Онақ шақырып, төріңді көрсет

Тоғызыншы ғасырда Қорқыт бабамыз: «Қонақ келмеген үйдің тұрғанынан құлағаны жақсы. Қонақсыз үй – мазар» деген екен. Қазіргі заманда «қонаққа шақыру мәрттік емес, қонаққа бару - мәрттік» дейді. Бұл сөздің де шындығы бар. Адам баласына уақыттан қымбат ештеңе жоқ. Сенің үйіңе келген қонақтың бір күн, жарты күн уақыты кетеді. Ол уақыт - адам өмірінің үлкен бөлшегі.

Қонаққа шақыру - үлкен жауапкершілік. Келген адамдардың уақыты мәнсіз, мағынасыз өтпесін, уақытының босқа өтпегеніне қуанатындай отырыс ұйымдастыра біл. Сондықтан бірге отыра алатын, бір-бірлерін қадірлейтін, құрметтейтін, әңгімелері жарасатын адамдарың басын қосып шақыру керек. Әңгімені шақырған адам бастайды, сонда бүгінгі бас қосудың себебін, мақсатын айту керек. Мысалы: «Сіздердей абзал азаматтарға үйімізді көрсетіп, төрімізге отырғызу көптен бері ойымызда жүр еді. Сіздердей ел азаматтарын өзіміз ғана біліп қоймайық, балаларымыз көрсін деп ойлап едік, сіздермен мақтанып жүретінімізді естіген біздің ең жақын досымыз сіздермен танысуға, әңгімелесуге соншама құмартты, сондықтан бастарыңызды қосып едік, т.б. сөздермен келген қонақтардың мерейін көтере сөйлеу керек. Сонда тақырып өзінен өзі белгілі болып, әр қонақ өз жауапкершілігін сезіне, әңгімеге араласатын болады.

Үйіңе келген қонақты патшадай сыйла. Көңіліне келетін сөз айтушы болма. Қабағыңды кіржитпе. Қазақ айтады, «Қонаққа тамағыңды емес, қабағыңды бер» деп, ендеше жарқылдап жүріп, күліп-ойнап берген асың жұғымды да, сіңімді болады.

Қызым, кейде шақырылмаған қонақ та келіп қалады, не болмаса түн ішінде күйеуің досын ертіп келуі мүмкін, қанша жерден жақтырмай тұрсаң да, білдірме, сездірме. Кішкене ұйқың бұзылса, түк етпейді. Күнде келіп жатқан жоқ. Барыңды дастарханға қойып, күтіп жібер. Содан кейін жолдасың да, оның досы да саған разы болады. Алда-жалда күйеуің жолдастарын ертіп келуді жиілетіп жіберсе, қонақтың көзінше емес, оңаша отырғанда ашуланбай айтуға болады.

Арнайы шақырған қонаққа жақсы дайындал. Дастарханың берекелді болсын. Асатын етті келетін кісілерге қарай сал. Қадірлі үлкен кісіге малдың басын және қасына жамбас қоясың. Асықты жілік, тоқпан жілік және бел омыртқа, жауырын, жезде, күйеубалалар болса, оларға төс салуға болады. Турауға да ет болатын болсын. Еттің семіз болғаны жақсы. Бас-сирақты жалпы етпен емес, бөлек асқан дұрыс. Бастың құйқасы сыпырылып кетпес үшін асықпай жай отқа қайнату керек, тіптім басты таза мәрліге орап, байлап та асуға болады, бастың тісі қағылған, жақсы жуылған болсын. Еттің де көбігін қайта-қайта алып тұрып, сорпаны сапырып отыру керек. Сонда еттің көбігі жабыспай, таза піседі. Ет көп пісіп кетсе де дұрыс емес, аз қайнатып, қатты етуге де болмайды. Сыйлы қонақтарға сүйектердің етін алмай, тұтас қойып, астына бос етті турап, тұздығын құйып апар. Ет табақтың ернеуінен сорпа төгіліп тұрмасын, қонақтардың үстеріне ағып-тамып жатса, ұят болады. Ал тәрелке, қасықтарыңа мұқият бол. Ыдыстарың таза әрі құрғақ болсын. Су ыдыс-аяқты берген ұят болады. Қонақтардың алдарындағы тәрелкелерін әр тамақта ауыстырып отырған дұрыс. Тамақтың қалдығын, ауыз сүртетін қағаздарды, т.б. тез арада алып кетіп, қонақтың алдын таза етіп қою керек. Салаттарды да сүйсініп жейтіндей, дәмді жаса. Қандай тамақ жасасаң да, қонақтарым сүйсініп жесе екен деген тілекпен жасасаң, ол дәмді болады. Суық ет, тауық, балық қойғанда да тамаша етіп көкпен безендіріп қой, ал енді шай мәзіріне ерекше дайындық керек. Тәтті тағамдардың ең жақсысын алуға тырыс. Құрғақ жеміс-жидектердің де тазасын, жақсысын ал. Қымбат екен деп, арзанға жүгірме. Базардан алған өрік, мейіз, аршылған жаңғақ, кишу, миндаль дәндерінің барлығын жуып, дәндерді духовкаға салып кептіріп ал. Рас, қазір бәрі дүкендерде бар, бірақ соған қарамай, бауырсақ, чак-чак, қаудырлақты, самсаны, тортты үйде дайындаған жақсы. Кез-келген адам үйдің дәмін бағалайды. Қонағыңа сый-сияпат жасайтын болсаң, салмақты етпей-ақ, бір жағдаятты (ойын, би, неше түрлі жарыс т.б.) ұйымдастырып, (приз) ұтыс -сыйлық ретінде беруіңе болады.

Шайды үш түрлі дайындаған жөн: қара шай, көк шай,сүтті шай. Әр қонақтан қандай шайды қалайтынын сұрап барып, қалаған шайын құйып бер. Қандай қауырт шаруаларың болса да, қонақтардың шай кеселерін қарап отыр, кейбіреулер бос кесесін ұсынуға ұялады. Қонақтарға беретін сыбағаңды дастарханнан алмай, күннен бұрын дайындап қойғаның дұрыс. Мүмкіндігінше, келген қонақтың үйіне қалай жететінін ойластырған жақсы. Егер ол кісілерге көлік келмейтін болса, көлікті жүргізушімен күні бұрын дайындап қойыңдар.

Наши рекомендации