М.мағауин прозасындағы замана шындығы.

Қазіргі қазақ әдебиетінде - М.Мағауиннің есімі мен еңбегі айрықша аталады. Әсіресе, кейінгі кезеңде жазылған туындылары елдік мәселелерге, тарихи шындықтарға негізелуімен айрықша маңызға ие.

Мұхтар Мағауиннің тәуелсіздік жылдарында жазған шығармалары жаңа тақырып, тарихи оқиға, көркемдік әлемімен мәнді болып табылады. Ұлттық рухты асқақтататын тұстары да мол. Әлемдік әдебиетке түрік рухының тыныс-демін әкелген қаламгердің соңғы кезде жазған кез келген шығармасы тарихи һәм формалық тұрғыдан мүлде күрделі, әдіс-тәсілі де тосын. Халық мұрасының құнарлы да айшықты белгілері мол. Көпшілікті тылсым табиғатымен қызықтырып, баурап алады.

Көркем шығарманы талдаудың жолдары көп. Характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизм молдығы тұрғысынан қарағанда, Мағауин жеткен биік те басын сол дәуірден, сол шығармалардан алады. Бұл тұрғыда - «Аласапыран», «Алдаспан», «Ұлтсыздану ұраны», «Көкмұнар», «Шақан шері», «Қара қыз», «Қасқыр бөрі», «Әйел махаббаты», «Жармақ», «Құмырсқа қырғын», «Қыпшақ аруы», «Қосағаш» секілді туындылары жазушының шығармашылық ізденісі жолында едәуір маңызы бар [1, 238].

Көрнекті қаламгер М.Мағауиннің өмірі мен кезеңіне, шығармашылық жолына жіті зер салсақ, ұлттық мұратқа, замана шындығына айрықша мән беретіндігі терең танылады. Бұдан байқалатыны, белгілі қаламгердің үлкен және кіші жанрлар бойынша жүйелі жұмыс жасайтыны, оның бәрінде де ұлт пен заман мәселесі өзара сабақтастықта сөз болатыны айқын аңғарылады.

Қаламгер шығармаларында қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси келеңсіз құбылыстар, атап айтқанда ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, тасбауырлық пен имансыздық, ата ділінен жерінуі, қара халықтың дәрменсіз халі, бір сөзбен айтқанда тәуелсіз жас мемлекеттің бүгіні мен болашағына кедергі келтіретін алуан түрлі кеселдер бүкпесіз сыналады. Бірақ бүгінгі өмір-тіршілігіміздің күнделігі секілді бұл шығармалар фольклорлық айшықты бояулармен, жаңа тақырып, өзгеше баяндалады.

М.Мағауин шығармаларын зерделей оқыған әркім-ақ оның өзі жасаған, өзі тудырған сөздерді де анық аңғарар еді. Сөзді ойнату, сөзді нұрландыру, сөзді мінездету, сөзді суретке айналдыру оңай емес. Оған да белгілі мөлшерде дәлдік керек, еңбек қажет. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Қазақ әдебиеті» газетіне сүйсіне жазған мақаласында: «Тіл, стиль жөніне келсек, Мағауин қолтаңбасы барынша айқын, оның жәй мәтінінен-ақ ешкімге шатастырмай танып алуға борлады. Онда қосақ арасында бос жүретін, басы артық, бұралқы сөз кездеспейді. Көбенсіген көбігі жоқ, біріңғай бұлшық еттен тұратын таза проза. Мұхтар шығармаларының басқа тілге аударылғанда азайып-апшымай, қалпын сақтап қалатыны да сондықтан. Стиль – жазушының өзі, болмысы мен мінезі. Мұхтарда біздің көбімізде жетіспейтін тас-түйін жинақылық, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын қайсар табандылық бар. Жазушы «Аласапыранда» пайдаланған көне сөздерді, немесе жаңадан жасалған тіл қорын түгел терсек, тұтас бір қызық еңбек шығары күмәнсіз...»

Ал, профессор Тұрсын Жұртбай Мұхтар Мағауин шығармашылығы жайында өз нақты бағасын былайша берген болатын: «Шындығында да, «Қос ағаш» жазылғанға дейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа да, «Тамыз әңгімелерінен» кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері – әр түрлі ырғаққа құрылған, баяндау тәсілі – құбылмалы, әдеби әдістері – алмағайып, алмасып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары тылсым, емеуріні – екі-үш мәнге ие, нысанасы – әрі биік, әрі терең, оқиғаға – өзін де, өзіңді де араластырып, уақытпен кеңістіктің желісімен жетектеп, қилы – қилы әсерде қалдырады

М.Мағауиннің прозасында елдік, тарихи сипат мол. Жазу ісінде де ерекшілік бар: «Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып, қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, дамуы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қабат қатталып, көркем ойдың салмағы сомданып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады. Лирика мен мысқыл араласқан осындай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемінің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқығаныңда жазушының өзінің «мені» сияқты әсер қалдырады. Қайыра оқығаныңда ол мүлдем басқа, антиқаһарман болып шығады. Мысалы, «Травеннің әңгімесіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған.

Ал «Құмырсқа-қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қатпар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түйсікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ғадауаттың ортасында алмағайып күй кешкен тағдырдың жанкештілерін байқаймыз» [3, 15].

Еске түсірсек, жазушы М.Мағауин «Қуыршақ» деген әңгімесіне қазіргі ел ішінде айтылатын жансорғыш (вампир) әйел туралы хикаяны (демонологияны) арқау етеді. «Қуыршақ» - М.Мағауиннің жазушылығын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да мәнді.

Қаламгердің «Тамыздан кейінгі» әңгімелерінде сарказмдық сыпат басым. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деген тәмсілді еске түсіретін тұстары көп.

«Қылмыста» атақты бір тарихшы өзін қорлаған ұзынсирақтың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Өмір көріністері, шындығы мол.

Жазушының «Подонок» атты әңгіме тәуелсіздік жылдарындағы «подоноктік» сатқындығы. Дүние жүзі тарихшылары жиналған симпозиумдер мен конференцияларда: қазақтың тәуелсіздік алуы – заңсыздық. Олар ел бола алмайды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресейсіз өмір сүре алмайды. Өйткені, бұл ұлт – құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жабайылардан шықсам да жабайылардың тілін үйренуге арланамын, – деп жар салады. Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Есірген Подонок – «Қазақсыз Қазақстан» деген ұран көтереді. «Елдің тыныштығын ойлағандар» оның бұл әрекетін мақұл көріпті – міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішіндегі көркем оймен шендестіріле берілген сарказмдардың уыты тұла бойыңды қышыма шаққандай дуылдата шымырлатады [3, 17].

«Талайсыз әңгiмелер» – циклдық туындылар. «Талайсыз» деген не сөз? Бұл – «бақытсыз» деген сөз. Демек, «бақытсыз әңгiмелер». М.Мағауин да өзiнiң «Талайсыз әңгiмелерiнде» ұлттық қасiреттердi сөз етеді. Мәселен, «Қара ләйлек» атты шығармасындағы бас кейiпкер ұзақ жылдар Чехияда болып, кезектi демалысында Шыңғыстаудың сыртындағы, Бақанас өзенiнiң бойындағы өзiнiң туған ауылына келедi. «Қызыл кiтапқа» баяғыда енген сирек құсты «тұқымымен тұздай құрып, жойылып кеттiге» санап жүредi екен. Сөйтсе, қара ләйлек жойылмапты. Аман екен: Бақанастың бойындағы қиын жартастың қуысына ұя салып, балапанын өргiзiп жүрiптi. Қара ләйлектi де, оның балапандарын да бас кейiпкер өз көзiмен көредi.

Туынды табиғатына үңілсек, «Қара ләйлектiң қамын айтып отырсың-ау, қалың қазақтың жөнi не болмақ?» деп бiр сауал тастап алады да, құстың бiр нәсiлi ретiнде жойылудан аман қалған қара ләйлектiң тағдыры мен ұлт ретiнде жойылуға бет алып бара жатқан қазақтың тағдыры салыстырылады: «Киелi қара ләйлек мәңгiлiкпен бiрге жасап келедi екен. Ендi жоғалса, обалы адамға ғана. Ал қайран қазақ... Обалы кiмге деймiз? Әрi ойлап, берi ойлап, ақыры таптым. Қатерден сақтанып, ұясын алыс аймақ, онда да қол жетпес тас қияға салатын қара ләйлек құрлы түйсiгi болмаса... бұл қазақтың бар обалы өзiне. Аңдап тұрсаңыз, қалауы да, тiлеуi де өзiне қарсы. Бүгiнгi бар iсi – ертеңгi тiрлiгiне қайшы».

Ендi Мұхтар Мағауинге параллель жасай отырып, бiз де жазушымен бiрге жарыса ойланып көрелiкшi: шынында да, неге бұлай? Неге құс екеш құс құрлы (қара ләйлек құрлы) түйсiгiмiз жоқ? Құс екеш құс та өзiн-өзi сақтай, қорғай алады екен ғой? Бiзге не болды? Бiздi неге соншама қара басты? Жер-жаһанның жүзiнде өзiнiң тiлеуi өзiне қарсы, өзiнiң қалауы өзiне қайшы келетiн қазақтан басқа ұлт бар ма екен, сiрә? Бүгiнгi пәтуасыз, парықсыз iсiмiздiң (жаппай ұлтсызданып жатуымыздың) ертеңгi тiрлiгiмiздiң ойран-ботқасын шығаратынын неге ойланбаймыз?.. [4, 182-189].

«Қос ағашта» дала философиясымен қазақтың тағдыры сөз етіледі. Мұнда лирика да, сыншыл сезім де, емеурін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәйтеректер қайда? Қос ағаштар қайда? Марқаска Мағауиялар қайда? Олардың басына жай ойнатқан кімдер? О, Қос Ағаш! Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілік ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш – қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш – фәни мен бақидың арасындағы ұлы сарынды тамыр. Ол – өмір ағашы, көне түркіше - Мықан ағашы. Ол – тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш ағашы. Әңгімені оқығанда осындай ассоциациялық коллизиялар ойынды қармап алады.

М.Мағауин кейіпкерлері – бүгінгі замандастар. Жазушы солардың іс-әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы бүгінгі өмір шындығын суреттейді. Тарихымызға да ой тоқтатып қарайды.

Әдебиет – әсемдік әлемі. Көркемдік қайнары мол. Терең иірімдері көп. Қаламгер М.Мағауиннің шығармашылық мұрасының да қадір-қасиеті уақыт озған сайын арта бермек. Жазушы шығармашылығының маңызы да осында.

Билет

Билет

1. Асқақтық пен қорқыныш (Чернышевский пікірі).Эстетикадағы әсемдік деген түсініктің бір категориясы асқақтық екендігін білеміз. Олардың арасындағы ортақ қасиеттерден басқа бір-бірінен елеулі айырмашылықтары да бар. Ортақ қасиеттері негізінен әсемдік пен асқақтықтың жағымды эмоцияларына байланысты көрініс табады. Соған қарамастан эмоция (көңіл-күй) мазмұны жағынан (мазмұны дегенді әдейі атап отырмыз) өзіндік ерекшеліктерімен дараланып тұрады.

Н.Г. Чернышевский өзінің «Өнердің ақиқат шындыққа эстетикалық қатынасы» деген еңбегінде асқақтыққа: «Асқақтық деген – адам өзімен салыстырғанда нені орасан зор деп таныса, немесе қандай да да бір құбылысты ғаламат күшті деп білсе, ол – сол», – деп анықтама берген екен. Асқақтықты құдаймен теңестірудің соңы ХІХ ғасырда көптеген идеалист-эстеттердің оны эстетиканың бір категориясы ретінде танудан бас тартуына әкеліп соқтырды. Материалист-эстеттердің ішінде орыс ғалымы Н.Г. Чернышевскийдің орны ерекше. Асқақтық құбылысынан құдайшылдық түсінікті сыпырып тастаған философ асқақтықтың үреймен байланысын теріске шығарды. Сонымен қатар ол асқақтық пен әсемдік арасында да ешқандай байланыс жоқ, бұл екеуі мүлдем екі басқа түсінік деп қателесті. Ол әсемдік эстетикалық құбылыстың сапалық қасиеті, ал асқақтық сандық қасиеті деп шатасты. Орыс философы әсемдікті асқақтықтан бөліп қарастыра келіп, тек әсемдікте ғана емес (ұсқынсыз) жағымсыз нәрседе де асқақтық болады деген мүлдем қисынға келмейтін тұжырым жасады. Теория әрқашан да тәжірибеге сүйенеді. Эстетикалық тәжірибе алаңы- өнер,ал ұлы өнер- әрдайым асқақтықтың пайда болатын көзі адамдардың азаттығы екенін көрсетіп келді. Ежелгі Мысырлықтар адамдарға егін егуді үйреткен жақсылық құдайы Оперисті әспеттеді. Бұл жерде Оперисті асқақтатып тұрған күреске шыққан батырлығы ғана емес, адамдардың бақыты үшін жанын пида етуі. Мұнан шығатын қорытынды, басына түскен ауыр қайғы-қасірет кез келген адамды асқақтата бермейді. Халық, Отан үшін жасаған ерлік, адамзат көкейіндегі құлаш ұру,т.б.азаптанулар арқылы асқақтыққа алып келеді. Мысалы тарихта өзін махаббат үшін құрбан еткендер қаншама?! Олар өздері өмір сүрген әділетсіз заман талабына қарсы шықты және олардың істерін халық қолдады. Асқақтық адамға қорқыныш та әкеледі. Қалай десек те, асқақтық әсемдік сияқты біздің көңіл-күйіміз бен санамызда жағымды әсер қалдырады. Асқақтық аса зор,мәнді оқиғаларға жетелейді. Асқақтықтың әсемдіктен ең басты айырмашылығы- ол ешқашан күлкі шақырмайды, оған ойлылық тән.

2. Шығармашылық туралы қазіргі пайымдаулар.Қазіргі шығармашылық, проза мен поэзияның жай-күйі, даму деңгейі туралы қалам тартып жүрген жазушылар аз емес. Олардың қатарына Дидар Амантай "Қастерле мені", Әмірхан Балқыбек "Қасқыр құдай болған кезде", Тұрсынжан Шапай "Шын жүрек- бір жүрек", Тұрлыбек Мәмесейіт "Дидар" шығармаларын жатқызмыз. Онда қазіргі кезеңдегі жазушылар мен ақындардың беталысы жайында сөз болады. Жүсіпбек Қорғасбек "Кітапхана" атты бағдарламада әдебиеттің жай-күйі сөз болады. Оған қоса қазіргі шығармашылық туралы құнды пікірлер айтып жүргендер қатарынан Әшірбек Сығай, Таласбек Әсемқұлов, Смағұл Елубай, Құлыбек Ергөбек есімдерін атай аламыз.

3. Т.Әбдіков прозасы көркемдік ерекшеліктері.Төлен Әбдікұлы- прозашы, драматург, аудармашы. "Әке", "Оралу", "Тозақ оттары жымыңдайды" повестерінің, "Қонақтар", "Оң қол", "Жат перзент",т.б әңгімелердің авторы. Әлем әдебиеті классиктерінің жекелеген шығармаларын, грек аңыздарынан құралған "Эллада ерлері" атты кітапты қазақ тіліне аударған. Төлен Әбдіков- жұртшылық жоғары бағалаған, шығармаларын көпшілік сүйсініп оқитын қаламгерлеріміздің, әдебиетіміздегі постмодернизм бағытының негізін салушылардың бірі. "Парасат майданында" психологизм,адамның жан-дүниесі,ішкі сезімдері суреттеледі. Батыс әдебиеттануында бар адамның іштей екіге бөлінуі туралы шығармалар қазақ әдебиетінде тұңғыш рет Т.Әбдіков шығармаларында көрініс тапты. "Оң қол" әңгімесінде Алманың өмірі суреттеледі. Онда қыздың оң қолы өзіне бағынбай, ақыры түбіне жетеді. Символикалық тұрғыдан қыздың екіге бөлінуі сипатталған. "Қонақтар" әңгімесінде жаңа мен ескінің тартысы суреттеледі де (Ерғабыл шалдың баласы Сапабектің орысшаланып, шалға немересін де жақындатпауы), жаңа ескіні жеңеді. "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінде бақсының сөзінен аллегория, яғни тұспалдауды кездестіреміз.Бақсы: "Біздің тайпамызға Ұлы індет келе жатыр"-дейді. Мұндағы індет деп тұрғаны- ұлтшылдық. Жалпы, Төлен Әбдіков прозасының көркемдік ерекшелігі туралы туралы сөз болғанда, ең алдымен- психологизмді тілге тиек етеміз.

Билет.

1. Өнердің адам сезіміне әсер ету ерекшелігі.Эстетиканың талдап, саралайтын басты мәселесі – өнер мен өмір. Өнер деген не? Ол – адамзаттық, қоғамдық санадағы идеологияның формасы. Қоғамдық сана ретінде өнер ғылыммен қатар тұрады. Олардың бейнелейтін объектісі де біреу: ол – өмір, ақиқат шындық. Олардың ортақ қасиеттері мұнымен ғана шектелмейді, сонымен қатар олардың қоғамдық қызметтері де ұқсас, өнер де ғылым сияқты өмірді танытады, ақиқат шындықты көрсетеді. Кез келген шығармадағы шытырман оқиғаның көптеген элементтері қаламгердің өз басынан өткізген өмірлік материалмен астасып жататыны рас. Суреткер өзі көрген, жан-тәнімен сезінген шындықты ғана адам таңданарлықтай реалистікпен сұлу етіп суреттей алады. Ақиқат шындық жоқ жерде терең мазмұнның болуы мүмкін емес. Кез келген өнер туындысы белгілі бір идеяға құрылады. Қаламгер өзі көрсеткісі келген өмір шындығында нені теріске шығарып үкім айтады, нені мадақ етіп насихаттайды, содан келіп идея туады. Кейде суреткер өз идеясын тура, ашық айтуы мүмкін, онда оның шығармасы ашық тенденциялық сипатқа ие болады. Ал кейбір шығармада автор өзінің түпкі ойын ашып көрсетпейді, өзі танытқысы келген шындықтың кесімін оқырманға қалдырып кететін жағдайлар да кездеседі. Бірақ соның өзінде де суреткер шығарма идеясын толығымен оқырман еркіне қалдырды деп айта алмас едік. Себебі суреткер образ жасау барысында-ақ олардың қарым-қатынасы арқылы өзінің қандай идеяны мұрат тұтқанын аңғартып қояды. Қанша жерден суреткер өз ойын бүркемелеп, нені мұрат тұтқанын байқатқысы келмегенімен, автордың неге немесе кімге бүйрегі бұрып тұрғанын анықтауға болады.Көркем туынды бірінші сезімді қозғайды, оқырманды әр алуан эмоцияға жетелейді, соның негізінде барып белгілі бір ойға тұрақтандырады. Өнердің әсер ету ерекшелігін былайша түсіндіруге болады. Көркем образдағы рационалдылық (ақыл-ой) эмоционалдылықпен әрдайым үздіксіз байланыста болады және сол эмоционалды тұрғыдан бағаланады. Демек, өнер туындысын бағалауда ақыл-ойдан гөрі сезімнің қызметі жоғары екендігі баяғыда дәлелденген нәрсе. Кез келген көркем шығармада тартысқа түсуші екі тарап кейіпкерлердің сол шығармадағы өмір құбылыстары мен тіршілік болмысқа қатысты ойлары, негізінен, сол қаһармандарға өз қатынасын көрсететін автордың пікірі екендігін теріс дей алмаймыз. Мұндай ойлар тілден көрінеді, ал тіл – суреткер үшін ақиқат шындықтың өзі. Бірақ ғылым тіліне қарағанда әдеби тілдегі ойдың әрдайым эмоционалды бояуы қалың болып келеді. Эмоционалды бояу әдеби тілде құбылту мен айшықтауды және фонетикалық, интонациялық көркемдеу құралдарын молынан пайдаланудың әсерінен пайда болады. Соның нәтижесінде тіл ойды да, сезімді де еркін жеткізе алатын көркем тілге айналады. Тілдің осындай қасиетін терең түсінген Н. Чернышевский: «Өнер жай әңгімеге, соның ішінде ғылыми әңгімеге қарағанда өз мақсатын әлдеқайда анық та сенімді жеткізеді. Бояуы қанық айшықты суреттер біздің санамызды қасаң нұсқаулар мен құрғақ баяндауларға қарағанда әлдеқайда тез баурап алады, айналадағы заттар мен құбылыстардың сырын барынша анық етіп танытады, ойға қонымды етіп түсіндіреді», – деп жазған болатын.

2. Өнер туындысындағы сюжет,композиция.Сюжет пен композиция сыр-сипаты көл-көсір, орасан нәзік әрі күрделі творчестволық мәселе. Сөз өнеріндегі шешуші нәрсе- сурет деу аз;сөз өнеріндегі шешуші нәрсе- жай сурет емес, жанды сурет,яғни суретке,бейнеге адам тура "қолмен түртіп қалғысы келгендей" тірлік дарытатын қимыл-әрекет. Сюжет пен композицияның сыр-сипатын, міне, дәл осы ұғымның тұрғысынан тану қажет. Сюжет- (французша-зат) көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі түрі, жолы немесе тәсілі. Егер көркем шығарманың мазмұны түрліше мінездер мен типтердің өзара қарым-қатынасынан туған шындық, өмірлік оқиғалар тізбегі десек, осының өзі сюжетте адамдар мен заттардың тұтасқан ішкі-сыртқы қимыл-әрекет жүйесі ретінде, кәдімгідей қозғалыс, белгілі бір даму үстінде көрінеді. Сондықтан сюжет- жалпы алғанда, адамдардың өзара қарым-қатынасы,байланысы,қайшылықтары,жек көру,жақсы көру,әр характердің,типтің өсу, жасалу тарихы. Сюжеттің жаны мен жүрегі- тартыс. Ал тартыстан сюжет құрап, қалыптастыратын- композиция. Композиция- (латынша-құрастыру,қиыстыру) бірер сөзбен айтқанда, көркем шығарманың құрылысы, әдеби шығарманың сыртқы түрінің ғана симметриясы емес, сонымен қатар ішкі сырының да гармониясы. Өнер туындысында бүтіндік болуы шарт. Ал кез келген шығарманың ұтымды басталып, заңды дамып, жақсы аяқталғанын түйсіну, оның идеялық-тақырыптық негізінде немесе мазмұны мен пішініндегі сыр мен сымбаттың табиғи үндестігін сезіну- оқырманның жан-дүниесіне сол шығарма дарытқан эмоциялық жылылықтың,эстетикалық сұлулықтың бір алуаны; бұл туралы әр нәрсенің болмыс-бітіміне тән пропорция сол нәрседен біздің санамызға дарыған сұлулықтың бір алуаны болып табылады деп В.Хогарт өте дәл айтқан. "Өлең бе, драма ма, картина ма, ән бе, симфония ма, бәрібір,- дейді Л.Толстой,- әйтеуір нағыз көркем шығарманың мән-мазмұнына зақым келтірмей небір шумағын, небір көрінісін, небір фигурасын, небір тактысын өз орнынан алып, басқа жерге қоюға болмайды". Осының бәрі- шебер құрылған композицияның нәтижесі.

3. З.Серікқалиевтің әдеби-сын еңбектері.Зейнолла Серікқалиев- әдебиеттің сын саласына ерен еңбегі сіңген қаламгер. Оның сыни мақалалары мен зерттеулерінен тұратын "Ақ жол" атты еңбегі жарық көрген. Ол еңбегінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен тер романынына сыншылық көзқарастарын білдіреді. Ондағ басты кейіпкерлер- балықшылардың өмірі, тұрмысы, қарым-қатынастарын оқырманға суреттеп жеткізген жазушы шеберлігін тілге тиек етеді. Эстетикаға қатысты, әсемдікке қатысты ой-пікірлері туралы айтар болсақ,төмендегідей. Сұлулықты, әсемдікті тану үшін арнайы ғылым саласы – эстетика пайда болған.

Әсемдік мәселесі эстетикадағы ең басты нәрсе ғана емес, ол ең негізгі және айқындаушы нәрсе. Әсемдік деген не, оның құдіретті күші мен тылсым табиғатын қалай түсінуге болады деген сауалдардан эстетика ғылымы пайда болған. Кез келген эстетика теориясы туралы толғам мен пайымдау болған жерде міндетті түрде әсемдік мәселесі сөз болады. Әсемдіксіз, сұлулықсыз эстетика деген ұғым да жоқ. Сонымен қатар ол ешқашан да бір орында тұрып, дамылдап қалған емес. Әрдайым даму, өзгеру үстінде. Ерте заманда да солай болған, қазір де солай.Ол туралы қазақтың белгілі әдебиеттанушысы, талантты сыншы-ғалым З. Серікқалиев былай дейді: «Көркемдік тұрғысынан дүние сырын игеру – жаратылыс шындығына, әр нәрсе, әр құбылыстың мән-мағынасына талдау, саралау жолымен жай ойлана үңілу ғана емес, ол – ең алдымен күллі әдемілік әлемін, сұлулық сипатын бар табиғатыңмен беріліп жан-жақты тану, рухани жан жылуыңмен егжей-тегжейлі сезіну. Платон мен Аристотельден бастап ғасырлар бойы адам баласы, ақыл-ой, парасат осы дүние көркі мәселесі төңірегінде үзбей толғанып келген. Бұл тақырыпқа байланысты қазіргі заман эстетикасында да пікір таласы толастап көрген емес. Мұны байыпты шешу – көркемөнер қазынасының бір жұмбақ тылсым құпиясын ашу деген сөз».

Билет

Наши рекомендации