлік, дағды емес, ойдың еркіндігі [23, 24, 25].

ХХ ғасыр – альтернативті білім беру түрлерінің тұрақтану кезеңі. Оларды түрліше атайды: «еркін тәрбие», «еркін білім беру», «жаңа тәрбие», «жаңа мектептер», «прогрессивті мектептер», «экспериментальды мектептер», «ашық оқыту», «қажетті мектептер». Осы кезеңдегі Ұлыбритания және АҚШ-тағы жаңа оқу орындарының практикалық жұмыс тәжірибесінде көңіл бөлсек, мысалы, Ф. Адлердің АҚШ-тағы этикалық мәдениет мектебі, А. Нейлдің Ұлыбританиядағы Саммерхиды және т.б.

Вальдорф мектептерінің басты ұстанымдары: оқыту-тәрбиелеу құралы және шығармашылық жұмыстарды даярлау; ата-аналардың мектеп өміріне араласуы, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналардың ынтымақтастығы.

Қазіргі уақытта Вальдорф педагогикасы өзінің шығармашылық дамуын Германия, Голландия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей мен Қазақстанда (1998-2000 ж.ж.) әрі қарай жалғастырып отыр. Әрбір елдердегі оқу орындары сол елдің тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ерекшеленеді. Вальдорф мектептерінің барлық түрлеріне тән жалпы белгілері бар. Олар: мейірімділік пен жылулықтың ерекше ахуалы, мұғалім мен оқушының сезімдік дүниесін терең ұғыну, өзін-өзі тануға, өзін-өзі түсінуге ұмтылыстары [23, 24, 25].

Френе, Штайнер, Монтессорн – ХХ ғ. Еуропалық педагогиканың басты өкілдері. Олардың әрқайсысының педагогикалық жүйесі өзінше қайталанбас.

Мария Монтессорн қызметінің басты мақсаты – баланың табиғатына зорлық жасамау. «Көмек» ұғымы оның педагогикалық шығармашылығының басты ұғымдарының бірі [19].

Қазіргі шетелдік тұлғалық-бағдарлы білім беру ХХ ғасырдың 60-80 жылдары пайда болған ізгіліктік тәрбие мен тұлға дамуының тұжырымдамаларын жасаушылардың есімдерімен тығыз байланысты [19, 22, 23, 24].

Осы тұжырымдамалардың негізінде Гордон Олпордтың («Диспозициялық тұлға теориясы»), Абрахам Маслоудың («Ізгіліктік тұлға теориясы»), Карл Роджерстің («Феноменологиялық тұлға теориясы») еңбектері жатыр. Бұл кезеңді тұлғалық-бағдарлы педагогикасы дамытылуының бесінші кезеңі деп белгіледік.

А. Маслоу білім берудің ізгіліктік бағытта жүргізілуін қолдайды. Ол оқушылардың қызығушылықтарын, психикасын, жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып, бала тұлғасын құрметтеу керектігін айтқан. К. Роджерс өзінің «Мен – тұжырымдамасын» дәлелдей отырып, балаға оның ой-сезімдеріне сәйкес өмір сүруге үйрету керектігін ұсынады.

Автордың еңбектерінде тұлғалық білім беру моделін құруда құнды болатын төмендегі ережелерін атап шықсақ:

- тұлға генетикалық және биологиялық факторлардың негізінде қалыптасқан. Олардың генетикалық деңгейде салынып тұрған денелік және жүйке-психикалық дамуының белгілі бір бағдарламалары бар. Оларды дер кезінде және дұрыс өрістету баланың психикалық даму деңгейін және баланың әлеуметтік ортаға енуін анықтайды;

- бастапқыда бала тұлғалық өсу мен өзін-өзі іске асыруға ұмтылады;

- адам өзінің жеке іс-қимылдарын басқаруға, ортаның әсерін жеңуге, өзін-өзі жетілдіруге, өзін-өзі дамытуға қабілетті саналы тірі ағза;

- баланың мінез-құлқына оның объективті құбылыстардың көрінісі ретіндегі субъективті әсерленушілігі елеулі әсерін тигізеді.;

Баланың іс-әрекетін оның тек кейбір аспектілерін зерттеу арқылы (соның ішінде оның мінез-құлқына ықпал жасау) түсіндіру мүмкін емес, оны бәіртұтас жүйе ретінде зерттеу қажет.

Әрбір адам өмірінің қайталанбастығы өзіндік ерекшелігі жайындағы тезис О. Ф. Больновтың педагогикасының негізінде салынған. Бүкіл оқу үрдісін мына тұрғыдан қарастырады: адамның мінез-құлқын белгілі бір ұстанымдарға бағындыруға болмайды, сондықтан оқыту мен тәрбиедегі ең маңыздысы – еркіндік. Осыдан келе, білім берудің басты мақсаты – адамның тұлғалық мәнге толық қол жеткізуі О. Ф. Больновтың айтуынща, «тәрбие үдерісінде, ең алдымен, еркіндіктің мәні көрінуі керек». Оқушы өз білімін, мінез-құлқының нормаларын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдамада, біздің ойымызша, тұлғалық-бағдарлы білім бергенмен ол оқушыларға қоғамға бейімделуге қажетті білім алуды толықтай жүзеге асыра алмайды.

У. Глассер жүйесіне негізделген мектептер жұмысы «...білім беру жүйесінің жетістікке шынайы қол жеткізуге болатын, балалар өз қабілеттерін аша алатын жағдайды тудыруда» бағытталған [26].

Жоғарыда аталған мектептердің барлығына тән жалпы белгілері бар. Оқушы тұлғасын құрметтеуге негізделген педагог пен оқушылардың қарым-қатынас жүйесі, өзін-өзі басқару орындарын құру және олардың жұмысын қолдау, мектеп үшін маңызды шешімдерді бірігіп қабылдау, мектеп дәстүрлерін қалыптастыру; мектепке қолайлы жағдай тудыру.

Аталған идеялар бүгінгі тұлғалық-бағдарлы білім берудің тұжырымдамалық негізін құрайды. Қазіргі шетелдік ізгіліктік теориясында (Дж. Дьюн, А. Маслоу, К. Роджерс) тұлғаның ізгілікке ұмтылысын еркін, өз бетімен, дербестігімен әлеуметтік қызығушылығын оята отырып, жүруі тиіс. Педагогтар тарапынан басымдылық көрсету, зорлаудың орнына жеке тұлғаның рөлін анықталуына жеке дамуына жағдай туғызуды ұсынады. «Оқытудың басты мақсаты – тұлғаны болашақ өмірге даярлау емес, білім берудің барлық мүмкіншіліктерін тұлғаны дамыту мақсатында толық қолдау» деп Дж. Дьюн көрсетеді. Бұл идея американ психологы А. Маслоудың тұлға теориясымен үндес болып келеді. Оның пікірінше, адамның мәні әуел бастан-ақ белгіленген еді, адамның өз бойында «жабулы түрде» дүниеге келгеннен-ақ қалыптасады. Сондықтан тұлға бойындағы махаббат, құрметтеу, адамгершілік, өзін-өзі жетілдіру қажеттіліктерін ояту, бұл таланттарды, қабілеттіліктерді, мүмкіншіліктерді толық қолдау болып табылады.

Мектепке тұлғалық-бағдарлы білім беруді ұйымдастыруда американ ғалымдарының дарынды балаларды оқыту және тәрбиелеудегі тәжірибесі бай көз болып табылады. Әсіресе, Б. Блум, Дж. Рензуллидің оқу бағдарламаларын жетілдірудің үш түрін көрсетеді: жалпы танымдық әрекет; топтық оқыту; жеке және шағын топтарда міндеттерді зерттеу және шешу.

Ресей мемлекетінде білім беру мәселесіне И. Ф. Гончаров, И. А. Ильина, А. Е. Лихачев, В. В. Розанов, К. Д. Ушинский және т.б. өз еңбектерін арнаған. Олардың еңбектерінде төңкеріске дейінгі отандық білім беру жүйесіндегі білім қарастырылады.

Білім беру тарихында ынтымақтастық педагогикасы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Бұл білім берудің дәстүрлі формалары мен мазмұнын жаңартуға бағытталған инновациялық ізденістердің нәтижесінде пайда болған. Оның негізін қалаушылар – мұғалімдер Ш. А. Амонашвили, И. П. Волков, И. П. Иванов, Е. Н. Ильий, В. А. Караковский, С. Н. Лысенкова, В. Ф. Шаталов, С. Соловейчик [26].

Ынтымақтастық педагогикасының негізгі идеялары тұлғалық бағдарлы педагогиканың әдіснамасын құрайды. Олар қарым-қатынастардың шығармашылық сипаты; оқушының таңдау мүмкіндігін; ұжымдық шығармашылық бүгінде мемлекеттің білім беру жөніндегі саясаты мен көлемді білімді игерген, шығармашылық және қоғам өміріндегі күрделі мәселелерді тұтастай қарап, өз бетінше талдау жасай алатын, тұлғаны даярлау болып табылады.

Тұлғалық-бағдарлы педагогиканы дамытудың алтыншы кезеңі ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан басталып, бүгінгі күнмен жалғасады. «Тұлғалық-бағдарлы педагогика», «тұлғалық-бағдарлы білім беру», «тұлғалық-бағдарлы технологиялар» терминдері педагогикада 80-ші жылдардың аяғында пайда болған. Осы уақытта зерттеушілердің еңбектерінде тұлғалық-бағдарлы білім берудің мына қағидалары бекітілген: оқушыны оқыту және тәрбиелеу үрдісінің тең құқылы қатысушы ретінде тану, оның даралығы мен бірегейлігін есепке алу, білім берудің мақсатын тұлғаны еркін дамыту ретінде белгілеу; білім беру мазмұнын тұлғалық мәнді сипатқа ендіру, ол оқушының жеке табиғатына сәйкес келуі тиіс және т.б.

Бүгінгі тұлғалық-бағдарлы білім беру тұжырымдамаларына (Н. А. Алексеев, Е. В. Бондаревская, В. В. Сериков, И. С. Якиманская) қысқаша талдау жасасақ [6, 8, 27, 28].

Қазіргі педагогикалық теорияда тұлғалық-бағдарлы білім беруді негіздеуде басты екі бағыты көрсетуге болады. Психологиялық тұрғыдан негізделген И. С. Якиманскаяның тұлғалық-бағдарлы білім теру тұжырымдамасы. Якиманскаяның белгілеуінше, тұлғалық-бағдарлы білім беру негізінде оқушының субъектісі тәжірибесінде сүйену керек. Субъект тәжірибе танымда айқындалатын жеке іс-әрекеттің негізі болып табылады. Білім беру үрдісінде мұғалім беретін тәжірибесі және оқушының субъект тәжірибесі мәдениеттілік сипатқа иеленеді, өзгереді, дамытылады, жетілдіреді.

Автордың белгілеуінше, оқушы оқыту субъектісі болып қалыптаспайды, ол бастапқыдан-ақ субъектілі тәжірибені тасымалдаушы болып табылады. Субъектілік тәжірибенің мазмұнын суреттей отырып, зерттеуші оған мыналарды біріктіреді:

1) заттар, түсініктер, ұғымдар;

2) іс-әрекетті (ақыл-ой және практикалық) орындаудың операциялары, іс-шаралары, тәсілдері, ережелері;

3) эмоциональды кодтар (тұлғалық мәндер, мақсаттар, стериотиптер) [27, 28].

И. С. Якиманскаяның тұжырымдамасында білім беру үрдісінде оқушы тұлғасын зерттеу проблемасына ерекше мән беріледі. Бұл міндетті шешу үшін, автордың пікірінше, арнайы тұлғалық-бағдарлы технологияны жасау қажет. Мұнда зерттеуші мыналарды меңзейді:

- мектеп өмірі жайындағы әрбір баланың даралығының даму ерекшеліктерін ашатын арнайы мәліметтер банкін жасау және пайдалану;

- білім беру ұйымының мақсат-міндеттерін есепке ала отырып, білім беру үрдісінде оқушы тұлғасын зерттеудің картасын жасау;

- әрбір оқушының тұтас тұлғалық даму динамикасын оның когнитивтік, мотивациялық қажеттілікті, эмоциональдық-еріктік салаларын талдау арқылы анықтау, жазып алу;

- тұлғалық дамуды түзетуге, ынталандыруға, болжауға мүмкіндік беретін жеке білім беру бағдарламаларын (оқу стандартынан басқа) жасау;

- осы негізде мектеп құжаттарының жаңа түрі ретінде оқушының оқу «профилін» жасау [27, 28].

И. С. Якиманскаяның айтуынша, білім беру үрдісі оқушы мен мұғалімнің оқу диалогы негізінде жүреді. Оқу диалогы бағдарламалық әрекетті бірге құруға бағытталған және ол мына қағидаларға сүйенеді:

- білім беру – бұл тұлғаның түрлі қабілеттерінің дамуы мен тұрақтануы жүретін адамның белсенді, жан-жақты, қоғамды құндылыққа ие іс-әрекеті;

- білім беру – бұл екі құрамдас бөліктердің бірлігі: оқыту және оқу, мұндағы оқу – адамның жеке қажеттіліктеріне, өмірлік мақсаттарына, ұмтылыстарына, қызығушылықтарына сәйкес тұлғалық дамуы нәтиже ретінде танылатын үрдіс;

- білімділік көрсеткіштері – жетістік, белсенділік, шығармашылық ойдың өзгерткіштері[27, 28].

И. С. Якиманский салыстырғанда Н. А. Алексеев тұлғалық-бағдарлы білім берудің мәнін тек оқушының бірегейлігі және даралығымен ғана емес, сонымен бірге педагог тұлғасының қайталанбас ерекшелігімен, бір жағынан және оқушының мәдениетте өзін-өзі бекітуі арқылы өзін-өзі өз тұлғасын жасауды беретін «мәдени акт» ұғымымен байланыстырады. Зерттеуші педагогикалық технологияны авторлық сипатта қарастырады, яғни педагог оқушылардың ерекшеліктерін, оқу материалдарының мазмұнын, оқыту ситуациясын, өзінің мүмкіншіліктерін есепке ала отырып жасалады. Педагогикалық іс-әрекеттің негізіне оқушының психикалық даму типіне бағытталу, педагогтың тұлғалық мүмкіншіліктері мен ерекшеліктері, оқушылар үшін пән спецификасының психологиялық сәйкестігі салынады.

Тұлғалық-бағдарлы білім беруді түсіндіруде Е. В. Бондаревскаяның зерттеулері ерекше орынға ие. Оның айтуынша, тұлғалық-бағдарлы білім берудің сапасы мәдениетке сәйкестік ұстанымымен анықталады. Ұстанымның мәні – тұлғаны дамытушы және жетілдіруші орта ретіндігі мәдениет пен білім арасындағы, сонымен қатар баланың тәрбиесі мен даму арасындағы қарым-қатынасты анықтау. Яғни, білім беру мазмұнының мәдениет орталығы – бірегей жалпы адамзаттық, жалпыұлттық және аймақтық мәдени құндылықтар. Балаға деген көзқарас оны еркін, тұтас тұлға ретінде, мәдени даму барысында құндылықтарды өзі таңдай алатын, өзін-өзі жүзеге асыра алатын тұлға деп түсіндірумен қалыптасады. Білім беруді автор былайша түсіндіреді: «... Мәдени үрдіс, ол мәдениетке сәйкестік ортада жүзеге асырылады, оның барлық компоненттері адами мәнге толы және өзінің даралығын еркін көрсете алатын, мәдени құндылықтар арасында өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі анықтауға қабілетті адамға қызмет етеді» [6, 7, 29].

Тұлғалық-бағдарлы білім беруді жобалауда Е. В. Бондаревская мәдениет бейнесін анықтауда М. М. Бахтин – В. С. Библердің мәдениетінің диалогтық тұжырымдама теориясына сүйенеді. Осы тұжырымдамаға сәйкес, мәдениет қарым –қатынас түрінде, түрлі мәдениеттегі адамдардың диалогы түрінде, тұлғаның өмірдің мәнін еркін таңдау және өз таңдауы, өз өмірі үшін жауапкершілікті қабылдау формасы түрінде, шығармашылық түрінде көрінеді. Оның нәтижесінде алынатын өнім – мәндер мен шығармалар.

Осы тұжырымдаманы есепке ала отырып, Е. В. Бондаревская мәдениеттілік тұлғалық-бағдарлы білім берудің негізгі құндылықтарын анықтайды:

- адам – мәдениеттің, өз өмірінің және жеке дамуының субъектісі;

- білім – мәдениетті дамушы орта, ол тұлғаны дамытады және күш береді, оның өмірін мәдениеттілік мәнге иелендіреді;

- шығармашылық және диалог – мәдениетті, білімді ортада адамның өмір сүруі мен өзін-өзі дамытуының тәсілдері [29, 30].

Автор білім берудің негізгі үш қызметін ажыратады: ең маңыздысы – гуманитарлық, оның мәні – адамның экологиясы, оның тән және жан саулығын, өмірінің мәнін, жеке бас еркіндігін, руханилығын, адамгаершілігін сақтап қалу және дамыту, мәдениетті зерделеуші қызмет білім беру құралдары көмегімен мәдениетті сақтап қалуды, тасымалдауды, қайта өндіруді және дамытуды қамтамасыз етеді; үшінші маңызды қызмет – бұл әлеуметтендіру, яғни индивидтің әлеуметтік тәжірибені меңгеру және қайта өндірудің қамтамасыз ету.

Оқушыны білім берудің «орталығы» деп қарастыра отырып, осы мақсатты жүзеге асыратын салалар, жекелеп оқытуды дамыта, оза және түзете оқыту әдістемелерін ұсынады. Автор педагогикалық технологиялардың үш тиобын ажыратады: мәнді іздеуші, тұлғалық дамытушы, педагогикалық қолдау көрсету. Тұлғалық-бағдарлы технологияларға кірігу, диалогтық, мәнді іздеуге бағыттаушы, іс-әрекеттік, шығармашылық сипат талаптары қойылады.

Тұлғалық-бағдарлы білім берудің тұжырымдамасын құруда В. В. Сериков басқа тұрғыдан келеді. Оның тұжырымдамасының негізі – тұлғаны оқыту үрдісінде білім беру тәжірибесінің мақсаты мен факторы ретінде тану жайындағы түсініктер [31. 32]. Адам оқыту үрдісінде білімді практикада қолдану тәжірибесі, танымдық міндеттерді шешу тәсілдерін, шығармашылық тәжірибені меңгергені сияқты, ол «тұлға болу» тәжірибесін де меңгеруі тиіс, яғни айрықша тұлғалық қызметтерді орындау тәжірибесін – таңдау, рефлексия, мәнді анықтау, өзін-өзі жүзеге асыру, әлеуметтік жауапкершілік және т.б. Тұлғалық-бағдарлы білім беру В. В. Сериковтың пікірінше, оқушының тұлғалық қызметтері көрінетін жағдайлар тудыратын білім беру. Тұлғалық қызметтерге автор мыналарды енгізеді: таңдаулардың көрінуі – таңдау қызметі; мотивация – іс-әрекетті қабылдау және негіздеу қызметі; рефлексия – өзін-өзі бағалау; сын – өзін-өзі сынау. Мен бейнесінің қызметін құру қызметі; өзін-өзі жүзеге асыру – Мен бейнесін жүзеге асыру қызметі; мәнді шығармашылық – тұлғаның өмірлік мәндер жүйесін анықтау қызметі және т.б. Білім беру үрдісінде тұлғалық қабілеттердің көрінуінің басты шарты ретінде В. В. Сериков тұлғалық-бағдарлы ситуацияны белгілейді. Тұлғалық-бағдарлы ситуация, зерттеушінің анықтамасы бойынша, бұл тұлғалық қызметтердің көрінуі (мәнді іздестіру қажеттілігі туындайды, өзі жайында ойлану, өз өмірінің бейнесін және моделін құру, проблеманың шығармашылық шешімін таңдау, сыни бағалау) талап ететін ситуация [31].

В. В. Сериковтың тұжырымдамасында тұлғалық-бағдарлы ситуацияны тудыратын педагогикалық технологияларға ерекше көңіл бөлінеді. Ұсынылған технология тұлғалық-бағдарлы ситуацияның үш негізгі сипаттамаларын жүзеге асыру ядеясына сүйенеді. Олар өмірлік контекст (оқылатын мәтін оқушылардың тұлғалық мәндік саласына жатады); диалогтық және қатысушылардың ойындық (рөлдік) өзара әрекеттесуі. «Міндет – диалог – ойын» үштігі базалық технологиялық кешен, тұлғалық-бағдарлы білім беру үрдісінде субъектаралық қарым-қатынастың құндылықты, мәнді кеңістігін жасайды [32].

Тұлғалық-бағдарлы білім беру модельдерін талдау негізінде тұлғалық-бағдарлы білім берудің негізгі қағидаларын белгілейміз: оқушы тұлғасын дамыту және өзін-өзі дамуы; ақпараттық, мәндік және іс-әрекеттік компоненттердің бірлігі; ізденіс зерттеу әдістері; диалог және полилог (топта жұмыс, рөлдік ойындар және т.б.) білім беру үрдісіне қатысушылардың субъектілік өзара әрекеттесуі.

Дегенмен аталған авторлар тұлғалық-бағдарлы білім беру тұрғысынан ұстанымдық оқыту үрдісінің жүйесі ретінде жеке сипатта қарастырады. Біздің ойымызша, тұлғалық-бағдарлы білім берудің мәні кеңірек. Ол оқыту мен тәрбиені әлеуметтендіруді біріктіретін күрделі үрдіс.

Сондықтан жоғарыда айтылған пікірлерді қорытындылай келе,біз «тұлғалық-бағдарлы білім беру» ұғымына мынадай анықтама береміз: тұлғалық-бағдарлы білім беру – бұл оқушы мен мұғалім тұлғасы субъект ретінде танылатын, оқушы мен мұғалім тұлғасын, оның қайталанбастығы мен даралығын дамытуға, оқыту үрдісінде оқушының субъектілігі тәжірибесін есепке алуға бағытталған, мұғалім мен оқушының ынтымақтастық қарым-қатынастарына және таңдау еркіндігіне негізделген білім беру үрдісі.

Тұлғалық-бағдарлы білім берудегі теориялық тұрғыларды талдау мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:

1) Тұлғалық-бағдарлық білім беру – қазіргі білім беру теориясы мен тәжірибесіндегі бағыт; ол білім беру үрдісінде субъект-субъектілі қарым-қатынастарды жүзеге асыруға бағытталған, яғни педагогтың қоғамдық тәжірибені беруі мен оқушылардың оны меңгеруі барысында екіжақты жеке ерекшеліктерді, мүмкіндіктерді және қажеттіліктерді есепке алу арқылы екә жаққа тең дәрежеде даму және өзін-өзі дамыту мүмкіндігін беретін оқыту.

2) Қарастырылған тұлғалық-бағдарлы білім беру тұжырымдамаларында осы мәселеге көзқарастарды ұстанатыны анықталады, бірақ барлығына орта көрсеткіш, білім беру тұлғаға бағытталған, білім беру үрдісіндегі ситуацияларда баланы тұлғалық дамыту қажеттілігі танылады. Адам іс-әрекетінің және қарым-қатынастардың субъектісі.

Біздің зерттеуіміздің әдіснамалық негізі В. В. Сериков, И. С. Якиманская, Е. В. Бондаровскаялардың тұлғалық-бағдарлы білім беру тұжырымдамалары құрайды. Олар тек білімді ғана емес, тұлғаның тұтас дамуын мақсат тұтады; алдын-ала жасалған мазмұнды беруге емес, оқушының тұлғалық дамуына қажетті ситуацияларды құруға бағытталған арнайы технологияларды ұсынады.

3) Болашақ спорт жаттықтырушысының педагогикалық құзіреттілігін қалыптастырудың теориялық негізі ретіндегі тұлғалық-бағдарлы білім беру мен тәрбиелеу – бұл жаттықтырушы мен жас спортшы тұлғасы субъект ретінде танылатын, әр спортшының тұлғасын, оның қайталанбастығы мен даралығын дамытуға, оқыту-жаттықтыру процесінде спортшының субъектілі тәжірибесін есепке алуға бағытталған, бапкер мен жаттығушының ынтымақтастық қатынастарына жіне олардың таңдау еркіндігіне негізделген күрделі үрдіс. Бүгінгі атақты жаттықтырушы Гус Хиддигтің педагогикалық қызметінің негізі мен ерекшеліктері – осы тұлғалық-бағдарлы теориясының құндылықтары мен идеялары.

Наши рекомендации