Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар
Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап).
Қылмыстық кодекстің 277-бабында көрсетілген осы қылмыстың тікелей объектісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар: табиғат объектілерін сақтау, қоршаған ортаны жақсарту, халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейтін қатынастар болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы табиғи ресурстарды пайдалану, кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен байланыс объектілерін, ауыл шаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектілерін пайдалану, қалалар мен басқа да елді мекендерді салу кезінде, әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшін жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған ортаның едәуір ластануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай кұрып кетуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы арқылы сипатталады.
Заңда осы көрсетілген шаруашылық немесе өзге де қызметті жүргізу үшін экологиялық кауіпсіздіктің мынадай талаптары сақталуы қажет: жобаны техникалық-экономикалық негіздеу, жобалауды қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластауды жою шараларын қарастырумен бірге қоршаған ортаны пайдаланудың тиімді жақтарын есепке алу қажет; объектілерді орналастыруда табиғат ресурстарын тиімді пайдалану жақтары, экологиялық, экономикалық, демографиялық процестердің даму ерекшеліктері еске алынуы, сондай-ақ объектілердің құрылысы құзіретті мемлекеттік органның оны жүргізуге арнайы түрде берген рұқсатын алғаннан кейін жүргізілуі керек.
Обектілер барлық экологиялық талаптар орындалғаннан кейін ғана пайдалануға беріледі; әскери және қорғаныс объектілері, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын барлық экологиялық талаптар орындалған соң іске қосылады.
Осы қылмыстың объективтік жағы Қылмыстық кодекстің 277-бабының диспозициясында көрсетілген шаруашылық және өзге де жұмыстарды жүргізуге қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы, қылмыстың зардабы және олардың арасындағы себепті байланыс арқылы көрініс табады.
Талаптардың бұзылуын анықтау үшін арнаулы нормативтік-құқықтық актілерге жүгінуді талап етеді: яғни бұл баптың диспозициясы бланкеттік. Экологиялық талаптарды реттейтін арнаулы нормалар біршама. Олардың қатарына: Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 18 наурыздағы «Экологиялық сараптама туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау туралы»; Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 карашадағы «Жануарлар дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану туралы»; Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпанындағы «Өсімдіктер карантині туралы" заңдары, сондай-ақ жер қатынастары, атмосфералық ауаны қорғау туралы т.б. заңдар жатады.
Экологиялық талаптардың бұзылуы орын алғандығы Қазақстан Республикасының "Экологиялық сараптама туралы" арнаулы заңымен реттеледі.
Қылмыстың объективтік жағының тағы бір қажетті белгісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзудың қоршаған ортаның едәуір ластануы, адамның денсаулығына зиян келтіруі, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуі немесе өзге де ауыр зардаптардың орын алуы болып табылады.
Қоршаған ортаның едәуір ластануы деп көптеген адамдардың денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің өмір сүруіне қауіп келтіретін залалдарды айтамыз.
Адамның денсаулығына зиян келтіруге бір немесе бірнеше адамға жеңіл, орта немесе ауырлықтағы зиян келтірулер жатады.
Жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне олардың көптеген аумақтар бойынша сансыз қырғынға ұшырауы жатады.
Өзге де ауыр зардаптарға адамдардың улануы, эпидемия таралуы, қоршаған табиғи ортаны жақсарту бағдарламасын жүзеге асырудың үзілуі, ірі материалдық залалдардың келтірілуі т.с.с. жатады. Баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттер мен орын алған зардаптардың арасында себепті байланыс болуы тиіс.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, 16 жасқа толған, шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына жауапты лауазымды немесе лауазымды емес адамдар. Мысалы, экологиялық сарапшылар, жергілікті атқару органдарының лауазым адамдары, қадағалау немесе бақылау органдарының лауазым адамдары т.б.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап)
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау аясындағы қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың заты — химиялық, радиоактивті, биологиялық заттар.
Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы, егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіру арқылы сипатталады.
Химиялық заттарға — өте жоғары уландыратын, зәрлі, тері-нерв жүйелеріне қатты әсер ететін, тұншықтыратын, тітіркендіретін және адам жүйесін зақымдандыратын нәрселер жатады.
Радиоактивті материалдарға — құрамында ядролық қосындылар бар заттар жатады. Мысалы, уран, плутоний т.б.
Биологиялық заттарға — адамдар, жануарлар мен өсімдіктер арасында жаппай ауру тарататын әр түрлі бактериялар, вирустар, жәндіктер т.б. жатады.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу тәртібі арнаулы құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Яғни Қылмыстық кодекстің 278-бабында көрсетілген норма бланкеттік болып табылады.
Осы көрсетілген жұмыстарды жүргізу кезінде экологиялық талаптарды бұзу әрекеттері адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіруі қажет.
Төнген қауіпке қоршаған ортаның сапасының, табиғат объектілерінің жағдайларының улануға, ластануға байланысты тым нашарлап кетуі; экологиялық зиянданудан жануарлардың жаппай өлім-жітімге ұшырауына әкеліп соғуы; адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға нақты елеулі зиян келтіру мүмкіндігі төнуі жатады. Зиян келтіру қаупінің болғанын немесе болмағанын тергеу, сот органдары істің нақты жағдайларына байланысты анықтайды.
Қылмыс құрамы формальдық. Ол диспозицияда тізбектелген іс-әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Ықтимал экологиялық қауіпті заттармен жұмыс істеу тәртібін бұзудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны істеуді тілейді.
Қылмыстың субъектісі арнаулы — ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану ережесін сақтауға міндетті 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 278-бабыньщ 2-тармағында қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, не жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне әкеп соққан, сондай-ақ төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Бұл қылмыс құрамы материалдық. Қылмыстық жауаптылық заңда көрсетілген зардаптардың біреуінің болса да орын алған уақытынан немесе ондай зардап болмаса да, бірақ іс-әрекет төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалса аяқталған деп танылады.
Қазақстан Республикасының қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы: тұрғындарды төтенше оқиғалардан қорғау жөніндегі және басқа заңдарға сәйкес Республиканың кейбір аумақтары, объектілері шаруашылық немесе басқа қызметтерді дұрыс жүргізбеу әрекеттерімен қоршаған ортаға, тұрғындардың өміріне, өсімдіктер мен жануарлардың өмір сүруіне тұрақты теріс әсер ететін елеулі жағдайларға байланысты кала, аудан, жеке объект төтенше экологиялық жағдай аумағы деп жариялануы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 278-бабының 3-тармағында: осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе кісі өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Жаппай сырқаттануда көп адамдар уақытша еңбек қабілетінен айырылып, қатардан шығып қалады. Сырқаттың тікелей себебі — экологиялық қауіпті заттарды өндіру, пайдалану ережелерінің бұзылуынан болып табылады.
Микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап)
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпсіздік аясындағы қатынастар.
Қылмыстьң заты — микробиологиялық, биологиялық агенттер, микроорганизмдер (бактериялар, вирустар, микроскопиялық грибтер т.б.), улы заттар.
Қылмыс объективтік жағынан микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе улы заттарды жинап қою, жою немесе көму кезінде экологиялық талаптарды бұзу немесе оларды Қазақстан Республикасына ұқсату, сақтау немесе көму үшін заңсыз әкелу, егер бұлар адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қатерін туғызғаны арқылы сипатталады.
Миробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе улы заттармен жүмыс істеудің тәртібін белгілейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер бар. Осы заттармен жұмыс істеудің экологиялық талаптарын бұзу фактісін анықтау үшін маманның немесе сарапшының көмегі кажет. Демек көрсетілген баптың диспозициясы бланкеттік. Осы бапқа сәйкес экологиялық талаптарды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады. Әрекетке биологиялық агенттерді, улы заттарды жарамсыз тәсілдермен сақтау, өлшеу немесе оларды өндіруге сақтау кезінде белгіленген температураны немесе сақтау режимін бұзулар жатады.
Әрекетсіздікке осы заттарды жинап қою, өндіру, сақтаудың белгіленген қауіпсіздік ережелерін сақтамау жатады.
Қылмыстан адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілу қаупі тууы керек. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Заңда көрсетілген экологиялық талаптарды бұзған елеулі зиян келтірілу қаупі нақты болған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, жоғарыда көрсетілген заттармен жұмыс істеуге жіберілген адам.
Қылмыстық кодекстің 279-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі — қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, не жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне әкеп соққан, сондай-ақ төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер, ал осы баптың 3-тармағында қылмыстың өте ауырлататын түрі — осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адамдардың жаппай ауруына немесе кісі өліміне әкеп соққан әрекет үшін жауаптылық белгіленген.
Қылмыстық кодекстің 279-бабы 2-тармағында сөз болып отырған төтенше экологиялық жағдай аумағы деп Қазақстан Республикасының "Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі" 1997 жылғы 15 шілдедегі заңының 8-тарауына сәйкес белгілі бір аумақта адамдардың іс-әрекеті немесе табиғат апаты салдарынан пайда болған қоршаған ортаның адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесін сақтауға тұрақты қауіп төндіретін қолайсыз экологиялық әсері бар объектілерді айтамыз.
Ветеринарлық ережелердің және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің бұзылуы (280-бап)
Қылмыстың объектісі үй және жабайы жануарларды, құстарды және өсімдіктерді қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты — жабайы және үй жануарлары, құстар, балықтар, аңдар және басқа жануарлар, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі.
Объективтік жағынан Қылмыстық кодекстің 280-бабының 1-тармағындағы қылмыс ветеринарлық ережелерді бұзу міндеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соғу арқылы сипатталады.
Ветеринарлық ережелердің тізбегі Қазақстан Республикасының малдәрігерлік заңында берілген. Осы ережелерді бұзу індеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соққан жағдайда қылмыстық жауаптылық орын алады.
Індеттер деп жануарлардың жаппай жұқпалы аурумен ауруы (эпизотия, түйнеме, топалаң, қарасан т.б.) өзге де ауыр зардаптарға, індетке байланысты ауылшаруашылық өнімдерін (ет, сүт, жұмыртка) өндіруді жою, белгілі бір тұрғын пунктеріне келіп-кетуді тыю т.б. сияқтылар жатады.
Қылмыс құрамы материалдық, ол заңда көрсетілген зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп саналады.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен де, абайсыздықпен де жасалады.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, малдәрігерлік ережелерді және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген ережелер өзіне жүктелген адам.
Осы баптың (280-бап) 2-тармағында өсімдіктердін аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелерді бұзу, ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін жауаптылық белгіленген.
Өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес шараларын белгілейтін сан түрлі арнаулы құқықтық-нормативтік актілер бар. Осыған орай өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің нақты қайсысының бұзылғанын арнаулы заң құжаттары арқылы анықтау қажет. Баптың бұл бөлігінің диспозициясы да бланкеттік. Белгіленген ережелерді бұзу ауыр зардаптарға әкеп соқса ғана кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ауыр зардаптарға — өсімдіктер ауруларының жаппай тарауы (эпифитотия); ірі көлемдегі ауылшаруашылық дақылдарының жойылуы немесе жануарлардың ауруы, орман ағаштарының ауруға ұшыраулары жатады.
Экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап) Экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде зарарсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру шараларын жүргізу міндеті жүктелген адамдардың осындай шараларды жүргізуден жалтаруы немесе тиісінше жүргізбеуі адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп сокса — кінәлі Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпсіздікті реттейтін қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан экологиялық ластау зардаптарын жою жөніндегі шараны қолданбаудан, одан заңда көрсетілген зардаптардың орын алуынан және әрекетсіздік пен зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады. Көрсетілген зардапты жою жөніндегі шараны қолданбау өзіне осы міндет жүктелген адамның белгіленген шараларды жүргізуден жалтаруы (сөзбұйдаға салып ұзаққа созуы, өз міндетін дер кезінде атқармауы) немесе тиісінше жүргізбеуі (жартылай шала жүргізуі, кешігіп жүргізуі немесе белгіленген талапқа сай емес күйде жүргізуі), занда көрсетілген зардап — адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса 294-бап бойынша жауаптылық туындайды.
Өзіне міндет жүктелу — заң немесе басқадай нормативтік актілер, қызмет борышы бойынша, сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
Қылмыс құрамы материалдық, ол занда көрсетілген зардап орын алған сәттен бастап аяқталған деп табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы шарт.
Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі арнаулы, 16-ға толған, өзіне осы бапта көрсетілген міндет жүктелген лауазымды немесе жай адам.