Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары
1. Жұмыскерлердің жылдық орташа санына және жылдық орташа кіріске қарай кәсіпкерлік субъектілері мынадай санаттарға жатқызылады:
шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері;
орта кәсіпкерлік субъектілері;
ірі кәсіпкерлік субъектілері.
2. Кәсіпкерлік субъектілерін осы баптың 1-тармағында көрсетілген санаттарға жатқызу мынадай мақсаттар үшін пайдаланылады:
мемлекеттік статистика;
мемлекеттік қолдау көрсету;
Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану.
Мемлекеттік статистика мақсаттары үшін жұмыскерлердің жылдық орташа санының өлшемшарты ғана пайдаланылады.
Мемлекеттік қолдау көрсету және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін екі өлшемшарт: жұмыскерлердің жылдық орташа саны және жылдық орташа кіріс пайдаланылады.
Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъект филиалдарының, өкілдіктерінің және басқа да оқшауланған бөлімшелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, барлық жұмыскерлер ескеріле отырып айқындалады.
Соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық кірістердің немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы жылдық орташа кіріс деп есептеледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау бағдарламаларында өзге де өлшемшарттар көзделуі мүмкін.
3. Заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны бір жүз адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш жүз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің отыз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері микрокәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
4. Мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін:
1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты әрекетті;
2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;
3) астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
4) лотереялар өткізуді;
5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;
6) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызметті;
7) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агенті қызметінен басқа);
8) аудиторлық қызметті;
9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;
10) кредиттік бюролар қызметін;
11) күзет қызметін;
12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп танылмайды.
Осы тармақта көрсетілген қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар – орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ал осы баптың 6-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сай келген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты және бірыңғай жер салығынтөлеушілер болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыскерлердің саны бойынша өлшемшарт пайдаланылады.
5. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, осы баптың 3 және 6-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
6. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.