Дін- қоғам және тұлғаның рухани байлығының бөлігі екендігін дәлелдеңіз.
Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс һәм қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологиялар мен саяси ағымдар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүниежүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени һәм экономикалық уақиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін осы салаларға бағыт-бағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғам құрылымының анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі осы діннің өзі болып табылады.
Заманауи әлеуметтану ғылымдарынан социология, психология, антропология, мәдениеттану, философия, филология, саясаттану, өнертану дінді зерттеумен шұғылданады. Бұлар дінге әлеуметтік феномен, қоғамдық уақиға және қоғамға пішін беретін құдірет ретінде қарайды. Халық арасында кең таралған хұрафи сенімдер мен ырым-секемдердің өзі қаншалықты әсерлі екені баршаға белгілі. Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып-білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және ХХІ-ғасырдағы халқымыздың өсіп-өркендеуінің басты құралы дініміз.
Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Нәтижеде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып-білуі және қарым-қатынас орнатуы жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, ислам дініндегі жүйені толеранттылықтан да жоғары қойған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын көреміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін уәкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хошкөрушілікпен қараған.
Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсәфи негіздерді қамтитын ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған...
Дін адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Ислам діні мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да егжей-тегжейде адамға таңдау еркі береді. Мәселен, исламият адамдардың киінуі мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюге араласпайды. Ислам діні адамдардың халал тағамдарды жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар ағаш таяқшамен, Еуропадағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Негізгі мәселе, халал, яғни рұқсат етілген таза тағамдарды жеу.
Қорыта айтар болсақ, қазақ халқының мәдениетінің жоғарыда көрсетілген тармақтарының барлығында да ислам дінінің мызғымас әсерін, үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. «Дініміз өзгерсе өзгерсін» деген сөздің қандай мақсатпен айтылғанын түсіну мүмкін емес. Қазір, халқымыздың дінін тұтастай өзгерту туралы әңгіме күн тәртібінде тұрған жоқ, яғни қазақ халқының күн тәртібінде жоқ. Ал, енді халқымыздың мәдениетімен, дінімен, тарихымен қақтығыста жүрген бір-екі адам айтты деп, ислам дінін тастап, басқа дінді қабылдайын деп жатқан біздің халық та жоқ. Халқымыздың, мәдениетіміздің толып жатқан көкейкесті проблемалары тұрғанда жазушы ағамыздың қажетсіз әңгімені көтеруі көңілге күмән келтіреді. Сол себепті, ислам дініне қарсы айтылған сөздерді қасақана айтылған демесек те, сәтсіз һәм орынсыз айтылған деуге толық хақымыз бар. Бүгінгі конференция өткізіліп жатқан осы Орталық Мұражайды аралағанда қазақ халқының мәдениетіндегі исламияттың өшпес орнын тайға таңба басқандай паш ететін жәдігерлерді көруге болады. Тек көретін көз болса болғаны...
Жеке тұлғаның қарым-қатынас мәдениетінің, әдептілігінің дамуына өзін-өзі танудың ықпалын түсіндіріңіз.
Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады.
Еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен барлық оқу орындарында «Өзін-өзі тану» пәні енгізілді. Бұл пән отандық білім беру ісіндегі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, оқушының жеке тұлғалық әлеуетін кеңінен ашуға, әлем мен адамның өзара үйлесімді өмір сүруіне және болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына көмектесетін бірден бір оқу бағдарламасы болмақ.
«Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы даналықтың шыңы, ол – адамның өзін-өзі тануы, бақыт пен өмірлік табысқа жету үшін өзінің шексіз мүмкіндіктерін аша алуы. Осы орайда, жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастырып, салауаттылыққа тәрбиелеуде «Өзін-өзі тану» пәнінің орны ерекше. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру. Жеке тұлғаның бойына имандылық нұрын ұялатуда бұл пәннің мәні ерекше зор. Өйткені, бұл – кіріктірілген бағдарлама [3].
Бұл пән жеке тұлғаның өзін-өзі тануына және рухани баюына әсер ете отырып, әрбір тұлғаның жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануға және өмірлік ұстанымын, дүниетанымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді. Адамгершілік-рухани тұрғыдан дәріс алған балалар өмірлік маңызды құндылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық арақатынас мәселесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі.
«Өзін-өзі тану» пәнінде білім беру процесін ұйымдастыруда пайдаланылатын әдістемелік тәсілдердің бірі «Ойын», «Жаттығу». Бұл әдістемелік тәсіл ашық алаңда өткізіліп, балалардың емін-еркін әрекет етіп, топта жақсы көңіл күй туғызатын, жаңадан өтіп жатқан материалдар бойынша игерген түсініктері мен іскерліктерін бекітуге арналған әдіс. Ойын әрекеттері мен жаттығулар жүргізу арқылы баланың жеке тәжірибесі негізінде оқу материалының мазмұны жүзеге асырылады. Балалардың ойын әрекеті қашан да олардың арасында белгілі бір өзара қарым-қатынастың пайда болуы және дамуымен байланысты. Ойында әр баланың ұстанымы белсенді болады: ол өзі ойнағысы келгенде және ойынға қызыққанда ойнайды, ойнауға керек жолдасты белсене іздейді, олармен белгілі қарым-қатынаста болады. Балалар ойынды өздері ойлап табады, ұйымдасады, өздері ойнайтын топ құрады, олардың құрамын да өздері өзгертеді. Балалар ұжымдық ойнау кезінде топтасады, сөйтіп олардың арасында жолдастық қатынастар қалыптасады. Мұндай ойындар мен жаттығулар, қызығы да құпиясы мол танымдық ойын тапсырмалар арқылы балалардың танымдық қызығушылықтары артады, ізденгіштікке, тапқырлық пен алғырлыққа, ұшқыр ойлай білуге, табандылыққа үйретеді, құрбыларымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгертеді. Сондай-ақ ой-өрісті кеңейтіп, балалардың зерделі тынығуларына мүмкіндік береді [5].
Жалпы педагогикалық процесте ойын, оқу, тәрбие жұмыстарының құрамы ретінде кең пайдаланылады. Ойын баланың дүниетанымын кеңейтумен қоса, мектеп жасындағы баланың жеке басының дамуына игі ықпалын тигізетін жетекші құрал.
Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Атақты педагог А.А. Макаренко бұл туралы: «Баланың өмірінде ойынның маңызы зор. Үлкендер үшін жұмыстың, қызметтің маңызы қандай болса, балалар үшін ойынның маңызы да сондай. Бала ойында қандай болса, ол ержеткенде жұмысқа да сондай болады. Сондықтан жас бүлдіршін, болашақ қайраткерлердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ең алдымен ойын түрінде жүргізіледі», - деген.
Баланың бірінші әрекеті - ойын, сондықтан да оның мәнісі ерекше болмақ. Ойын -адамның өмірге қадам басардағы алғашқы қадамы. Халқымыздың ұлы данышпан ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Қай ғалымды алмайық өздерінің ойын туралы еңбектерінде: «Ойын - баланың жетекші әрекеті» деген сипаттама береді, өйткені ойын баланы ақыл-ой жағынан да, дене жағынан да алға жетелеп дамытады, баланың ой-өрісін өрбітіп бойын өсіреді: ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Яғни ойынның қай түріне болмасын зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, одан мәнді де мағыналы істер туындап өрбитіні байқалады. Өйткені алдымен ненің болсын бастар қайнар көзі болатын белгілі, демек ойынды бар өнердің бастауы деп білеміз. Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды, ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы. Ойын көп жоспарлы, күрделі педагогикалық процесс болғандықтан кіші мектеп жасындағы балаларды оқытудағы ойындық әдіс болып табылатын оқыту формасы балаларды жан-жақты тәрбиелеудегі негізгі құрал. Сонымен бірге, ойын балалардың психологиялық жағдайларын жақсартады: көңіл аударғыштығын, байқағыштығын және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді [1].
Ойын – бір жағынан баланы бірден қуанышқа бөлесе, екінші жағынан ойын әрқашан болашаққа бағытталған, өйткені ойын барысында келешек өміріне ықпал ететін рухани адамгершілік сезім, қасиеттер мен дағдылар, икем қалыптасады. Сонымен бала өмірінен маңызды орын алатын оқытудың бір түрі-ойын, жаттығулар екені анық.
Ежелден дана халқымыз «Бала – бауыр етім» деп, өскелең ұрпақтың көңілі рухты, жаны пәк, таза болғанын армандайтын. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға біткен қасиетті дарытатын орта болады. Ол ең біріншіден отбасы, екіншіден мектеп негізінде жалпы қоғам. Сондықтан осындай ортаны құру біздің парызымыз, біздің міндетіміз. Біздер 21-ғасырда, яғни адам санасының шарықтап дамыған, ал техниканың барынша жетілген уақытында өмір сүру мүмкіндігін алып отырмыз. Бұл бізден осы заманның сұранысы мен талабына сай білімді, мәдениетті, сонымен қатар рухани бай болуды қажет етеді. Сондықтан да, осы өзгермелі заманның түрлі өзгерістерімен тең басатын тұлғаны қалыптастыру бүгінгі таңдағы барлық саналы адамдардың өмірінің, еңбегінің басты өзекті мақсаты болуы керек.
Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы өзін-өзі тани білген жағдайда ғана жүзеге аспақшы. Осы орайда көптеген жылдар бойы аналық жүрек жылуын бала өміріне еңбек ету жолына арнап келе жатқан Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының маңызы өте зор, сырлы әлемге толы дүние. «Өзін-өзі тану » пәні балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттердің өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіне білуіне және өз ұлтының рухани-адамгершілік құндылықтары негізінде өзінің орнын білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп отырған тәрбие сабағы.