Ылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтық талапты қоюдың тәртібі және оны шешу.
Қылмыстық іс бойынша азаматтық талапты қоюдың тәртібі ҚІЖК-нің 163-бабында белгіленген. Бұл бапқа сәйкес, азаматық талапты қылмыстық іс қозғалған кезден бастап сот тергеуі басталғанға дейінгі аралықта қоюға болады. Яғни, қылмыстық іс бойынша азаматтық талап алдын ала тергеу (анықтау) жүргізу барысында және істі сотта қарау кезінде де қойылуы мүмкін. Бірақ, азаматтық талаптың негізділігін анықтау үшін қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелерді және істің материалдарын зерттеу қажет болғандықтан, мұндай талап сот тергеуі басталғанға дейін қойылуы тиіс.
Занда көрсетілгендей, айыпталушы ретінде жауапқа тартылатын адамның анықталмауы талап қоюға бөгет болмайды (ҚІЖК 163-бабының 4-бөлігі). Сондықтан қылмыстың болғандығы анықталып, бірақ оны жасаған адам анықталмаған болса да, жәбірленушінің азаматтық талабы қабылдануға жатады. Өйткені, тергеу жүргізудің барысында қылмыс жасаған адамды тауып, оны айыпталушы ретінде жауапқа тарту қылмыстық ізге түсу органының міндеті болып табылады. Егер тергеу жүргізудің барысында қылмыспен келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерінің толық көлемде анықталуына қарай, бұрын қойылған азаматтық талаптың негізін және мөлшерін нақтылау қажеттілігітуындайтын болса, мүдделі тұлға қосымша талап қоюға құқылы (ҚІЖК 163-бабының 3-бөлігі).
Осы бапта көрсетілгендей, қылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтық талап қоймаған, сондай-ақ талабын сот қарамай қалдырған тұлға оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы. Сол сияқты, қылмыстық ізге түсуден иммунитетінің болуына байланысты айыпталушы ретінде жауапқа тартылмаған адамға да мүліктік талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қойылуы мүмкін.
Егер қылмыстық істі жүргізуші орган талап қойған жеке немесе занды тұлғаны азаматтық талапкер ретінде тануға негіз жоқ деп шешетін болса, онда бұл тұлғаны азаматтық талапкер ретінде танудан бас тарту туралы қаулы шығарылады. Мүдделі тұлға ол қаулыға шағымдануға құқылы. Сонымен қатар, сотқа дейінгі өндіріс кезінде тұлғаны азаматтық талапкер ретінде танудан бас тарту бұл тұлғаны сотта істі қарау кезінде талабын қайталап қою құқығынан айырмайды (ҚІЖК-нін, 165-бабы).
Азаматтық талап қойылған жағдайда, қылмыстық істі жүргізуші орган ол талапты қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануға міндетті. Негізінен ондай шараларды сотқа дейінгі өндіріс кезінде жүзеге асырған тиімді болып табылады. Ал сол кезде қажетті шаралар қолданылмаған болса, онда сот үкім занды күшіне енгенге дейін тиісті шараларды қолдануға құқылы (ҚІЖК-нің 170-бабы).
Жеке немесе занды тұлғаны азаматтық талапкер ретінде тану туралы қаулы шығарғаннан кейін қылмыстық ізге түсу органы жүзеге асыратын талапты қамтамасыз ету шаралары тергеу әрекеттерімен және жедел-іздестіру қызметімен байланысты болып табылады. Мысалы, меншікке қарсы қылмыстар бойынша тергеуші жәбірленушіден, куәлардан, сезіктіден және айыпталушыдан жауап алу кезінде қандай мүліктің ұрланғандығы, ұрланған мүліктің қай жерде жасырылғандығы жөнінде деректерді анықтап, содан кейін қылмыстык істің мән-жайларына байланысты қарау, тінту, алу сияқты тергеу әрекеттерін жүргізеді. Егер ұрланған мүлік белгілі бір жерде жасырылған деп санауға жеткілікті деректер бар болса, онда тергеуші ол мүлікті тауып алу мақсатында ҚІЖК-нің 232-бабына сәйкес тінту жүргізуге құқылы.
Азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында тергеуші қолдана алатын амалдардың бірі анықтау органдарына қылмыстық жолмен пайда етілген мүліктің және өзге де құндылықтыңқай жерде, кімнің қолында екендігін анықтау үшін қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізу жөнінде тапсырмалар беру болып табылады. Тергеушінің ондай заңды тапсырмаларын анықтау органдары кідіртусіз орындай отырып, жүргізілген шаралардың нәтижелері туралы тергеушіге хабарлауға міндетті.
Азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралардың арнайы түрі мүлікке тыйым салу болып табылады (ҚІЖК-нің 161-бабы). Тыйым салынуы мүмкін болатын мүліктің қатарына тұрғын үй, үй-жай, автокөлік, бағалы металдардан (алтын, күміс және т.б.), сондай-ақ асыл тастардан дайындалған заттар, бұйымдар, ақша, бағалы қағаздар, өзге де құндылықтар жатады. Бірінші қажеттілік заттары болып табылатын мүлікке тыйым салынбайды (ондай заттардың тізімі қылмыстық-атқару кодексінің қосымшасында келтірілген).
ҚІЖК-нің 168-бабында көрсетілгендей, азаматтық талапкер өзі қойған азаматтық талаптан бас тартуға құқылы. Талаптан бас тарту туралы арыз жазбаша түрде берілуі тиіс және ол істің материалдарына тіркеледі. Талаптан бас тартуды қабылдау туралы қылмыстық істі жүргізуші орган қаулы шығарады (ҚІЖК 168-бабының 3-бөлігі). Мұндай жағдайда қылмыстық іс жүргізудің азаматтық талап бойынша бөлігі қысқартылады.
ҚІЖК 168-бабының 6-бөлігіне сәйкес, мына жағдайларда азаматтық талаптан бас тарту қабылданбайды және қылмыстық істі жүргізуші орган ол туралы дәлелді қаулы шығаруы тиіс:
1)талаптан бас тарту занға қайшы келетін болса;
2)талаптан бас тарту басқа тұлғалардың (азаматтардың, заңды ұйымдардың) құқықтары мен занды мүдделерін бұзатын болса.
Қылмыстық іс бойынша қойылған азаматтық талап соттың шешуіне жатады. Сондықтан, ҚІЖК 169-бабының 6-бөлігінде көрсетілгендей, егер қылмыстық іс сотқа дейінгі өндіріс кезінде қысқартылған болса, онда жеке немесе заңды тұлға мүліктік талабын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы.
Азаматтық талап қылмыстық іспен бірге басты сот талқылауында қаралып, оған айыптау және қорғану (корғау) тараптары, соның ішінде азаматтық талапкер және азаматтық жауапкер қатысады.
Заң бойынша басты сот талқылауы кезінде азаматтық талапкерге және азаматтық жауапкерге тараптардың бәскелестігі принципіне сәйкес тең құқықтар берілген. Олар дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға, дәлелдемелер тапсыруға, айғақтар және түсініктеме беруге, өтініштер айтуға, жарыссөзге қатысуға құқылы.
Қылмыстық істің мән-жайларын тараптардың қатысуымен жан-жақты қарап талқылаудың нәтижесінде сот азаматтық талап жөнінде тиісті шешімге келіп, ол шешімін үкімде жазып тұжырымдайды (қылмыстық істі сотта қарау оны қысқартумен аяқталған болса, сот ол туралы қаулы шығарады). Есі дұрыс емес адамдардың істері бойынша қойылған азаматтық талап жөнінде соттың шешімі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану немесе қолданбау және істі қысқарту туралы қаулыда көрсетіледі.
ҚІЖК-нің 169-бабына сәйкес, азаматтық талап бойынша сот қабылдайтын шешімнін мынадай түрлері болады:
1)азаматтық талапты толық немесе жартылай қанағаттандыру туралы;
2)азаматтық талапты қанағаттандырмау туралы;
3)азаматтық талапты қараусыз қалдыру туралы;
4)азаматтық талапкердің талабын қанағаттандыру құқығын танып, талаптың мөлшерін есептеп шешуді азаматтық іс жүргізу сотының қарауына беру туралы.
Бұл аталған сот шешімдерінің түрлеріне тоқталайық.
1.Айыптау үкімін немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану не қолданбау туралы қаулы шығарғанда сот азаматтық талапты толық немесе жартылай қанағаттандыруы мүмкін. Егер қылмысты сотталушы жасаған, ол бұл қылмысты жасауға кінәлі және азаматтық талаптың негізділігі мен мөлшері толық дәлелденген болса, онда азаматтық талап толығымен қанағаттандыруға жатады. Сол сияқты, егер есі дұрыс емес адамның әрекетімен келтіріліген зиян толық дәлелденген болса, оның әрекеті үшін жауапты тұлғаға қойылған азаматтық талап толық көлемде қанағаттандырылуы мүмкін. Ал, егер қылмыстық іс бойынша немесе есі дұрыс емес адамның ісі бойынша қойылған азаматтық талаптың дәлелділігі толық емес, бірақ талаптын бөлігінің негізділігі және оған сәйкес келетін көлемі жиналған дәлелдемелермен расталған болса, онда азаматтық талап жартылай қанағаттандыруға жатады.
2. Қылмыстың оқиғасы болмауына немесе сотталушының қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбегенге байланысты ақтау үкімі шығарылған болса, сот азаматтық талапты қанағаттандырмау туралы шешім қабылдайды. Сол сияқты негіздер бойынша есі дұрыс емес адамға қатысты істі қысқарту туралы қаулы шығарылған болса (қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттің болмауы немесе бұл адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетке қатысқанының дәлелденбеуі), сот бұл іс бойынша қойылған азаматтық талапты қанағаттандырусыз қалдырады (ҚІЖК 169-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы).
3.Қылмыстың құрамы жоқ болғандықтан ақтау үкімі шығарылған жағдайда, сот азаматтық талапты қараусыз қалдырады. Олай болғанда, талапкер азаматтық талабын жаңадан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы.
ҚІЖК 169-бабының 5-бөлігіне сәйкес, мына негіздер бойынша қылмыстық іс қысқартумен аяқталған жағдайда сот азаматтық талапты қараусыз қалдырады: жасалған әрекет үшін қылмыстық жауапқа тартуды жоятын рақымшылық актісінің болуы; қылмыстық жауапқа тартудың мерзімінің ескіруі; жеке айыптау ісі бойынша жәбірленушінің арызы болмауы немесе жәбірленушінің айыпталушымен татуласуы; осы айыптау бойынша соттың занды күшіне енген үкімі не қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысы болуы; осы айыптау бойынша қылмыстық ізге түсу органының занды күшіне енген қылмыстық ізге түсуден бас тарту туралы қаулысы болуы; айыпталушының шын өкінуіне және қылмысты ашуға жәрдемдесуіне байланысты; қажетті қорғану шегінен асқан адамға қатысты; жағдайдың өзгеруіне байланысты. Алайда, мұндай жағдайларда қылмыстық іс бойынша азаматтық талапты қараусыз қалдырудың салдары жөнінде ҚІЖК-нің 169-бабында анық айтылмаған. Бұл баптың 6-бөлігіне сәйкес, жоғарыда аталған негіздер бойынша қылмыстық іс сотқа дейінгі өндіріс кезінде қысқартылған болса, азамат немесе заңды тұлға азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қоюға құқылы. Ал, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы «Азаматтық талапты қылмыстық процесс қарау туралы» нормативтік қаулысында былай деп көрсетілген: қылмыстық сот ісін жүргізу барысында азаматтық талапты қараусыз қалдыру, азаматтық талапкерді азаматтық сот ісін жүргізу тәрібімен талап қою құқығынан айырмайды.
4.ҚІЖК 169-бабының 3-бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық істі қарауды кейінге қалдырмай азаматтық талап бойынша жан-жақты есептеу бұл кезде мүмкін болмаса, сот азаматтық талапкердің талабын қанағаттандыру құқығын тани отырып, талаптың мөлшерін есептеп шешуді азаматтық іс жүргізу сотының қарауына бере алады.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының аталған нормативтік қаулысында (25-тармағы) азаматтық талапты қараудың нәтижесінде қабылданатын шешімдердің бірі ретінде соттың азаматтық талап бойынша іс жүргізуді қысқартуы көрсетілген. Соттың мұндай шешім қабылдауының негізі бұдан бұрынырақ айтылған азаматтық талапкердің талаптан бас тартуы болып табылады (ҚІЖК-нің 168-бабы).
Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талаптар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың есi кiресiлi-шығасылы адамның тiкелей қылмысымен немесе қоғамға қауiптi әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жерлеуге, зардап шеккен адамды емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтем ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны, сондай-ақ өкiлдiкке шыққан шығыстарды қоса алғанда анықтау, алдын ала тергеу iсiне және сотқа қатысуымен байланысты шыққан шығыстарды өтеу туралы азаматтық талаптары қаралады.
2. Азаматтық талап айыпталушыға немесе айыпталушының әрекетi үшiн материалдық жауап беретiн адамдарға қойылады және қылмыстық iспен бiрге қаралады.
3. Талапкер қылмыстық iсте азаматтық талап қойған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
4. Қылмыстық iстен туындайтын азаматтық талаптың соттылығы ол талап қойылған қылмыстық iстiң соттылығымен айқындалады.
5. Қылмыстық iс бойынша қойылған азаматтық талапты дәлелдеу ҚІЖКте белгiленген ережелер бойынша жүргiзiледi.
6. Егер азаматтық талапқа байланысты туындайтын iс жүргiзу қатынастары ҚІЖКпен реттелмеген болса, азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормалары ҚІЖКке қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
Азаматтық талап қою
Есi кiресiлi-шығасылы адамның қылмысы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекетi нәтижесiнде зиян шеккен адам не оның өкiлi қылмыстық iс қозғалған кезден бастап, бiрақ сот тергеуi басталғанға дейiн кез келген уақытта азаматтық талап қоюға құқылы.
Азаматтық талап жазбаша нысанда берiледi. Талапта қандай қылмыстық iс бойынша, кiм, кiмге, қандай негiзде және қандай мөлшерде азаматтық талап қоятыны көрсетiледi, сондай-ақ зиянды өтеу үшiн нақтылы ақша сомасын немесе мүлiктi өндiру туралы өтiнiш жазылады.
Азаматтық талаптың негiзiн және талаптың мөлшерiн нақтылау қажет болған кезде ол адам қосымша азаматтық талап қоюға құқылы.
Айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға бөгет болмайды.
Қылмыстық процесте азаматтық талап қоймаған адам, сондай-ақ талабын сот қарамай қалдырған адам оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қоюға құқылы.
Қылмыстық iзге түсу иммунитетiнiң болуына байланысты айыпкер ретiнде жауапқа тартуға болмайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылуы мүмкiн.
ҚІЖКтiң 62-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыстық iсте прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
2.Айыптау үкiмi шығарылғанда немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарылғанда, сот азаматтық талапты толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады. Азаматтық талап толық немесе iшiнара қанағаттандырылған жағдайда сот үкiмде үкiмнiң азаматтық талап бөлiгiнде ерiктi түрде орындау үшiн арналған мерзiмiн көрсетедi. Мәжбүрлеп орындау атқарушы iс жүргiзу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Азаматтық талап бойынша жан-жақты есептi қылмыстық iстi тергеудi кейiнге қалдырмай жүргiзу мүмкiн болмаған кезде сот азаматтық талапкердiң талабын қанағаттандыру құқығын танып, оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алады.
Белгiлi бiр ақтау үкiмi шығарылған кезде, сонымен қатар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiндегi iстi тоқтату туралы қаулы шығарылғанда сот:
1) егер қылмыс оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекет анықталмаса не сотталушы адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселесi шешiлген адамның қылмыс жасауға немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетке қатысқаны дәлелденбесе, азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тартады;
2) сотталушы қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталған жағдайда не өзi жасаған әрекеттiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздердiң болмауына байланысты iс тоқтатылғанда талапты қарамайды.
ҚІЖКтiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-5, 7, 8-тармақтарында және 38-бабында көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде сот азаматтық талапты қарамайды.
Егер осы баптың төртiншi бөлiгiнiң 2-тармағында және бесiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша қылмыстық iс сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында тоқтатылса, азамат немесе заңды тұлға не олардың өкiлдерi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен талап қоюға құқылы.
Қылмыс арқылы моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлгенi туралы деректер болған кезде қылмыстық iзге түсу органы азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қолдануға мiндеттi. Егер мұндай шаралар қабылданбаған болса, сот үкiм заңды күшiне енгенге дейiн оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы.
Сот азаматтық талапты қанағаттандырған кезде үкiм, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы азаматтық талап бөлiгiнде атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген тәртiппен орындалады.