АлҒашҚы діни нанымдар жӘне олардыҢ мӘні 2 страница
Мифтердің ішінде Мемфис қаласының қорғаушысы Птах атты құдайдың әлемді жаратуы туралы миф ерекше маңызды. Бұл құдай барлық дүниені, бүкіл әлемді оймен және сөзбен жаратқан. Ол аттарын тізіп айта отырып, алғашқы сегіз құдайды жаратады. Осымен бірге Амон-Ра Египет дінінде «барлық әкелерді, барлық құдайлардың әкесі, көкті көтеріп, жерді орнықтырушы, бірден-бір ұлы жаратушы құдай» болып қала береді. “Амон” сөзі “құпия”, “тылсым” деген мағынаны білдіреді. Яғни, оның бүкіл болмысы көзге көрінбейтін, ғайып, тылсым. Ол Египеттің барлық қалаларында бас құдай болып танылды. Өзге құдайлардың бәрі жиыла келе осы бір Амон-Раның болмысын сипаттаушы болып танылады. Амон-Ра бір уақытта Осирис те, Птах та, басқа құдайлар кейпінде де бола алады деп саналды. Мәселен, кештің құдайы Атум, таңды сәулелендіруші Хепри болса, осылардың екеуі де, сонымен бірге Күннің де құдайы жиынтығында Амон-Ра деп танылды. Ол тотемдік рәміз ретінде қаршыға және алып мысық кейпінде бейнеленеді. Антропозооморфтық бейнесінде қаршыға басты, күн тәрізді тәж киген адам түрінде салынды. Амон-Ра әлемдегінің баршасына иелік жасап, күндіз алтын қайықпен Нілде жүзіп жүреді, түнге қарай жер асты дүниесін кезеді деп есептелді. Ол әлемге өзінің үш көмекшісі – данышпандық әйел құдайы Сиа, құдіретті сөз құдайы Ху және әлемдегі тәртіп пен әділет сақшысы, өзінің құдай дағуасындағы қызы Маат арқылы патшалық етті.
Көне Египет мифологиясында өліп, қайтадан дүниеге келіп отыратын құдай – Осирис туралы мифтер циклі бар. Миф бойынша ол адамзатты құдайларды құрметтеуге, қалалар салуға үйретуші, адам етін жеуге тиым салушы. Оны өзімен бірге туған Сет есімді құдай жек көріп, өлтірмек болды. Бірде Осирис үлкен той жасады. Сет тойға саркофаг ала келеді де, барлық қонақтарды кезекпен жатуға үгіттейді. Осиристің кезегі келгенде саркофагтың беті сарт жабылып қалады. Қуанған Сет саркофагты Нілге ағызып қоя береді. Исида күйеуін бүкіл Египетті шарлап іздеп, ақырында Нілдің жағасынан, саркофаг ішінен табады. Осы жерде ол құдіреттің күшімен өлі Осиристен жүкті болып, Осирис Гор есімді құдай кейіпінде дүниеге қайта оралады. Гор әкесін тірілтіп алу үшін өзінің бір көзін жұлып алып, Осиристің аузына салады. Осирис осылай дүниеге қайта оралады. Бірақ ол енді жер астына түсіп, өлгендердің әміршісі әрі төрешісі болады.
Осирис осылай өліп, қайтадан тіріліп отыруына қарай әр мерзімде жыл сайын жаңғырып отыратын барша табиғат символы саналады. Оның әйелі Исида (Исет) диқаншылық және адамзаттың білім нәрін жинауына қамқоршы Ұлы Ана-құдай бейнесін сақтауымен қатар молшылық, отбасы және су, жел құдайы және суда жүзу жебеушісі болып танылады. Ол адал жар және қайрымды ана символы.
Осиристің баласы – Гор Күн құдайы Амон-Раның, өзге құдайлардың құдіреттеріне ортақ саналады. Ол қаршыға кейпінде немесе денесі адам, басы қаршыға түрінде бейнеленді. Бертінгі уақыттарда Гор қанатын жайған күн түрінде бейнеленіп, оған күн сәулесінің құдайы ретінде құлшылық жасалатын болды. Ол фараондардың Осирис қатарлы құдіретті жебеушісі саналды. Нілдің теңізге құятын сағасында орналасқан Бехдет қаласында оған ерекше бас ұрып, оның құрметіне ерекше мейрамдар ұйымдастыру тәртібі болды. Гордың күн құдайы Амонмен дәрежелестігі түрліше көрінеді: бірде ол шығып келе жатқан күн символы түрінде бейнеленсе, бірде бүкіл мемлекеттің сақшысы әрі қорғаушысы болып дәріптеледі.
Сет Осириспен байланысты оқиғадан соң қуғындалған құдай іспетті, шет жайлаған елдер мен шөл далалардың құдайы етінде көрінеді, оның тотемдік белгілері шошқа, жираф немесе есек, есек басты адам, қара ниеттің нышаны.
Ай құдайы Тот (Джехути) Раның жүрегі саналды. Ол шымшық басты адам бейнесінде салынды, тотемдік рәмізі павиан (маймыл) болды. Ол құдайлар пантеонына көне замандарда Батыстан келіп енген, басқа қасиеттерімен бірге шындық пен ақиқат сырына қанық, даналық, жазу, есеп, яғни сауаттылық құдайы, Амон-Ра құдайдың қызы - әділдік құдайы Мааттың күйеуі, көне жәдігерліктерінің және кітапханасының байлығымен мәлім Шмун (Гермополь) қаласында ерекше құрметтелгені байқалады. Птаху құдайымен қатар қойылады.
Птаху құдайының мәртебесі әсіресе мемфисте жоғары болды. Ол алғашқы құдайларды жасаушы болуы себепті Амон-Ра құдайының жаны қасиетті Апис бұқасында болды. Осымен қатар ол Осириспен шендестіріледі (Птах – Сокар - Осирис), молшылық және адамды батпақтан жасаушы қошқар басты Хиум құдайының қасиеттеріне де ие.
Осылармен бірге Амон-Ра культімен байланыссыз, белгілі дәрежеде дербес құдайлар да болды. Олар - өлгендерді жебеуші, қорқау қасқыр басты Анубис (Инпу) құдай; сауық-сайран құдайы, отбасының жебеушісі, дұшпан рухтардан қорғаушы құдай Бэс (бұл құдайға табыну Египетке тыстан келген деп саналады, ол уралда, Сібір мен Орта Азияда басым болған).
Египет мифологиясындағы барлық әйел-құдайлар Исиданың көрінісі болып саналады. Олар: Ренеутет – тағдыр мен қамбадағы астық құдайы, жылан түрінде бейнеленеді; Хатор – аспан және махаббат құдайы; Тефнут – дымқылдық құдайы; Сохмет – соғыс құдайы; Баст – сауық құдайы, мысық түрінде бейнеленген. Бұлардың әрқайсысының өз орындарының болуымен қатар бәрі де Исида деп танылған. Сеттің зұлымдықты бейнелеуіне қарай оның әйелі Нефтида да жағымсыз бейнеленіп, әр дайым Исадаға қарсы қойылады.
Осылайша Египет құдайларының пантионы жергілікті культтердің бір орталықта – Ұлы құдай бейнесіне тоғысып мемлекеттік дінге айналуы Египеттің мемлекеттік тұтастығына қызмет етті. Көне Египеттің сан алуан, өте күрделді, монотеизмге жуық мифологиясын, діни ілімдер мен діни мәтіндерді абыздар мен ақсүйектердің ғана танып, білу мүмкіндігі болды. Ал қара халық өздерінің жергілікті құдайларын құдірет санап, соларға құлшылық жасады.
Көне Египеттегі құдайға құлшылық рәсімдері. Көне египеттіктердің діни ғұрыптарының негізінде адам жаны және Осиристің тірілуіне сену жөніндегі діни түсініктер жатты. Олар адам жаны мынадай төрт бөліктен құрылады деп санаған: 1) Ба – жанның өзі, 2) Хайбет – оның көлеңкесі; 3) Рен – есімі; 4) Ка – адаммен бірге пайда болатын, бірақ онымен бірге өлмейтін, тіпті тәнді сақтаған жағдайда өмір сүре беретін көзге көрінбейтін екінші бейнесі. Осыдан өлген адамның тәнін бальзамдап сақтау, оның мүрдесінің жанына қажет делінген заттар мен ас-су қою рәсімі орныққан.
Адам өлгеннен соң оның жаны – Ба мен есімі – Рен артта қалғандардың есінде сақталуы тиіс болды. Бұл адам өлген соң жанының еркіндігінің символы ретінде құсқа немесе шегірткеге айналады деп саналса, адамның аты – Рен құлшылық атқаратын жерлердің қабырғаларына ойып жазылды.
Көне египеттіктердің о дүниеге қалтқысыз сенімі Осирис туралы мифтен айқын көрінеді. О дүниеге аттанған ададар Осирис құдаймен шендестіріліп, олардық қабырғаға қашалған аттарына “Осирис” есімі міндетті түрде қоса жазылатын болған. Адам жанының пейішке (Иару даласына) барып жай табуы, сонда өзіне шығарылатын үкімді күтуі үшін жерлеу рәсімін дұрыс атқару ерекше маңызды саналған. Адам өлген соң Иару даласына, Осиристің алдына барады, соның көзінше Гор, Анибус және Маат өліктің жүрегін безббенге салып, оның кінасын айырып, үкім шығарады. Бұл уақытта өлік “өлілер кітабынан” “Күнәні мойындау” дұғасын оқып, өз жүрегінің тазалығын дәлелдейді. “Таза” адам Иару даласына жіберіледі де, күнәлілер денесі арыстан, басы крокодиол құбыжық – Амтқа жемтікке тасталады.
Көне Египет діні бойынша фараон жердегі құдай саналды, мемлекеттік және дін басқару соның қолына топтастырылды, Күн құдайы – Ра-ның мұрагері йжәне оның жер бетіндегі бейнесінің өзі болып құрметтеледі. Бертініректе фараон әкім ретінде Осирисдпен шешендестіріліп, жерді қастерлеу рәсімдерін тегіс басқарушы, жер қазынасының бас сақшысы фдәржесінде орнықты. Көне Египет дінінің мемлекеттік сипаты шет аймвақтардағы барлық құдайлар культін бір патеонға біріктіру қажеттігін талап етті. Осындай орталықтандыру барысында Египетті басқару мен ондағы діннің тұтатығының кепілі ретінде фараонды «тірі құдай» дағуасына көтеру заңды құбылыс болатын.
Нілдің батыс жағалауын қуалай «өлілер қаласы» созылып жатты. Осында Осиристің тірілу ғұрпы салтанатпен атқарылатын. Салтанат барысында Исида, Анубис, Гор, Нефтидалардың қатысуы мен Осиристің жаны –Ба қайта «тіріледі». Өліктерді жерлеу үстінде құдайларға бұқа құрбандық етіліп, аяғы ұлан-ғайыр тойға ұласып отырған. Діни сенімде осы тойға ұласып отырған. Діни сенімде осы тойға өлген адамның жаны бірге қатысады деген түсінік орныққан.
Египет ақсүйектеріне қойылған ең көне құлшылық ескеткіштері – мастабтар немесе үш бөліктен тұратын қабірлер. Оның алдыңғы бөлігіне құрбандық шалатын қондырғы мен о дүниеге өткен адамға тартулар қойылатын болған. Екінші бөлмесіне өлген адамның тас мүсіні орнатылған. Ал жердің астын үңгіп жасалған бөлегіне саркофаг орналастырылған. Көне патшалық дәуір фараондарыны мүрдесі үшін алып пирамидалар тұрғызылған. Орта және Жаа патшалық дәуірлерінде пирамидалар орнына тау үңгірлерін қашап, қуалай отырып ұзын галереялар жасалатын болған.
Әдетте ең үлкен храм қаланы қорғаушы құдайына арналып тұрғызылып, оған құдай мүсіні қойылған. Барлық ғұрыптар мен рәсімдер осында атқарылған. Храм тек құдай үйі болып есептелгендіктен, өзге ресми шаралар храм ауласында ұйымдастырылған. Құдай ьмүсіні тұрғызылатын бөлменің кіреберісінде әлемнің құдіретті әміріне мойын ұсынушылықты бейнелейтін залдың жобалануы міндетті саналған. Дінбасылары (абыздар) храмнан тыс үйлерде өмір сүрді. Олардың әрқайсысының қасиетті мәтіндер сақталатын кітапханалары болды. Храм ішіне құдайға тарту алып, фараондар мен дінбасыларының ғана енуіне рұқсат етілді. Дін жолында қара халық аса ерекше. Жағдайларда ғана, мәселен, тұңғыш бала көргенде, құдай үйінің ауласына ене алатын болды.
Көне Египетте дін басшылары нақты бір құдайға құлшылық ету принципімен бөлінді. Олардың басында жоғарғы дінбасы-абыз тұрды. «Құдай сөзіні» оқитын немесе храм шежіресін жүргізуші діндарлардың артықшылықтары басым болды. Дегенмен, саясатқа белсенді араласып отыратын Амон-Ра құдайының діндарлары басты орынға ие болды. Құдайға құлшылық рәсімдерін үйде атқаруға да рұқсат етілді. Құдайлардың шағын мүсіндеріне құрбандық жасалып, солардың алдында дұға оқылды.
Лекция 4
Жоспар;
1.Қытайдың рухани дәстүрлері.
2. Конфуцийліктің этикалық және эстетикалық қағидалары мен даосизм.
3.Жапон мәдениеті және Синтоизм.
Діндер тарихы тұрғысынан діндердің алғашқы қауымдық діндер, ұлттық діндер және әлемдік діндер деп үшке бөлінеді. Ислам ғұламаларының діндерді «батыл (адасқан) діндер», «иләһи діндер» деп бөлгендігін айтқан болатынбыз. Бұл бөлімде ұлттық діндерге тоқталамыз. Ұлттық діндер – белгілі бір қауымға немесе ұлтқа тән дін. Ұлттық діндерде өзара ортақ еркіндікке және бақытқа жету деген ұғым бар. Қауымның барлық мүшелері осы ортақ еркіндік пен бақытты өзара бөліседі. Сонымен қатар бұл мәселе қауымның барлық мүшелерін бір-бірімен біріктіретін байланыс қызметін атқарады. Әр адам құрбандықтарға және түрлі діни рәсімдерге қатысу арқылы өзінің ұлттық тәңірімен байланыс орнатады деген сенім бар. Ұлттық діндер бұрын да болғандай, қазірде де бар. Кейде ұлттық дін үстемдік құрған аймақта әлемдік сипатқа ие индуизм секілді діндер шығып отырса, ал кейде әлемдік діннің ұлттық дінге айналғаны байқалады. Мәселен, иудей (Яһуди) діні сияқты.
Конфуцизм Қытайда қазіргі кезде иудаизм, христиандық және Исламды қоспағанда, ресми сипатқа ие үш дін бар. Қытайлықтардың Сан Киау (үш дін) деп атайтын бұл діндері: Конфуцизм, даоцизм және буддизм. Конфуцизм мен даоцизм жергілікті әрі ұлттық дін болса, буддизм сырттан келген әлемдік дін болып табылады.
Ежелден-ақ Қытайда аталмыш діндерден бұрын ата-бабаларға құрмет ету, көк пен табиғат тәңірлеріне табыну, келешектен сәуегейлік хабарлар беру, киелі нәрселерге құрбан шалу және «Шанг-ти» деп аталған ұлы болмысқа деген сенім бар еді. Қытай халқының діни ғұрыптарында ата-бабалар культі өте маңызды рөл атқарған. Қытайда әр кезеңнің діни ерекшелігі – ата-бабаларға құрмет көрсету және олармен байланыс орнату болып саналады. Кейбір тайпаларда ата-бабаларға табыну маңызды іс саналса да, қытай дініндегі туыстық және жанұялық байланыс одан да маңызды рөл атқарды. Қытайдың бір мақалында «Әрбір нәрсенің негізі аспанда. Адамның негізі ата-бабасында», - дейді. Қытайлық «Аспан Ұлы» саналатын император және жанұяның отағасы болған әкеге мойынсұну мен құрмет көрсету салтына ие. Қытайлықтар адамның үйленбей немесе артына ұрпақ қалдырмай тұрып өлуін үлкен күнәға жатқызды және оның ақыры адам төзгісіз азапқа душар болады деп есептеді. Ата-баба әруақтарына құлшылық етуді жалғастырар ұрпағы жоқ болса, онда нағыз тірі өлікке баланып, пәлекет әкелген албасты, мақұлық күйінде бақытсыз өмір сүруге мәжбүр болады.
Әр отбасы ата-баба әруағын желеп-жебеуші, қорғаушы деп түсінеді және үйдің оңтүстік-батыс жағынан оларға арнайы орын жасап қояды. Әрбір үйде ата-бабалардың есімдері арнайы жазылған тақтайшалар болады. Жанұя қожайыны үйдің негізгі басты бөлмесінде немесе ата-бабаларға арналған орынға орналасырылған тақтайшалардың алдына оларға ас-ауқат және хош иісті бұтақты әкеліп береді. Некелесу, үйлену сияқты маңызды істер осы жерлерде жасалатын. Барлық жанұяның алдында орындалатын салтанатты діни рәсімдерде әкей үш тал хош иісті бұтақты тұтатып, тақтайшалардың алдына келеді, (Бұл жазба тақтайшалар үш-төрт ұрпаққа дейін сақталып, ата-бабаларға тиісті ғибадатханаларға табысталды) түтетілген бұтақты маңдайына дейін көтеріп, хош иіс жағылатын табаққа салады. Үш мәрте тізерлеп отырып, тоғыз рет ұрады немесе үш рет басын иеді. Кейде аталар шақырылып, оларға маңызды мәселелер жайында хабар жіберіп, көмек сұрайды.
Қазіргі ата-бабалар культі тақтайшаларда, жерлеу рәсімінде және қорым-мазарлар төңірегінде көрініс береді. Конфуцизмде жерлеу рәсімдеріне қатты мән беріледі. Мазарлар, қорымдар көктем мезгілінде сыпырылып, тазаланады және ол жерлерге сыйлықтар әкелінеді. Сыйлық әкелу күзде де жалғасын табады. Ырыс, құт-береке әкеле берсін деген ниетпен мазарлар егістіктерде орнатылады.
Қытайлықтардың ата-бабаға құрмет ету қағидасы сияқты біріктіруші факторлардың бірі – «Инь» және «Янь» принципі. Бұл принциптер үш қытай діни ғұрыптарында да бар. Инь – теріс, болымсыздықты, жағымсыздықты, ал Янь – оң, болымдылық, жағымдылықты бейнелейді. Жер мен көктің арасындағы байқалған барлық құбылыстарды осы екі принциптің тоғысуынан пайда болады деп санайды. Инь және янь принциптерін қытайлықтар жақсы-жаман, жарық-қараңғылық, ыстық-суық, еркек-әйел, жер-көк сияқты үлгілерге қолданады.
Жер мен аспанның өкілдері әйел Инь мен еркек Янь принциптерінің екеуі де әлемнің тепе-теңдігі үшін керек. Олардың үйлесімділік бастауы және барлық тепе-теңдіктің сүйенері «Дао». Дао туралық, жол, табиғи дүние жүйесі, дүниенің өзгертілмейтін қағидаларына сай жүру дегенді білдіреді. Дао тіркесі Конфуцизмнің де Лао Цзының да пікір жүйесінің негізі болған. Алайда Конфуций өзінің байланыста болғандығын айтқан Ұлы Жаратушыны түсіндіру үшін Шангти мен (Шангди-Шангти: Жоғарыдағы Үкім Беруші) мағыналас «Тиен» сөзін таңдаған. Тиен Аспанның Иесі, аспанның өзі дегенді білдіреді. Қытай дәстүрінде Аспан маңызды орынға ие.
Конфуций негізін салған Конфуцизм – Қытайда ғалымдардың, жазушылардың, бюрократтардың, ханзадалардың және имперторлар әулетінің діні ретінде қабылданды. Бұл дін Ву-ти (б.з.д. 140-87ж.ж.) заманынан басталып, 1912 жылға дейін мемлекеттік дін мәртебесінде болды. Император бас діни басшы ретінде бұл ахлақи-саяси культті, салт-дәстүрлерді, діни рәсімдерді жалғастырып келді. Б.з. І-ғасырында Буддизмнің Қытайға енуі және даоцизмнің б.з.д. ІІ ғасырда дамып-жетілуінің нәтижесінде бұл елде тұңғыш рет жеке, ерікті түрде дін таңдау мәселесі сөз болды. Соңғы жеті ғасыр ішінде Қытайда ресми түрде «Үш дін» (Сан Киау), басқаша айтқанда «халық діні» қалыптасты. Алдымызда осы нәрселерге тоқталамыз.
«Конфуций» сөзі – «Кунг» ұстаз мағынасындағы Кунг Фу Цзының латынша үлгісі. Қытайлықтарда бұл ат – Кунг Чьиу (Чун чи) түрінде айтылады. Конфуций – қытайдың ұлы данышпан философы әрі конфуцизмнің негізін қалаушы. Ол Ин патшалығы әулетінен саналса да, ата-бабалары мен жанұясы жөніндегі мәліметтер кейінгі кезеңдік әдебиеттерге тән болғандықтан, сенімділігі жоқ дерліктей.
Конфуций Қытайда, қазіргі Шан-Тунгтың бір аймағына жататын Лу провинциясындағы Цауда дүниеге келді. Үш жасында әкесінен айырылады. Өмірінің бастапқы жылдары таршылықпен өткеніне қарамастан, білімге деген құштарлығы басымдау болып, толыққанды біліммен сусындады. Он тоғыз жасында үйленді, екі балалы болды. Жиырма жасында шәкірт тәрбиелеуді қолға алды. Методикасы – бұрынғы өткендердің хикметтерін, даналық сөздерін жан-жақты қарастырып, оған түсініктеме беру еді. Атағы жер-жерлерге жайылып, өз қолдаушыларын тапты. Лу қаласында өте маңызды көптеген қызметтер атқарды. Бірақ ол бұрынғы өткен данагөйлердің адамгершіліктері мен ізгіліктерін ту ететін жолмен «бейбітшілік, тыныштық әкеледі» деп есептелген саяси бір жүйе қалыптастырды. Бұл жүйенің түпнегізінде барша адамзаттың бақытты болуы үшін адам табиғатының кіршіксіз таза екендігіне сенудің және үлгі бола білудің маңыздылығы жатыр еді.
Ол бұл саяси жүйеге көңіл бұрып, насихаттарын тыңдайтын басшы табу үшін өз өлкесін тастап, ел кезіп кетеді. Цин империясы құрамындағы бір аймақтан екінші бір аймаққа өтіп, өзін түсіне білетін басшылар іздеді. Саяси қастық жасауға үйреніп қалған басшылар оған қызығушылық танытпады. Оның болмыс-бітімі, мінез-құлқы да қоғамға сай келе қоймады. Ол мақсаты орындалмай, отанына қайтып оралады. Бірақ ол кезде Конфуций қарттыққа аяқ басқан еді. Өмірінің соңғы бес жылын әйгілі еңбектерін жазуға арнайды және шәкірт тәрбиелеп, өз доктринасын үйретумен өткізеді. Оның ең маңызды еңбегі – Конфуцизм болды. Ұлттық діннің негізін салумен қатар, ол ұйымдастырушылығымен, басқарушылығымен үлкен құрметке ие болды. Чьиу Фуда дана, данышпан, білгір адам болып дүниеден өтті. Өлімінен кейін оның атақ-абыройы жан-жаққа тарай бастады. Оның мазары зиярат (қажылық) ететін киелі орынға айналды. 1912 жылға дейін Цин императоры жылына екі мәрте – көктемде, күзде оған арнап сыйлықтар ұсынатын болған. Конфуций өз өмірі жайлы былай сыр шертеді: 15 жасымда өзімді біліп-таныдым. 30 жасымда ерік-жігерімді бағындырдым. 40 жасымда күдік-күмәндарымнан арылдым. 50 жасымда сезіміммен кез-келген нәрсені ұғына алатын жағдайға жеттім. 70 жасымда туралыққа зиянымды тигізбей, жүрегімнің қалағанын жүзеге асырдым. Өмір бойы Циннің атам заманнан бері бар екендігін дәлелдеген және мәдениетін тірілтуге бар күшін салған Конфуций өзі жайында: «Мен – көнені жақсы көретін, олардың білім-хикметтеріне қол жеткізу жолында бар күшімді сарқа жұмсаған адаммын», – деп сыр шертеді.
Конфуций көне қытай жазбаларының барлығымен таныс болды. Оның мақсат-мұраты – әлеуметтік өмір, салтанатты жиындар, ел басқару туралы мағлұматтарды жинақтау, моральдық-этиканың және салт-дәстүрлердің үзілмей жалғасуын қамтамасыз ету, сөйтіп ата-бабалар культіне негізделген қытай мәдениетін қалыптастыру еді. Осылайша Конфуций мен оның шәкірттері ежелгі қытай философтары мен данышпандарының жазып қалдырған баға жетпес құнды дүниелерін жинақтап, оларға түсініктеме жазды. Конфуцийге шынайы берілген және одан әдебиет, тарих, философия дәрістерін алған шәкірттері өлімінен кейін оның сөздерін жинастырды.
Конфуцизмнің қасиетті кітаптарын құрайтын екі коллекция бар еді. Олар: Бес классикалық кітап (Воу Кинг) және Төрт кітап (Се Чоу).
Бес классикалық кітап:
Реформалар кітабы (Йи Кинг): Мистикалық және метафизикалық құбылыстар.
Тарих кітабы (Шу Кинг): Маңызды құжаттары және тарихи мәліметтері.
Өлең-жырлар кітабы (Ши Кинг): 305 әр түрлі өлеңдер.
Рәсімдер кітабы (Ли Кинг): Діни жоралғылар мен рәсімдерге қатысты естеліктері (этика, әдеп).
Көктем мен күз жылнамалары (Кун Киу): Көктем мен күзге байланысты күнделікті жазылып отырған оқиғалар қамтылған.