Саясаттану пәнінен дәрістердің тезистері
1 Дәріс.Саясаттану ғылым ретінде.
Қазіргі заманғы қоғамдық-саяси жүйеде біртұтас социум ретінде өзара байланысты және өзара тәуелді мынандай жүйеастылық: өндірістік, яки экономикалық-шаруашылықтық, әлеуметтік, рухани және саяси құрылымдар ерекшеленеді. Өндірістік жүйеастылық құрылым материалдық инфроқұрылымды қамтамасыз етсе, ал саяси құрылым –жүйенің барлық негізгі элеметтерінің жалпы еркі мен ортақ мүддесін жүзеге асырудың тетігін (механизімін) қамтамасыз етеді. Әлеуметтік және рухани кеңістік бірлесе отырып азаматтық қоғамды құрайды, оларды біртұтас жүйеастылық құрылым деп атауға да болады. Біз мұны кескін түрінде былайша көрсетуімізге болады.
С
А В
Д
Мұндағы А - әлеуметтік, В – рухани, С – саяси және Д – экономикалық кеңістіктер, яки жүйеастылық құрылымдар болып табылады. Осы қисынды негізге ала отырып әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды жіктеуге талпынып көрейік, өйткені бұл ғылымдардың кез –келгені осынау төрт жүйеастылық құрылымның бір қырын, яки аспектісін немесе компонентін зерттеуге құрылған. А - тобындағы ғылымдарға – социологияның төңірегіне топтасқан әлеуметтік ғылымдарды жатқызсақ; В – тобына рух туралы ғылымдар (философия, мәдениеттану, дінтану мен илаһи ілімдер, этика, эстетика және өнертану және т.б.) жатады. С – тобын саяси ғылымдар мен Д – тобын экономикалық ғылымдар құрайды.
Саясаттанушылардың шұғылданатын мәселерінің үш топқа шоғырландырып қарастыруға болады. Біріншіден , саясаттың әлеуметтік - философиялық және идеялық - теориялық негізін, саяси жүйеастылық құрылымның белгілері мен сипатын, белгілі бір тарихи кезеңге бейімделген саяси парадигмаларды; екіншіден саяси жүйелер мен саяси мәдениетті, саяси жүйелердің өзара ұқсастығы мен қарама – қайшылықтарын, артықшылықтары мен кемшіліктерін,олардың өзгеріске түсуімен алмасуының заңдылықтарын, саяси режимдерді; үшіншіден, саяси институттарды, саяси үрдісті, саяси көңіл күйді және т.б. қарастырады. Бұл арада сөз аталған топтардың иерархиялық құрылымы туралы болып жатқан жоқ , олар өзара теппе-тең дәрежеде, үйткені саясаттың идеялық – теориялық негізін нақты саяси жүйеден бөліп алып түсіну тіптен мүмкін еместігі сияқты, саяси жүйенің қызметін нақты саяси институттарсыз тіпті де біле алмайсыз.
Саяси құбылыстар, әрине, белгілі бір уақытта, белгілі бір деңгейде болуымен өзіне саясаттанушылардың назарын аударады. Саясаттанушының міндеті олардың құрылымын, құрамдас элементтерін, функцияларын, жарыққа шығуының шарттарын, ара салмағын және олардың өзара ықпал етуін және т.б анықтау болып табылады. Сондықтан да саясаттанулық зерттеулер маңызды үш аспекті: тарихи, нақты – эмприкалық және теориялықты қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда саясаттану ғылымы саяси ілім мен дәстүрлердің, саяси жүйелер және идеялық – саяси парадигмалар мен ағымдардың даму тарихын, саясаттың теориясын, билік функциясы мен саяси шешімдердің қабылдануы мен жүзеге асырылуының механизмдерін зерттейді.
Саяси ғылымдардың негізі, өзегі болып саналатын Политология ғылымы ең әуелі пайда болғанда алдына қойған басты міндеті мемлекеттік институттардың қызметі мен міндеттерін, саяси құбылыстардың сырларын зертеп – үйрену болатын.
Саясаттану - политология – гректің «POLITIKE» және «LOGOS» деген сөздерінен шыққан . Бұл сөздер мемлекетті, қоғамды басқару өнері деген мағынаны білдіреді. Яғни саясаттану ғылымының зерттеу объектісі – саясат, саяси өмір, қоғамның саяси саласы.
Саясаттану – саяси өмір тәжірибесін, объективті саяси шындықты, субъективті саяси іс-әрекетті, саяси ойлау тәсілдерін және саяси процестерді теориялық тұрғыдан жүйелеуді қамтитын сан қырлы ғылым. Яғни, саясаттану – қоғамның саяси өмірін, саяси процестерді, ондағы таптардың, топтардың, ұйымдардың өкімет билігіне қатынасын және осыған байланысты өзара қарым-қатынасын зерттейді.
Саясаттанудың басты категориясы,негізгі түсінігі – билік тұтқасы, саяси билік, мемлекетті басқару нысаны. Ал саясаттанудың оқытатын пәні – саяси биліктің, билік тұтқасының қалыптасу, қызмет атқару және өзгеру заңдылықтары.
Билік тұтқасы арқылы саясаттану ғылымы қоғамның басқа салаларын да қамтитын болғандықтан, оның зерттейтін заңдылықтарын шартты түрде мынандай топтарға бөлуге болады:
Саяси – экономикалық заңдылықтар;
Саяси - әлеуметтік заңдылықтар;
Саяси – рухани заңдылықтар;
Өзіндік саяси заңдылықтар.
1948 жылы ЮНЕСКО –ның ұсынысы бойынша Париж қаласында өткен саясаттану ғылымының мәселеріне арналған Халықаралық конференцияда алғаш рет осы ғылымның басты міндеттері мен оның құрамдас бөліктерін жүйеліп реттеуге талпыныс жасалынды. Осынау құрамдас бөліктердің төрт тобы ажыратылып көрсетілді:
1. саяси теориялар:
· саяси теориялар;
· идеялар тарихы (олардың пайда болуы, дамуы және қазiргi кездегi қызметi) болып екі бөлімнен тұрады.
- саяси институттар:
· конституциялар;
· орталық басқару;
· аймақтық және жергiлiктi басқару;
· бұқаралық әкiмшiлiк;
· басқарудың экономикалық және әлеуметтік функциялары;
· саяси институттарды салыстырып зерттеу, болып алты бөлімнен құралған;
- партиялар, топтар және қоғамдық пікір:
- саяси партиялар;
- топтар мен ассоцияциялар;
- азаматтардың басқару мен әкімшілікке қатысуы; қоғамдық пікір атты үлкен үш бөлімді қамтиды;
- халықаралық саясат:
- халықаралық саясат;
- саясат және халықаралық ұйымдар;
- халықаралық құқық сынды үш топты құрайды.
Саясаттану пәнінің ішкі құрылымы да үш арнаға бөлінеді:
1. Саясаттану ғылымы нені зерттеп, нені оқытады, оның тарихи жолы қандай, бүгінгі теориялық және практикалық проблемалары қайсы деген мәселелер;
2. Саясат, саяси билік және саяси жүйеге қатысты мәселелер;
3. Саясаттың, саяси биліктің мемлекетаралық көріністері төңірегіндегі мәселелер.
1949 жылы ЮНЕСКО – ның құрамында Бүкіләлемдік саяси ғылымдардың ассоцияциясы құрылып, оның жыл сайынғы өтетін конференциялары саясаттану ғылымының өркендеуіне іргелі үлес қосты. ХХ ғасырдың 40-50-ші жылдарында саясаттану ғылымының өркендеуіне америкалық саясаттанушылардың үлесі қомақты болды. Дәл осы жылдары АҚШ – тағы және басқа елдердегі саясат мәселелері бойынша әдебиеттердің орасан зор толқыны жарық көрді. Бұл өз кезегінде жаңа ғылым және білім орталықтар құрылып, көптеген жалпыұлттық және аймақтық саясаттанулық журналдар жарық көре бастады.
АҚШ –ында саясаттану ғылымы негізінен университеттерде шоғырланды – саясаттану ғылымы бойынша кафедралардың саны 1340 жетті.
1949 жылы Францияда Ұлттық әкімшілік мектеп пен Париж университетінің жанынан Саяси зерттеулер институты, Саяси ғылымдардың Ұлттық қоры мен Француз саяси ғылымдар ассоцияциясы құрылды.
1951 жылы “Француз саяси ғылымдар журналы” жарық көре бастады.
1956 жылдан бастап Францияда үкіметтің шешімі бойынша елдің университеттерінде “Конституциялық құқық және саяси институттар” курсы оқытыла бастады. Француз ғалымдарының саясаттану ғылымының дамуына қосқан үлесі айрықша зор. Әсіресе М.Дюверже, Б. де Жувенель, Ж.Бюрдо, Ж. Ведел, М.Прело, П. Фавралардың еңбегі саясаттану ғылымында өзіндік із қалдырды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында саясаттану ғылымының дамуына ағылшын мектебінің өкілдері де өз үлестерін қосты деп атап өтуге болады. 1950 жылы Г. Ласк, Д. Брогэн, Ч.Уильсон, М.Окшоуттың ұсынысымен Бірлескен Корольдіктің саяси зерттеулер ассоцияциясы (БКСЗА) құрылды. Осы жылдан бастап Ассоцияция “Саяси зерттеулер” атты журнал шығара бастады және осы ұйым елдің 40 - тан астам университеттерінде саяси зерттеулер мен дәрістерді әлі күнге жемісті жүгізіп келеді. Бүгінгі таңда жоғарыдағы жураналдан басқа әлем мойындаған “Британ саяси ғылым журналы”, “Үкімет және оппозиция”, “Саяси тоқсандық ” және т.б. журналдар шығарып отыр.
Саясаттану ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан ендігі бір ел ГФР болып табылады. Саясаттану ғылымы Алманияда ХХ ғасырдың 60 – 80 жылдарында кең қанат жайды. Бұл жетістік ең алдымен К.Байме, Г.Рормозер, Г.Люббе, К.Зонтхаймер, Г.К.Кальтенбруннерлердің еңбектерімен байланысты.
Барлық ғылымдар сияқты саясаттану да саяси құбылыстар мен саяси үрдістерді зерттеуде методологиялық негізге, түрлі тәсілдерге сүйенеді. Методологиялық негіз есебінде дүние жүзінің көптеген саясаттанушылыры диалектикалық логиканың принциптерін басшылыққа алады. Саяси құбылыстарға нақты тарихи жағдай тұрғысынан талдау жасау, оларды өзара тығыз байланыста және үнемі өзгерісте деп қарау – зерттеу барысында үлкен маңызға ие болады. Екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы кезеңде саясаттанулық зерттеулердің әдістемелік принциптеріне елеулі жаңалықтар енгізіліп, дамуға үлкен үлес қосылды, ғылымның кең қанат жаюына ықпал етілді. 50-ші жылдары саясаттану ғылымы әдістемелік тәсілдердің жаңа концептуалдық тұжырымдары мен тәсілдерінің кешенін қабылдады. Олардың ішінен бихевиоризм, жүйелік талдау, саяси – мәдени көзқарас және олармен байланысты теориялар мен тұжырымдарды, сондай-ақ тәсілдер мен әдістер, түсініктер мен категорияларды атасақ болады.
Жалпы саясаттану ғылымы да басқа ғылым салалары сияқты жалпы логикалық тәсілдерді қолданады. Оларға анализ және синтез, индукция және дедукция, абстракциялау, абстрактіден нақтыға өрлеу, тарихилық пен логикалықты ұштастыру, т.б. жатады.
Тәсілдердің екінші тобы объектінің ерекшеліктерін тікелей зерттеуді мақсат етеді. Оған жүйелік, құрылымдық – функционалдық, социологиялық, бихевиористік тәсілдер жатады. Жүйелік тәсіл саясатты күрделі, біртұтас, ішкі элементтері өзара иерархиялық байланыста болып, өздігінен реттеліп қозғалысқа түсіп отыратын жүйе есебінде қарайды. Социологиялық тәсіл – саясат пен нақты әлеуметтік ортаның өзара тығыз байланысын басты назарда ұстайды. Бихевиористік тәсіл саясатты жеке адамдардың және топтардың мінез – құлқын таразылау арқылы зерттеуді басшылыққа алады. Бұл тәсіл саясаттың субъектісі, қозғаушы күші – жеке адам, оның психологиялық жағдайы деп біледі.
Тәсілдердің үшінші тобына эмприкалық, тәжірибелік әдіс – түрлері жатады (статистикалық материалдарды талдау, анкета жүргізу, тәжірибе жасау, іскер ойындар, т.б.) Бұл тәсілді сандық тәсілдер деп те атайды.
Саясаттанудың функциялары.
- Гносеологиялық (танымдық) - саяси өмірді шынайы бейнелеу, оның объективті байланыстары мен заңдылықтарын ашып көрсету;
- Аксеологиялық (баға беру) – саяси құбылыстарға талдау жасап, бағалай білу;
- Саяси әлеуметтендіру-азаматтық қасиеттерді, демократиялық саяси мәдениетті қалыптастыру;
- Реттеушілік басқару – саяси дамудың үрдiс, бағдарын бақылай отырып, қоғамдық оқиғаларды тиiмдi басқару үшiн нақты мағлұматтар беру;
- Жетілдіру - саяси өмiрдi ұтымды түрде жаңғыртуға бағыт сiлтеу;
- Болжау – озық саяси өзгерiстер жасауға бағытталған ғылыми негiзделген алдыңғы қатарлы ұсыныстар.
Саясаттанудың санаттары (категориялары).
Саясаттанудың категорияларына саяси құбылыстар мен процестердiң мәнiн бiлдiретiн ғылыми терминдер жүйесi жатады. Олар қатарында көп қолданылатын терминдерге төмендегi категорияларды жатқызуға болады: «саясат», «саяси билiк», «саяси жүйе», «саяси тәртiп», «саяси партия», «саяси мәдениет», «саяси әлеуметтену», «саяси өмiр», «саяси қатынастар», «қоғамдық ұйымдар», «мемлекет», «демократия», «егемендiк», «құқықтық мемлекет», «азаматтық қоғам», «iшкi саясат», «сыртқы саясат» және т.б.
Саясаттанудың басты категориясы, негiзгi түсiнiгi- билiк тұтқасы, саяси билiк, мемлекеттi басқару нысаны. Ал саясаттанудың оқытатын пәнi – саяси билiктiң, билiк тұтқасының қалыптасу, қызмет атқару және өзгеру заңдылықтары.
Саясаттану ғылымының теориялық және практикалық маңызы.
ХХ ғасырдың екінші жартысында саясаттану ғылымының басты теориялары, концепциялары, идеялары қайта жаңырып, жаңаша серпінмен дамыды. Бұл теориялар қатарында мына төмендегі теорияларды атап өту қажет секілді:
· Топтар және мүдделі топтар теориясы мен саяси күштердің тепе – теңдігі теориясы (Д.Трумен, Д.Истон, Р.Тейлор және т.б.);
· Демократия теориясы (Р.Даль, Дж. Сартори және т.б.);
· Элита және элитизм теориясы (Г.Ласуэлл, Р.Милсс, және т.б.);
· Билік, бақылау және ықпал теориясы (Дж.Кетлин, Ч.Мерриам, Г.Моргентау және т.б.);
· Қазіргі заманғы саяси жүйелер теориясы (Д.Истон, К.Фридрих, К.Дойч, Г.Шильс, Р.Арон және т.б.);
· Партиялық –саяси жүйелер теориясы (М.Дюверже,У.Д.Бернхэм, Дж.Санквист,К.Байме, және т.б.);
· Саясилық әлемін құрылымдық – функционалдық талдау теориясы (Т.Парсонс, Ч.Бернард, Р.Мертон және т.б.);
· Саясаттағы дау – жанжалдар мен ымырашылдық (конфликт және консенсус) теориясы (С.М.Липсет, Л.Каузер және т.б.).
Саясаттану ғылымы қоғамды демократияландыруға, Қазақстан мемлекеттілігінің нығайуына қызмет етеді. Әлеуметтік қамқорлықты басты қағида деп танитын нарықтық қатынастар экономикасына өту, демократияландыру үрдісін онан әрі тереңдету, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру секілді алға қойған басты мұраттарымыз республика азаматтарына түсіндіруге ықпал жасайды.
Негізгі әдебиеттер:17[ 433,494,519 бб.]
Қосымша әдебиеттер:1 [7-15 бб], 13 ч.1[16-36], [79-101], 4[5-20], 7 [5-19], 8[11-23]