ТҮНЕКТЕ ЖҮРГЕН ТАҒДЫРЛАР. ДАИШ – АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАН АДА БОЛҒАНДАР ТОБЫ

Еркінбек ШОХАЕВ,

Атырау облысы Дін істері

басқармасының басшысы,

исламтанушы

Күні кеше Ақтөбе жерінде орын алған террористік актілер лаңкестердің ешнәрседен тайынбайтынын көрсетті. «Жендеттер қатарын толықтыруға деген жанкештілік қайдан шығады?» немесе «Адамдарды осындай деңгейге дейін зомбиландырудың артында кімдер тұр?» – осы және өзге де сауалдарға Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек ШОХАЕВ жауап береді.

Радикал – не ғылыми, не діни ілімі жоқ зомби

Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстан радикалдық идеялар қаупінен арыла алмай келеді. Бастапқыда агенттік болып құрылған Дін істері комитетінің жұмыс істей бастағанына да біраз уақыт болды. Арнайы заң да қабылданды. Десе де, Сирия секілді қатерлі аймақтарға өтіп кету фактілерінің еліміздің әсіресе батысында жиі тіркелуін қалай түсіндірер едіңіз?

-Бұл жерде біраз нәрсені түсініп алу керек. Біріншіден, діндарлармен арада профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Халықтың көпшілігі қазір халықаралық террористік ұйымдардың артында кімдердің тұрғанын білді. Және өзінің дін атын жамылған идеяның соңына еріп, адасқанын түсініп, асыл дінімізге қайта оралып жатқан бауырларымыз да бар. Екіншіден, Сирия асып кетуге асығатындардың дені негізінен әбден радикалданған топтар. Біздің теологтарымыз деструктивті ағым жетегінде жүргендермен де жұмыс атқаруда. Бірақ, радикалистерге көсемдері кімді тыңдап, кімді тыңдамау керектігі жөнінде әлдеқашан «үкім» беріп тастаған. Шындығына келгенде, дін атын жамылған радикалист – нағыз зомбиланған адам. Ол не теологиялық, не ғылыми дәлелдемелерді қабылдай алмайды. Үшіншіден, террористік идеялардың интернет-насихатшылары ақпараттық соғысты сәт санап үдете түсуде. Және мұндай соғыс бүгін-ертең тоқтамайды. Керісінше, ақпараттық шабуыл күн санап жаңа технология түрлерін игеруде. Мысалға, WhatsApp секілді тегін мессенджерлер жабық топтарға кез келген ақпарат жіберуге ең қолайлы құрал. Яғни, олар осындай механизмдер арқылы радикалдардың жаңа толқынын дайындап жатыр. Тарихқа үңілсеңіз, билікке таласқан топтардың діннің гуманистік және бейбітсүйгіш принциптерін шебер бұрмалағандарын көруге болады. Өкініштісі, мұндай эксперименттердің соңы трагедиялық жағдайларға, ал көзқарастардың барлығын догматизациялау мен абсолютизациялау қантөгістерге алып келіп отырған.

Рас, кейде «радикалданған адамның көзқарасын өзгерту мүмкін емес» деген пікір айтылып жатады. Бірақ, біз олардың санасына қате көзқарастың түбі өзіне, отбасына және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін жеткізуге тиіспіз. Сол себептен де, экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалық механизмдерді, жат ағымды ұстанушыларды оңалту әдістерін дамыта түсу, жалпыұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауды күшейту маңызды.

Йелдер – жанкешті жасаушы қуыршақ қана

Халал жезөкшелік» деген нас ұғымды да осы ДАИШ деп аталатын террористік ұйымның лидерлері ойлап тапты. Кейде оны «джихадтық неке» деп ақтап алғысы келетіндер де бар. Ең жиіркеніштісі, радикалдық идеяларға әбден зомбиланған қыз-келіншектер ер адамдардың жыныстық қажеттілігін өтеу үшін сол «джихадтық некеге» әлемнің әр елінен өз еркімен ағыла бастады. Осындай масқаралық деңгейге түсудің себебін қалай түсіндірер едіңіз?

-Біріншіден, ДАИШ қатарында соғысып жүргендердің бойында ешқандай моральдық құндылықтар жоқ. Адамдардың басын қалай кесіп жатқандарын таспаға түсіріп мақтанып тұрған ондай баскесерлердің бойында қандай ізгілік болуы мүмкін? Аз десеңіз, кей жендеттер кішкене бүлдіршіндерін футболға үйрету үшін солдаттың кесілген басын тепкізіп жатады. Бұл картиналардың барлығы террористердің бойында бірде-бір адами қасиеттің қалмағанын көрсетеді. Сондықтан, «халал жезөкшелікке» таңдана қараудың өзі артықтау сияқты. Өйткені, ДАИШ-тіктер адам бейнесіндегі айуандар ғана.

Екіншіден, әйелдерді ДАИШ қатарына тартудың артында оларды жеке күңіне айналдыру немесе кез келген сәтте сатып жіберетін тауар ету мақсаты да жатыр.

Үшіншіден, джихадшылар көп жағдайда тұрмыс құрмаған немесе жесір қалған әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздарды қатарға тартудың арнайы технологиясын жасап шығарған. Мұндай әйелдерді радикалдандыру оңайдың оңайы. Себебі, олардың бірі әйел бақытына қол жеткізе алмады, енді бірі өмірлік тірегінен айырылды, жастар жағы албырттыққа салынып, тез шатасып жатады.

Төртіншіден, әйелдерді жанкешті дайындау үшін де пайдаланады. Бір ғана мысал. Мәскеудің Дубровка театрында орын алған терактіден кейін, барлық жанкешті әйелдердің жүктіліктің алғашқы кезеңінде болғандығы анықталды. Неге? Себебі, террористер әйелдерді, әсіресе, физиологиялық өзгерістер кезінде зомбиландырудың оңай болатынын жақсы біледі. Осының өзі террористер үшін әйелдердің жай ғана қуыршақ екендігін көрсетеді.

Наши рекомендации