Ндіріс жағдайларындағы қауіп факторлары және психопрофилактика
Өндірісте психипрофилактика міндеті психикалық патология, оның ішінде кәсіби патологияны болдырмауға бағытталған жұмыстар жүргізу болып табылады. Кәсіби аурулар өндірістің зиянды әсерінен дамиды. Зиянды өндірістік факторлар туралы айтқан кезде өндірістік ортаның немесе еңбек процестерінің адам организміне зиянды әсер тигізуі туралы айтылады.
Кәсіби аурулар спецификалық және спецификалық емес болып бөлінеді. Абсолютті спецификалық аурулар тұрмыста кездеспейтін, тек өндірістік жағдайда дамитын аурулар болып табылады. Айқын психопатологиялық симптомдармен сипатталатын абсолютті спецификалық кәсіби аурулардың арасында вибрациялық ауру мен мырышпен созылмалы улануды атап өтуге болады. Салыстырмалы спецификалық аурулар деп жиі өндірісте кездесетін, бірақ кей жағдайда тұрмыстық жағдайда диагностикаланатын ауруларды айтамыз. Психикалық бұзылыстармен сипатталатын салыстырмалы спецификалық кәсіби ауруларға сәуле ауруын, қорғасынмен, сынаппен, мышьякпен, пестицидтермен және басқада заттармен улануды жатқызуға болады.
Спецификалық емес ауруларға, мысалы, невроздар, жүйкелік-психикалық бұзылыстармен сипатталатын гипертониялық ауру және басқа да, мысалы, конвейрде жұмыс істейтін, қалалық транспортта қызмет істейтін, жолаушылар тасымалдайтын электропоездарда машинист болып істейтін, яғни эмоциялық жүктеме көп түсетін орындарда жұмыс істейтін адамдарда кездесетін ауруларды айтады. Мұндай нозологиялық формалар кәсіби факторлардан тыс жерлерде де кездеседі. Кәсіби ауру деп атау үшін, олар белгілі бір өндіріс жағдайында, нақты өндірістің зиянды әсерлерінен дамыған болуы керек.
Кәсіби аурулармен ауыратын азаматтарға заң жүзінде арнайы көңіл бөлініп, жеңілдіктер көрсетіледі.
Қолайсыз өндірістік жағдайлардың әсерінен асқынулар немесе алғашқы рет кәсіби емес ауралар пайда болуы мүмкін. Өндірістік зияндылықтан туатын биохимиялық, тамырлық, вегетативтік және басқа да патологиялық өзгерістер (вибрациялық ауру, улану және басқа да тізімде аталған кәсіби аурулар кезінде) атеросклероз, жүрек ишемиялық ауруы, миакард инфарктысының ерте дамуына ықпал етеді, бұл жағдайда олар кәсіби ауруларға теңестіріледі. Шығу тегі кәсіби қызметке байланыссыз айқын немесе жасырын патология организмнің кәсіби зияндылықтарға сезімталдығын жоғарылатып, оны жайсыз өндірістік ортаға төзімсіз етеді. Осылайша, кәсіби патологияны ауырлататын, оның ағымын және нәтижесін нашарлататын, психоорганикалық синдром және ақыл кемістігі сияқты психикалық бұзылыстардың пайда болуын жеңілдететін аурудың бірі –алкоголизм. Сонымен қатар, бұрын ми шайқалуы сияқты жарақат алған дені сау адамдарда, жүргізуші мамандығын ерте алған жағдайда бірнеше айдан кейін (2-3 айдан кейін) оптика-вестибулярлы бұзылыстар пайда болады, бұл бұзылыстар осы қызметті тастағаннан кейін жойылып кетеді. Осындай өзгерістер эндокриндік бұзылыстармен, эмоциональды қозғыш адамдарда да кездеседі. Осы тәріздес мәліметтер жүргізуші мамандығын алуға қарсы көрсеткіштер қатарына анамнезінде бас-ми жарақатының немесе эмоциялық тұрақсыз эндокрино-вегетативтік патологияның болуы болып табылады.
Кәсіби зияндылықтар физикалық, химиялық және биологиялық болуы мүмкін. Қазіргі замандағы күрделі өндірісте жағымсыз өндірістік факторлардың біріктірілген әсерлері кездеседі. Айтар болсақ, химиялық заттармен жоғарғы температура жағдайында жұмыс істеу тек организм қызуының көтерілуімен ғана қаупі емес, сонымен қатар кейбір қосылыстар улылығының жоғарлауы да қауіпті болып келеді. Осылайша, организм қызуы көтерілген кездегі гипервентиляция удың организге көп енуіне себеп болады. Интоксикация ауыр физикалық жұмыс жасау үстінде (гипервентиляция, қан айналымың жылдамдауы) күшейеді, мысалы, биік таудағы жұмыс. Осындай жағдайда ауадағы улағыш газдың кішкене мөлшері болсын (мысалы машинадан шыққан газ) сана шатасуымен, психимоторлы қозу немесе кома сияқты улану жағдайын шақыруы мүмкін, кейде өліммен аяқталып, немесе деменцияға әкеліп соқтырады.
Осылайша психопрофилактикалық жұмыстарды жоспарлау үшін, оларды ұйымдастыру және іс жүзіне асыру үшін патология туралы, оның себептерін және оларды болдырмас үшін жасалатын шаралар жөнінде жетік білім керек. Өндірісте психопрофилактика, кәсіби аурулардың жалпы профилактикасы негізінде дамиды, ол үш бағытта болады
1. Заңды шаралар
2. Санитарлық – техникалық жұмыстар
3. Кәсіби зияндылықтарға организмнің тұрақтылығын жоғарылату үшін жүргізілетін жұмыстар.
Заңды іс- шаралармен әр түрлі кәсіби зияндылықтарда қызмет етушілерге арналған жұмыс күнінің, жұмыс аптасының ұзақтығының нормалары регламенттеледі, жеңілдіктерге, жұмыс қабілеті жартылай немесе толық жойылған жағдайда компенсацияға кепілдік беріледі, зейнетақы тағайындау тәртібі анықталады, жасөспірімдер мен әйелдер үшін жұмыс нормасы мен жағдайларын анықталады.
Заңның орындалуы мен нормаларын бақылау санитарлық қадағалаумен іске асырылады, ол дұрыс ұйымдастырылса алдын-алу шаралары сипатына ие болады.
Оның мәні келесі санитарлық - техникалық шаралардан тұрады: пайдалануға тапсырылатын өндірістік обьектілерді, машиналарды, механизмдерді жаңа жабдықтардың санитарлық жағдайын бақылау; технологиялық процестерді және химиялық заттарды қауіпсіз түрлеріне алмастыру; шығарылған өніммен контактта болмау және дистанциондық басқаруды ұйымдастыру, шаңсыздандыруға бағытталған жұмыстар жүргізу; жабдықтарды герметизациялау; жоғары эффективті вентиляция жасау; жұмысшылардың индивидуальді қорғаныш заттарын дұрыс, жүйелі түрде пайдалану, оның тәртібін сақтауды бақылау; оларды инструктаждау және гигиенаны үйрету; токсикалық заттардың ауадағы МДК-сының жоғарлауын болдырмайтын жағдайларды бақылау және т.б.
Жалпы профилактикалық жұмыстардың үшінші бағыты сауықтыру болып табылады, ол міндетті түрде алдын-алу және кезеңдік медициналық тексерулерден, емдік-профилактикалық қоректендіру, витаминизация, өндірістік гимнастика, шаң мен газды орындарда жұмыс істейтін адамдарға ингаляция, массаж, физио және сумен емдеуден тұрады. Өндіріс жағдайындағы барлық жедел уланулар ерекше тіркеуге алынып, СЭС тексеруінен 24 сағат ішінде өтуі керек, созылмалы уланулар СЭС тексеруінен хабар алынған күннен бастап 7 күн ішінде өтуі керек.
Тексеру нәтижелері арқылы алдағы санитарлық – техникалық және емдік шаралардың мазмұны анықталады.
Арнайы жұмыстар біріншілік, екіншілік, үшіншілік психопрофилактикамен байланысты болуы мүмкін. Сау адамдардағы жүйкелік - психикалық бұзылыстарды ескертуге бағытталған жұмыстар комплесін мысалға келтіреміз (біріншілік психопрофилактика):
1. Цехтарда және белгілі бір өндірісте, оның бөлімдеріндегі жұмыс сипатын және жұмыс жағдайын оқу.
2. Өндірісте жұмыс істейтіндер арасындағы жалпы аурушаңдық ішінен жүйкелік-психикалық ауруларды зерттеу.
3. Медико-санитарлық бөлімдегі психоневролог консультациясы, жұмысшыларды кезеңмен тексеру және диспансеризация жүргізу, осы мәліметтерді талдау.
4. Жүйкелік-психикалық бұзылыстарға байланысты жоғарғы қауіптегі контингентті динамикалық бақылау, тіркеу, айқындау: егде жастағы адамдарды, жасөспірімдерді, жоғарғы және орта білім беру оқу орнында оқып жүріп жұмыс жасайтындарды, жиі және ұзақ ауыратындарды, созылмалы кәсіби аурулармен ауыратындарды және т.б.
5. 1-4 іс-шаралардың мәліметтерін анализдеу негізінде психопрофилактикалық жұмыстың жоспарын құру және оны медико-санитарлық бөлімнің жалпы комплексті жоспарына енгізу.
6. Жұмысқа тұратындарды алдын-ала тексеру және психикалық денсаулығына байланысты кәсіби түрде таңдап алу.
7. Заңды нормативтерді және техникалық қауіпсіздік және индивидуальды қорғаныш ережелерін сақтауды қатаң бақылау.
8. Профилактикалық ем жүргізу – спецификалық, нақты кәсіптік зияндылықтарға бағытталған және қоршаған ортаның зиянды әсеріне ОЖЖ-нің және организмнің қарсылық әсерінің жоғарлауын қамтамасыз ететін спецификалық емес ем.
9. Зиянды әдеттермен және алкоголизммен күресу.
10. Арнайы топтарды керекті дағдыларға үйрететін психогигиена бойынша жұмыс жүргізу (қажу мен невроздың және т.б. профилактикасы); арнайы дайындалған бағдарлама бойынша жұмыстар, өндірістік-техникалық оқыту жүйесіне енгізілуі мүмкін.
11. Кең психогигиеналық үгіттеу, ағарту жұмыстарын жүргізу.
Осы мақсатта жергілікті және радиотрансляциялық тораб бойынша үзіліс кезінде мәліметтер беру, стационарлық және көшпелі қабырға газеттерін әдемі көркемдеу, санитарлық бюллетень шығару, жұмыс жасайтындар мен оқитындарға психогигиеналық актуальды тақырыптарға нұсқаулар беру, денсаулыққа арналған тақырыптық кештер өткізіледі.
Екіншілік психопрофилактика мақсаты басталған жүйкелік-психикалық бұзылыстардың ауырлауы мен рецидивтерін болдырмау үшін, сонымен қатар оның асқынуларын ескерту болғандықтан, оның негізі ерте этиологиялық диагностика жүргізу болып табылады. Бұл ең алдымен дерттің кәсіби факторлармен байланысты немесе байланыссыз екенін анықтайды. Бұл үшін диагностика кезінде анамнез мәліметтері талқыланып, жиналады, лабораториялық көрсеткіштермен бірге клиникалық зерттеудің нәтижелері салыстырылады (соматикалық, неврологиялық, психологиялық).
Анамнезінде аурудың жұмысқа тұрмастан бұрынғы аралықтағы денсаулық жағдайына көңіл бөлінеді, алғашқы медициналық зерттеу нәтижелері ескеріледі. Қазіргі кездегі патологияның сол кезде байқалмауы кәсіби ауру диагностикасының критерияларының бірі болып табылады. Аурудың кәсіби зияндылықтармен байланысы анықталады, оның сандық бағасы беріледі (ұзақтығы, үздіксіздігі, әсер интенсивтілігі) зиянды факторлардың сапалық сипаты анықталады, осы мәліметтердің патологиялық өзгерістердің динамикасымен, айқындығымен және динамикасымен арасындағы байланыс салыстырылады. Арасында байланыстың болуы кәсіби аурулардың пайда болу жиілігін жоғарылатады. Осылайша, сынап, марганец фосфорорганикалық қосылыстармен уланғанда және басқа да кәсіби патология түрлері кезінде астенизациямен, интелектуальды-мнестикалық төмендеу, ой жұмысы кезіндегі жоғары шаршағыштық, тұлға құлдырауымен көрініс беретін энцефалопатия дамуы мүмкін. Сол бөлімде жұмыс жасайтын адамдардағы патологияның ұқсастығын және өндіріспен байланысы жоқ ауру белгілерінің пайда болуын анықтау маңызды болып табылады.
Жағдайды анализдеу кезінде психопатологиялық жауаптың сипаты (экзогенді және эндогенді түрдегі реакция), оның соматикалық, неврологиялық өзгерістерге және лабораториялық зерттеу көрсеткіштеріне байланыстылығы ескеріледі. Психопатологиялық жауап берудің экзогенді түрінде және сәйкес анамнестикалық мәліметтер болғанда, организмде улы заттардың немесе зат алмасу, эндокринді және басқа да бұзылыстар зияндылықтары әсерінен дамыған соматопсихикалық параллельдің болуы - жүйке - психикалық өзгерістермен кәсіби ауру диагнозын айқындай түседі.
Осылай тітіркенген әлсіздік көріністерімен және ұйқының бұзылуымен астениялық симптоматиканың пайда болуы, қорғасынмен жұмыс істейтін адамда апатияның, жоғары шаршағыштықтың, ұмытшақтықтың үдеуі созылмалы уланудың болу мүмкіндігін білдіреді.
Қызыл иек қырындағы қорғасындық жиек, гипохромды анемия, қанда базофильді-дәнді эритроциттердің көп болуы, ретикулоцитоз, порфиринурия, зәрмен қорғасынның бөлінуі, бауырдың функциональды жеткіліксіздігі, полиневрит сияқты белгілердің болуы тұжырымның дұрыс екендігін дәлелдейді.
Ауруды анықтау терапияны бастауға мүмкіндік береді, оның шарты кәсіби зияндылықтармен жұмысты тоқтату болып саналады. Организмнен улы заттардың шығарылуына, жойылуына, ыдырауына шаралар қолданылады, патогенетикалық, синдромальды терапия жұмыстары жүргізіледі, жалпы әлдендіретін шаралар қолданады. Жағдайдың синдромологиялық құрылымына байланысты психофармокологиялық басушы және әлдендіретін терапия тағайындалады, витаминдер қолданылады, ноотроптар тағы басқа психоэнергетикалық заттар, жеке тұлғалық реакцияларда - психотерапия тағайындалады. Егер психиканың патологиялық өнімі психотропты дәрілермен толық және тез басылатын болса, кәсіби патология кезіндегі психопатологиялық дефицитарлы психопатологиялық симптоматика (психоорганикалық синдром, амнестикалық синдром, ақыл естің кемдігі) аса тұрақтылығымен ерекшеленеді. Емдік және реабилитациялық жұмыстардың эффективтілігін көтеру үшін белсенділік пен жігерлілік қажет. Көбіне курорттарда емделу жақсы нәтиже береді.
Кәсіби аурулар кезіндегі үшіншілік психопрофилактиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Егер кәсіби емес ауруларда оның жоғарғы эффективтілігінің көрсеткіші болып, аурудың кәсіби деңгейі төмендемей ем қабылдағаннан кейін бұрынғы жұмыс жағдайына қайта оралуы болып табылады, айқын кәсіби патология кезінде мұндай мүмкіндік болмайды. Емдеу нәтижесіндегі жетістіктердің тұрақтылығына сенім тек адамның бұрын өндірісте ауру туғызған агентпен кездеспейтіндігіне кепілдік болғанда болады. Сондықтан үшіншілік психопрофилактиканың міндеті адамның кәсіби зиянды әсерлермен байланыста болмайтын өндіріске қайта квалификациядан өткеннен кейін өзінің бұрынғы кәсіби деңгейіне жетуі болып табылады. Квалификация өзгерту қиындықтары кезінде кәсіби емес аурулармен салыстырғанда науқастың 3-топ мүгедектікте болған кезеңі қолданылуы мүмкін. Жас организмнің жоғары адаптациялық мүмкіндіктеріне байланысты, үшіншілік психопрофилактика нәтижесі жастарда ересек адамдарға қарағанда тиімдірек болады.
Жалпы өндірістік орындарда кәсіби аурулармен ауырмайтын көптеген психикалық аурулар қазмет жасайды (3,5 %, егер алкоголизммен зардап шегетіндерді санамаса). Сөз - созылмалы аурулар жөнінде болып отыр, оның ¼ эндогенді психоздар (шизофрения, эпилепсия, маниакальды депрессивті психоз), психопатологиялық симптоматикамен бас – ми жарақатынан кейін болатын резидуальды көріністер - ¼ соматогенді, инвалюциялық және басқа психикалық аурулар - ¼ құрайды. Арнайы жүргізілген зерттеулер, осы аурулардың жоғарғы кәсіби деңгейде жұмыс істеп еңбекте алған шағымдары аз екенін дәлелдеген. Психикалық ауру пайда болған әрбір жағдайда олардың әрқайсысының клиникалық ерекшеліктерін ескере отырып, жүйелі активті диспансерлік бақылау жақсы ұйымдастырылса, ыңғайлы еңбек жағдайын қарастыратын болса, уақыт өте психикалық жағдайының өзгеруіне қарай психикалық науқастарды қарапайым өндіріс жағдайына икемдеуді кеңінен қолдануға болады.
Өндіріс орындарындағы психопрофилактиканы ұйымдастыру және психоневрологиялық көмек жергілікті жағдайларға және қажеттіліктерге байланысты құралады. Ыңғайлы вариант үлкен зауыттарда медико-санитарлық бөлімнің болуы, психоневрологиялық диспансерде ауданд кәсіпорындарында жұмыс істейтіндерге арнайы көмек көрсететін өнеркәсіптік психиатр кабинетінің қызмет етуі, үлкен масштабтағы кәсіпорынды немесе бірнеше зауыттар мен фабрикаларға қызмет көрсететін емханадағы психоневролог қызметін ұйымдастыру, ведомстволық бағынышты психогигиена, психопрофилактика орталықтарын құру болып табылады. Қарапайым нұсқа құрамына диспансерлік бақылау, элементарлы психоневрологиялық көмек көрсету, цех дәрігерлік бөлімшесінің арнайы дайындығынан өткен бөлімшелік терапевт, медико-санитарлық бөлімнің немесе емхана невропатологының тарапынан сауықтыру шаралары мен медициналық білімді уағыздау, әртүрлі мамандардың жұмысшыларды жоспарланған медициналық тексеруден өткізуі кезінде психоневрологтың кезеңдік тексеруі, психоневрологиялық диспансер дәрігерінің жүйелі түрде бақылауы кіреді.
Осы кезге дейін алкоголизмді анықтаумен және емдеумен тек арнайы емдік-профилактикалық орындар ғана айналысты. Қазіргі уақытта басты алкогольмен күресті өндірістік орындарда іске асыру көзделіп отыр, бұл міндет кәсіпорындарға қызмет көрсететін жалпы медициналық емханалар және ведомстволық емханалар, денсаулық сақтау орындары, медико-санитарлық бөлімдердің дәрігерлері және орта медициналық қызметкерлері күшін қолданып іске асырылады. Керек жағдайларда қалалық немесе аудандық денсаулық сақтау органдарының шешімі бойынша құрылыс және транспорт ұымдарын, кәсіпорындарға қызмет ететін емханаларда немесе медико-санитарлық бөлімдер жанынан наркологиялық кабинеттер ұйымдастырылады. Наркологиялық кабинеттердің міндеті алкоголизммен зардап шегетіндерді ерте анықтап оларды есепке алып, комплексті ем жүргізу және диспансеризация, алкогольге қарсы үгіт және профилактика шараларын жүргізу болып табылады. Кабинет жұмысы әкімшілікпен, кадр бөлімімен, зауыт комитетімен, маскүнемдікке күрес комиссиясымен тығыз байланыста жүргізіледі. Наркологиялық кабинетке есепке алу пациенттің тұрғылықты жеріндегі психоневрологиялық диспансерді (егер болса наркологиялық диспансерді) міндетті түрде хабарландыру арықылы жүргізіледі. Есептен шығару үшін алкогольды толық тиғаннан 3 жыл өткеннен кейін болады, ол объективті мәліметтермен дәлелденуі керек. Есепте тұрғандар жылына 2 рет наркологтан тексеруден өтіп тұрады, әрбір 6 айда бақылау нәтижелері туралы мәліметтер тұрғылықты жердегі диспансерге жеткізіліп тұрады. Науқастарға көрсетілетін емдік көмек көлемі психоневрологиялық диспансерлердегі наркологиялық кабинеттегідей болады. Активті емнен кейін қосымша қуаттандыратын терапия тағайындалады. Кейбір ірі өндіріс орындарында активті ем жүргізу үшін профилакторийлер, күндізгі немесе түнгі стационарлар жұмыс істейді. Қуаттандырғыш қосымша терапия мақсаты – алкогольге теріс көзқарасқа жеткізу және спирттік ішімдіктерді пайдалануды сенімді түрде тоқтату. Алкогольге қарсы жұмыстардың маңызды бөлімі болып науқастардың тұрақты психотерапиялық коллективін құру және емге қарсылық көрсетіп жатқан және алкогольдік дәстүрді таратушы адамдарды бөлек емдеу (изоляциялау) болып табылады. Бұндай ауруларға тіпті қоғамдық- социальдық шаралардан бастап, күштеп емдеу шаралары қолданылады. Наркологиялық кабинеттердің мақсаты алкогольге қарсы активті күрес, сауыққандарды еңбекке тарту, орналастыру, көпшілік жерлерде және өндірісте жетістікке жетулерін қамтамасыз ету, олардың жанұялық адаптациясына көмек беру болып табылады.