ОҚыту Үдерісіндегі тҰлҒааралыҚ Қарым-Қатынас мӘселелері

Білім беру саласында жеке тұлғаның қарым-қатынастық мәдениетін, тұлғааралық қарым-қатынасын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі қоғамның қарқынды дамуы әлеуметтік, экономикалық құндылықтарды, оның ішінде қарым-қатынас және адам мәдениетінің деңгейін түбегейлі жетілдіруді керек етіп отыр. Әсіресе, әлемдік деңгейде қарым-қатынас мәселелерінің шиеленісіп отырған шағында тұлғааралық қарым-қатынасты ізгілендіру, оны жоғары мәдениеттіліктің деңгейіне көтеру қажеттігі айқындала түсуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін, бәсекеге қабілетті ұлт үшін» деген Жолдауында «ұлттық бәсекелестің қабілеті бірінші кезеңде білімділік деңгейімен айқындалады» деп атауы білім беру саласында жаңаша көзқарас, кәсіби қарым-қатынас қалыптастыруды міндеттейді.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті – «ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» екендігі атап көрсетіліп, онда білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Осындай міндеттерді жүзеге асыру үшін Елбасы Н.Назарбаев «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасын ұсынды. Интеллектуалды ұлт болу үшін тұлғаның ғылыми, кәсіби, мәдени ақпаратына, білімі және біліктілігіне, психологиялық, моралдық ерекшеліктері мен әлеуметтік ұжымда өзін-өзі ұйымдастыра, басқара алуына баса назар аудару қажеттігі туындап отыр.

Тұлғааралық қарым-қатынас – білім мен тәрбиенің нәтижесі болып қана қоймай, бүгінгі күннің өте маңызды әрі күрделі де ұзақ мерзімді қажет ететін көкейкесті мәселелерінің бірі. Қарым-қатынасқа түспей тұрып жеке адамды толық түсіну, оның адами қасиеттері мен дамып-жетілуін талдау мүмкін емес. Педагогика ғылымының кез келген мәселесі адамдардың жан дүниесімен, қоғам мен әлеуметтік өмірдің сан алуан сырларымен тығыз байланысты.

Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру қажеттілігі оқытушының өз пәнін оқыту барысында жеке басының үлгісімен, сонымен қатар пәнді меңгертуде жеке тұлға ретінде өз мүмкіндіктерінің жаңа қырларын танытуға қызықтыру арқылы студенттерге зор ықпал ете алуымен байланысты. Осыған орай, студент оқыту үдерісіндегі басты субъект болғандықтан назардың барлығы оның тұлға ретінде қалыптасып, дамуына аударылады. Осындай сабақтастық қатынасқа қол жеткізу үшін оқытушы мен студенттің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыруымыз қажет.

Бұл мәселені ғалымдарымыз да жан-жақты қарастырған. Мысалы, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Ясауи және т.б. ғұлама ойшылдар адамгершілік-имандылық тәрбиесі арқылы адамдар арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың біртұтастығын қалыптастыруға болатындығына аса мән берсе, А.С.Макаренко мен Я.А.Коменский тұлғааралық қарым-қатынастың тәрбиелік ықпалына ерекше назар аударған.

Педагогикалық үдерістегі оқытушылар мен студенттердің іс-әрекетін ұйымдастыруда тұлғааралық қарым-қатынастың маңызы ерекше. Оны сапалы ұйымдастыру педагогтардың білім дәрежесі мен шеберлігіне байланысты. Педагогтарға қажетті мұндай қасиеттерді А.С.Макаренко «өнер» деп бағалаған.

Тұлғаның қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі – қарым-қатынас мәселесі болып табылады. «Қарым-қатынас» түсінігі мен тұлғаның қалыптасуындағы қарым-қатынастың алатын рөлі туралы идея кеңестік психологтар А.Н.Леонтьев, А.Б.Добрович,И.А.Зимняя, Г.В.Казнова, М.И.Лисина, А.В.Мудрик, Л.А.Поварницынаның және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Ал жоғары оқу орындарында оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру мәселесінің теориялық негізі «оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастыру» ұғымының мәні мен мазмұнын анықтауға байланысты.

Тұлғааралық қарым-қатынастың бірлігі мен қызметтік пайымы біркелкі түсінікті бермей, қарым-қатынастың қызмет түрі ретінде де қарастырылады. Себебі қарым-қатынас, біріншіден, бұл – қызметтің ерекше бір түрі (коммуникативтік қызмет), екіншіден, кез келген қызметті жүзеге асырудың шарты, үшіншіден, арнайы қойылған қызметтің нәтижесі болып табылады. Өзінің еңбектерінде М.Н.Ночевник «Адамның дамуын, жеке адамның тұлға болып қалыптасуын, оның қоғаммен байланысын басқа адамдармен қарым-қатынасынан тыс елестету мүмкін емес» деп атап көрсетсе, М.Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде бұл мәселе жөнінде «Жеке адамның шын мәніндегі рухани байлығы оның іс жүзіндегі қарым-қатынастарының байлығына байланысты» деп жазған.

Тұлғааралық қарым-қатынас адамдар болмысының қажетті шарты болып табылады. Қарым-қатынассыз адамның жекелеген психикалық қызметтерінің, үдерістер мен ерекшеліктерінің, жеке тұлғаның және тұтас қоғамның толыққанды қалыптасуы мүмкін емес. Кейде «қарым-қатынас», «әлеуметтік қарым-қатынас», «тұлғааралық қарым-қатынас», «іскерлік қарым-қатынас» және «мәдени қарым-қатынас»түсініктері өзара байланысты болғанымен, бір-біріне тең келмейді, себебі олардың өзіндік өзгешеліктері болады.

Адамдар арасындағы қатынастардың қаншалықты айқын байқалуына байланысты қарым-қатынастар бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады:

Қоғамдық қатынастар анағұрлым айқын көрінетін әлеуметтік бағдарлы қарым-қатынастар (дәріс оқу, баяндама және т.б.);

Бірлескен іс-әрекеттерге байланысты қарым-қатынастар айқын байқалатын пәндік бағдарлы топтық қарым-қатынастар (бұған еңбек ету, оқу барысында қалыптасатын қарым-қатынастар жатады);

Тұлғааралық қарым-қатынастар, яғни бір адамның екінші адаммен қарым-қатынасы. Тұлғааралық қарым-қатынасқа адамзат аралық ақпарат алмасу жатады, бұл қарым-қатынастың бірінші коммуникативтік жағы ретінде сипатталады. Тұлғааралық қарым-қатынастың екінші жағы – қарым-қатынас жасаушылардың өзара әрекеттестігі – тек сөйлесу үдерісі арқылы ғана емес, істері мен әрекеттері арқылы да қарым-қатынас жасау. Қарым-қатынастың үшінші жағы қатынас жасаушылардың бірін-бірі қабылдауы болып табылады. Ал оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынас дегеніміз – оқытушының ықпалымен студенттердің топтық іс-әрекетін реттеуші, вербалды, бейвербалды қарым-қатынасқа түсу ерекшелігі, оқыту үдерісіндегі шиеленістерді шешудің, мінез-құлықтың топтық нормаларын қалыптастырудың құралы және болашақ маман тұлғасының қалыптасуының бір факторы болып табылады.

Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетінің болмауы немесе төмен деңгейде болуы көп жағдайда келіспеушілік пен келеңсіз оқиғаларға, сондай-ақ оқытушының студентпен немесе бүкіл топпен байланысының нашарлауына себеп болуы мүмкін. Мұндай келеңсіз жағдайды табысты әрі шебер түрде реттей білу оқытушының қарым-қатынас мәдениетіне тікелей байланысты.

Оқытушы мен студент арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың негізгі моральдық нормалары бар, олар – өзінің тыңдаушыларының әрқайсысының қадір-қасиетін құрметтеу, ішкі дүниесіне ықыласпен және сеніммен қарым-қатынас жасау, қайырымдылық пен мейірбандық таныту.

Кәсіби маманның коммуникативтік құзіреттілігі сөйлеу қызметі арқылы қалыптасады. Қарым-қатынастық құзіреттілік – іс-әрекет барысында түрлі қарым-қатынастық міндеттерді шешу жағдайында сөйлеу әрекетін тиімді жүзеге асыруға даярлығы мен қабілетін көрсететін тұлғаның сипаттамасы. Оның негізін қарым-қатынас құралдары мен тәсілдері, іс-әрекет нормалары мен ережелері, әдептің ерекшеліктері, тұлғааралық байланыстарды орнату заңдары және коммуникативтік іскерліктер құрайды. Мұндай комуникативтік құзіреттілікке педагогтарды ғана емес, студенттерді де дайындау қажет. Студент оқытушыны қызығушылық танытқан сұхбаттас және әріптес ретінде қабылдауы қажет, бұл оқытушының сөйлеу әдебін қаншалықты жетік меңгергеніне тікелей байланысты болады. Оқытушының коммуникативтік іс-әрекетін сипаттауда оның сөйлеу сазы, студенттермен қарым-қатынас жасауы, жауап беру мәнері, бағалаушы пікір айтуды орынды қолдануы, сөйлеуде қолданылатын ілеспелі мимикалар мен ым-ишараттардың сипаты аса маңызды болып табылады.

Қазiргi таңдағы қазақ педагогикасының мiндетi – адам бойындағы жақсы қасиеттердi жас ұрпаққа үйрету, ұлтжанды, отансүйгiш, әдептi, ар-намысы биiк студенттерді тәрбиелеу. Ал дәстүрлі педагогикада жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде оқытушы студентті объекті ретінде қабылдап келсе, қазіргі таңда тек субъекті ретінде мән беруді басшылыққа алуда.

Студент субъекті болу үшін өзін-өзі тану, өзін-өзі көрсету, өзіне-өзі сену, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі іске асыру, өзін-өзі реттеу және т.с.с. үдерістердің мәні мен маңызын ұғына білсе, оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастың қалыптасуына жағдай туындайды. Осының нәтижесінде ортада сөздік қарым-қатынас, сезімдік қарым-қатынас, сенімділік қарым-қатынас, сыйластық қарым-қатынас, мәдени-этикалық қарым-қатынас және әдеп, іс-қимыл қарым-қатынасы пайда болады. Мысалы, оқытушылар мен студенттердің арасындағы қарым-қатынас арқылы ақпарат алмасуда ынтымақтастық немесе бірлескен іс-әрекеттер орнаса, мұндай байланыстар оқыту үдерісінің табысты болуына игі әсер етеді.

Оқыту үдерісінде адамгершілік тәрбиенің ықпалы нәтижесінде тұлғааралық қарым-қатынастар қалыптасып, субъекті-субъектаралық үйлесімді қатынастар пайда болады.

Оқыту – студент пен оқытушының өзара бірлесіп іске асыратын әрекетінен тұратын күрделі, екіжақты үдеріс. Өйткені оқыту оқытушының білім берудегі негізгі іс-әрекеті болса, оқу – студенттің өзінің танымдық, тәжірибелік әрекеті.

Оқытуға төмендегідей сипаттар тән: оқытушы мен студенттердің бірлескен іс-әрекеті, оқытушының тарапынан жетекшілік ету; білім беруді арнайы, жоспарлы түрде ұйымдастыру және басқару, білім берудегі біртұтастық және бірлік, студенттердің даму ерекшеліктерінің заңдылықтарына сәйкестік, студенттердің дамуы мен тәрбиесін басқару және студенттермен арадағы қарым-қатынасты ұйымдастыруға бағытталған педагогтың коммуникативтік іс-әрекет реті.

Студенттік кезең – адамгершiлiк дамуының, моральдық мөлшердi меңгерудiң қарқынды даму кезеңi. Адамгершiлiк дамуы өзiне адамгершiлiк сана-сезiмдi, адамгершiлiк мiнез-құлық және адамгершiлiк қарым-қытынасты жинақтайды. Студенттік кезеңде студенттердің қарым-қатынас мәдениеті, құрбы-құрдастарымен өзара қатынастары айтарлықтай өзгередi. Тiптi олар үшiн жора-жолдастарына көмек қолын беруге дайын тұру, достықты сүю, мейiрiмдiлiк және қайырымдылық сияқты қасиеттер өте маңызды саналады.

Студенттің қатынас жасау типтерін зерттеген еңбектерді қарастыра отырып, студенттердің қарым-қатынас жасау қабілетін үш түрге бөліп қарастыруға болатындығын Л.А.Перовская, Ю.М.Лотман, М.И.Рыданов және Б.Ф.Ломовтардың еңбектерінен көреміз:

1) Жалғыздыққа бейім өзімен-өзі жүретін студент. Оны айналасындағы құрдастарымен қарым-қатынас жалықтырады. Ол өзімен-өзі жалғыз қалғанда немесе өзі ұнататын ісімен айналысқанда ғана өзін жайлы сезінеді.

2) Жұптасқан қарым-қатынас түріне бейім студент. Оның жанында сенімді досы немесе құрбысы болуы қажет. Ол доссыз немесе құрбысыз толыққанды өмірді сезіне алмайды.

3) Топтық, ұжымдасқан қарым-қатынас түріне бейім студенттер. Мұндай ұжымдасқан немесе бейімділіктеріне қарай топтасқан студенттерден дұрыс бағыттағы салауатты қарым-қатынастағы ұжымдар да, сондай-ақ, қоғамдағы жағымсыз әрекеттерге баратын топтар да қалыптасуы мүмкін.

Осы қарым-қатынас жасау қабілетінің үш түрі арқылы мынадай көзқарасқа тоқталамыз: егер бірінші типке жататын студент қақтығыс жағдайында жалғыз өзі уайымдайтын болса, екінші және әсіресе, үшінші типке жататын студенттер табиғи сыртқы қорғаныс тәсілдерін қолданады.

Мектеп жасындағы жасөспірімдермен салыстырғанда, студенттердің қақтығысқа түсетін адамдарының саны көп, өйткені мектептегі санаулы мұғаліммен салыстырғанда, студент әр курста он-он бес оқытушымен, жаттықтырушылармен, кафедрадағы, факультеттегі, оқу бөліміндегі әдіскерлермен, қызметкерлермен тұлғааралық қарым-қатынасқа түседі. Оның көз алдында алуан түрлі мамандардың: жас, орта жастағы, егде жастағы оқытушылардың, өз ісінің білікті мамандарының немесе салмақты, мәдениетті оқытушылардың және беймаза, дөрекі оқытушылардың әрқайсысының өзіне тән қайталанбас, дербес сабақ беру үлгілері ұсынылады. Сонымен қатар, оқытушылармен арадағы қақтығыстар, түсінбестіктер мен шиеленістердің пайда болу мүмкіндігі де арта түседі.

Болашақ маманды педагогика саласы бойынша даярлауда оның мәдениеттілігіне көңіл бөлу, бүгінгі мәдениеттілік дәрежесіне сай қарым-қатынастың сапалық деңгейін қалыптастыру арқылы оны әлеуметтік өмірге енгізу көзделеді. Осы тұрғыдан оқыту үдерісінде оқытушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруының маңызы педагогикалық шеберлікті қолдануына, қарым-қатынас үдерісі кезінде тез және жеңіл тіл табысу барысында сенімділікті, ынтымақтастықты, жолдастық сезімді ояту, сұхбаттасушы тұлғаның тақырыбын қызығушылықпен тыңдау, мимика, пантомимиканы тиімді қолдануы үлкен нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді.

Оқыту үдерісінде қарым-қатынас стильдерін таңдау жолдары – педагогика және психология ғылымдарының ең күрделі мәселелерінің бірі. Педагогикалық қызметте қарым-қатынас барысында кез келген кедергіні жеңуге қарым-қатынас жасаудың дұрыс тәсілдерін таңдау, дәлірек айтқанда, педагогикалық қарым-қатынастың дұрыс стилін таңдау мол мүмкіндіктер береді. Оқытушының студенттермен қарым-қатынас стилі – әлеуметтік және адамгершілік мазмұнды категория. Ол қоғамның және тәрбиешінің әлеуметтік-этикалық ұстанымдарын сипаттайды. Қарым-қатынас стилі арқылы бірқатар ерекшеліктер бейнеленеді: педагогтың коммуникативтік мүмкіндіктерінің ерекшеліктері, педагог пен студенттер арасында қалыптасқан тұлғааралық қарым-қатынастың сипаты, педагогтың шығармашылық дербестігі және студенттер ұжымының ерекшеліктері. Ал студенттермен қарым-қатынасты ұтымды ұйымдастыруда педагогикалық стильді дұрыс таңдап алу педагогтың жұмыс ерекшелігі болып табылады. Бұл ерекшеліктер арқылы қарым-қатынастың екі түрін ажыратуға болады:

1. Әлеуметтік-бағдарлы қарым-қатынас барысында әлеуметтік маңызы бар міндеттер шешіліп, әлеуметтік өзара әрекеттестік пен қоғамдық қатынастар жүзеге асырылады.

2. Жеке-бағдарлы қарым-қатынас – белгілі бір бірлескен әрекеттерге бағытталған іскерлік қарым-қатынас.

Сонымен, жаңа ғасырда бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды. Қай заманда да өркениеттің өрлеуі интеллектуалдық шығармашылық қабілеттің негізінде іске асатыны белгілі. Осындай қабілеттердің дамып, қалыптасуына жоғары оқу орындарының педагогикалық үдерісі шешуші рөл атқарады.

Қазіргі жоғары оқу орындарының оқу ортасы білім беру үдерісіне қатысушылардың іс-әрекеттерінің өнімділігін қамтамасыз ете отырып, студенттердің өз бетінше білім алу дағдыларын дамытуға жағдай жасап, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуі тиіс. Студент өзінің танымдық әрекетін ұйымдастырушы ретінде ұсынылған білім мазмұны нұсқаларын таңдау құқығын және өзінің өмірі мен қоршаған орта сапасын арттыру үшін оларды қолдану тәсілдерін пайдалануға ерікті. Сонда ғана оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастардың қалыптасуына жол ашылады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 28 ақпан 2007 ж.
  2. Рыжаков М.В., Ключевые компетенции в стандарте: возможности реализации Стандарты и мониторинг в образовании. – М., 1999 г.
  3. Оқу тобында педагогикалық қарым-қатынастарды орнатудың тәжірибелік нұсқаулары // Ізденіс, №1. 2009. 256-259 бет.

Наши рекомендации