Оразаның мәкрүһтәрі
1 -Организмді әлсірететін болғандықтан, хижама жасату, қан алдыру және ауыр жұмыс істеу. Анас ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, өзінен:
(أكنتم تكرهون الحجامة للصائم؟ قال: لا، إلا من أجل الضَّعف)
«Ораза ұстаған кісіге хижаманы ұнатпаушы едіңдер ме?»-деп сұралғанда: «Жоқ. Тек әлсіздік келтіре ме деп, ұнатпағанымыз болмаса (жек көрмейтінбіз)»-деп жауап береді[973].
2 -Тамақтың дәмін тату. Күйеуінің мінезі нашар болған әйелге тамақтың тұзын байқауына болады.
3 -Дәмсіз шайыр (смола) шайнау. Егер ауызда бірігіп тұрса, мәкрүһ болады. Ал үгітілсе, ораза бұзылады. Кейін қазасын өтейді. Үмму Хабиба анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(لا يمضغ العلك للصائم)
«Ораза ұстаушыға шайыр шайнауға болмайды»[974]. Қазіргі кездегі сағыздарда дәм болғандықтан, оны ораза кісіге мүлде шайнауға болмайды.
4 - Шәһуат сезіміне ұстамды емес кісіге жұбайын құшақтау немесе сүю. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رجلاً سأل النبي صلى اللّه عليه وسلم عن المباشرة للصائم فرخص له، وأتاه آخر فسأله فنهاه، فإذا الذي رخص له شيخ، والذي نهاه شاب)
«Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп, жұбайын құшақтау жайында сұрайды. Аллаһтың елшісі оған рұқсат береді. Сосын тағы біреу келіп сұрайды. Оған рұқсат бермейді. Сөйтсе, өзіне рұқсат берілген кісі шал екен. Ал рұқсат берілмеген жас жігіт екен»[975].
5 - Ауыз бен мұрынды тереңірек шаю.
6 -Ауыз ашуды әдейі кешіктіру.
7 - Ауызға сілекей жинау және оны жұту.
Ораза ұстаушыға мәкрүһ емес істер:
1 -Шәһуат сезіміне ұстамды кісіге жұбайын құшақтауы және сүюі. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يقبل وهو صائم ويباشر وهو صائم)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүйетін және ораза бола тұра құшақтайтын»[976].
2 -Мұртты майлау.
3 - Сүрме жағу. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(اكتحل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم وهو صائم)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүрме жағатын»[977].
4 -Организм әлсіремейтін болса, хижама жасату, қан алдыру және ауыр жұмыс істеу.
5 -Мәсуек қолдану. Амир ибн Рабиъа, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(ما أحصي ولا أعد ما رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يتسوك وهو صائم)
«Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра мәсуек қолданғанын қанша мәрте көргенімді санай алмаспын»[978].
6 -Шомылу және ыстық күні салқындау мақсатымен суға малту немесе киімін сулап кию. Әбу Бәкір ибн Абдурахман сахабалардың бірінің былай дегенін айтты:
(لقد رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم بالعَرَج يصب على رأسه الماء وهو صائم من العطش أو قال من الحر)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра, шөл қысқандықтан, басына су құйғанын көрдім. Немесе ыстық қысқандықтан,-деді»[979].
Екінші бөлім: Иътикаф
«Иътикаф» сөзі араптың "الاعتكاف"сөзінен алынған. Оның тілдік мағынасы: бір орында біраз уақыт болу және бір нәрсеге берілу.
Шариғаттағы мағынасы: парыз намазы жамағатпен оқылатын мешітте ораза ұстап, құлшылыққа берілу үшін, бірнеше күн мешітте болу.
Иътикафтің үкімі:
1 -Рамазан айының соңғы он күндерінде жасалатын иътикафтің үкімі сүннет. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان يعتكف العشر الأواخر من رمضان حتى توفاه اللّه عز وجل)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мәдинаға келгеннен көз жұмғанға дейін рамазанның соңғы он күндерінде иътикаф жасайтын..»[980].
2 -Аллаһ тағалаға берілген серттің негізінде жасалатын нәзір иътикафтің үкімі уәжіп. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде салиқалы құлдарына берген сипаттамасында былай дейді:
﴿ يُوفُونَ بِالنَّذْرِ وَيَخَافُونَ يَوْماً كَانَ شَرُّهُ مُسْتَطِيراً ﴾
«Олар нәзірлерін орындайды және жамандығы шашырайтын күннен қорқады»[981].
Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من نذر أن يطيع اللّه فليطعه)
«Кім Аллаһқа бағынуға нәзір берсе, Оған бағынсын..»[982].
3 - Басқа айларда кез келген уақытта иътикаф жасау мүстахап.
Иътикафтің ұзақтығы
Рамазан иътикафінің ұзақтығы он күн болуы шарт. Нәзір иътикафтің ұзақтығы ең азы бір күн болуы ләзім. Ораза иътикафтің шарты болғандықтан, бір күннен аз жасалуы дұрыс емес. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(لا اعتكاف إلا بصوم)
«Оразасыз иътикаф болмайды»[983].
Нәпіл иътикафтің ұзақтығы имам Әбу Ханифаның көзқарасында ең азы бір күн, ал Мұхаммедтің көзқарасында бір сағат және одан асырса болады, ал Әбу Юсуптің көзқарасында күндіздің көп бөлігі болуы қажет.
Иътикафтің дұрыстығына қажетті шарттар
1 - Ниет.
2 - Мешітте кідіру (тұру). Жамағат көп келетін мешітте жасалуы абзал. Нәзір сөзінде бір мешіт белгіленген болса, бәрібір, қай мешітте жасаса да, иътикафі дұрыс болады. Әйел кісі мешітке қарағанда өз үйінің жанынан иътикафқа арнап тігілген шатырда немесе арнайы бөлмеде жасағаны дұрыс.
3 - Ораза ұстау. Ораза тек нәпіл иътикафта ғана шарт емес.