Азаматтық іс жүргізу құқығының пәні мен әдісі

Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

Кез-келген құқық саласы үшін басқа құқық салаларымен салыстырғанда өзіндік айрықшалау белгілерімен сипатталатын барынша маңызды ерекшелігі оның пәні болып танылады. Пән – саланы салалас және өзге де құқық салаларынан ерекшелеп тұратын белгі. Дәл осы құқықтық реттеу пәнінің ерекшеліктеріне орай, тек қана осы құқық саласына тән және бірнеше құқық салалары үшін ортақ (әмбебап) маңызды сипаттамалар анықталады. Реттелуі нормалары арқылы көзделген нақты қоғамдық қатынастар кез-келген құқық саласының пәні болып танылады.

Адамзат қызметінің кез-келген саласы тиісті деңгейде құқықтық реттеуді қажет етеді, ал ондай реттелу қоғамда мойындалған дәстүрлер немесе нормативтік ережелер арқылы қамтамасыз етіледі. Түрлі өркениеттердің қалыптасу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дәстүрлер нормативтік тұрғыдан (міндетті) рәсімделмесе де барынша өмірщең болып келеді.

Азаматтық іс жүргізу ережелері әсер ететін салаға қатысты айтатын болсақ, ол сала құқықтық жағынан тұрақтанған ережелермен барынша нақты реттелу тиіс, олай болмаған жағдайда нормативтік ақтаңдақтар, құқықтық және әлеуметтік түрдегі келеңсіздіктер орын алуы мүмкін. Азаматтық іс жүргізу құқығы орындалуы міндетті нормалар жиынтығы ретінде жоғарғы деңгейдегі тәжірибелік қажеттілігімен сипатталады. Ол құқықтың іс жүргізу саласына жатады, оны әдебиетте соттық құқық деп те атайды. Соттық құқық нормалары өзінің реттеушілік табиғатына сәйкес сот ісін жүргізу саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, яғни оның құқықтық реттеу пәні іс жүргізу құқықтық қатынастары болып табылады, соттық құқық саласына жатқызу оның бірыңғай (іс жүргізу) жүйесіндегі жеке өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтірмейді.

Азаматтық іс жүргізу құқығы – соттардың азаматтық істерді қарастыру және шешу тәртібін белгілейтін жеке құқық саласы. Ол өз реттеу аясы бойынша, яғни қоғамдық қатынастар шегі бойынша жекелік сипатқа ие. Ол қатынастардың реттелуіне сала нормалары әсер етеді. Бұл – сотпен азаматтық істерді талқылау және шешу тәртібі; соттар мен өзге органдар қаулыларын орындау, іс жүргізу қатынастары субъектілерінің мәртебелік сұрақтарын шешу тәртібі.

Реттелетін қоғамдық қатынастарының ерекшеліктеріне, олардың субъектілік құрамы мен нақты құқықтық мүмкіндіктер кешеніне, тұлғалардың құқықтық жағдайларына сәйкес, саланың әдісі айқындалады. Саланың әдісі ретінде қалыптасатын қоғамдық қатынастар субъектілерінің тәртібіне (заңи мәні бар – әрекеттеріне) ықпал ету тәсілі (құқықтық тұрғыдан араласу тәсілі) болып танылады. Іс жүргізушілік әдебиетте саланың келесі екі тәсілін бөліп қарастырылады: императивтік және диспозитивтік, кейбір оқулықтарда оларға императивті – диспозитивтік деп жалпы атау беріледі.

Азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының пайда болу және тоқтатылуы аясында биліктік бастау басым болғандықтан, азаматтық құқықтық саланың әдісін жалпы алғанда императивті тұрғыда сипаттаған жөн.

Мұндай әрекеттің өз логикалық түсіндірмесі бар және дәл осы биліктік субъектінің бар болуы, оның белсенді рөлі қарастырылып отырған қоғамдық қатынастарда орындалуы мәжбүрлі күш қолдану арқылы іске асырылатын нормалық ережелердің басымдылығымен шартталады.

Іс жүргізу саласының ғалымдары қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әдісі іс жүргізу түрімен тығыз байланыста қарастырылуы тиіс деген пікір білдіреді. Бұл дұрыс пікір, себебі іс жүргізушілік түрі, құқықтық белгілері бойынша ұқсас қоғамдық қатынастарда азаматтық құқықтарды қорғаудың үйлестірілген тәсілін білдіреді. Өз кезегінде іс жүргізушілік түрі сатылық деңгейлерді жоғарғы деңгейде жекелеп қарастыруымен сипаттайтындықтан құқықтық қорғау тиімділігі артады және заң мен сот алдында іске қатысушылардың шынайы теңдігін қамтамасыз етеді.

Императивтік (альтернативасыз) ықпал ету әдісі сот әділдігін қамтамасыз етуші орган болып табылатын сотты қоса алғанда, азаматтық істерді шешу барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастардың барлық қатысушыларына таралады. Қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал етудің бұл ерекшелігі – бекітілген нормалар сақталмаған жағдайда іске қатысушылар құқығын қамтамасыз ететін іс бойынша заңды және әділ шешім қабылдануы мүмкін еместігін білдіреді.

Наши рекомендации