Мен педагог мамандығын неліктен таңдадым?

Мен педагог мамандығын неліктен таңдадым?

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға!

(А.Құнанбаев)

Есімде, Тəңірдің тағдырыма тарту еткен қайта оралмас тамаша шақтарының бірі сонау бала кезімде мұғаліміміз "келешекте өздеріңді кім ретінде елестетесіңдер?"-деген сауалына орнымнан атып тұрып «апай боламын» деп жауап берген едім. Ал есейе келе ол арманыма сəл өзгеріс еніп, өзімді журналист ретінде байқап көруді қаладым. Білім жолындағы алғашқы сынағымды тапсырғаннан соң, нəтижесінде қайтадан педагог мамандығынан бір-ақ шықтым. Балалық балғын дəуренімдегі кіршіксіз тілегімді Алла сол кезде-ақ қабыл етіп қойған екен ғой.

Енді сөзімді сəл кейінге бұрып, сол балдəурен шағымда неліктен мұғалім болғым келгенін баяндайын. Себебі, университет қабырғасын алғаш аттаған сəтімде бұл мамандықта оқуды қалаған жоқпын.

Аядай ғана аудиторияға айдай құлпырып апайымыз кіріп келгенде "ертең менде осылай биік өкшелі туфлиді киіп алып, апай боп келіп бəрін таңқалдырамын деп ойлаушы едім. Мұғалім үстелінде қаламсабымды қолымда қозғап қойып бəрін бақылап отырамын дейтінмін сыныптастарыма. Сосын кейін апай сияқты əдемі үнмен əр сөзіме əр беріп сабақ түсіндіріп жатқанда, əрқайсысың аузыма үңіле үнсіз ғана қарап, ұйып тыңдап отырасыңдар деп қиялдаушы ем. Тура қазіргі біз сияқты ол кезде де маған оқушыларым алғыс айтып, келесі сабағымды асыға күтіп отырады деп айтатынмын. Өз еңбегіңнің жемісін көріп шəкіртіңнің риясыз көңілінен шыққан ақ жүрек алғысын есту ең қымбат сияқылардан да құнды екенін сол кезде-ақ сезініппін ғой сонда.

Ал, екінші курста практикада жүрген кезде мұғалімнің қалай сабақ өткенін қарап отырып, өзімнің де кейін болшақтың балғындарын баптайтыным үшін бақытты болып кеттім. Əр баланың санасынан жай алып, мектептің жүрегіне айналар жақсы ұстаз атанып, əрбір жанып тұрған жанарлардың екінші анасы болу айнымас адал парызым екенін мойындадым. "Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде күні бүгінге дейін өзімді шəкірттей сезінемін" деген Қожамқұловтың сөзін еске алғанда, заман алға жылжыған сайын үнемі жаңа ізденістерді талап етіп отыратын жаңашыл қоғам алдында жауапты шəкірт екенімді түсінемін. Міне, менің педагог мамандығын таңдаудағы бар сырым осы!

Барлығы: 276 сөз

Шекербекова Гулмира Майлыбаевна
[email protected]

Мен педагог мамандығын неліктен таңдадым?

Мен үшін жақсы мұғалім бəрінен де артық,
Өйткені мұғалім-мектептің жүрегі.
(Ы.Алтынсарин)


Дүниеде өзі де, өмірі де көркем кісілер болады. Алла Тағала оларды айрықша мейірімімен жаратып, көкіректерінен нұр, саналарына сәуле, жүректеріне жылу құйса керек. Ондай жандар ақ көңілді, ақыл-парасатты, пәк ниетті, кең пейілді, қулық-сұмдықтан ада болып келеді. Өз басым сондай санаулы адамдардың қатарына бала кезде көңіліме шырақ жағып, білім айдынына сапарға алып шыққан ұстазым Гауһар апайымды жатқызамын. Сол мұғалімімнің берген тәлімі мен тәрбиесі менің де педагог мамандығына қадам басуыма сепепші болғаны рас.

Ұстаз...! Ұстаз дегенде есіме ең алғаш жылы жүзбен қарсы алған, тарыдай болып кіріп келген мектебіме, таудай етіп өсіріп, білім нəрімен сусындатқан аяулы жан, екінші анамдай қамқор, шырайлы бейне елестейді. Əрбір бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, өзінің өміріндегі алатын орны өте жоғары "ҰСТАЗ" деген тұлғаны кездестіреді. Ия, меніңде есімде сол бір шырайлы бейне қалып қойыпты. Ол, əрине, ұстазымның бейнесі. Алғаш мектепке барған сəтімізде еркелігіміз бен аңқаулығымызды көтере біліп, оң мен солды ажырата білуімізге септігін тигізген осы дара да, дана жан ұстазымыз еді. Ол тек қана білім нəрімен сусындатып қана қоймай, өмірлік орнымызды дұрыс таңдауымызға жол көрсеткен Ұлы тұлға. Мен үшін үлгі аларлық, осы ұстаздық мамандықты таңдауыма басты себепкер жан - ұстазым ."Шəкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас" деген Боэцийдің сөзінде терең мағына жатыр десеңізші?! Ұстаздың шəкірттік кезеңі - ұстаздық мамандығының бастау алар баспалдағы. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" деп, Абай атамыз айтқанындай, ұстаздық етуден жалықпай, болашақ ұрпақтың білімді болуына кішкене болса да, үлес қосатын ұстаз деген дана тұлғаның қатарынан көріну мен үшін үлкен бір ғанибет еді. Қазіргі таңда сол бір арманымның бір бөлігіне қол жеткіздім десемде болады. Себебі, мен өзім ұнатқан ұстаздық мамандығына оқуға түстім. Ендігі кезек ұстаз болуымда. Оған да қол жеткізуіме бір екі қадам қалды.
"Мен үшін жақсы мұғалім бəрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі"-деген Ы.Алтынсариннің мына бір сөзі бала кезімнен жүрегіме өте жақын. Мен де осы сөзге тұрарлықтай, білімді, алғыр, шəкірттерімнің үлгі аларлықтай ұстазы, биік белестерді бағындыратын ұлы тұлға "Ұстаз" деген атқа ие болғым келеді.

Барлығы: 298 сөз

Түйіндеме

Наши рекомендации