Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі

1. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органкәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі болып табылады.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.
4. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары

1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрлерін жүзеге асыруға, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарықтарына қол жеткізу еркіндігінің болуына;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, кәсіпкерлікті жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
4) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны дербес белгілеуге;
5) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды дербес жүзеге асыруға;
6) өзінің құқық қабілетілігі шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
7) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға және оларға қатысуға;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы сараптамалық кеңестердің жұмысына қатысуға;
9) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзған және (немесе) заңды мүдделерін іске асыруына кедергі келтірген адамдарды жауаптылыққа тарту мәселелері бойынша құқық қорғау органдарына және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге;
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа, төрелікке, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге және өзге де органдарға жүгінуге;
11) татуласу рәсімдері арқылы дауларды реттеуге;
12) кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның қарауына енгізуге;
13) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі шаралары ретінде әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыруға қатысуға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмеген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген құқықтарды жүзеге асырады.

Бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттері

Кәсіпкерлік субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы толық және анық ақпарат беруге;
4) қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат алуға не хабарлама жіберуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға;
6) табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға;
7) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдаланудың және қызметті жүзеге асыру процесінде оларды басқарудың тиімділігін арттыруға;
8) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

Наши рекомендации