Машиналардағы саптық байқау
203. Рота, батальон және бригада (полк) саптық байқау үшін машиналар алдында жеке құраммен өрістетілген сапқа тұрғызылады:
рота – машиналар сызығына, жеке құрам – екі қатарлы сапқа;
батальон – машиналар және жеке құрам – роталық немесе взводтық лектер сызығына;
бригада (полк) – машиналар мен жеке құрам – роталық лектер сызығына.
204. Машиналардағы жеке құрамның саптық байқауы жаяу тәртіппен байқау үшін көрсетілгенге сәйкес жүргізіледі.
Қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың бар болуы және жай-күйін, сондай-ақ машиналардағы әрекеттерге жеке құрамның дайындығын тексеру саптық байқауды өткізетін бастық көрсеткен тәртіппен жүргізіледі. Ол машиналармен салтанатты шерумен жүріп өту тәртібін де айқындайды.
205. Машиналармен салтанатты шерумен жүріп өту роталық немесе батальондық жорықтық лектермен жүргізіледі. Бригада (полк), сондай-ақ екі және одан да көп лекпен жүріп өтуі мүмкін.
Байқау өткізілетін роталар, батальондар командирлерінің, бригада (полк) командирінің машиналарындағы кабиналардың люктері мен әйнектерінен басқа, машиналар кабиналарының люктері мен әйнектері жабық болуы тиіс. Одан басқа, салтанатты шерумен қозғалыс жасаған уақытта люкте болуға рұқсат етілген бөлімшелер командирлерінің машиналарындағы люктер ашық болуы тиіс.
Байқау өткізетін бастықтың рұқсатымен кабиналардың люктері мен әйнектері басқа да машиналарда ашық болуы мүмкін.
Салтанатты шерумен қозғалыс жасаған кезде машинаның командирлік люгінде (қораптың оң жақ алдыңғы бұрышында) мыналар тұрып тұрады: рота байқауында – рота командирі, взводтар мен машиналар командирлері; батальон байқауында – батальон командирі, роталар және взводтар командирлері, бригада (полк) байқауында – бригада (полк) командирі, батальондар мен роталар командирлері.
Автомобильде қозғалыс жасаған кезде бөлімшелер мен бөлімдер командирлері машина жүргізушісінің жанында отыруы мүмкін.
206. Салтанатты шерумен қозғалыс жасау «Лекпен – ЖҮР» командасы (белгісі) бойынша басталады. Қозғалысты барлық машина бір уақытта орнында тұрған сол сапта немесе командирдің командасы бойынша жүріс кезінде белгіленген арақашықтық пен аралықты қабылдап, қайта сапқа тұрғызылып бастайды. Егер машиналар арасындағы арақашықтық 10 метрден аспайтын болса, онда машиналар белгіленген арақашықтықты, ал екі және одан да көп лекпен жүріп өту кезінде аралықты да ала отырып, қозғалысты кезекпен бастайды.
Байқау өткізетін бастыққа дейін екі-үш сызықтық қалғанда машиналардың командирлік люгінде (кабинасында) отыратын командирлер қолын бас киіміне апарады және онымен бір уақытта басын бастық жаққа бұрады. Қалған әскери қызметшілер осы Жарғының 167-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді, бұл ретте «кеудеге» күйіндегі автоматтар сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұсталады. Байқау өткізетін бастықтың жанынан бір сызықтық арақашықтыққа өткеннен кейін бөлімшелер мен бөлімдердің командирлері бас киімінен қолын төмен түсіреді және басын тік қаратады, ал қалған әскери қызметшілер «еркін отыр» күйін қабылдайды.
207. Бөлімнің Жауынгерлік Туы салтанатты шерумен жүріп өту алдында бөлім командирі машинасының жоғарғы люгінде (десанттық бөлігінде, қорабында) жайылған түрінде орнатылады. Ту ұстаушы мен ассистенттер жүріп өту уақытында бастық жаққа басын бұрмайды. Автоматтармен қаруланған ассистенттер оларды «кеудеге» күйінде және сол қолымен сағақ пен ұңғы бастырмасынан ұстауы тиіс.
8-тарау. Бригада (полк) Жауынгерлік Туының саптағы жағдайы,
Оны шығару және әкету
Жалпы ережелер
208. Бөлім бойынша бұйрықпен Жауынгерлік Туға көбіне ордендермен және медальдармен наградталған сержанттар немесе офицерлер қатарынан ту ұстаушы мен екі ассистент тағайындалады.
Одан басқа, бригадаға (полкке) Жауынгерлік Туды шығарған және сақтау орнына әкеткен кезде оған ілесіп жүру үшін бөлім бойынша бұйрықпен туды алып жүруші взвод тағайындалады. Туды алып жүруші взвод Жауынгерлік Туды сақтау орнына алып бара жатқанда оның жанында ту ұстаушы, ассистенттер және белгі беруші-барабаншы болуы тиіс.
Жауынгерлік Туды алып жүрген кезде ту ұстаушы мен ассистенттерде аспа бау болуы тиіс (10-қосымша).
Бөлімге Жауынгерлік Ту үнемі жайылған түрінде шығарылады. Елеулі қашықтыққа қозғалыс жасағанда Жауынгерлік Ту қабында алып жүріледі (тасымалданады).