Дәріскер Омаралиев М.И.
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Медицина факультеті
Адам патологиясы кафедрасы
«БЕКІТЕМІН »
Кафедра меңгерушісі, доцент
Н.А.Жуманазаров
хаттама №_ ”__ ” _____2016__ ж.
Сот медицинасы курсы
Дәріс: №4
Тақырып: Оқ-қару жарақатын сот медициналық сараптау.
Түркістан – 2016 ж.
1.Дәріс тақырыбы:Оқ-қару жарақатын сот медициналық сараптау.
2.Дәріс жоспары:1.Кіріспе.
2.Оқ-қару жарақатына сипаттама.
3. Атылытын қарудың ара-қашықтығын анықтай білу
4. Оқиға болған жерді сот медициналық сараптаудың маңызы.
5. Қорытынды.
3.Дәрістің мақсаты: Студенттерге оқ-қару жарақаттарын сот медициналық сараптама тұрғыдан түсінік бере білу. Баллистикалық зертхана құрылымы мен ұйымдастырылу принциптерін үйрету.Сот медидициналық сараптаманың криминалдық түсінігін білу.
4.Дәрістің мазмұны: Оқ-дәрінің (патрондардың, артиллерия снарядтарының, миналардың, гранаттардың, жарылғыш заттардың) және оның бөліктерінің (капсюлдер, тұтандырғыштар, детонаторлар) жарылуынан бастап алынатын қарудың барлық түрінен салынатын жарақаттар оқ тигендегі жаралар деп саналады.
Бұл жарақаттар сипаты жағынан алғанда мейлінше алуан түрлі. Олардың көпшілігі таза механикалық жарақаттар болып табылады. Ал басқалары механикалық факторлардың ғана емес, оның үстіне атыстың немесе жарылыстың температуралық, химиялық факторларының де әсер ететіндігінен аралас жарақаттар да болуы мүмкін. Сот-медицина сараптамасын жүргізгенде сарапшының осы жарақаттардың сипаты мен механизміне, қолданылған снаряд пен оқ атылған қаруға, атылған қашықтыққа, зақым келтірген атыс санына, оқтың кірген және шыққан жеріне, жара жолының бағытына , т.б. қатысты бірқатар сұрақтарға жауап қайтаруына тура келеді. Ал оқ тигендегі жарақаттардың сипаты көптеген себептерге, бірінші кезекте қару мен оқ дәрінің ерекшеліктеріне байланысты болады. Атылатын қару артиллерия атыс қаруы болып бөлінеді. Атыс қаруы топтық (пулеметтар, минометтер) және қолға ұстайтын (жеке) қарулар болады. Бейбіт кезде сот-медицина тәжірибесінде кездесетін оқ тигендегі жарақаттың басым көпшілігі қолға ұстайтын қарумен жасалады. Қолға ұстап ататын қарулар жауынгерлік (ұрыс винтовкалары, карабиндер, тапанша-пулиметтер, тапаншалар мен револьверлер), спорт (шағын калибрлі винтовкалар, тапаншалар, револьверлер) аң аулайтын (бір оқпанды, қос ауызды), арнаулы мақсаттағы (дабыл беретінтапаншалар-ракета атқыштар,старт тапаншалары), ақаулы (шолақ мылтықтар), қолдан жасалған қаруларға бөлінеді. Атылған кезде оқпаннан оқтан басқа заттар да атылып шығады. Олар мынала: 1) қызған газдың ауадағы оттегімен реакциясынан түзілетін жалын; 2)газ; 3)ыс; 4)жанып кеткен және шала жанған тығындар; 5)оқпан ұңғысынан, оқтан, гильзадан ұшқан металл бөлшектер; 6) егер қару майланған болса, мылтық майының тамшылары. Оқ жақын жерден атылған жағдайда бұл қосымша факторлар кедергіге әсер етіп, зерттеу кезінде табылуы мүмкін.
Оқ тигендегі жарақаттарға сот-медицина сараптамасы жүргізген кезде бірқатарсұрақтар туындайды. Олардың ішінде кездесетін негізгі сұрақтар мыналар:
1)Сол жарақат оқ тигендіктен түскен бе?
2)Қандайы кірген және қандайы шыққан жарақат болып табылады?
3)Оқ қандай қашықтықтан атылған?
4)Тұрған адамның денесіне қатынасы жөнінен оқ жолының бағыты қандай?
5)Оқ қандай қарудан атылған?
Нақты қылмысты істің мәнінен басқа мәселелердің туындауы да сирек кездеспейді. Айтар болсақ, сот-медицина сарапшысына кейде: а) оқ тиген жарақат санының қанша екенін және олардың ретін; ә) оқ атылған кезде қаза тапқан адам мен адамның отырған-тұрғанын; б) жарқат алғаннан кейін адамның жүргені мен қозғалғанын және т.б. анықтау ұсынылады.
Оқ шыққан тесіктің пішіні бірқатар жағдайларға байланысты. Егер оқ денеге тура тисе, оның шыққан тесігі әдетте дөңгелек болады. Ал егер оқ денеге қиғаштай тисе, ол шыққан тесік сопақша болмақ. Маңайындағы ұлпалардың қысқаруы, кебуі және т.б. есебінен оқ шыққан тесіктің бастапқы пішіні өзгеруі мүмкін. Сондықтан жараның пішініне ғана қарап, оқтың шыққан тесігі туралы және сол арқылы оқ тиген жарақаттың өзі туралы пікір айтуға болмайды.
Денеге кірген кезінде оқ өзінде бар бөлшектерді (жаққан май іздерін, ыс, дәрі күйесін, татын, т.б) кірген тесігінің жиектеріне жұқтырып, ол тесіктің айналасына жұғу белдеуін немесе ластану белдеуін жасайды. Соңғысы сұрғылт түсті сақина сияқты болады, оның астынан екінші белдеу – дақты белдеу табылады. Терінің созылғыш болуына байланысты оның оқ кірген тесіктегі көлемі оқтың диаметрінен әдетте 1-2 мм кемірек болады. Терінің өзіне қарағанда оның қыртыс қабаты (эпидермис)онша созылмалы болмағандықтан, оқ кірген тесік маңайында ол шытынап жарылады.
Айта кеткен жөн, зерттеудің арнаулы әдістерінің көмегімен (Букки сәулесі, химиялық, электрографиялық әдістер арқылы) ысқылану белдеуінен қоқыстар құрамына енетін металдар табылады. Оны кейде оқ кірген жердегі металдану белдеуі деп те атайды.
Оқ киім арқылы өткен жағдайда ластану және металдану белдеулері болмауы мүмкін. Кейде олар оқ кірген тесіктің ішкі жиегінде жіңішке қара жолақ түрінде сақталады. Мұндай жағдайларда бұл белдеулерді киімді зерттеген кезде табуға болады.
Оқтың кірген тесігінен айырмашылығы – шыққан тесігінде әдетте ұлпа ақауы бола бермейді, өйткені бұл жерде оқтың сына тәрізді әсері аңғарылады. Оқ шыққан жерінде теріні алдына қарай конус түрінде созады да, оны ең ұшынан тесіп өтеді. Сондықтан оқ шыққан ең үлкен жараның жиектері қысқан кезде бір-бірімен қабысады.
Ату аралығын анықтау: Сот медицинасы мен криминалистік тәжірибеде мынадай үш ату қашықтығы болады:
1) тақап тұрып ату;
2) жақын жерден ату;
3) алыс қашықтықтан (алыстан ату) ату.
Тақап тұрып атқан жағдайда қарудың аузы денеге тіреліп тұрады. Бұл орайда қару денеге толық тіреліп , қысылып тұруы (толық саңылаусыз тақалу), қарудың аузы денеге толық тимей тұруы (саңылаулы тақалу), қару денеге қиғаштап тірелген кезде денеге оның аузының жиегі ғана тиіп тұруы (бүйірден тақалу) мүмкін.
Жақын жерден атудегеніміз денеге оқ тиіп қана қоймай, сонымен қатар оған атудың қосымша факторларының да, мысалы, жалынның, газдың, күйенің, дәрі ұнтағының, қару майының әсер етуі болып табылады. Қарудан алыстаған сайын қосымша факторлар оқтың бағыты жағына қарай кеңейе беретін коныс түрінде жайыла түседі. Атқан кезде оқпан аузынан от шығады. Оның себебі-толық жанып үлгірмеген дәрі ауадағы оттегімен түйіскен кезде жарылыс болады. Оқпан аузынан шығатын оттың сипаты мен көп болуы ең алдымен дәрінің түріне байланысты. Қара дәріден әдетте от едәуір көп шығады, өйткені қатты қызғанымен, жанып үлгірмеген дәрі ұнтақтары көп қалады және олардың термиялық әсері күшті болады. Олар шаштың үйтіліп, терінің күюін, тіпті киімнің жануын туғызуы мүмкін.
Атқан кезде дәрі түгел жанып кетпейді, сондықтан жанып үлгірмеген және шала жанған дәрі ұнтақтары оқпан ұңғысынан атылып шығып, жақын жерден атқан жағдайда денеден табылады. Олардың киімге сіңіп , тіпті одан өтуі де мүмкін. Оқ-дәрі ұнтақтары эпидермисті зақымдап , оған сіңіп қалуы ықтимал. Кейде олар теріге сіңіп, одан әрі ұнтақтары револьвер, тапанша сияқты оқпаны қысқа қарулармен 60-70 см, ал винтовка мен карабин сияқты ұзын оқпанды қарулармен 100 см қашықтықтан атқанда байқалады.
Майланған қарумен атқан жағдайда мылтық майының бөлшектері де қосымша факторларға жатады. Жақын жерден атқан атқанда мылтық майының бөлшектері оқ кірген тесіктің айналасынан табылады. Бұл май тамшылары ультракүлгін жарықта жалтырып жақсы көрінеді.
Жақын жерден атқандағы қашықтық қарудың түріне, оқ-дәрінің сипатына және қарудың тозу дәрежесіне байланысты болады. Іс жүзінде атыс қаруынан түтінсіз оқ-дәрімен оқталған патрондармен атқан жағдайдағы қосымша факторлардың іздері 100 см шегінде анықталады. Ал қару ақаулы, патрондар ылғал болса, бұл ереженің сақталмауы мүмкін. Сондықтан да мұндай жағдайларда ол қаруды атып сынау керек.
3. Алыс қашықтықтан(алыс тау жерден) атқан жағдайда денеге оқтың өзі ғана
әсер етеді, ал қосымша факторлар табылмайды. Қолға алып жүретін ұрыс қаруы үшін аралық 1 м-ден асса, ол сондай қашықтық болып табылады, сондықтан да бұл алыстау қашықтық деп те аталады. Ал нақты алыс қашықтыққа келетін болсақ (10 немесе 100 м), оны денені сою деректері бойынша анықтау мүмкін емес тәрізді. Кейде алыс қашықтықтан (1 м-ден 1000 м-ге дейін) атқан жағдайда да оқтың кірген тесігі айналасына күйе жұғып қалғанын аңғаруға болады. Мұндай жағдайларда киімнің ішкі қабатынан немесе киім астындағы теріден күйе іздерінің болмауы мүмкін. Ол оқтың екпіні қатты (кемінде 500 м/сек), бір-бірінің арасы 5,5 см-ден 1-5 см-ге дейін бірнеше қабат жұқа және қалың киім болған жағдайда байқалады.
Оқ жарақаты жолының бағытын анықтау: Денеде оқ жүріп өтетін тесік оқ тигендегі немесе оқ жарақатының жолы деп аталады. Бұл жолдың бағытын өлікті сойғанда ғана анықтауға болады, өйткені оның бағыты оқтың кірген және шыққан тесіктерін жалғастырып жататын шартты тура сызыққа барлық уақытта сәйкес келе бермейді. Ал өлгендегі тура бағыт ең тазасы деп есептеледі.
Оқ жарақаты жолын түзу және қисық, тұтас және үзілмелі деп бөлуге болады. Түзу де тұтас жол мүше арқылы бір тура жол болып өтеді. Үзілмелі түзу жол мүшелердің бір-бірімен араласуы арқылы жасалады және соның салдарынан ол бірқатар үзіктерге бөлінеді, мұның өзі оның бағытын анықтауды қиындатады. Жарақаттың қисық жолы денеге кірген оқтың сүйекке тиіп өз бағытын өзгертуі мүмкін, бұл орайда оның үзілмелі болуы зерттеу кезінде мейлінше көп қиындық келтіреді.
Атылған қаруды анықтау: Оқ жарақаттарын зерттеген кезде қарудың түрін (жүйесін) ғана емес, сонымен қатар оның нақты данасын да анықтау қажет болады.
1. Қарулар түрін мыналар бойынша анықтауға болады:Жарақаттардың сипаты бойынша.Мысалы, бір-біріне жақын және бірінен кейін бірі белгілі ретпен орналасқан көптеген оқ жарақаттары болғанда автоматты қарумен жарақат салынды деуге болады.
2. Қару аузының таңбасы (штанцмарка) бойынша ,өйткені қарудың әрбір түрінің өзіне тән таңбасы болады.
3. Оқтың тесіп өту қабілеті бойынша. Мәселен, бастың сүйегі мен миының зақымдануы қаруды тақап тұрып немесе жақын жерден винтовка, карабин, аңшылық мылтық сияқты қуатты қарумен атқандықты көрсетеді.
4. Оқ жарақаты мен сүйек зақымдануының көлемі бойынша.Оқ жарақаты көлемінің оқ калибріне дәл сәйкес келмейтінін есте ұстау керек, өйткені оқ атылған сәтте терінің созылып, одан соң жиырылуы себепті терідегі оқ кірген тесік әдетте оқтың калибрінен едәуір тар болады. Бұл жағынан жалпақ сүйектегі жарақаттың зор мәні бар, себебі оның диаметрі оқ калибріне жақындайды. Алайда әр түрлі қару түрлерінің калибрлері көбінесе миллиметрдің оннан бір бөлігіндей ғана болғандықтан, мұндай жағдайда айқын тұжырым жасау мүмкін емес.
5. Оқ- дәрі түйірлерінің пішіні мен көлемі бойынша, өйткені қарудың жекелеген түрлерінің патрондарында оқ-дәрінің белгілі бір түрлері болады.
6. Оқ бойынша, өйткені қарудың әрбір түріне арнаулы патрондар мен оқ түрлері сәйкес келеді.
Алайда басқа түрінің патрондарын пайдаланып атуға, мысалы, калибрі ұқсас тапанша патрондарын салып, револьвермен атуға болатынын ескеру керек.
1. Қарудың нақты данасы мыналар бойынша анықталады:Оқиға болған жерден табылған гильзалар бойынша,гильзалар тапаншалар мен автоматтардан белгілі бір жаққа және қарудың сол түріне тән қашықтыққа ұшып кетеді. Қаруды ұқсастыру мақсатында гильза түбіне шаппа соғуынан болатын іздер мен т.б. ойдағыдай пайдаланылады.
2. Оқ бойынша, оның қабығында қарудың нақ сол данасына тән ойықтардың, оқпан ұңғысындағы әр түрлі кедір бұдырлар мен ақаулардың іздері қалады. Бұл іздер әрбір қарудың өзіне ғана тән болады және зерттеудің ерекше криминалистік әдістерімен анықталады. Демек, хирургиялық көмек көрсеткенде немесе өлікті зерттегенде дәрігер оқты тауып қана қоймай, сонымен біргке оған қандай да болсын із түсірмеуге міндетті.
Оқ жарақаттарының ретін анықтау: Егер зардап шегушінің денесінен бірнеше оқ жарақаты табылса, олардың қандай ретпен салынғаны туралы сұрақ туындайды. Бұл мәселені шешкенде іс жүзінде үлкен қиындықтар көп туындайды. Бірінші кезекте әрбір жарақаттың айналасындағы қан құйылуының көріну дәрежесі ескеріледі. Әлбетте, алғашқы жарақат төңірегіндегі қан құйылуы неғұрлым айқын көрінеді деп күтуге болады. Дегенмен, ірі қан тамыры зақымданған кезде одан кейінгі қан құйылу көбірек болуы мүмкін. Жарақаттың қаншалықты ауырлығының белгілі бір мәні болады. Көбінесе адамның өлуімен аяқталатын соңғы жарақат ең ауыр жарақат болып табылады. Екі қатар болып арасы жақын орналасқан жарақаттар жағдайында оқтың қандай ретпен тигенін анықтауға күйе қабаттары көмектесе алады.
Бұл жағынан алғанда жалпақ сүйектердегі шытынаудың зор маңызы бар. Егер алғашқы жарақаттанғанда жалпақ сүйек шытынаған болса, екінші жарақаттанғандағы шытынаулар біріншісіндегі шытынаған жерлерді кесіп өтпейді. Екінші реттегі шытынау сызаттары біріншісіндегі сызаттарға тіреледі де, сол арада бітеді. Алайда бұл белгіде үнемі бола бермейді. Оны оқтың кірген тесіктерінің арасы тым алшақ болған жағдайда пайдалануға болмайды, өйткені бұл орайда оқ кірген тесіктерден тарайтын шытынау сызаттары бір-біріне жетпейді немесе оқ жарақаттарының бір-біріне жақын орналасып, арасында сүйек ақауы пайда болады.
Ал кеудені оқ тесіп өткен кезде өкпедегі бірінші тиген оқ жарақатының жолы оқтың кірген және шыққан тесіктерінің деңгейіне сәйкес келмейді, өйткені гемопневмоторакс салдарынан өкпе солып қалады. Кеудені оқ екіші рет тесіп өткен кезде оқ жолы оқтың кірген және шыққан тесіктерінің деңгейіне сәйкес келеді, өйткені екінші жарақат кезінде өкпе бірінші жарақаттан кейін солған жағдайда болады.
Жарылғыш оқтармен салынған жарақаттарға жұмсақ ұлпалар жарылып, олар бір-бірінен бұлшық ет аралығындағы шандыр (фасциялдық) кеңістігі бойымен сөгілетін оқ кірген тесіктің үлкен болуы тән. Жарылғыш оқтар сүйектерге ауқымды зақым келтіріп, сүйек жоңқасы мен сүйек ұнтақтары дейтіндер түзілуі мүмкін. Жарылғыш оқтармен салынған жарақаттарға диагноз қойғанда зардап шегушінің денесінен жарылған оқтың ірі бөлшектерін табудың зор мәні бар.
Атыс жарақаттарын зерттеудің арнаулы әдістері: Өлік пен киім-кешекті әдеттегідей сот-медицина тұрғысынан зерттеу сараптама алдына қойылған сұрақтардың бәріне бірдей жауап табуға мүмкіндік бермейді. Гистологиялық, химиялық, спектрографиялық, жанастырылған-диффузиялық, рентгенологиялы, фотографиялық зерттеу сияқты қосымша зерттеу әдістері сот-медицина сараптамасына көп көмек көрсете алады.
Гистологиялық зерттеу атыс жарақаттарына сараптама жүргізудің негізгі мәселелерін шешуге: оқтың кірген және шыққан тесіктерін, ату аралығын, жарақат жолының бағытын анықтауға жәрдесмдеседі. Гистологиялық зерттеу кезінде жұғу және үйкелену белдеулері, күйе іздері, дәрі түйіршіктері, жарақат жолында бөгде заттардың болуы және т.б айқын анықталады.
Химиялық зерттеу әдістері күйенің, дәрі түйіршіктерінің, металл үгінділерінің және т.б болуы анықтапуға мүмкіндік береді.
Зерттеудің рентгенографиялық және спектрографиялық әдістері оқ кірген тесік айналасындағы тері мен киім-кешекке қонған металл үгінділерін анықтауға көмектеседі.
Инфрақызыл сәуледе сүретке түсіру қара маталардағы жай көзге көрінбейтін күйе, ыс іздерін анықтауға мүмкіндік береді.
Жанастырылған-диффузиялық әдіс сарапшының тікелей секциялық стол жанында-ақ оқ кірген тесік төңірегінде металл үгінділерінің болуын анықтауына жағдай жасайды. Бұл үшін арнаулы реактивтермен өңделген әдеттегі сүретке түсіретін қағаз ғана керек. Мұндай қағазды зақымданған жерге мықтап жапсырған кезде металдану белдеуі болған жағдайда онда түрлі түсті реакция жасалады.
Бақылау сұрақтары:
1.Оқ-қару жарақаты түрлері
2.Ату жарақатының ара-қашықтығын анықтау
3.Тақырыпқа байланысты СӨЖ-ге тапсырма:Студент өздігінен тақырыпқа байланысты сұрақтарға дайындалып,келесі тақырыпқа сұрақтарды дайындауы қажет.
Ұсынылған әдебиеттер:
НЕГІЗГІ ӘДЕБИЕТ:
1. «Сот медицинасы» Қ.Қаракөбенов. Алматы. «Жеті жарғы» 1996ж.
2. «Сот медицинасы» Ю.И.Пиголкин. М.Медицина. 2003ж.
ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТ:
1. «Сот медицинасы» В.Н.Крюков. М.Медицина. 1998ж.
2.«Сот медицинасы» И.В.Виноградов, В.В.Томилин,«Заңгерлік журнал»1991ж.
3. «Сот медицинасы» В.В.Томилин, ИНФРА-тобы баспасы. М.1996ж.
4. «Сот медицинасы» А.А.Матышев, А.Р.Деньковский, Л. «Медицина» 1985ж.
5. «Сот медицинасы» С.С.Самищенко, «Құқық және заң» 1996ж.
6. «Сот медицинасынан тәжірибелік нұсқау және тесттік бақылау» В.Н.Крюкова, И.В.Буромский. М.Медицина 1998ж.
Дәріскер Омаралиев М.И.