Ылмыстық құқықтың жүйесі.
Қылмыстық құқықтың жүйесi Жалпы және Ерекше бөлiмдерден тұрады.
Жалпы бөлiмде қылмыс пен жаза туралы ұғым, қылмыстық заңның түсiнiгi мен мiндеттерi, қылмыстық жауаптылықтың негiздерi мен одан босату негiздерi, қылмыс құрамының түсiнiгi, қылмыстық заңның кеңiстiктегi және мезгiлдегi күшi, қылмыс жасау сатылары туралы ұғым мен қылмысты қатысып жасау, жаза және оның мақсаты мен жүйелерi, жаза тағайындаудың немесе қылмыстық жазадан босатудың басты мәселелерi зерттеледi.
Ерекше бөлiмде нақты қылмыс құрамдары және оларды жасағаны үшiн белгiленген жаза түрлерi көрсетiледi. Жалпы және Ерекше бөлiм өзара тығыз байланысты сондықтан осы екi бөлiмнiң жиынтығы қылмысты құқықты құрайды.
Қылмыстық құқықтың мiндеттерi жөнiнде сөз қозғамас бұрын, бiз әуелi қылмыстық құқықтың мақсаты не соны анықтап алуымыз қажет. Өйткенi, кез келген әрекет, жұмыс белгiлi бiр мақсатсыз жасалмайды, сондықтан қылмыстық заңның да өз мақсаты бар. Бiрақ бұл жөнiнде бiздiң қылмыстық заңымызда айтылмаған, онда тек қылмыстық заңның мiндеттерi ғана көрсетiлген.
Қылмыстың мақсаты жөнiнде қылмыстық құқық теориясында бiрнеше ойлар айтылған. Мысалы, профессор Е.I.Қайыржановтың айтуынша, «мақсат дегенiмiз - қандай да бiр әрекеттердi қолдану немесе iске асыру арқылы қол жеткiзуге ұмтылатын әлеуметтiк нәтиже, ал мiндет деген сол нәтижеге жету жолдары». Яғни, қоғамда мақсатсыз мiндеттер болмайды, ал мiндет мақсатсыз тууы мүмкiн емес деген сөз.
Бұл тұрғыдан алғанда қылмыстық құқықтың негiзгi мақсаты қылмыскердi жазалау немесе белгiлi бiр мемлекетте, қоғамда қауiптi болып табылатын әрекеттi жасағаны үшiн қаралау емес, керiсiнше, қоғамға қауiптi әрекеттердi болдырмау және қылмыстың алдын алу болып табылады және бұл жөнiнде қылмыстық заңда көрсетiлуi тиiс. Ал осы негiзгi мақсатқа қол жеткiзу үшiн қылмыстық заң мынадай негiзгi мiндеттердi алдына қояды:
1). қылмыстық жауаптылықтың қағидалары мен шарттарын анықтау,
2). қылмыстық жауаптылықтың негiзiн анықтау;
3). қылмыс ұғымының жалпы белгiлерiн анықтау;
4). қоғамға қауiптi әрекеттердiң шеңберiн анықтау;
5). қылмыс жасаған адамдарға қолданылатын жаза түрлерiн анықтау.
Қылмыстық құқықтың бұдан басқа да мiндеттерi бар, олар жоғарыда аты аталған негiзгi мiндеттердi толықтырып нақтылап отырады.
Қылмыстық заңдар қоғамның тыныштығын сақтай отырып, қоғамға тәрбиелiк және жалпы ескертушiлiк тұрғысынан да әсер етедi. Қылмыстық заңдағы «мына әрекеттi жасасаң жазаланасың» деген жариялану фактiсiнiң өзi қоғам мүшелерiне әсер етедi. Сонымен бiрге сот процесiнiң өзi де қылмыскердi ғана емес сот залында отырған қоғамның басқа мүшелердi тәрбиелеп және қылмыс жасамауды ескертуге ықпал жасайды.
Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексiнiң 2-бабына сәйкес қылмыстық заңның мiндеттерi болып:
1. Адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiн қорғау, сондай-ақ қылмыстың алдын алу болып табылады.
2. Бұл мiндеттердi жүзеге асыру үшiн Осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негiздерi белгiленедi, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қауiптi қандай әрекеттер қылмыс болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi делiнген.
2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексiнде қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтiк өмiрiнде орын алған сапалық өзгерiстер ескерiлген. Қылмыстық құқықтың мiндеттерi қылмыстылықтың жағдайы мен деңгейiне де тiкелей байланысты. Мемлекетiмiздiң нарықтық экономикаға көшуi, экономикалық кризистер, өтпелi кезеңге байланысты қоғамда орын алып отырған жұмыссыздық, жоқшылық қылмыстылықтың сапалық және сандық жағынан да арта түсуi мен қылмыстың бұрын жұртқа беймәлiм түрлерiнiң өмiрге келуiне септiгiн тигiздi. Ұйымдасқан, кәсiптiк, банк жүйесiндегi, компьютерлiк және т.б. экономикалық қылмыстар кең белең алды. Қылмыстылықтың санын азайтуда, қылмыс тылықпен күресуде мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын саяси экономикалық және саяси-әлеуметтiк шаралардың маңызы зор. Жоғарыда аталған қылмыстық құқықтық мiндеттер қылмыстылықпен күресу саласындағы мемлекеттiк саясаттың бiрi болып табылатын қылмыстық саясат арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық саясаттың мазмұны - қылмыстық заңдарды қолданудың мiндеттерiн, қылмыстан сақтандырудың тиiмдi жолдарын табу, қылмыстылықпен күресуде заңдылық қағидаларын сақтау. Ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылатын қылмыстық шараларды жетiлдiру, ал керiсiнше, қоғамға қауiптiлiгi онша ауыр емес қылмыстарды жасағандарға қоғамнан оқшауламай-ақ қолданылатын шараларды белгiлеу болып табылады.