АлҒашҚы діни нанымдар жӘне олардыҢ мӘні 4 страница

“Бхагавад-Гитаның” негізгі мазмұнын Кришнаның өсиеттері деген орынды. Үнді мифологиясы бойынша Вишнудің сегізінші аватарасы (осы кейіпте көріну) болып саналатын Кришна әр адамды өзінің әлеуметтік (варналық) қызметі мен міндеттерін орындауға, тұрмыс тіршілігі жемістеріне бейтарап болуға, өзінің бар ойын құдайларға бағыштауға үйретеді. Кітап адамның дүниеге келуі мен өлуінің құпиялары, материя мен адам табиғатының арақатынасы, адамның тіршіліктегі өмірін анықтаушы табиғат тудырған үш материялдық бастау – тамас (әрекетсіз), раджас (құмаршыл, іскер, жігерлендіруші), саттва (рухтандырушы, ой сарайын ашатын, саналы) және осылардың түстері (тиісінше қара, қызыл және ақ түстер), йога жолы (өзінің өмірін йога арқылы санасын жетілдіруге арнаған адам жолы), ақиқат және ақиқат емес білімдер туралы көне үнді философиясынан мол мәліметтер береді. Байсалдылық, құмарлықтан аулақ болу, тіршілікке байланбау сияқтылар басты адамшылық қасиеттері қатарынан аталады.

Йога “Ведаларға” сүйенеді және Веда философиялық мекетептерінің бірі болып табылады. Ол әрі философия, әрі тәжрибе (харакет), жекелей алғанда, әр адамның рух еркіндігіне жету жолы, ол ең бірінші кезекте медитация арқылы адамның өз сезімі мен ойын өз ырқына бағындыруға арналады. Йога жүйесінде құдайға сену азаптан құтқарылуға бағытталған іс-қимылдың шарты және теориялық дүниетанымдық көзқарастың элементі ретінде қарастырылады. Дара (Жаратушымен) қосылу адамның өзінің даралығын сезіну үшін қажет нәрсе. Медитацияны жақсы меңгерген жағдайда самадха күйіне (толық интраверсия) енеді.

Индуизмнің тағы бір арнасы – “пурана” діни-мистикалық поэмалары. Оларда космогониялық аңыздар мен құдайлар генеалогисы топтастырлған. Индуизм тарихының ерте кезеңінде Брахманың әлемді жаратушылық орны, оның құдайлардың ішіндегі біріншілігі қалтқысыз мойындалса, бертін келе Вишну мен Шива онымен қатар қойылып, “Тримурти” немесе үштік ұғымы орнығады. Брахманың өзін барлық өзге құдайларды жаратушы бас құдаймн деп жариялағаны үшін оны Шиваның жазалап, бес басының бірін шауып тастағаны, сөйтіп оның адам-құдай бейнесін алуы туралы айтылады. Одан гөрі кейініректегі аңыздарда Брахма әлемді Вишну мен Шиваның нұсқауымен жаратты делініп, оның Тримуртидегі тұғыры қайта қалпына келтіріледі.

Бүкіл әлемнің бірінші негізі және абсолютті құдірет тұрғысындағы Брахманың орнын толығымен Вишну меншіктейді. Бүкіл әлем Вишнудің барлығының нысаны деген қағида орнығады. Инуизм көркем өнерінде Вишну Шеш әбжыланына отырып, әлемдік суларды кезіп жүрген құдай түрінде бейнеленеді. Оның аяғында сұлулық құдайы Лакшми отыр. Лакшмидің кіндігінен өсіп шыққан лотос ішінен Брахманы көреміз. Космогониялық сурет әлемді жаратушы Вишну бейнесін осылай береді. Аңыз бойынша әлемдік цикл аяқталғанда, Вишну бүкіл дүниені оранып, белгілі уақытқа ұйқыға кетеді. Оянған соң, оның әмірімен Брахма әлемді қайтадан жаратады. Келесі әлемдік цикл басталады.

Бүкіл көзге ілінетін және ілінбейтіннің бәріне әмірін жүргізуші Вишну өзіне жалбарынушыларға ізгілік үлестіреді. Вишну төрт қолы бар, әр қолына зұлым күштерге қарсы қолданатын қару ұстаған ер жігіт кейіпінде бейнеленген. Ол Меру әлемдік тауының құздарын мекендейді. Құстардың патшасы – Гарудамен ұшып жүреді. Вишнудың аватарасы, яғни адамның, хайуанның, болмаса басқа құдайлардың кейпіне енуі туралы ілім - индуизмнің діни ғұрыптарының негізі.

Индуизмдегі әрбір құдірет иесі Вишну аватарасы деп түсіндіріледі. Осы арқылы ол космостық қуатқа (майя) ие болады. Демек, әр тайпа өзінің жергілікті құдайына сиынған, ол осы құдай бейнесіндегі Вишнуға сиынады. Вишну аватарасының негізгі он түрі бар. Олар – балық, тасбақа, аю, арыстан, қортық, әмірлерді, өркөкіректер мен құдайды сайқымазақ етушілерді жазалаушы брахман Парасурама, Рама, Кришна, Будда және Калка батыр. Болашақта, әлемнің ақырында Вишну Калка бейнесінде келіп, дінсіздерді тегіс жойып, мейірімділік пен бақыт қоғамын орнықтырады.

Шива – денесін тегіс жылан ораған, үш көзі бар, мойнына адамның бас сүйектерінен алқа тағынған, түрінен адам шошырлық талқандаушы құдай бейнесінде суреттеледі. Кей суреттерде бет пішіні айқын, қолдары бар. Ол Гималай тауларын мекен етіп, тақуалықпен, қалың ой үстінде ғұмыр кешеді. Аңыз бойынша, Шива әлемдік цикл аяқталғанда бүкіл жер-дүниені, барлық құдайларды жояды. Оның талқандаушылық бейнесі туралы түсінік осыдан шығады.

Мифологиядағы Шива бейнесі – қарама-қайшылықты бейне. Ол кейде жағымды жағынан да көрінеді. Мәселен, Шива мәйектілік пен шексіз шығармашылық қуаттың құдайы. Әлем әрқашан Шива және оның жұбайы – Деви құдайдың әмірімен пайда болады және әрдайымғы солардың бақылауындағы қуат арқылы жасайды. Шива өзі жеңген жынның үстіне шығып алып билеп, дүниені бірде аспандатып, бірде шыңырауға құлдыратып отырады.

Деви Шиваның тылсым қуатының рәмізі бола отырып, Шива тәрізді қарама-қайшы бейнелерде суреттеледі. Ол бір жағынан қайрымды Парвати құдай болса, екінші жағынан қатігез талқандаушы Кали. Оған, сонымен бірге, құдай-ана ретінде құлшылық етеді. Әсіресе арийлік дәірге дейін Деви бейнесі ерекше құрметтелді. Миф Шива мен Девидің екі ұлы – соғыс құдайы және ұрылардың жебеушісі Сканда мен даналық құдайы Ганеша болғандығын жеткізеді.

Индуизмдегі абыздардың басты міндеті – шәкірттердің діни білім алуын ұйымдастыру. Мұндай білім таратушыларды “гуру” деп атайды.

Құлшылық рәсімдері жергілікті және барша құдайлар пантеонына арнап тұрғызылған храмдарда атқарылады. Храмдарда құдайлардың көркем етіп жасалған мүсіндері қойылып, соның алдында құдіретті өлең (суттор) айтылады. Барлық тіршілік иесі Вишнудың құдіретті болмысы ретінде қасиетті деп саналатын хайуандар мен жануарлар, мәселен, жылан, сыир, маймыл, Вишну есімімен байланысты жерлер - көлдер, Ганг өзені айрықша құрметтеледі. Барлық діндердегі тәрізді брахманизм мен индуизмнің орталығы Бенарес қаласы. Сонымен қатар, Аллахабад қаласы да қасиетті саналады.

Инуизмнің басты мерекелері - Кришна мен Раманың туған күндері мерекелері және Генеша мен Шиваның құрметіне өткізілетін салтанаттар. Кришнаның туған күні оның балалығындағы Вишнудың сегізінші аватарасын еске түсірумен байланысты түрлі ойын-сауықпен көңілді аталады. Шиваға арналған салтанат барысында ораза тұту, құмардан бойды тежеу және тақуалық жаттығулар жасау салты орныққан. Гурудан және дінге сенуші өзге адамдардан шыншылдық, өсек-өтірік, ғайбат айтпау, ұрлық жасамау, қолын қанмен былғаумен және қиянат жасамау, зина қылмау, менмендік пен мақтанға бой алдырмау қатаң талап етіледі.

Сикхтар және олардың діни ілімі. Үндістанда XV ғасырда Нанак есімді (1469 ж.т.) адам өмір сүрді. Ол өзін пайғамбармын деп жариялап, ислам дінінде бола отырып, ислам мен индуизмді біріктіруге әрекет жасады. Оның осы әрекетінің нәтижесінде сикхизм әскери-діни сектасы пайда болды. Нанак бір құдайға құлшылық жасауды уағыздады, дін жолында варналарға бөлуге қарсы болды. Ол жалғыз құдай идеясын сикхтар құлшылық етіп келген исламнан алды. Бұл құдайды Эк, немесе “дара, жалғыз” деп атады.

Сикхизм ілімі бойынша ол барша әлемдегі болмыстың дара негізі, сонымен қатар оның өзіне тән сипаты бар. Сикх өлген соң, соған барып тұтасуы тиіс, бұл үшін үздіксіз қайта туудың тоқтатылуы, “нирвана” дәрежесіне жету керек. Сикхтер Нанканың ісін жалғастырушы мұрагері – гуруға сиынды. Сикхтер XVI ғасырда жазылған қасиетті кітабы – “Ади-грантхтың” түпнұсқасы Пенджаб штатындағы Алтын храмда сақтаулы.

Нанак пайғамбар касталарға, брахмендарға және аскетизмге қарсы болды. Ол қоғам өміріне ерлермен қатар әйелдердің де белсенді араласуын уағыздады. Жесір әйелдердің өзін-өзі өртеуіне, әйелдердің мұсылман әлеміндегі бұйығы тұрмыс тіршілігіне храмдар мен мешіттер тұрғызды.

Сикхтар өздерінің әскери ұйымын құрды. Оған қолына қару ұстауға қабілетті сикхтар түгел енді. Бұл ұйымға мүше болудың “к” әріпімен басталатын бес шарты бар: кеш – ешқашан сақалын қырынбау; качх – үнемі ұрысқа оңтайлы қысқа шалбар киіп жүру; кангха – шашты тарақпен түю; кирпан – селебе тағынып жүру; канкан - әскери білезік тағыну. Қауымға енген әр адам өзінің есіміне “сикх” сөзін жалғайды. Олардың ержүрек, қайраттылығын патшалар қысытаяң сәттерде үнемі пайдаланып отырды. Олар “кхальсу” аталатын бір үлкен қауымға бірігіп, жеке халық түрінде негізінен Пенджаб штатын қоныстанды.

Джавахарлал Неру, Махатма Ганди, Индира Ганди, Раджив Ганди тәрізді аса ірі саяси қайраткерлер осы индуизм ортасынан шықты. Олардың бәрі қиянат жасаму идеяларын ұстанып, өздерінің саяси бағдарламаларын осы негізде құрды. Саяси өмірде Үндістан әскери блоктарға қосылмау принципін ұстанды. Индуизм - өмір салты және мыңдаған жылдар бойы орныққан дәстүр. Индуизм үнділіктер мекен еткен Непалда, Бангладеште, Шри-Ланкада және басқа елдерде тараған. Қазіргі кездері индуизмге Батыстың елеулі көңіл аударып отырғаны байқалады. Бүгінгі Үндістанда индуизм, буддизм, ислам, христиандық, сикхизм, зороастризм және өзге діндер қатар уағыздалады.

Көнедегі үнділіктердің рухани және діни ойының тұңғыш ескерткіші – “Ведалар”. Ол санскриттен сөзбе-сөз аударғанда “білім”, білу деген ұғымдарды береді. “Ведалар” б.д. дейінгі ІІ-І мыңжылдықтар аралығында пайда болды. Бұл жазбалардан көнедегі үнділердің діни дүниетанымын көреміз, олардың әлем туралы, адамзат туралы философиялық түсініктерімен танысамыз.

Ведалар төрт бөлімнен тұрады. Олардың ішіндегі ең көнесі – “Ригведа”, “Яджурведа”, “Самаведа” және “Ахтарваведа” деген төрт кітапты құрайды. “Ведалардың” екінші бөлімі – “Брахмандар”. Ол буддизм пайда болғанға дейін басым дін болған брахманизмнің негізі болып табылатын ғұрыптар мәтінінің жинағы. Үшінші бөлімі – “Араньяки”. Ол “орман кітабы” аталып, тақуалардың өмір сүру ережелеріне арналған. Төртінші бөлім – “Упанишадтар” – философиялық толғаулар.

Бірінші бөлімнің “Ригведа” және “Самаведа” жинақтарында діни гимндер мен өлеңдер, “Яджурведада” – дұғалар, “Атхарваведада” арбау мәтіндері мен өлеңдері жинастырылған. Діни заңдар мен ғұрыптар “Ведаларға” қосымша “сутраларда” жинақталған. “Ведаларды” білу және оларды күн сайын оқу, сол сияқты жан-жануарларға, адамдарға, аруақтар мен құдайларға сыйлық тартып, құрбандық үлестіріп отыру қасиетті парыз саналды. Мәселен, құстарға жем беру керек болса, адамдарға қайыр-садақа үлестіріп, қонақжайлылық көрсету, аруақтар мен құдайларға арнап құрбандық шалу рәсімдері орнықты.

“Ведаларда” әлемдік құбылыстар мен әлемнің жаратылуы туралы егжей-тегжейлі сөз болады. Мәселен, “Ригведадағы” Пурушаға арналған гимнде әлемнің пайда болуы туралы былай делінеді: “Пурушаның мың басы, мың көзі, мың аяғы болды... Пуруша барлық пайда болғанның және барлық жаратылатынның бастауы... Оның жамбасы, аяғы, ауызы не болды? Оның ауызы брахман болды, қолдары кшатрий, жамбасы вайшья болды, аяғынан шудра пайда болды. Ақыл-ойынан ай, көзінен күн пайда болды... Демі желге айналды, кіндігінен ауа шықты, басынан аспан, аяғынан жер, есту қабілетімен құрлықтар пайда болды. Әлем осылай орнықты”. Яғни, ең алдымен ғажайып тұңғыш адам - Пуруша жартылып, одан барша космос элементтері тарайды, әлемдік жан пайда болды. Барлық әлем Пурушамен “толтырылады”. Ол бір уақытта барлық жерде, сан-алуан сипатта көрінеді, өмір сүреді. Сонымен қатар, ол космостық ақыл – “Ведаларды” білуші. Ол бертініректе (Упанишадалада) әлемдік жан – Атаман бейнесінде көрініс береді.

“Ригведа” әлемнің пайда болуының тағы бір үлгісі туралы былай дейді: “Ол кезде болмыс та, болмыс емес те болған жоқ. Ауа да, оны қоршаған аспан қабы да болған жоқ. Ол кезде өлім де, мәңгілік ғұмыр да болған жоқ. Күн мен түн ажыратылмады. Олардың бәрі еш ажыратылмай өтіп жатты. Осылар қоюлана келіп, одан жер пайда болды. “Янджур-ведада” Праджапати құдайы (жаратылудың әміршісі) сол ағып жатқандардың ішінен алып қабылан түріне еніп атып шыққанда, өзімен ала шыққан батпақтардан жер пайда болды” деп жазылады. Бірақ, бұл әлем баянды болған жоқ. Жерге жауын, күннің жарығын, ылғал беретін қасиетті сиырларды дүлей күштер ұрлап әкетіп, әлем бүлініске ұшырайды. Осы дүлей күштермен Индра сайысқа шығып, жеңеді. Әлем жаңадан пайда болады: таулар көтеріліп, өзендер мен теңіздер жасалады, аспан мен жер орнайды. Көне үнді мифологиясында Индра басқа құдірет иелерінің – перілердің де әміршісі, найзағай патшасы, адамға мәңгілік ғұмыр, жастық пен даналық қуаттарын беретін шырынды сақтаушы кейпінде де бейнеленеді.

“Ведалар” бойынша жер асты әлеміне ең бірінші өлген адам – Яма билік етеді. Ол өлілер патшалығына кейінгі келетіндерге жол ашады. Өлген адамдардың күнәлі-күнәсізі ажыратылады. Күнә жасағандарды Яма тамұққа, құдай жолында болғандарды Варуна мен Адити аспанға алып ұшады. Көне үнділіктерде мүрденің басын оңтүстікке қаратып қою салты болды. Ол Яма әлемі осы бағытта деген түсінікке негізделеді. Өлікке арнап сиыр құрбандыққа шалынды. Ол өлікті осы дүние мен о дүниені бөліп тұрған Вайтарани өзенінен алып өтеді деп саналды.

Арийлер мифологиясында кейіннен көне үнді діни дәстүрлерінен орын алған, соның ішінде будда діні қабылдаған отыз үш негізгі құдірет иесі болды. Оларды бастапқыда “перілер” деп атап, орындарына қарай үш топқа жіктеді. Олар васу – жекр құдайлары, рудра – ауа құдайлары және адитья – аспан құдайлары болып ажыратылды. Олардың бәрі бірігіп аспанның тылсым күштері – асурлармен күресті. Құрбандық ғұрыптары атқарылғанда, бұл құдайлардың бәрі бір бейнеге топтастырлып, Вишвеведа, яғни “Барлық құдайлар” деп аталып, ортақ дұға оқылды.

Көне үнділерде де барлық діндерге тән құдайлар пантеоны болды. Олар аспан құдайы Деус-Питар мен жер құдайы – Притхивиді ерекше құрметтеді. Өзге құдайлардың көбі осылардан тарады деп санады. Сол сияқты шексіздікті сипаттаушы Адити әйел құдайынан Митра, Варуна, Арьямана, Аншу, Бхагу, Дхатар, Индра және Вивсват туды деген сенім болды.

Митра (дос, одақ, беріктік) адамдардың достығы мен бірлігінің кепілі, олардың ауру-сырқаудан сақтаушы, күннің шығуы мен батуын қадағалаушы, аспан мен жерді ұстап тұрушы, сондықтан ең жоғарғы құдай саналды. Веда мифологиясында Варуна мен Митра бейнелері бір. Өйткені ол екеуі де әлемдегі адамшылық әдеп-тәртібінің бұлжымыстағы (дхарман) үшін жауапты.

Мың көзді Варуна құдайы жер мен аспанды ажыратып, әлемді жасаушы, ол барлық құдайларға, перілер мен адамдарға әмір жүргізеді, жаңбыр құдайы болуы себепті бүкіл су иесі. Ол аспанды мекен етеді. Сол биіктен жер бетіндегі болып жатқан барлық істерді бақылап, әлемдегі заңдылықты сақтаушысы және бірден-бір төрешісі ретінде адал жолдан ауытқығандарды жазалап отырады.

“Ведаларда” кейде “құдайлар патшасы” аталатын Индра жауынгер-құдай, перілермен соғысып, оларды жеңуші бейнесінде суреттеледі. Бірде зұлым Вритра аспан суларын, яғни жауынды ұрлап алды, Индра онымен соғысып, суларды қайтадан жерге қайтарды. Индра аспанда бұлттарды сиыр кейпінде айдап жүреді, содан жерге жауын жауады, ол ұрысқа енгенде, жанында әрдайым маруттар – ағайынды жауын мен жел құдайлары еріп жүреді, делінеді мифологияда.

Рудра – маруттарды тудырушы, ашу мен ыза құдайы, солтүстікті мекендеген, адамзатқа түрлі аурулар жіберіп отырған, сонымен бірге қандай науқастан болмасын айықтырушы керемет емші де. Оның бейнесі түрлі-түсті бояулармен беріледі. Әдетте қарны қара, арқасы қызыл, мойны көк түспен боялады.

Агни – веда гимндерінде құдіретті оттың символы, дін уағыздаушы құдай, адамдар мен құдайлар арасындағы байланыстырушы. Агни әрқашан адамдардың құлшылық тілектерімен бірге құдайларға жететін қасиетті құрбандық оты тұтатылған жерден табылады. Ол алтын шырайлы, жарқын сәулелі, жылу беруші данышпан және аса инабатты құдай кейпінде беріледі. Агнидің ерекшелігі – оның үштік табиғаты: оның үш басы, үш тілі және үш нұры бар, үш жерді мекен етеді.

Сома - өзі де құдай дағуасында бола отырып, мәңгілік ғұмыр, қуат, бақыт пен қуаныш беретін «сома» құдіретті шырынның символы. «Сома» адамдар ғана емес, сонымен бірге құдайларға да қуат береді, әйтпегенде олар қаһармандық жасай алмаған болар еді деп саналады. Ай мен Күннің шапақ атып тұруы да соның еркінде.

«Ведаларда» Күн құдайларының үш бейнесі бар. Олар: Күннің өзі - Сурья құдайы (құс немесе көк төсінде ұшып жүрген кірпі бейнесінде); Савитар – Сурьяның әкесі, Күнді қозғалысқа келтіруші; Пушан – Сурьяның елшісі, күн жылуын таратушы.

Веда мифологиясында құдайлар бейнелері үстемелеп, бір-бірін қайталап келіп отырады. Мәселен, Варуна, Индра, Савитар үшеуі де құдайлар патшасы деп жарияланады. Бұл діннің түрлі тайпалардың нанымдары негізінде жасалғандығын көрсетеді. Сырттан қабылдаған діни сенімдермен қатар тайпалардың байырғы діни түсініктері үнемі араласып, қабысып отырған. Бұлар тек брахманизм кезеңінде және бертінгі индуизм тұсында ғана белгілі жүйеге келген.

Буддизм -Тұңғыш әлемдік дін – будда діні б.д. дейінгі VI ғасырда көне Үндістанда пайда болды. Будда дінінің негізін салушы Сиддхартха Гаутма 567 жылы Оңтүстік Непалдағы ру басының отбасында дүниеге келді. Бала туғаннан соң жеті күннен кейін анасы дүние салады. Гаутаманың одан кейінгі өмірі, әсіресе оның сырт дүниеден хабарсыз өсуі және әке сарайынан кетіп қалу себептері түрліше түсіндіріледі.

Будда діні ілім ретінде орныққаннан кейінгі кездері туған аңыздарға қарағанда баланы оқыту үшін шақырылған ғұламалар оның ержеткен соң адамның көзінен надандық шелін аластап, әлемнің әміршісі болатындығын, бала төрт белгіні – қарт адамды, науқасты, өлікті және тақуаны көрген соң қазіргі өмірден безінетінін сәуегейлікпен болжайды. Осыдан билік басындағы әке болашақ Будданы сыртқы дүниеден оқшау, жаңағы айтылғандар көзден таса “жер жаннатында” тәрбиелейді. Бірақ, болуы тиісті оқиға бәрібір болады: ол алдымен дәрменсіз қартты көріп, қызметшісінен бұл адамның дәрменсіздігінің себебін сұрап, өмірде қартаю дегеннің бар екендігін біледі; серуенде жүріп алапес аурумен ұшырасып, кәріліктен де өзге қасіреттің бар екенін біледі; өлікті жерлегенді көріп, өмірдің соңы өлім екенін біледі; төртінші кездесуі – дүние қызығының бәрін тәркі етіп, кезбелікпен күнелткен дәруіш оны бұрынғылардан да бетер қалың ойға салады.

Ол адамзатты осы қасіреттерден құтқарудың амалын іздеуге бел шешіп, тақуалық жолына түседі. Гаутама бұл кезде жиырма тоғыз жаста еді.

Ол бодхи ағашының түбінде жеті апта міз бақпай отырды. Серіктері бұл ағашты бодхинанда, немесе “даналық тағы” атап кетті. Бұл мейлінше әділ еді: Гаутама талай жылдарғы тән азабы мен жан азабынан өтіп, оның алдынан мүлдем өзге дүние қақпасы ашылды, бақыт жолы сайрап жатты.

Ол өзі ашқан төрт ақиқатты көпке жеткізуге асықты. Соңынан будда діни ілімінің негізіне айналған бұл “төрт ақиқат” мыналар болатын: 1. Өмір деген – қасірет. Адамның өмірінің барлық кезеңдері – оның тууы, есеюі, қартаюы, өлуі – бәрі қасірет. 2. Адамдар бұл дүниеде рахат көрсем, бай болсам дейді. Қасірет себептері осында жатыр. Демек, адамның қасірет көруі оның қанағатсыз тілектерінен. 3. Барлық дүниелік тілектерден толық бас тартып, нирванаға жеткенде ғана қасіреттен арылуға болады. 4. Нирванаға және құдіретті ақиқатқа “ортаңғы” немесе “сегіз түрлі” жолмен жетуге болады. Олар: 1) қасіретінің себептерін дұрыс түсіне білу; 2) дұрыс ойлау білу; 3) сөзді дұрыс құру; 4) дұрыс әрекеттер жасау; 5) салауатты өмір сүру (кісі өлтірмеу, ұрлық жасамау, ешкімге зиян келтірмеу, өтірік айтпау және басқа адамшылық қасиеттерді сақтау); 6) адал еңбек ету, 7) ізгі нәрселерді ойға сақтау, 8) дене күші мен психиканы дұрыс арнаға сала білу.

Гаутама осы ақиқаттарымен көптің ортасына келді. Ол өз ілімін тыңдаушыларының сөзсіз толық қабылдауын ешқашан міндет еткен жоқ. Ұстаздың тәліміне әрқашан шәкірттің қабылдау қабілеті сай келіп отыр. Осыдан оның ілімін таратудың “үш дәрежесі” туралы түсінік орнықты. Яғни, дүниелік ойлардан арылған таңдаулылар үшін ілім бір деңгейде ауғыздалса, қауым мүшелері үшін ол екінші қырынан, ал жалпы жұртқа сол сияқты жалпылама түрде насихатталу тәртібі орнықты. Ол алыс болашақта орнайтын әлемдік қауымның негізін байыптылықпен қалап, білім нәрін асқан байсалдылықпен сіңіре біледі.

Жаңа қауымға ену үшін екі шартты орындау қажет болды. Бірі – салауаттылық, екіншісі – жеке меншіктен біржола бас тарту. “Меншік иесі болу деген затпен өлшенбейді, оймен өлшенеді. Зат қолыңда бола тұра меншік иесі болмауың да мүмкін”, - деп үйретті ұстаз. Яғни, адамның меншігінің бар-жоғына мүлдем жаңа, сана деңгейіндегі өлшем белгіленді.

Будда дінінің адам нирвана дәрежесіне дейін көтерілетін жетілу жолын кейде “ізгілік жолы” деп те атайды. Ол өз ілімдерін ізгілікке бастайцтын адамшылық қасиеттерін насихаттау жолымен таратады.

Өмір өзінің бастауын белгісіздік тұңғиығынан алады. Бірінші адамның тағдыры – кармасы бар бастапқы тіршілік нышаны пайда болып, одан сана, адамның дене пішіні мен мінез-құлқы, сезімі қалыптасады. Адам есейіп, өмірді тани бастаған сайын оған құмарлығы артып, әртүрлі тілектер пайда бола береді. Бұл тілектер көбейген сайын оның мінез-құлқындағы жаман қасиеттері де көбейе береді. Ақыр-соңында өмірге бейкүнә келген адамды оның осы тілектері қасіретке, өлімге жетелеп алып барады.

Будда діні әуел бастан осы өмір шырғалаңына түсуден сақтандырады, ал буддизмді кеш мойындағандарды бұл шеңберді бұзып шығуға үгіттейді. Осыдан буддизм адамзаттың шырғалаң тіршілігіне меңзеп, “өмір дөңгелегін” өзінің рәмізі етіп алған. Ол әркімнің өз өмірімен үлгі болып, жол салуына, басқаның тіршілігіне бас сұқпауға үгіттейді. Дүние кем жаратылған, бірақ оны түзеу мүмкін емес, қандай ізгі мақсат қоймасын, кез-келген төңкеріс-қиянат, сондықтан буддизм ілімі қоршаған дүниені, қоғамды немесе мемлекетті өзгертемін деп әуре болмай адам ең алдымен өзін өзгертуі керек, деп есптейді.

Будда діні өзінің дүниетанымдық бастауларын веда-брахманистік көзқарастардан алады. Олар әлемнің бастау да, аяғы да жоқ шексіз деп қарастырады. Будда құдай емес, нирванаға жеткен кәміл адам. Бірақ ол ең жоғары құдірет ретінде танылып, оған құлшылық етіледі. Демек, діншілдер құдайларға емес, кәміл адамға бас ұрады. Осыдан буддизм монотеистік дін бе, жоқ па деген пікір таласында әлі күнге соңғы нүкте қойылған жоқ.

Будда дінідегі тіршілік иелері бірнеше сатыларға бөлінеді. Адамдар осылардың ортасында – бесінші сатысында тұр деп есептеледі. Адам осы баспалдақтармен жоғары өрлеген сайын Буддаға жуқтай түспек. Осы дүниеде қандай істер істесе, жан иесі қайтып дүниеге оралғанда соған лайық орын алады. Демек, өліп, дүниеге қайта келудің ортасында адамға бірден-бірге жетілу мүмкіндігі беріледі, ал осы мүмкіндікті пайдалану карманы жеңуіне байланысты деген ой жатыр.

Наши рекомендации