Ылмыстарды топтастыру. Қылмыс санаттары және олардың маңызы.

Қылмыстық құқықта қылмыстық құқық бұзушылықтарды белгiлi бiр негіздеріне қарай топтарға, түрлерге және санаттарға бөлу қарастырылған. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды белгiлi бiр түрлерге бөлудiң негiзiнде әрекеттiң қоғамға қауiптiлiк дәрежесi мен сипаты немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының бiр элементi жатуы мүмкiн. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындаңы қылмыстық құқық бұзушылықтарды шартты түрде мына түрлерге бөлуге болады:

I. Қол сұғушылықтың топтық объектiсiне қарай қылмыстарды он сегіз топқа бөледi:

1) Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

2) Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

3) Адамның және азаматтың Конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

4) Бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар;

5) Мемлекеттiң конституциялық құрылысының негіздеріне және қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

6) Меншiкке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

7) Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

8) Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

9) Коммерциялық және өзге ұйымдардағы қызмет мүдделерiне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

10) Қоғамдық қауiпсiздiкке және қоғамдық тәртiпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

11) Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

12) Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар;

13) Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар;

14) Көлiктегi қылмыстық құқық бұзушылықтар;

15) Мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар;

16) Басқару тәртiбiне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

17) Сот төрелiгiне және жазалардың орындалу тәртiбiне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар;

18) Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар.

II. Қоғамға қауiптiлiк сипаты бiртектi қылмыстық құқық бұзушылықтарды қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай үш түрге бөледi:

1) Жай қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 99-бабының 1-бөлiгi),

2) Сараланған немесе ауырлатылған қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 99-бабының 2-бөлiгi);

3) Жеңiлдетiлген қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 100-105 баптары).

III. Кiнәнiң нысаны бойынша қылмыстарды екi түрге бөледi:

1) Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар;

2) Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар.

IV. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың қоғамға қауiптi сипаты мен дәрежесiне қарай оларды төрт санатқа бөледi:

1) Онша ауыр емес қылмыстар,

2) Ауырлығы орташа қылмыстар;

3) Ауыр қылмыстар;

4) Аса ауыр қылмыстар.

Қоғамға қауiптiлiк сипаты мен дәрежесi бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды мұндай санаттарға бөлу кiнәнiң нысаны мен бас бостандығынан айырудың жоғарғы мерзiмi түрiндегi санкция арқылы нақтыланады.

ҚР ҚК 11-бабына сәйкес онша ауыр емес қылмыстарға мына қылмыстар жатады:

а) жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер (мысалы, ҚК 115-бабы «Қорқыту» қылмысы);

б) жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер (ҚК 104-бабы «Абайсызда қазаға ұшырату»).

Ауырлығы орташа қылмыстарға мына қылмыстар жатады:

а) жасалғаны үшiн қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет (ҚК 126-бабы «Бас бостандығынан заңсыз айыру»);

б) жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет (ҚК 345-ші бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы»).

Ауыр қылмыстарға жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған әрекеттер жатады. (ҚК 125-бабы «Адамды ұрлау»);

Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.

Қылмыстарды мұндай санаттарға бөлудiң теориялық және тәжiрибелiк маңыздылығы жоғары. Өйткенi, ол қылмыс жасаған адамның қылмыстық жауаптылығын анықтау, оның қылмысын саралау және қылмысы үшiн жаза тағайындау немесе жазадан не жауаптылықтан босату туралы мәселелердi шешудi қамтамасыз етуге көмектеседi.

Жалпы қылмыстарды санаттарға бөлудiң қылмыстық-құқықтық маңызын мына жағдайлармен түсiндiруге болады:

1). Қылмыс жасаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту кезiнде қылмыс санаты ескерiледi. Мысалы, Қылмыстық заң бойынша ауырлығы онша емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыстарға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылық қарастырылмайды. Сонымен бiрге, ауырлығы онша емес қылмысқа оқталу да жауаптылыққа әкеп соқпайды.

2). Қылмыс санаты қылмыскерге жаза тағайындау кезiнде ескерiледi. Мысалы, ҚК 53-бабының 1-бөлiгi «а»-тармағына сәйкес мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жай ретiнде танылады. ҚК 58-баптың 2-бөлiгiне сәйкес егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығында тек қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза жеңiлiрек жазаны ауырырақ жазаға сiңiру жолымен не жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалады. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны тағайындау да осы қылмыстардың санаттарына негiзделедi (ҚК 48-бабы).

3). Ол қылмыскердi жазадан немесе жауаптылықтан босату кезiнде де ескерiледi. ҚК 65-бабы «Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату»; 68-бабы «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату»; 70-бабы «Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату»; 71-бабы «Ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» немесе ҚК 76-бабы «Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату және жазаны өтеудi кейiнге қалдыру» және басқа да нормаларды қолдану негiзiне қылмыстардың санаттары енгiзiлген.

Әдебиеттер:

Дурманов Н.Д. Понятие преступления. М., 1948

Кудрявцев В.Н. Генезис преступления. Опыт криминологического моделирования. М., 1998

Кузнецова Н.Ф. Преступление и преступность. М., 1969

Пионтковский А.А. Учение о преступлении. М., 1961

Прохоров В.С. Преступление и ответственность. Л., 1984

Онгарбаев Е.А. Классификация преступлений и ее правовое значение. Караганда, 1996

Наши рекомендации