Ер қоспақ пен сөз сөйлемек
Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек,
Қисындырып жымпитып қойсам демек.
Атқа тыныш, адамға жайлы келіп,
Көзге сұлу, өзі оңды болса керек.
«Ол қалайша ұқсайды?»—деп ойлама,
Байқарсың сөзімді оқып, қылсаң шама.
Ер мен сөзді қаралық салыстырып,
Біреуіне-біреуі ұйқаса ма?
Кей ердің алды биік, арты аласа,
Оны көрсем қаламын таң-тамаша.
Алды қаңқақ, ерінің арты жалпақ,
Атын жауыр қылады-ау, байқамаса.
Біреу сөйлер басында батыр шығып,
Жеп жіберер кісімсіп жерге тығып.
Ер жүректі еркекке жолыққанда,
Ыржаң қағып, жалынып кетеді ығып.
Кей ердің алды аласа, арты биік,
Мінбей жатып атыңды қылады иық.
Бас бітімі бәсеңдеу көрінсе де,
Адырайған артында болмас сиық.
Кейбіреу басқы сөзін тым майда айтар,
Аздан кейін сөзінен көңіл қайтар.
Қалжыңдасып отырып ыза болып,
Көзі аларып, күресін адырайтар.
Кей ер бар жанға жайлы, үсті жалпақ,
Жатын алар жалпайып, атқа салсақ.
Желдік салмай мінуге жарамайды,
Тегіс тиер оқпаны сонша талтақ.
Кейбір сөз аласалау, көзге сынық,
Көрінер, байқамасаң, мөлдір, тұнық.
Желдік салып, сақтанбай, міне көрме,
Асты арам, үсті жатық, ол бір қылық.
Кей ер бар тар қосылған, тоқым қаппас,
Шаптай тартып қойсаң да атқа жатпас.
Ілгерінді-кейінді қоқаң қағып,
Ат арқасын ыспалап тыным таппас.
Мұны айтпай-ақ білерсің өздерің де,
Ондайларды көріп жүр көздерің де.
Қоқаң қаққан қолайсыз бір адам бар,
Байлау, матау болмайды сөздерінде.
Кей ерді сом қосылған дейміз тәуір,
Атқа жайлы болса да кісіге ауыр.
Бір желгізбей астыңа тақ-тақ етіп,
Мініп алсаң қылады қоңды жауыр.
Кейбіреу тік айтуды қылады өнер,
Оның сөзі топастау, ащы келер.
Өршіл жігіт дегенге айтып салып,
Аузы-басы қан болып шыға берер.
Атқа тыныш, адамға және жайлы
Алды-арты бірдей сұлу, көзге ыңғайлы.
Оғаш, оғат, оқыра, сызаты жоқ,
Ер қайда сыр-сымбаты түгел сайлы!
Махаббат пен құмарлық
Ашылған көз тұра ма бір зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсі өзгермей.
Әдейілеп көрейін демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Білер, айтар, оятар, жыбыршытар,
Еркіңді алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,
Отыра алар кім шыдап оны термей.
Дағды қылсаң, дап-дайын істің бәрі,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бір рюмкадан басталар маскүнемдік,
Наша үстіне нашаға өрлей-өрлей.
Ойласаң, соның бәрі бір құмарлық
Қуа бермей қайтеді тепши-терлей.
Аздан кейін араны ашылады,
Қаза берсе таусылмас шыққан кендей.
Жердің жүзін қыларсың бір-ақ уыс,
Бәрінен де өзіңнің кеудең кеңдей.
Жын да жын, құмар да жын, мастық та жын,
Өлең де жын, коя ма бойды жеңбей?
Шын құмар шыпырлатпай қоймас сірә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей.
Әрине, бір құмарсыз өмір қараң,
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей.
Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар
Жарай ма соны айырып реттемей.
He қылсаң қыл, адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей.
Ол сүюің шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзіңе-өзің сенбей.
Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,
Өлімді ойла келерлік күні ертеңдей.
Маған сүйтсе қайтер ем деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақтар, ең құмарың осы болсын,
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмарың бір, ісін, көп болсын, жаным,
Көпке құмар, еріншек болма мендей.
«Молданың ісін қылма, айтқанын қыл»,
Ерте сақтан әр іске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме: сөзің қалды ішіме енбей.
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар,--
Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей?
Қайрат қайтса, амалсыз бәрі қайтар,
Қайран ой қартаяды-ау өзім өлмей.
Ермегім жоқ, өлімнен үмітім жоқ,
Қайтейін осындаймен көңіл бөлмей.
Дүние мен өмір
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады,
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
«Дүниені дүм, алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдап, қайрандап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы,-
Дедім- алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.
«Мен де соққы жедім - деп - сұм дүниеден
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк-
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл - тағдырға наразылық,
Түбі аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен - білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық, қылған іс - бәрі де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?
Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман.
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол - болмай ма тағдырды жамандаған?
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас»
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық - дүниені жамандатқан
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние - алдамшы, өмір - қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзіңнен, иә біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір - қу, дүние - алдамшы дегеніңмен?
Дүние алдамшы, өмір қу есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.
Мақтау мен сөгіс
Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім - онда ісің жоқ.
Бәрібір сен де елерме дуанасың.
Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса, иә боқтаса,
Мақтау пайда, зиян ба жамандаған?
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Әділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елерте бермек үшін.
Есептемей есірік елін мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.
Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар.
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.
Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер айласын, ойла-дағы.
Тауып айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау.
Міндеу мен күндеу
Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер
Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер.
Сынға салып талғамай талапты жас,
Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.
Олай емес, ойласаң, талай мін бар,
Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.
У берді ме сусын деп, су берді ме,
Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?
Кім айтса да сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып ойла, жаным.
Пәленшекем айтқан сөз дұрыс қой деп,
Жүректің таразысын жойма, жаным.
Тегіс тексер, сөз көрсең, сыр мен сынын,
Түзетуге именбе, тапсаң мінін.
Әдеп сақта жалғыз-ақ қате айтты деп,
Былшылдапты дей көрме, білсең шынын.
Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері, әдеті, туған елі
Адастырар, айтқызар байлап көзін.
Мал іздеп, мансап іздеп, сауық жиып,
Дүниенің көрмек үшін әрбір сыйын.
Адамзат алаңдықтан босамайды,
Сол себептен қатесіз сөйлеу қиын.
Менің де көп жаралы жүрегім бар,
Надандықтан қираған сүйегім бар.
Күндемей, шын міндесең, разымын,
«Қайта, жастар сөйтетін» деп тілегім бар.
Сынамасаң жақсының сөзін қорып,
Талабымды жоғалтар іштен сорып.
«Сандалған түспе ізіме» деген Абай,
Жүресіңдер осы сөзін қалай жорып?
«Талас, тап » деп айтатын Абай өзі,
Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі?
Айтқанымды сынама деген емес,
«Күндеме де қарғама»- деген сөзі.
Мейлің сөк, мейлің мақта, оған не бар,
Бізден түк жоқ, өзінің иманы жар.
Қатесін тап, күндеме, жамандама,
Кейде жөн, кейде қате айтқан шығар.
Абай түгіл, ақылды көп жан өткен,
Түпсіз терең ғылымға көзі жеткен.
Солардың да бар сөзі бір жерде емес,
Кейі жөн, кейі қате айтып кеткен.
Алдыңғының соқпағын артқы түзер,
Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.
Мінін алып, міндіге мінсіз қосып,
Бұрынғыны жаңартып, жастар түзер.
Өңдіге тағы өң беріп қырған қалай,
Түзетілмей шаң басып тұрған қалай.
Түзеймін деп қиратып күншілдікпен,
Дұрыс істі теріске бұрған қалай?
Осыны ұқсаң - ұғарсың көп сөзімді,
Алдасам, алмай-ақ қой ел сөзімді.
Әнге салып алаңдап, ұқпай жүрме,
Әншейін бір өлең ғой деп сөзімді.
Азақ айнасы
Өзіме
Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.
Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзінді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ұялтады.
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.
Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың анау, алдың су, көз жетпейді,
Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.
Неңді аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір-ақ жерге сыймай.
Салып-салып сандалып отырмысың,
Жоқ, өзіңе аз нәпсіңді ерте тыймай!
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы?
Дүние тұр қалыбыңда сен, өзгердің,
Бәрін көрдің түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көретұғын дәнеме жоқ,
Өзіңді-өзің өлімге ұстап бердің.
Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырам деп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ елімді шақырдың, сол шын досың.
Енді қайтып сен мықты бола алмассың,
Жас күндегі тұғырға қона алмассың.
Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,
Құр айналсаң, еш жерде оңалмассың.
Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке — түсті ойлама.
***
Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, текпілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.
Бір момынның ұстасам түзу ісін,
Жөндейін деп ғарыптың жөн жұмысын,—
Ақтан безген ары жоқ өңкей залым
Ырылдатып жабады ит пен құсын.
Көп төбетке жетеді қайдан күшің,
Құтқара алмай адалды пысады ішің.
Қабағыңды қаққанша қас болады,
Жақыным деп болысып жүрген кісің.
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.
Мақтан, атақ іздесең адамнан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол.
Мұны қылсаң боласың сен де мықгы,
Қайдағы қу, алдампаз төрге шықты.
Ел ішінде сенен қор жан бола ма,
Ұстаймын деп отырсаң адалдықты.
Елеуреген есірік елдің, бәрі,
Өңкей батыр, жалақор жас пен кәрі,
Сені адам деп есіркен кім ойлайды,
Құлап қалған қу молаң кімге дәрі...
Бай мен қонақ
«Қазақтың көп жұмысы не?»-десеңіз,
Айтайын, жамандайды демесеңіз.
Көргеніңді сөйле деп айтқызып ап,
Қайта айналып етімді жемесеңіз.
Бұл елде басты жұмыс - ел қыдырмақ,
Бай ауылға түстеніп пайда қылмақ.
Онан өзге зияны тимей кетсе,
Сонымен-ақ сыпайы кетсін бірақ.
Іздегені болмайды жалғыз тамақ,
Басқа да жұмысы бар байқамастық.
Келген кезде - бай менен қонақ тату,
Қайтарында болады қырын қабақ.
«Ассалаумағалайкум»- кіріп келді,
«Уағалайкүмассалам»- орын берді.
Көрпе салды, «жоғары шығыңыз»-деп,
Төрге барып сый қонақ отырды енді.
-Мал-жаныңыз аман ба, бала-шаға?
-Шүкір, жүрміз сыйынып бір аллаға.
-Қымыз сапыр, қонаққа мал әкеп сой,
Шай қайната беріңдер отты жаға.
-Естіп-білген сөз бар ма жақсы-жаман?
-Жат хабар жоқ, ел тыныш, халқың аман
Бір көріп қайтайын деп жүзіңізді,
Амандаса келіп сізге таман.
«Семіз бе сіздің елдің малы?»-дейді,
«Тым аса семірген жоқ әлі»-дейді.
«Жолығып, жолда аралап байқап едік,
Жылқыңыз семіз екен, бәлі»-дейді.
Бұл қазақ әңгімеге сондай олақ,
Тауып айтқан бар сөзі болды сол-ақ,
Тамақ тойып алған соң жұмыс бітті,
Ал енді аттанарға келді қонақ.
-Аз жұмысым бар еді сізде - дейді,
Бір азырақ ақша бер бізге - дейді.
Тірі болсам, кісіңіз екі келмес,
Зарықтырар деп күдер үзбе - дейді.
-Осы кезде ақша жоқ қолда - дейді,
Бермеді-ау деп тіпті алаң болма - дейді.
Бар күніңде кім болса сол алады,
Сізден аяп тұрғаным сол ма - дейді.
-Ол жоқ болса, бір аттың берші майын,
Дұспаныма мақтанып, жаз жайлайын.
Екеуінің біреуін бермесеңіз,
Қасарысқан бір жолың, мен не айтайын?!
-Семіз атым жоқ еді биыл - дейді,
Ақша да жоқ қолымда тиын - дейді.
Аямаймын, орайы келмей отыр,
Қатты батып отырсың, қиын дейді.
Бермеген соң сол қонақ өкпеледі,
Елемеді мені деп кектенеді.
He ақша, не ат майын бермеді деп,
Әлгі байды талай жан жек көреді.
Берсең етті біреуін бос жібермей,
Өкпелеттің қонақты бірін бермей.
Мал сойғаның, күткенің бәрі зая,
Қане қалшы сонан бір зиян көрмей.
Байда жазық немене, малын сойды,
Қымыз ішті, шай менен етке тойды.
Қонағыңыз тым арсыз болды білем,
Бай бермесе, өз малын бермей қойды.
Зиян тартпай қалмайды осыдан бай,
Болмаған соң қонақтың көңілі жай.
Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп,
Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай!
Айтқан шал
Күнде керуен келеді бір сарайға,
Неше бөлек үйі бар әрбір жайда.
Сансыз көп саудагерлер келіп жатыр,
Біреу жылда қайтады, біреу айда.
Нені іздесең бәрі бар сол сарайда,
Кейі залал үйткенмен, кейі пайда.
Сан керуен қылады сауда-саттық,
He боларын көбі тұр байқамай да.
Біреу алтын алып жүр, біреу құрыш,
Біреу асыл алады, біреу мырыш.
Жақсы қымбат, жаманның бағасы арзан,
Әркімнің өз сүйгені болар дұрыс.
Біреу қайтты бітіріп жылдам жұмыс,
Біреу жүр бір тиынға салып ұрыс.
Кейбіреу жүр асыл деп арамды алып,
Өз қылғанын демейді ешкім бұрыс.
Кейбіреу қайтам деген ойында жоқ,
Бір жайырақ азығы бойында жоқ.
Тапқанын тамағына саламын деп,
Жалғыз тиын ақшасы қойнында жоқ.
Кейбіреу мақтан үшін шашқан барын,
Таң-тамаша қылмақ боп жолдастарын.
Елге қайтар болғанда есін жиып,
Сонда білмей сандалды не қыларын.
Мен де жүрдім ел жүрген сол сарайда,
Тамағым тоқ, қайғы жоқ, төсек майда.
Аздан кейін азайды жолдас сиреп,
Кетіп жатыр, білмеймін, әлдеқайда.
Мен қызыққа айналдым үйді ойламай,
Тұрған сайын құмар боп мейрім қанбай.
Жолдасымды іздемек болдым бір күн,
Жалғыз қалсам болам деп әлде қандай.
Қарап жүрмін әр жерден желе шауып,
Жол алыс деп серіксіз қылдым қауіп.
Араласам, бәрі де жат керуен,
Ала алмадым жолдастың бірін тауып.
Көргенімнің бәрі де бөтен қазақ,
«Біздің керуен қайда?» деп салдым азап.
Жолдасымның бәрі де қайтып кетті,
«Неғып кеп жүр бұл шал?» деп етті мазақ.
Бұл сөзді естігенде жаман састым,
Көңлімді тәуекел деп азар бастым.
Уақыт болып қалғанын байқаған соң,
Сарайда қалғандарға амандастым.
Мен - бір қонақ, кеттім ғой біраз қонып,
Қайтатұғын қалыпты мезгіл болып.
Осы қонақ қалай деп сынға алмаңыз,
Тәуір деп-ақ айта сал оймен жорып.
Жақсы десең, қонақтың ол бір бағы,
Өлсе де риза болады аруағы.
Бір кеткен соң залалым тие қоймас,
Қонған кезде неғылсам қылдым-дағы.
Ол кездегі ағатты көшсең, мырза,
Қонақ түгіл болады құдай ырза.
Өткен күнгі ісімді қумасаңыз,
Мазаңды ала бермеспін жылда-жылда.
Тәуір қонақ дегенің - берген сыйың,
Мал сұраман мен сізден жалғыз тиын.
Жаман айтпай жақсы жоқ, сау болыңыз,
Енді айналып көрмегім болар қиын.
«Қош-аман, сау бол» деген сөз жаман ба,
Амандасып қоялық бас аманда.
Мұнан кетсем, баратын жерім қашық,
Құдай қосса, көрерміз бір заманда.
Мен келгелі талай күн сіздікіне,
Сіз де бір күн барарсыз біздікіне.
«Жолың болсын, қонағым»-деп қалыңыз,
Жолығамын жолда әлдекімдікіне...
Әлім келсе, қонбаймын үйге жетпей,
Тура апарсын құдайым тентіретпей.
Енді болды еліме қайтар кезім,
Жүруші едім сіздерді қиып кетпей.
Мен келгелі көп болды, бұ да жетер,
Жата берсе қонақтан қадір кетер.
Қайтқанымыз жарайды қаңғи бермей,
Асқа тоймас антұрған болмай бекер.
Ac аяды демеймін сізді менен,
Кем қылмай-ақ сыйладың ештемеден.
Шыққан жерім, шын үйім ойға түсіп,
Мезгіл толып қалған соң қайтамын мен.
Қонған шығар бұрын да талай қонақ,
Бәріне де жетеді асың мол-ақ.
Кейін тағы келетін керуен бар,
Жер босаттым, бұл үйге кірсін сол-ақ.
Кейінгіге сәлем айт біз байғұстан,
Бұл сарайда көп екен бізге дұспан.
Қызықтырып, қыздырып алдайды екен,
Біреуі іштен болады, бірі тыстан.
Ерте ойлансын, ескеріп азық алсын,
He сатты, не жинады, жазып алсын.
Біз байқамай асыл деп арамды алдық,
Есі дұрыс кісілер неғып алсын.
Тегінде алдатады ескермесе,
Сырты асыл, іші қандай, тексермесе.
Аларыңда бәрі алтын, жарқырап тұр,
Түбінде пайдасы не деп көрмесе.
Ұтқызған боп алады өзіңді ұтып,
Байқамайсың қойғанын бітеу жұтып.
Қыздырып қызығына алдандырса,
Кетесің біржолата үйді ұмытып.
Мал да бар лапкесінде, мақтан да бар,
Көзіңше мақтан алып жатқан да бар,
Көңілдің жұбанышы - көп ойын бар,
Ұстайтын дұспаныңды қақпан да бар.
Кейде тегін береді, кейде бұлдап,
Мінезі жел қайықтай тұр бұлтылдап.
Бұ күнде жүз түрленіп, мың құбылып,
Көзіңді қызықтырар тым жылпылдап.
Жар да көп жалаңдаған жан құмары,
Жақындасаң әпкетер онан да әрі.
Жаду көзбен сиқырлап жаныңды алып,
Ішіңді елжіретіп тұрғандары.
Алдап алып артынан ергізеді,
Адал деп арам боқты тергізеді.
«Бұл- қызық, міне пайда, әне айла» -
Жаның түгіл арыңды бергізеді.
Тұруға уақытым жоқ сөзді ұзайтып,
Барамын асығыспен елге қайтып.
Сусын деп у беретін сұм сарайдың
Кетейін кейінгіге сырын айтып.
Көп жүрдім, енді мұнан не көремін,
Жолдас кетті, несіне бөгелемін.
Қош-аман бол, жігіттер, дұғада бол,
Елге қарай ентелеп жөнелемін.
Айрылып серігімнен қалдым нағып,
Мұңымды ұқтырайын кімге шағып.
«А, құдай, өзің оңда»-дедім-дағы,
Жөнелдім жапа-жалғыз бүкең қағып.
Жігіттер, жалған емес, мұным анық,
Бұрыннан осы сарай елге қанық.
Қайта келмес қақпадан әрі өткізіп,
Шығарып салып мені қайтар халық.
Піскен мен шикі
Бай мен жарлы баласы аңға шықты,
Жалаң қағып жарап тұр аты мықты.
Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы,
Қуып барып еріксіз інге тықты
Екеуі келді шауып атты қыстап,
Түлкіні аламыз деп отпен ыстап.
«Шылбырынан арқандап атты отқа қой,
Тойып қалсын болғанша біз жұмыстап».
Жазым болар десе де болмайды бір,
Жарлы байғұс, қайтсын-ай, ұнамай жүр.
Байы айтқан соң амалсыз арқандады,
Анда-санда бір үзіп елеңдеп тұр.
От жағып, ыстап еді түтін салып,
Екі ат үркіп жөнелді үзіп алып.
Түлкі құрсын, айрылып көлінен,
Сандалды екі бала жаяу қалып.
Бәйбатшасы жүгірді тұра сала,
«Тоқта - деді мырзаға атшы бала,-
Аттан да, түлкіден де айрылмалық,
Мен ұстайын, сен түлкіні ыстап қара».
Ақырын келіп еді лықылықтап,
Құйрығын тігіп алды шиыршықтап.
Желіккен ат желге ермей тоқтасын ба,
Ойын салып ұстатпай кетті зынтап.
Қайта келсе, бай отты жаға алмай тұр,
Отыны жоқ бір шоқты үреді құр.
Отын салып, жарлы ыстап түлкіні алды:
«Енді не бар аяңдап, ауылға жүр».
Екеуі елге қарай жүрді ентелеп,
Мырзасы жүре алмайды уайым жеп.
Қыл шылбырдың үзігін алды жарлы,
Бір нәрсеге керегі болар-ау деп.
Бәйбатшаға жаяулық жаман батты,
Аяғы ісіп, жүре алмай сұлап жатты.
Мұндай істің талайын көрген жарлы,
Тастасын ба мырзасын, арқалапты.
«Мен бұрын жаяулықты көрмедім - деп,
Бүйтіп жан қинағанша өлмедім - деп.
Бәйбатша арыздасты жолдасына -
Әлім кетіп, тым қатты шөлдедім деп».
Жолдасы су іздейді сыр жүгіріп,
Беліне екі етегін алды түріп.
Құдық шығар деді де жетіп келді,
Үйілген бір арада топырақ көріп.
Су шыққан құдық екен шыңыраудан,
Кіші емес топырағы төмпеш таудан.
Етікке белбеуменен шылбыр жалғап,
Су алды айламенен әлдеқайдан.
Ішкізді етікпен су мырзасына,
Мырзасы риза болды сырласына.
Көрдіц бе, піскен адам не қылып жүр,
Шикінің не күн туды бір басына.
Суға қанып алға соң желдей есіп,
Екеуі тағы жүрді құдай десіп.
Ентігіп екіндіде жетіп келсе,
Кетіпті көрген жерден ауыл көшіп.
Бай жылады көре алмай елдің шаңын,
Кедей тінтіп қарап жүр жұрттың маңын.
Сонша қарап тапқаны сынық іше,
Және біраз таспаның сыдырғанын.
Тастамай алды бала, о да керек,
Қарады көш сүрлеуін енді ертерек.
Соқпақтан көштің ізін тауып алып,
Жүгіріп күн батқанша қақты дедек.
Ымырт боп, қас қарайып, күн де батты,
Бір жерге шаршаған соң келіп жатты.
Қарным ашты деп жылап мырза жатыр,
Азар-мазар дегенде таң-дағы атты.
Екеуі және жүрді зыр жүгіріп,
Кез болды бір өзенге талай жүріп.
Жарлы бала өзеннен балық алды,
Таспаны бау, инені қармақ қылып.
От жақты, Балық пісті. Тойып алды.
Бәйбатша қуанганнан әнге салды.
«Сынық ине, сыдырым таспа» деген,
Мирас боп кейінгіге сонан қалды.
Ел тапты ертең түсте сүрлеуменен,
Еріншектік бітеді жүрмеуменен.
Дүниенің ащы-тұщы дәмін татпай,
Не болдың еш нәрсені білмеуменен?
Не қылды, байқадың ба, піскен адам?
Қор болар үйде отырып өскен адам.
Қиялап қиын жерде сол озады,
Көн жол көріп, басына іс түскен адам.
Бай мен кедей
Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.
Немене, қор да болдың, кем де болдың,
Малсыз кедей кімменен тең де болдың?
Екеуінің бірін ал өзің таңдап,
Түбінде мен не болдым, сен не болдың?
Байлықты алып, мұратқа өзің жеттің,
Кемдікті маған беріп тентіреттің.
Қымыз ішсең, көже ішіп мен де жүрмін,
Бәрі бір, бай болғанмен қайтып өттің?
Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің,
Қаза келсе — қалмайсың, жөнелесің.
Тәңірі алдында, білмеймін, кім озады,
Өлгеңде малың жалдап не көресің?
Енді маған дейсің ғой көрдің бейнет,
Сен-ақ тіпті кейімей сөзіңе жет.
Өз көзіңнен басқаның бәрі жауың,
Қане, сонан қайғысыз құтылып кет!
Біреу зорлап алады, біреу алдап,
Ұры-залым... бәрі тұр жыланша арбап.
Жаның толған жалмауыз жалаңдаған,
Тілі шыққан бала да сені қармап.
Мал бағусыз, малшыға сөзің батпай,
Қысы-жазы тынымсыз үйде жатпай,
«Қарағым, ана малды қайыршы?» деп,
Қане, сен де жүрмісің көзің сатпай.
Мен бақпаймын малыңды ақы бермей,
Және өзіме ақырма қарсы келмей.
Көңілім сүйсе ұйқтаймын, не жатамын,
Енді өзгеге бақтыршы маған сенбей.
Мен сықылды әкелсең тағы біреу,
Өз көзіңе қоймайды о да тіреу.
Аяғында өзіңе келген жоқ па
Мал бағып, күл шығарып, боқтық күреу.
Байлық жақсы екені елге мәлім,
Өзің істеп әдет қыл, келсе халің.
Қолың білсе, біреуге жалынбайсың,
Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.
Анық байлық — денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған төнер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер.
Улар
Жігіттер, қор да емеспін, кедей де емен,
Кемдік көрген жерім жоқ ештемеден.
Құдай жолын біле алмай, қу билеген
Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен.
Байқаңыз, бұл сөзімнің міні бар ма,
Күнде анттасқан бұл елдің діні бар ма?
Аузымен құс тістеген жақсыңыздың
Қу мен сұмға жалынбай күні бар ма?
Қайсыңызға келсе де, орны төрде,
Бір семіз ат дайын қыл, тамақ бер де.
Құладындай қу болып жалтылдап бақ,
Сылтау қылып кетпесін қиын жерде.
Өңкей қулар, мықтының бәрін жайрат,
Тақымына бұрау сал, сырын сайрат.
Бар жақсымыз қулардың құлы болды,
Тепсе темір үзерлік, қайран, қайрат!..
Байлардың қу білмеген сыры қалмас,
Тамам қудың бірімен-бірі жалғас.
Араз болып жүрсе де пайдасы бір,
Орны дайын ол иттің, құры қалмас.
Талғамай жақынды ұрар, алысты ұрар,
Өңкей байды еліртіп жарыстырар.
Жолдасынан бұзылып бір қу шықса,
Оны бір қу жетелеп таныстырар.
Жауыңның жан жолдасы осы дейді,
Мұнан таса сыры жоқ досы дейді.
He қылсаң да көңілін орнықтырып,
Осыменен шын жақын болшы дейді.
Пірге қолын бергендей, мықты байғұс,
Ұмтыла көр, табылды жақсы жұмыс.
Жанын беріп жылпылдап, малын беріп,
Көңлі сеніп алған соң ол - бір тыныс.
Күнде байқап жүреді қылғаныңды,
Аңдиды жатқаныңды, тұрғаныңды.
Әбден тойып алған соң бұлт береді,
«Көрдің бе енді - дейді де - ұрғанымды».
Ұрдым деп барар ескі жолдасына,
Алдап келді кәдірлі болмасын ба.
Жалмауызды дос қылған жақсылардың,
Қошыңды әпкел, түбіңде оңбасына.
Алдамаса, әйтеуір, жеп жүреді,
Жемей қашан ондай қу тек жүреді.
Аты арықтау, тамағы олқы болса,
Мен жауыма кетемін деп жүреді.
Мұны естісе қылпылдар байдың к...
«Жаман еді-ау кәпірдің - деп - ниеті,-
Семіз атын дайын қыл, ақшасын бер,
Тәуір, толық жасалсын шай мен еті».
Жайың осы. Өңкей сұм жалынғаның,
Лайық па соларға табынғаның?
Құдай берген малыңды қуға шашып,
Осынша есер болғаның не қылғаның?
Онан-дағы біріне бірің билет,
Билегенің түзу айт, адалға жет.
Мұны ұқпасаң, оңалма, онан да әрмен,
Қулар түгіл ит жесін, түу, бәлекет!
Партия адамдары
Біздің қазақ әркімді қылар мазақ,
Деп жүр ме екен өзімнің бойым таза-ақ.
Осы жұрттың байқаңыз, беті қалай,
Қайда қаңғып барады осы қазақ?
Ауыз дәмін кіргізер дәмі бар ма,
Маған десе, бұл елдің бәрі бар ма?
Қалай кетіп барамыз деп ойлаған
Есті жас пен ескерген кәрі бар ма?
Қай қазақ ойдан орып, қырдан қырды,
Білмейді деп жүр ме екен ішкі сырды.
Қазақтың қайратының түбі мәлім,
Алты бақан алауыз иттей үрді.
Бұл қазақ уәдеде қашан тұрды,
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді.
Бетін байқап қарасаң бұл қазақтың,
Соқпағына түсті ғой дәл дозақтың.
Ақыл айтсаң, алады бір жеріңнен,
Белгісіз есі шыққан сандалақтың.
Күн сайын қағынады тыныш жүрмей,
Бір мезгіл тыныштықпен ғұмыр сүрмей.
Арамды арам демейді, құдайды бір,
Кім кіреді дозаққа бұлар кірмей?
Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы - құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді.
Мықты байлар, бек жақсы осыны қыл,
Арды тастап, қу менен сұмға тығыл,
Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ең,
«Арам жемтік - азығы иттің» деп біл.
Маған көнбе, қуға көн, солар жесін,
Тапқаныңды соған бер, тойдым десін.
Толтыра алмай түпсізге күнде құйып,
Таусылғанда береді неменесін?
Бермей қойсаң, ана бай және дайын,
Араны ашық ол иттің жұтқан сайын.
Арды білмей, арсызға құлдық ұрып,
Есін алып қойған бар бір құдайым.
Соңғы байдың төбеті бұлай болар,
Үйір қылып алған соң көңлі тынар.
Ырылдатып төбетті қайта жауып,
Өз қылғанын өзіне бұ да қылар.
Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда,
Өңкей итке жалындың, табыс қайда?
Ана байға ит кетсе - күнің қараң,
Онда қашып тығылар қамыс қайда?
Тек отырмай, атыңды алысқа айда,
Партия жағаласқан жарысқа айда.
Жердің жүзін жеңіп ал жанды салып,
Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?..
Бәрін жи, бәрін шақыр, бәріне бер,
Қалмасын бірі өкпелеп, жалпылдай гөр.
Итше еркелеп қу менен сұмға жалын,
Сол отырсын, езіңе тимейді төр.
Ант ішіп, алдамасқа жаныңды бер,
Жалаңаш, жалмауызға малыңды бер.
Жауды жеңіп аласың, жанды аяма,
Жүзің түгіл, іркілмей саныңды бер.
Бермей елден айрылсаң құр қаласың,
Итті көп жи, ел саған жорғаласын.
Қу мен сұмды құдай қыл күнің үшін,
«Әзір, құдай»— дегенді не қыласың?
Япыр-ау, бұл не деген наданшылық,
Осынша жайылар ма жаманшылық.
Есі шығып елерген бәрі де мас,
Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық?
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ артын ойлап ұмтылған ба?
Алланың кәрі тиіп адасты ма,
Кеткені мұнша кіріп шытырманға?
Адал десе тік тұрар төбе шашы,
Жиған малы бәрі арам, ішкен асы.
Қылып жүрген ісі анау, күші мынау,
Ағайынға ұқсайды қай арасы?
«Қайтелік, заман солай» деген болып,
Алдаумен бірін-бірі жеген болып,
«Менен емес, анадан» деп суылдап,
Тап-таза, бәрі бірдей неген болып...
Онымен мені алдай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін құлағым тіпті алмайды.
Тәңрінің таразысы тартылса әділ,
Азап көрмей айламен сау қалмайды.
Сен мұны айтқаныңмен не табасың,
Алса алады өз арын, өз бағасын.
«Елің қайда барады, көш жөңде»—деп,
Оятқаным дейсің ғой жұрт ағасын.
Өзің кімсің, біреуге сын тағасың,
Айтқаныңмен оларға қай жағасың.
Қайраттан да, қамдан да босатып ал,
Сонда тура шындыққа жол табасың.
Бұл елдің күн көргені — өтірік ант,
Қазаққа алдау деген болды ғой салт
Не түзеліп, не бұзыл, ылажым жоқ,
Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт.