Аржылық жоспарлауды жетілдірудің негізгі бағыттары
Ұлттық шаруашылықтағы рыноктық қатынастар қаржылық жоспарлауды дамытуды, экономиканы рыноктық реттеудің әдістері мен оның өзара іс-әрекетін күшейтуді қажет етеді. Рыноктық қатынастар стихиялықтарымен қатар өзіне реттеуші бастауды да ала жүреді: салықтар, аударымдар, банк кредиті мен пайызы, келісімшарттық міндеттемелер, мемлекеттік тапсырыс, акциялардың бақылау пакеті. Бұл жағдайда, сөз жоқ, қаржылық жоспарлау айтарлықтай элементі болып саналатын экономиканы жоспарлы реттеу де қажетті болып табылады. Рыноқтық экономиканы мемлекеттік реттеу бірінші кезекте монополияға қарсы саясатты, салықтық, бюджеттік, банктік, кедендік саясатты жүргізумен қамтамасыз етіледі.
Шаруашылық жүргізудің рыноктық жүйесінде сонымен бірге индикативтік, яғни ұсынбалы (нұсқамалық) жоспарлау пайдаланылады; ол ақпараттық үйлестіруші рөлді орындайды және қаржылық қызметтің субъектілеріне экономикалық реттеушілер арқылы жанама түрде ықпал етеді. Индикативтік жоспарлау рыноктық экономиканы мемлекеттік реттеуде және экономиканың стратегиялық ұзақ мерзімді бағыттарын анықтауда маңызды орын алады, мұның үдерісінде экономиканы ойдағыдай дамытудың бүкіл шегі анықталады.
Қазақстанда индикативтік жоспарлау 1993 жылдан бері қолданылады. Оны жасау барысында Батыс Еуропа және Шығыс Азия елдерінің тәжірибелері негізге алынып келеді. 1996 жылдан бері ағымдағы индикативті (жылдық) жоспарлау негізінде мемлекеттік бюджетті жасау жұмыстары қалыптасты.
Индикативтік жоспарлаудың қазіргі кезеңдегі басты ерекшелігі зерттемелік қасиеті. Яғни қоғамдағы үрдістерге терең және жан-жақты сараптама жасау арқылы әлеуметтік-экономикалық дамудың нысандары көзделінеді, әрі алда тұрған небір өзекті мәселелер нақтылы белгіленеді. Индикативтік жоспардың ажырағысыз бөлігі индикативтік қаржылық жоспарлау болып табылады, бұл жоспарлаудың басты мақсаты – болжанған дамуды қамтамасыз ету үшін қаржы ресурстарының шамаланған ауқымын және олардың бағытын анықтау.
Индикативтік қаржы жоспарларының мемлекеттік секторда ғана міндетті сипаты, ал меншіктің басқа нысандарының секторлары үшін кепілдемелік сипаты болады. Соңғыға экономикалық тетіктерді – реттелетін бағаны, субсидияларды, кредиттерді, салық мөлшерлемелері мен жеңілдіктерін, жеделдетілген амортизацияны және басқаларды пайдалану арқылы жетеді. Аса маңызды индикаторларға мыналар жатады: валюта бағамы, инфляцияның болжанған деңгейі, Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемелері, амортизациялық аударымдардың нормалары.
Индикативтік жоспар – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму саясатының негізгі бағыттарын, жоспарланатын кезеңге арналған оларды іске асыру жөніндегі іс-шараларды, елдің әлеуметік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштерін (индикаторларын) және мемлекеттік-экономикалық реттеуіштердің тізбесін қамтитын құжат.
Индикативтік жоспарлар орын алып отырған проблемаларды кешенді түрде шешуге және стратегиялық мақсаттарға кезең-кезеңімен қол жеткізуге бағытталған, орта мерзімді және ағымдағы перспективаға арналған мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты айқындайды.
Индикативтік жоспар ғылыми негізделген түрде экономикалық үдерістерді бейнелеп көрсетуі және экономика мен қаржы дамуының жекелеген параметрлерін баламалы түрде келісіп шешуі, дамудың ұзақ мерзімді үрдістеріне сәйкес оларды қажетті арнаға бағыттауы тиіс. Бұл, біріншіден, әр түрлі жүйелер, көрсеткіштер бойынша (натуралдық-заттай және құндық теңгерімділік, бағаларды тұрақтандыру, кірістер мен шығыстардың үйлесімдігі, төлем балансының тепе-теңдігі және т.б.) экономикалық тепе-теңдікті сақтаудың қажеттігіне қатысты. Екіншіден, индикативтік жоспар ұлттық шаруашылықтағы қажетті құрылымдық өзгерістерді, соның ішінде инвестициялар арқылы да қамтамасыз етуі тиіс. Индикативтік жоспарлау кезінде басымдықтардың тізбесі экономикалық және әлеуметтік саясаттың бағыттарына байланысты болады; бұл даму үйлесімсіздіктерін жою, инвестициялық қызмет, өндірісті жаңғырту, өнімнің бәсекеге жарамдылығын қамтамасыз ету, ғылымды дамыту, білім беру, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік жаңғырту және басқалары болуы мүмкін.
Индикативтік жоспарлау жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады. Бұл жерде сонымен бірге мемлекеттің, аумақтың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің (кәсіпкерлер) келісімі мен мүдделерінің қағидаты міндетті.
Рыноктық экономиканың қағидаттарына сәйкес келетін шаруашылық механизмін енгізу басқарудың барлық деңгейлерінде қаржылық жоспарлаудың жаңа әдістерін әзірлеуді қажет етеді. Қаржылық жоспарлаудың мазмұнындағы өзгерістерді айқындайтын аса маңызды шарттар ретінде мыналарды бөліп көрсетуге болады:
меншікті қаражаттарды пайдалануда дербестікті кеңейту және қаржылық-
шаруашылық қызметтің нәтижелері үшін шаруашылық органдардың жауапкершілігін арттыру; табысты бөлудің жаңа салықтық қағидаттарын енгізу орталықтандырылған органдардың бақылауынан ресурстардың едәуір бөлігін шығарады;
тауар-ақшалай қатынастарды пайдалану сферасын кеңейту өндіру және тұтыну сферасында материалдық өтеуі болатын төлем қабілеті бар сұранымның теңгерімділігін қолдаудың әдістерін әзірлеуді талап етеді; жиынтық қаржылық жоспарлаудың негізіне материалдық-заттай және қаржылық-құндық құрамы бойынша жиынтық экономикалық көрсеткіштерді теңгеру әдістері қойылуы тиіс;
аумақтық жоспарлау сферасында биліктің жергілікті органдары мен барлық деңгейлердің басқару дербестігі күшейіп отыр.
Жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаның іс-шаралары бюджеттік ресурстарды мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін, нақтылы, өлшенетін, қоғамдық мәнді нәтижелерге қол жеткізуде бюджеттік үдерістің барлық қатысушыларының тұрақты мүдделілігі мен ынталандырмаларын жасауға бағытталған. Бюджет жүйесі нормативті белгіленген қағидаттар мен ережелерді орындау тұрғысынан формалды емес, іс жүзінде бірыңғай болуы тиіс.
Нәтижеге бағытталған бюджеттендіру әдісін енгізу мемлекет шығыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға, стратегиялық, орта мерзімді жоспарларын бюджет жоспарларымен үйлестіруді жүргізуге, бюджеттің әлеуметтік және инвестициялық құрамдас бөліктерін күшейту үшін қаржылық ресурстарды ынталандыру есебінен оларды босатуға жағдай жасайды. Нәтижеге бағытталған бюджеттендіру – бұл мемлекеттік саясат басымдықтары мен бюджеттік қаражаттарды пайдаланудың күтілетін нәтижелерінің қоғамдық мәнділігін ескере отырып, мемлекеттің мақсаттары, міндеттері және функциялары бойынша бюджеттік ресурстарды бөлуді қамтамасыз ететін бюджетті жоспарлау, атқару және оның атқарылуын бақылау әдісі.
Бұл әдіс шығындар мен нәтижелерді өлшемдеуге, бюджеттік қаражаттарды жұмсаудың неғұрлым тиімді жолдарын таңдауға, жоспарланған нәтижелерді және олардың сапасына жету дәрежесін дер кезінде бағалауға мүмкіндік береді.
Бюджеттік үдерісті реформалау қаржылық менеджменттің қағидаттарын енгізудің алғы шарттарын жасайды, яғни әкімшілік жолмен басқарылатын бағдарламалардың тиімділігі бойынша мемлекеттік органның қызметі туралы жоруға мүмкіндік беретін нақтылы мүмкіндіктерге орындалатын функцияларға бейімделу бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктерін кеңейтеді.
Қазақстан Республикасының Парламенті өңірлердің қаржылық ресурстарына тиіспей тек республикалық бюджетті қарайды. Сондықтан өзін-өзі қаржыландыру қағидатына аумақтарды көшіруде аумақтық қаржы жоспарларының рөлі артады. Барлық деңгейлерде бюджеттік үдерісті автономдау (дербестеу) туралы шешім қызмет нәтижелеріне тәуелділікті және тиісті аумақтарға кіріс-тердің түсуін жоспарлауда облыстар мен басқа аумақтық-әкімшілік құрылымдардың құқығын кеңейтуде үлкен қадам болып табылады.
Өндіріс пен қаржы рыногы жағдайларында тез ауыспалы рыноктық конъюнктураның ықпалында болатындықтан жоспарлы кезеңдер ұзын сонар болуы мүмкін емес. Қаржы жоспарлары өтпелі кезең жағдайларында көбінесе болжамдар болып келеді. Осы кезеңге сипатты болатын өндіріс динамикасының тұрақсыздығы, маркетингтің және шаруашылық байланыстардағы және ақшалай қатынастардағы басқа алдын ала айтуы қиын құбылыстар қаржы жоспарларын әзірлеудің дүркіндігін 5 жылдан 1 жылға дейін қысқартуға алып барады. Тоқсандық жоспарлар жұмыс жоспарлары бола бастайды; оларға қосымша ретінде 10-30 күнге арналған оперативтік қаржы жоспарларын да әзірлеу талап етіледі.
Қаржылық және бюджеттік жоспарлау мемлекеттің бірыңғай қаржылық саясатын жүргізуді қамтамасыз ететін тұрақты ұзақ мерзімді нормативтер
жүйесінің базасында құрылуы тиіс. Қаржылық қатынастарды реттейтін эконо-микалық нормативтер мыналарды қамтамасыз ету тиіс:
бөлгіштік қатынастарда мемлекеттік, ұжымдық және жеке мүдделердің оңтайлы үйлесуі; ақшалай қорланымдар өсуінің интенсивтік факторлары есебінен олардың көбеюін ынталандыру;
өндірісті дамыту, әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру және еңбек ұжымдарының тапқан қаражаттары есебінен оларды материалдық көтермелеу бойынша шығындарды қаржыландыру.
Рынокқа өту кезінде кәсіпорын қызметін тиімді басқарудың шешуші шарты ретінде фирманың ішкі қаржы жоспарларының да мәні арта түсті.
Қазіргі кезде көптеген фирмалар, акционерлік қоғамдар және басқа кәсіпорындар қаржылық жоспарлауда да жалпы дүниежүзілік стандарттарға көше бастады. Әңгіме барлық белгіленетін шараларды қаржымен қамтамасыз етуде маңызды орын алатын бизнес-жоспар жасау туралы болып отыр. Осы мақсатпен қаржы жоспары және қаржыландырудың стратегиясы жасалынады.
Кәсіпкерлік буындар өзінің шаруашылық-коммерциялық қызметінде бизнес жоспарлар деп аталатынды басшылыққа алады. Бизнес жоспар – бұл кәсіпкерлік қызметтің техникалық-экономикалық негізіне сайма-сай келетін құжат. Ол мемлекеттік кәсіпорындардың экономикалық және әлеуметтік дамуының жоспарларына қарағанда қатынастардың барлық жақтарын анағұрлым толық қамтиды. Бизнес-жоспар өнімнің немесе қызметтің ерекшеліктерін, олардың бәсекеге жарамдылығын, өткізу рыногын (рынок болжамын) бағалауды, маркетинг стратегиясын, өндірістік, ұйымдық және заңдық жоспарларды, тәуекел мен бағалауды және сақтандыруды сипаттайтын бөлімдерді кіріктіреді.
Аса маңызды құрамды бөлігі ретінде қаржы жоспары бизнес- жоспарлардың басқа бөліктерінің материалдары мен көрсеткіштерін қорытындылайды және оларды құндық тұлғаланымда көрсетеді. Бұл жерде бірнеше құжаттар әзірленеді:
өткізу көлемдерінің болжамы;
ақшалай табыстар мен түсімдердің балансы;
табыстар мен шығындардың кестесі;
кәсіпорын активтері мен пассивтерінің жиынтық балансы;
залалсыздыққа жетудің графигі .
Дербес бөлім қаржыландыру стратегиясын және инвесторларға шарттасылған көлемдерде және уақыттарда қаражаттардың қайтарылымын көрсетеді.
Сөйтіп, рыноктық ортада қаржылық жоспарлау анағұрлым жоғары сапалық деңгейде жүзеге асырылады және ғылыми әдістерді, қазіргі заманғы техникалық құралдарды және берік ақпараттық базаны пайдалана отырып бұл үдерісті жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа нысандармен және әдістермен молаяды.