Бап. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері

1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) Орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар жанынан:
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындыларды алу;
кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды тұжырымдау;
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Орталық мемлекеттiк, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестерге Ұлттық палатаның, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
Сараптамалық кеңестердің отырыстары тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі.
3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамдары мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
4. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлейтiн мемлекеттiк орган, мемлекеттiк құпияларды құрайтын нормативтiк құқықтық актілерді қоспағанда, оны сараптамалық кеңестiң қарауына енгiзедi.
5. Осы Кодекстің 66-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сараптамалық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шартты қарауды оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбей жүзеге асыруы мүмкін.
6. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын жағдайда, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
7. Сараптамалық кеңестер туралы үлгiлік ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
8. Сараптамалық кеңестердің жұмысын талдауды және оның мониторингiн кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi орган жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
Үйлестiру кеңесiнiң құрамын кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi органның басшысы қалыптастырады.

Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi

1. Орталық мемлекеттік, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдар кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Ұлттық палатаға жiбередi.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды беру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті өкілді және атқарушы органдар белгілейтін мерзім ол жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы абзацтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамалары бойынша сараптамалық қорытындылар бөлігінде құқықтық актілер туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
Осы тармақтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамаларына қолданылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп-қисап нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Осы бапта және осы Кодекстің 66 – 68-баптарында көзделген талаптар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейтін мемлекеттік органдар оларды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келіседі.
5. Осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен осы Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі.

РҚАО-ның ескертпесі!
66-баптың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамалары бойынша сараптамалық қорытындылар бөлігінде құқықтық актілер туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.

Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар

1. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделi мемлекеттiк органдармен келесі әрбiр келiсу кезінде мiндеттi қосымша болып табылады.
Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
2. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмдерде:
1) республикалық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктерi, республикалық салааралық, салалық бірлестіктер, сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектілерінің республикалық бiрлестiктері;
2) облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары;
3) қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары береді.
3. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келiспеу себептерiнің негiздемесі бар жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата заң жобасының тұжырымдамасы немесе нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңестің мүшесі сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңестің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.

67-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын
нормативтік құқықтық актінің жобасын бұқаралық
ақпарат құралдарында жариялау (тарату)

Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары тиісті органда немесе сараптамалық кеңестің отырысында олар қаралғанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.

Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу тәртібі

Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.

Наши рекомендации