II Заты дербес деректер болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықтар
Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу
Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодексінің «Адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталатын 3-тарауына жатады. Сондықтан аталған тарауға жалпы сипаттама беріп өткенді жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында ең қымбат қазына адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары және ол өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады делінген. Құқықтық мемлекетте адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау негізгі идея болып табылады.
Жалпы, конституциялық құқықтар жайлы сөз қозғағанда, конституциялық құқық деп ҚР-ның Конституциясында бекітілген және жеке адамның өз мүмкіндігін еркін және өз бетімен анықтауға, өзінің мінез-құлқы мен әрекетін заңмен белгіленген тәртіп пен ережелерге сәйкес таңдауға кепілдік беру мүмкіндігін тану керек.
Жеке адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда елеулі рөл қылмыстық-құқықтық кепілдіктерге беріледі, ол кепілдіктерге «азаматтарды неғұрлым қауіпті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған, сондай-ақ міндеттерді орындамағаны үшін жауаптылықтарды қарастыратын заң нормалары» жатады. Басқаша айтқанда, қылмыстық-құқықтық нормалар заңның басқа салаларының нормалары тиімсіз болғанда және конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бұзылуының алдын ала алмаған жағдайда қолданылады. ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 2-бабының 1-бөлігінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды бірінші орынға қояды.
Сөйтіп, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар деп Қазақстан Республикасының Конституциясымен жария етілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын қылмыстық заңмен көзделген қоғамдық қауіпті әрекеттер танылады. Дегенмен, бұл жерде осы құқықтар мен бостандықтардың екі топқа бөлінетіндігін атап өткен жөн болады. Бір топты адамға тумысынан тән болатын абсолютті деп танылатын құқықтар мен бостандықтар құрайды және соған орай оларға қолсұғушылық жеке адамға қарсы (өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиеті бостандығына) қылмыстар танылады. Екінші топ – азаматтарға мемлекетпен берілетін құқықтар мен бостандықтар. Бұл құқықтарға қолсұғушылық адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар болып табылады.
Адамның және азаматтың құқықтар мен бостандықтарына қарсы қылмыстардың топтық объектісі конституциялық құқықтар мен бостандықтар болып табылады. Тікелей объектісі деп қандай да болсын қылмыстық әрекет қол сұғатын адамның және азаматтың нақты бір конституциялық құқығы мен бостандығы танылады.
Осы тараудың қылмыстардың көбінің объективтік жағы әрекет жасаумен сипатталады, алайда кейбір қылмыстар әрекетсіздік жолымен жасалуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 3-тарауында формальды, материалдық және формальды-материалдық қылмыс құрамдары бар.
Аталған тараудағы қылмыстардың барлығының субъективтік жағы егер құрамы формальды болса тура ниетпен, ал егер құрамы материалдық болса тура немесе жанама ниетпен сипатталады.
Қылмыстың мақсаты міндетті белгі ретінде қарастырып отырған қылмыстар тобының ешқайсысының құрамында көрсетілмеген.
Адамның және азаматың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстардың барлығының субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс, жеке тұлға болып табылады.
Енді ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 147-бабында көрсетілген қылмыс құрамдарын талдауға көшеміз. Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігі конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын бұзуда, яғни адамның қызметтік және қоғамдық өмірінен тыс жатқан қоғамдық қатынастарды құрайды және дербес деректер және оларды қорғау заңнамасын бұзудан тұрады. Адамның жеке өміріне қол сұғу, дербес деректерін заңсыз жинау мен өңдеу адамның кәсіптік міндеттерін жүзеге асыруға, оның іскерлік беделіне, отбасылық өміріне теріс әсерін тигізуі мүмкін.
Талданып отқан әрекеттің обектісі ретінде жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын жүзеге асыратын қоғамдық қатынастар қарастырылады.
Қылмыстың заты ретінде адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын жеке өмірі туралы мәліметтер және оның дербес деректері танылады. Осы бап бойынша қылмысты саралау үшін тұлғаның осы мәліметтерді сипатына қарамастан құпия сақтап қалу ниеті маңызды. Ол мәліметтерге қоғамдық қызығушылық саласынан тыс кез келген мәліметтер жатуы мүмкін. Мысалы, отбасыдағы қарым-қатынас туралы, туыстарымен қарым-қатынасы туралы мәліметтер, жұмыстан тыс іспен айналысуы, қызығушылықтары, достық қарым-қатынастары, денсаулық жағдайы, шығармашылық жоспарлары, жеке өмірінің түрлі жақтары туралы мәліметтер және т.б. Осы қатарға мәліметтер негізінде анықталған немесе анықталатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер(дербес деректер) жатады. ҚР-ның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес дербес деректер субъектісі дербес деректер тиесілі жеке тұлға болып табылады.
«Жеке өмір», «жеке құпия», «отбасы құпиясы» деген түсініктерге ұлттық заңнамамызда анықтамалар берілмеген. Осы түсініктерге анықтаманың берілмеуі қарастырылып отқан жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын жүзеге асыруға және құқықтық қорғауға кедергі келтіреді. Бұл жағдай халықаралық-құқықтық құжаттарға да тән. Құқықтанушылар бірнеше рет осы түсініктерге анықтама беруге тырысты. Сол ғалымдардың ойларына шолу жасап көрейік. Ресейлік ғалым Г.Б. Романовский жеке өмір туралы былай дейді: «Бұл адамның тумысынан әрбір азаматқа тиесілі болатын материалдық емес құндылық. Адам оны басқа адамдардың назарынан құпия болғанын қалайды. Бұл құндылық демократиялық мемлекетте заңи тұрғыдан қорғалуы тиіс».[30] Келесі ғалым М.В. Баглайдың пікірінше, жеке өмірдің мазмұнын тұлғаның өзі анықтайды. Оның ойынша, жеке өмір деп, адам өмірінің басқалардың білгенін қаламайтын жақтарын айтады.[31] Ал, И.Л. Петрухиннің ойынша, жеке өмір деп, адамның отбасылық өмірінің, туыстық және достық байланыстарының, интимді және бас да қатынастарының, қызығушылықтарының, ойларының жиынтығын түсіну қажет.[32] Ю.Е. Сысоевтың пікірінше, жеке өмір деп, адам өмірінің қызметтік, еңбек, қоғамдық және саяси өмірінен тыс жақтарын санайды.[33] Жеке өмір жайында атақты құқықтанушы, Париж университетінің конституциялық құқық саласының профессоры Франсуа Люшер өзінің «Құқықтар мен бостандықтарды конституциялық қорғау» оқулығында жеке өмір бостандығының келесідей аспектілерін көрсетеді: а)өз еркімен өмір сүру бостандығы; б)өз өмірінің сырластық қатынастар жағын құпияда сақтау құқығы; в)жеке мәртебесін қорғау құқығы.[34] М. Петросян жеке өмірді әлеуметтік құндылық ретінде қарастыра келе, «тұлғаның өзімен бақыланатын, яғни сыртқы ықпалдан, соның ішінде құқықтық реттеуден бөлек физикалық және рухани сала» ретінде анықтайды.[35] Жеке өмірдің заңдық ұғымы Н.Н. Волошкинамен берілген анықтамада ұсынылады: «Жүріс-тұрысы заңды рұқсат етілген, оның өмір сүруі мен прогрессивті дамуын қамтамасыз ету қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында игіліктерге ие бағытталған адаммен конституциялық және өзге де құқықтарын пайдалануы».[36] Н.П. Лепешкина жеке өмірді адам өмірінің белгілі бір салаларына бөлу арқылы әлеуметтік құбылыс ретінде толық жіктеп көрсетті: ішкі рухани саласы бойынша, адамдармен қатынас және байланыс саласы, медико–физиологиялық сала бойынша, мінез-құлық саласы бойынша, мүліктік сала бойынша.[37] Адам құқықтары бойынша Еуропалық Сот өз шешімдерінде жеке өмірдің нақты бір анықтамасы жоқ. Ол тұлға өмірінің физикалық та, моральдық та жағын қамтиды. Мысалы, жынысы, жыныстық өмірі сияқты элементтер адамның жеке өміріне жатады.
Көріп отқанымыздай, жеке өмір анықтамасын түрлі аспектілерге сүйене отырып беруге болады. Бірақ талданып жатқан түсініктің сипаттамасын толық қамтитын, бір мағыналы анықтама беру қиынға соғады. Сондықтан қылмыстық-құқықтық қорғауды қажет ететін жеке өмірдің барлық аспектісін қамтитын норманың болуы мүмкін емес деген тұжырымға келеміз.
Ал, енді «жеке құпия» және «отбасы құпиясы» түсініктеріне көшсек. Бұл жерде де көптеген ғалымдардың айтылған ойлары бар және олардың ойлары көп жағдайда бір-біріне ұқсас болып келеді. Солардың ішінде осы түсініктерді неғұрлым дұрыс сипаттайтын, анықтайтын Ресей ғалымы В. Новиков берген анықтамалары деп ойлаймыз. Оның ойынша, жеке құпия – ол басқа адамдардан құпия сақтауға ұмтылған тек бір ғана адамға қатысты мәліметтер. Жеке құпияға мыналарды жатқызуға болады: дербес деректер туралы, достық және интимді қарым-қатынастары туралы, діни немесе атеистік көзқарастары туралы, мүліктік жағдайы туралы, табыс көздері туралы, тұратын мекен-жайы туралы, қызығушылықтары туралы, денсаулық жағдайы туралы, демалысты өткізу туралы мәліметтер және т.б. Ал тұлғаның құқыққа қайшы әрекеті туралы мәліметтер жеке құпия болып табылмайды және оны жариялау қоғамға пайдалы әрекет болып есептеледі.[38] Отбасы құпиясы – бір отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас туралы мәліметтерді құпия сақтайтын бір отбасы мүшелерінің топтық құпиясы. Отбасы құпиясын құпия сақтаушылар ретінде тек қана жұбайлар, ата-аналары, балалары емес, сондай-ақ бірге тұратын адамдар да, сол отбасының қамқоршылығындағы балалар да саналады.[39]
Жоғарыда келтірілген ғалымдардың ойлары негізінде «жеке құпия», «отбасы құпиясы» деген түсініктеріне бапқа ескерту ретінде заң шығарушымен анықтама берілуі тиіс. Анықтама беру арқылы ҚК-тің 147-бабы 1-бөлігі нормасы түсінікті, әрі қолданылуын жеңілдетеді.
Қылмыстың объективтік жағын баптың 1-бөлігі бойынша мына әрекеттер құрайды: 1) адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау; 2) дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру.
Жеке өмір туралы мәліметтерді заңсыз жинау деп, оны жинауға құқығы жоқ адамның жәбірленушінің жеке немесе отбасы құпиясы туралы мәліметтерді жинауға бағытталған әрекеттерін түсіну қажет. Тұлғаға қатысты жиналған мәліметтердің жеке немесе отбасы құпиясы болып табылатынын немесе табылмайтынын, тұлғаның өзі шешеді. Сот тұлғаның пікірімен келісуі де, келіспеуі де мүмкін. Ақпараттарды жинау ашық түрде, яғни кінәлі адам құжаттармен, хаттармен, күнделіктермен жәбірленушінің үйінде, туыстарында, достары арқылы танысады; жасырын түрде, яғни кінәлі адам жәбірленушінің қызметтік құжаттарымен, тәртіптік есеп карточкасымен, сырқаттану тарихымен танысады.
Талданып отқан 147-баптың 1-бөлігінде дербес деректерді заңсыз жинағаны мен өңдегені үшін жауаптылық белгіленген. ҚР-ның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 1-бабының 5-тармағына сәйкес дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер деп түсіну қажет. Осы заңның 1-бабының 12-тармағына сай дербес деректердi өңдеу – дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесiздендiруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған iс-әрекеттер.
Дербес деректерге электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген, белгілі бір субъектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді жатқызуға болады.
Дербес деректерді субъектінің келісімінсіз заңды жинау және өңдеу негіздері 9-бапта көрініс тапқан. Оларға мына негіздер жатады: 1) құқық қорғау органдары мен соттардың қызметін, атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асырған; 2) мемлекеттік статистикалық қызметті жүзеге асырған; 3) дербес деректердi мiндеттi түрде иесiздендiру шартымен оларды статистикалық мақсаттар үшiн мемлекеттік органдар пайдаланған; 4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар iске асырылған; 5) егер субъектiнiң немесе оның заңды өкілінің келiсiмiн алу мүмкiн болмаса, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаған; 6) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталған жағдайда журналистiң заңды кәсiптік қызметi және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі не ғылыми, әдеби немесе өзге де шығармашылық қызмет жүзеге асырылған; 7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректер, оның iшiнде сайланбалы мемлекеттiк лауазымдарға кандидаттардың дербес деректерi жарияланған; 8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес субъект дербес деректерді ұсыну жөніндегі өз міндеттерін орындамаған; 9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеудi, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ақпарат алған; 10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда жүргізіледі.
Осылайша, 9-бапта көрсетілген негіздерден өзге де әрекеттермен адамның келісімінсіз дербес деректерін жинау және өңдеу заңсыз болып табылады. Егер заңсыз әрекеттермен адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда ол Қылмыстық кодекстің 147-бабы 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстың объективтік жағын құрайды.
Қылмыстық кодекстің 3-бабы 14-бөлігіне сай елеулі зиян деп, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзу; айтарлықтай залал келтіру; жәбірленуші адамда өмірлік қиын жағдайдың туындауы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; келтірілген зиянның елеулі екндігін куәландыратын өзге де зардаптарды түсіну қажет. Басқа да зардаптарға өзге адамдар тарапынан сенімсіздіктің туындауы, отбасыда, таныстарымен, қызметтестерімен қарым-қатынастың нашарлауы, пайда алып келетін келісімнің жасалмауы, абыройына нұқсан келтірілуін жатқызуға болады. Келтірілген зиян материалды да, моральды да болуы мүмкін.
Қылмыс құрамының объективтік жағын адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау құраған жағдайда, қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болады.
Дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу нәтижесінде зардап туындаған сәттен бастап қылмыс аяқталған болып саналады. Бұл әрекеттер үшін қылмыстық жаза тағайындау үшін дербес деректері заңсыз жиналған және өңделген адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілуі тиіс. Сәйкесінше, бұл жерде қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалды болып табылады. Осы жерде адамның құқықтары мен мүдделеріне елеулі зиян келу мәселесін анықтау қиындық туғызады. ҚК-тің 147-бабы 1-бөлігін қолданылуын тежейді. Тәжірибеде Ресей ғалымы В.Новиковтың пікірінше елеулі зиянның келгенін дәлелдеу кезінде тергеушінің қызметін қиындатады. Бірақ қылмыс құрамының объективтік жағынан елеулі зиянды алып тастау арқылы біз ҚР-ның ӘҚБтК-тің 79-бабы 1-тармағы бойынша дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген нормасымен ҚК-тің 147-бабы 1-бөлігі нормасы арасындағы коллизияға тап боламыз. Сондықтан, біздің ойымызша, ҚР-ның ӘҚБтК-тің 79-бабы бойынша ҚР-ның дербес деректер туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастап, дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу нәтижесінде адам құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиянды келтірілуін күтпей, дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу фактісі анықталса, қылмыстық теріс қылық ретінде қылмыстық жауаптылық тағайындау керек деп ойлаймыз. Яғни, ҚК-тің 147-бабына қосымша бөліктер енгізу керек және олардың мазмұны мынадай болуы тиіс: 1) Дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу, не меншiк иесi, оператор немесе үшiншi тұлға өз қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер; 2)Дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қолдану міндеті жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы,егер бұл іс-әрекет дербес деректерді жоғалтуға, заңсыз жинауға және өңдеуге әкеп соқса, онда ҚК-те қылмыстық теріс қылық үшін көзделген жазалар тағайындалуы тиіс. ҚК-тің 10-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жазалар көзделген.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті екенін ұғынады, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап біледі және осы зардаптардың туындауын қалайды. Қылмыс пайдакүнемдік ниетпен жасалады, бірақ қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс, жеке тұлға болып табылады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабының 2-бөлігінде дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қолдану міндеті жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы, егер бұл іс-әрекет адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Меншік иесінің және оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібі «Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР-ның Үкіметі 2013 жылы 3 қыркүйекте қабылдаған Қаулысымен бекітілген.(Қосымша2)
Тұлғаның дербес деректеріне қатысты қорғау жөніндегі шараларды сақтамаса және ол тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, қылмыс аяқталған болып саналады.
Сараланған қылмыс құрамының субъектісі арнайы болады. Субъект ретінде дербес деректерді қорғау міндеті жүктелген адам болып табылады. Олардың қатарына заңмен белгіленген мына субъектілер жатады: меншік иесі және оператор, сондай-ақ үшінші тұлға. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 1-бабының 9-тармағына сай дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – дербес деректерді қамтитын базаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және заңды тұлға. Аталған заңның 1-бабының 10-тармағына сай дербес деректерді қамтитын базаның операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға. Осы заңның 1-бабының 17-тармағына сәйкес үшiншi тұлға – субъект, меншік иесі және (немесе) оператор болып табылмайтын, бiрақ дербес деректердi жинау, өңдеу және қорғау бойынша олармен (онымен) мән-жайлар немесе құқық қатынастары арқылы байланысты болатын тұлға.
Қылмыстық кодекстің 147-бабының 3-бөлігінде ерекше сараланған қылмыс құрамы көрсетілген. Онда осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көрсетілген әрекетті адам өзінің қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып жасаған не электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу арқылы не өзі немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасалған іс-әрекеттер, сол сияқты осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді көпшілік алдында сөйлеген сөзде, көпшілікке көрсетілетін шығармада, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып таратады. ҚК-тің 147-бабында аталған адамның өз қызмет бабын пайдалану деп, лауазымды тұлғаның өзіне жүктелген құқықтар мен міндеттерді орындау барысында өз қызметтік құзыреті шегінде жасалған әрекеттерді түсіну қажет.[40]
Егер лауазымды тұлға өз қызмет бабын пайдалана отырып, басқа тұлғаны адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiруге иетрмелесе, сондай-ақ дербес деректердi қорғау жөнiндегi шараларды қолдану мiндетi жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы, егер бұл іс-әрекет адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiруге итермелесе, онда лауазымды тұлғаның әрекеті қылмысқа айдап салушы ретінде сараланады(ҚК-тің 28-бабы 4-бөлігі, 147-баптың 1 немесе 2-бөліктері).
Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар ретінде аспаптар немесе ақпаратты белгілейтін, түсіретін және анықтайтын құрал-жабдықтар түсініледі. Ақпаратты жасырын алуға арналған техникалық құралдарды пайдалану ақпаратты толық алу мүмкіндігін арттырады. Бұл өз кезегінде қылмыстың қоғамға қауіптілігін жоғарылатады.
Электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру осы ақпараттық жүйені, ақпараттық ресурстарды жасаушы, құрастырушы адамның бекіткен ережелерге қарамастан кіру болып табылады.[41]
Ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану ақпараттық жүйенің және оның құраушыларының бір-бірімен әрекетін қамтамасыз ететін техникалық, аппараттық-бағдарламалық құралдарды пайдалану болып табылады.
Ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу деп, ақпараттық жүйеден және оны құраушылардан не ақпараттық-коммуникациялық желіге кіретін ақпараттық ресурстардан ақпаратты құқыққа қайшы алуды түсіну керек.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді көпшілік алдында сөйлеген сөзде (мысалы, жиналыста, митингте), көпшілікке көрсетілетін шығармада (мысалы, бейнежазбада, CD дискіде) немесе бұқаралық ақпарат құралдарында (газет, журнал, радио) жариялау адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтермен танысу мүмкіндігі бар адамдар қатарын кеңейтеді.[42] Аталған әрекеттер нәтижесінде жәбірленуші қаламайтын жағымсыз салдар туындау мүмкіндігі жоғарылайды.
Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді тарату деп, жәбірленушінің келісімінсіз ең болмағанда бір тұлғаға хабарлауды тану қажет, тарату тәсіліне байланыссыз(ауызша, жазбаша, телефонмен). Бұл жерде мәліметтер кез келген жолмен жиналуы мүмкін: көршілермен, таныстармен, жұмыстағы әріптестермен сұхбаттасу кезінде, жасырын бақылау кезінде, құжаттармен танысу жолымен және т.б.[43]
Егер жеке өмір туралы мәліметтерді заңсыз жинау тұрғынжайға онда тұратын адамдардың еркінен тыс заңсыз басып кірумен ұласса, онда ол Қылмыстық кодекстің 149-бабымен жиынтықта сараланады.
Кейбір жағдайларда Қылмыстық кодекс бойынша жеке өмір туралы мәліметтерді жариялау бір уақытта басқа қылмыстың құрамын құрайды: бала асырап алу құпиясын жария ету(ҚК-тің 138-бабы), жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету(ҚК-тің 382-бабы). Бұл жағдайларда қылмыстық әрекеттер 147-баппен жиынтықта сараланады. Керісінше, заңға сәйкес жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді жария ету заңсыз болып табылмайды(мысалы, куә ретінде жауап алынғанда).
Қылмыстық кодекстің 147-бабы 1-бөлігінде көрсетілген әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Қылмыстық кодекстің 147-бабы 2 және 3-бөліктерінде көрсетілген әрекеттер орташа ауылықтағы қылмыстар болып табылады.
Қорытындылай келе, Қылмыстық кодекстің 147-бабына талдау жасау барысында «жеке құпия» және «отбасы құпиясы» деген түсініктерге анықтама беруге тырыстық. Осыдан «жеке құпия» және «отбасы құпиясы» мағыналарын әркім әрқалай түсіну болмас үшін, заң шығарушыға осы түсініктерге бапқа ескерту ретінде анықтама беруі тиіс. Бұл өз кезегінде қылмыстық жауаптылық белгілеу мәселесін жеңілдете түседі. Екінші мәселе 147-баптың диспозицияларына өзгерістер енгізу қажет. ҚК-тің 147-бабына қосымша бөліктер енгізу керек. Оларға қылмыстық теріс-қылық ретінде қылмыстық жауаптылық тағайындау керек деп ойлаймыз. Яғни, олардың мазмұны мынадай болады: 1) Дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу, не меншiк иесi, оператор немесе үшiншi тұлға өз қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер; 2)Дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қолдану міндеті жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы,егер бұл іс-әрекет дербес деректерді жоғалтуға, заңсыз жинауға және өңдеуге әкеп соқса, онда ҚК-те қылмыстық теріс қылық үшін көзделген жазалар тағайындалуы тиіс. Ал ҚК-тің 147-бабы 1-бөлігі диспозициясы адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау деп өзгертілсе, 147-баптың 2-бөлігі диспозициясы өзгеріссіз қалдырылуы қажет деп санаймыз.