Жұмбақтардың шешуі
Жұмбақ ойды кеңітер, бермейді сөз,
Таза суы - шешендік, дариясы - сөз.
Әншейін ауызбенен айтылғанда,
Сөзді құлақ естиді, көрмейді көз.
Ыдыс - қаріп, көз көріп тізбелейміз.
Оның айтқан дыбысын естімейміз,
Дария көрген - хат білген жалпы адамдар.
Ылай, тұнықты айырған есті дейміз.
I-Қарындаш, II-жел.
IV
Ине керек, қылмайды, киім тамақ,
Ұйықтаймын деп ешқашан жаппас қабақ.
Жылпылдатып бұйымды тігесіз ғой
Тұлымдары - өткізген жіптен сабақ.
V
Тоғыз қатын, тоғыз сан, тоғыз бөлек,
Тоғыз цифр киеді түсі өзгерек.
Бірінен-бірі жуан бола беріп,
Ойласаң тоғыздан «он» туса керек.
Киімі оның бір цифр, бір ноль болар,
Ноль деген цифрдан жат бір дөңгелек.
Қанша санды жазса да осы он цифр,
Жететінін байқарсыз, болсаң зерек.
VI
Деп ойларсың таба алмай бұл немене?
Таба алмасаң, айтайын, ол таз-кене!
Түйе кене атанып қанға тойса,
Көксұр болып кетеді күрең дене.
VII
Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,
Бір бұрышын ортасынан кес дұрыстап.
Қалған қағаз болады төрт бұрышты,
Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап.
VIII
Жұмбақ айтып не керек әуре қылмақ,
Керегі сол: ойланып ой ашылмақ.
Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар,
Бар қарсысы «жоқ» еді осы жұмбақ.
Ажал, маған арақ берсең
Ажал, маған арақ берсең,
Кейімей мас болып өлсем,
Қияметте түрегелсем,
Айықпай қуанып жүрсем.
Сұрау мастан алынбаса,
Күнәм кірге салынбаса,
Дозақ оты жалындаса,
Оны Жар нұры деп білсем.
Арақпен өртелген тәнім,
Азапты сезбесе жаным,
Күл отқа жанбауы мәлім,
Отымен ойнасам, күлсем.
Жалындап жанса мың есе,
Маған жалын білінбесе,
Екі жану арам десе,
Бейіске мас болып кірсем.
Қиял емес, тілегім шын,
Бұл иманнан табылмас мін,
Көрер едің талай сырын,
Жүрегімді жарып тілсем.
Сопының иманын, ойын,
Әлемнің қызығын, тойын,
Бағын, тағын, пұлын, қойын
Талақ болсын - көзіме ілсем.
Бейісте хор қызы деген,
Таза сусын, жеміс жеген,
Солай деп нануым неген,
Жамандатсын пырақ мінсем
Зауалсыз бір рахат барын,
Мысалдаған бұ бір сарын,
Жатынға мұнда не барын,
Барып айт, ұқтыра білсең.
Жер жүзiне қарасам
Жер жүзiне қарасам,
Неше түрлi халық бар.
Дiн, иманын, санасам,
Мыңнан артық анық бар.
«Бұл қалай?» деп ойласам,
Мұның да бiр сыры бар.
Терең ойға бойласам‚
Дәл мынадай түрi бар:
Жардың шашы сансыз көп‚
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркiм бiр тал ұстап жүр.
Бiреу отқа жағынды:
«Нұрдың түбi - Құдай»,- деп.
Не суретке табынды:
«Олай емес‚ былай»,- деп.
Бiрi: «Құдай - бiр»,- десе‚
Бiрi айтады: «Көп Құдай».
Бiрi: «Тәңiрi - күн»,- десе‚
Бiрi дейдi: «Жоқ Құдай».
Мiне‚ осыдан байқалды -
Бәрi iздеп жүр иесiн.
Табамыз деп ойға алды‚
Жаратқанның киесiн.
Жас қозыдай болып тұр‚
Бiлсек мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртiп жүр‚
Анық соған ұқсады.
Ойды кiмнен алғанын
Адам өзi сезбейдi.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де iздейдi.
Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әртүрлi боп қарауы
Көбi анықтай алмайды.
Жердiң жүзiн дәл тауып‚
Ешбiр дiн жоқ орныққан.
Бәрiнде де бар қауiп‚
Дiн көбейдi сондықтан.
Сол көп дiнде шешу бар‚
Ол шешудiң арты бар.
Адасқанға кешу бар‚
Кешудiң де шарты бар.
Ақ жүрекпен табынып,
Шын iздесе тәңiрiсiн.
Қиянатты жау бiлсiн‚
Онан тиып нәпсiсiн.
Тәңiрi жолы - ақ жүрек‚
Сайтан деген - қиянат.
Ақ жүректi ертерек‚
Ескер-дағы қыл әдет!
Үш нәрсеге хақиқат,
Нансаң, иман, тіпті, оңай.
Күнә деген - қиянат,
Жан жоғалмас, бар Құдай.
Осы үшеуін ақылмен,
Әбден сынап нана алсаң,
Ақ жолына қойдың ден,
Анық ұғып қана алсаң.
Жиырма үш жасымда
Жиырма үш жасымда
Бұл өлең жазылған,
Басында табылмай
Өзіне лайық ән.
Мұңлы, күйсіз,
Жесір боп жатыр еді,
Мінеки, ойланып,
Өз әні табылған.
Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр.
Үмітті тілегім
Орынсыз қалып тұр,
Ақыл, қайрат,
Сабырдың бәрі кетіп,
Адасқан асығың
Мұңлы әнге салып тұр.
Көзіме көріндің,
Ашылмас сорыма,
Байқамай іліндім
Сиқырлы торыңа.
Жаду көзің
Басымды айналдырып,
Құрбан ғып шалдың ба
Жарыңды жолыңа?
Кетпестей сәуле бар
Ойымда нұрыңнан,
Ол неге жоғалар,
Айрылман мұңымнан.
Қарақаттай көзіңмен қызықтырып,
Ұстадың жанымды
Тұзақ қып тұлымнан.
Қадала қарайды
Үңіліп маған жар.
Жүректен тарайды
Сондықтан мұңлы зар.
Жүзін көрмей тұрғанда,
Өлсем нетті,
Енді жоқ жанымда
Жанбауға ықтияр.
Нұрыңнан нұр алып
Аспанда жарық ай,
Келеді қозғалып,
Жақындап бері қарай.
Аямадың өлер деп
Мен ғарыпты,
Мейірімсіз сәулем-ау,
Сырыңды айт, бұл қалай?
Өртеніп, жанды ішім,
Ақыл жоқ бойымда,
Кетсең де, сәулешім,
Суретің ойымда.
Нұрлы жүзің сипаттап зарланайын,
Айтайын әлемнің
Істеген тойында.
Жібектей қап-қара
Таралған шашың бар,
Бұлдырсыз тап-таза
Жаралған басың бар.
Қардай аппақ
Әжімсіз маңдайың кең.
Қынаптан суырған
Қанжардай қасың бар.
Кірпігің тізіліп,
Миыма қадалар,
Нұр көзің сүзіліп,
Ойыма от салар.
Сиқыр жүзің
Ақылды байлап алып,
Top шашың шырмалып,
Басымды ноқталар.
Сүйем деп бір рет
Келді жан ерінге,
Сезіп тұр қасиет
Аузыңнан, тегінде.
Пәрменіңді айт,
Шықсын ба, не қайтсын ба,
Жолыңа құрбан боп,
Шыдап тұр өлімге.
Күн батып жоғалды
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен Ай қалды
Сәулеңнен нәр алып.
Жетіқарақшы айналып
Сені іздеп жүр,
Бәрі де сені ойлап,
Mac болып сандалып.
Үркер мен Таразы
Шашылды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бір басуға.
Темірқазық арқандап Қосбозатын,
Жаратып, ойы бар
Тойыңа қосуға.
Таң атты бозарып,
Жоғалды жұлдыз, Ай,
Шыдасын о не ғып,
Есі ауып жығылмай.
Тойға келген таң желі сыбырласып,
Сызылтып ән салып,
Шырқады бозторғай.
Жүзіңді көргелі
Күн шықты қайтадан,
Бір көріп өлгелі
Ұмтылды бері таман.
Бұлт перде бүркеніп сығалап жүр,
Көз жасы - жаңбыр ғой,
Асың боп жылаған.
Гүл билеп жайқалып,
Бұлбұлдар сайраған,
Жорға су тайпалып,
Бұраңдар жайнаған.
Жел мен бұлт - дуана,
Бақсы болып,
Дүрілдеп, күрілдеп,
От-қанжар қайраған.
Бұл әлем ойланған
Асық боп сен үшін.
Шашыңа байланған
Дертінің емі үшін.
Ұят, ынсап бар ма екен,
Ойла, менде,
Жаралдың деп білем,
Сәулем-ау, мен үшін.
Ақыл-ес сұрама
Дуана сорлыңнан,
Менде ақыл тұра ма,
Байқасаң, пормымнан.
Жаным, тәнім еркіңде
He қылсаң да,
Өзіңсің аямай
Әурелеп қор қылған.
Көңілде сәулемсің,
Көздегі, нұрым-ау,
Ақылды астыртын
Ұрлаған, ұрым-ау.
Өмір бойы өртеніп жүргенімше,
He өлтір, не тірілт,
Осы шын сырым-ау!