Екінші: Тиләуат сәждесі
Тиләуат сәждесі дегеніміз - Құрандағы сәжде аяттары оқылғанда оны естіген әркімнен жасалуы талап етілетін бір сәжде. Тиләуат сәждесінің үкімі ханафи мәзһабінда ғана уәжіп. Тиләуат сәждесінің үкімін уәжіп дәрежесіне көтеретін дәлел: Аллаһ тағала Құран Кәрімде сәжде жасамаушыларды сөгіп, былай дейді:
﴿فَمَا لَهُمْ لَا يُؤْمِنُونَ . وَإِذَا قُرِئَ عَلَيْهِمُ الْقُرْآنُ لَا يَسْجُدُونَ﴾
«Иман келтірмейтіндей оларға не болды?! Өздеріне Құран оқылған кезде сәжде жасамайды»[543].
Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان يقرأ القرآن، فيقرأ سورة فيها سجدة فيسجد ونسجد معه حتى ما يجد بعضنا موضعاً لمكان جبهته)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге Құран оқитын. Ішінде сәжде аяты бар сүрені оқығанында бірден сәжде жасайтын. Оған еріп біз де жасайтынбыз. Кейбіріміз, тіпті маңдайын қоюға орын таппай қалатын»[544].
Тиләуат сәждесінің беделі келесі хадисте байқалады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا قرأ ابن آدم السجدة فسجد اعتزل الشيطان يبكي. يقول: يا ويله، أُمِر ابن آدم بالسجود فسجد فله الجنة، وأمرت بالسجود فأبيت فلي النار)
«Адам баласы сәжде аятын оқығанда сәжде жасаса, шайтан аулақ кетіп жылайды және былай дейді: (Қайғыға тап болдым. Адам баласына сәжде бұйырылып еді, бірден сәжде жасады. Енді оған - жәннат. Ал маған сәжде жасауым бұйырылғанда бағынбадым. Енді маған - тозақ)»[545].
Тиләуат сәждесін аятты оқушы да, естуші де жасайды. Осман және Ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, пайғамбардың былай дегенін жеткізді:
(السجدة على من سمعها و على من تلاها)
«Тиләуат сәждесі сәжде аятын естігенге де, оны оқығанға да уәжіп»[546].
Сәжде аяты намазда оқылса, тиләуат сәждесі бірден жасалады. Оны уақытынан кешіктіру мәкрүһ тахриман. Намазда оқылған сәжде аятында тиләуат сәждесі біле тұра жасалмай, одан кейін үш аяттан артық Құран оқылса, күнә болады және намаздың аяқталуымен мойыннан түседі. Ал байқаусыздан жасамай кетіп, сәлемнен бұрын немесе сәлем берген кезде есіне түссе, алдымен, тиләуат сәждесін, кейін саһу сәждесін жасайды.
Намаздың сыртында оқылған сәжде аятына келетін болсақ, тиләуат сәждесін бірден жасау уәжіп емес, жалпы жасалуы - уәжіп. Дегенмен, оқылған уақытынан ұзаққа кешіктіру - мәкруһ танзиһан.
Әйел кісіге хайыз бен нифас күйінде тиләуат сәждесін жасау уәжіп емес.
Уәжіптілік себебі:
Сәжде аятының оқылуы немесе біреудің оқығанын естуі. Осман және Ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, пайғамбардың былай дегенін жеткізді:
(السجدة على من سمعها و على من تلاها)
«Тиләуат сәждесі сәжде аятын естігенге де, оны оқығанға да уәжіп»[547].
Сәжде аяттары Құранның он төрт жерінде келген. Олар: «Аъраф»: 206, «Раъд»: 15, «Нахл»: 49, «Исра»: 107, «Мариям»: 58, «Хадж»: 18, «Фурқан»: 60, «Нәміл»: 25, «Сәжде»: 15, «Фуссилат»: 38, «Сад»: 24, «Нәжім»: 62, «Иншиқақ»: 21, «Ъалақ»:19.
Тиләуат сәждесінің сыртқы парыздары:
1. Дәретті болу.
2.Әураттің жабық болуы.
3.Құбылаға бағытталу.
Тиләуат сәждесінің ішкі парыздары:
1.Ниет.
2.Сәжде.
Тиләуат сәждесінің жасалатын орны
1 - Намазда сәжде аятын оқыған кісі тәкбір айтып бірден тиләуат сәждесін жасайды. Сосын қиямға көтерілгенде екі не одан да көбірек аят оқығаны абзал. Имам жамағатпен іштей оқылатын намазды жүргізгенде сәжде аятын оқыса, жамағатты жаңылыстырмау үшін тиләуат сәждесінің орнына намаздың рүкүғін немесе сәждесін қолдануына болады. Ал дауыстап оқылатын намазда тиләуат сәждесін арнайы түрде жасайды. Имамға еріп жамағат та сәжде жасайды. Біле тұра тиләуат сәждесін атқарусыз қалдыру күнә болғанымен намаз бұзылмайды. Мұндай жағдайда ол намаздан кейін тиләуат сәждесінің қазасын өтемейді.
2 - Мәжілісте отырғанда уағыз айтуышы сәжде аятын бірнеше мәрте қайталаса, тиләуат сәждесінің бір мәрте жасалуы - жеткілікті. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) осылай істейтін. Бір кісі намаздың сыртында сәжде аятын оқып тиләуат сәждесін жасаса, кейін намазда тұрғанында сол аятты тағы оқыса, тиләуат сәждесін қайта жасауы - уәжіп.
Тиләуат сәждесінің жасалу бейнесі
Тиләуат сәждесі тәкбірмен жасалады және одан тәкбірмен көтеріледі. Тәкбір кезінде қол көтерілмейді. Тиләуат сәждесінен бас көтергенде ташаһһуд оқылмайды. Тиләуат сәждесінде намаздағыдай үш мәрте «субхана рабби ал-әъла» айтылады. Сондай-ақ сүннетте келген мына дұғаларды қосып айтуға болады:
(سجد وجهي للذي شق سمعه وبصره بحوله وقوته)
«Жүзімді күш-құдіретімен жаратып, бейнелеген әрі оған есту және көру мүшелерін ойып жасаған Аллаһқа жүзім сәжде жасайды»[548].
Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يقرأ علينا القرآن فإذا مر بالسجدة كبّر وسجد وسجدنا معه)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге Құран оқитын. Сәжде аятын оқыған кезде тәкбір айтып, сәжде жасайтын. Онымен бірге біз де сәжде жасайтынбыз»[549].