МеніҢ кішкентай Ұстазым

Халима асыл да, алтын да адам еді. Ол қыз күнінен ерекше болды. Кісіге көмектескіш, қамқор, кішіпейіл еді. Осы қамқорлығына байланысты азғантай естелік айтайын.

Мен де Семейдің қызымын. Әкем 1937 жылы халық жауы деп ұсталып кетті. Әке қайтысымен ауданда 5-класты әрең бітірдім.

Содан кейін Семей қаласындағы № 11 қазақ орта мектебінің 6-класына оқуға түстім. Бірақ, сабақты нашар оқып, үлгіре алмадым. Содан кейін мұғалімдер мені бізбен бірге оқитын бір отличник қызға тіркеді. Ол шашы бұйра, көзі үкінің көзіндей үлкен Халима деген аққұба қыз еді. Фамилиясы Өзбақанова болатын.

Сол қыз мені сүйреп шықты. Алтыншы, жетінші кластарды сол қыздың арқасында жақсы оқып, ударниктер қатарына өттім. Жетінші класты бітірген соң сондағы Абай атындағы педучилищеге түстім. Содан кейін Халиманы көргенім жоқ. Оның тағдырының қандай болғанын көпке дейін білмейтінмін.

Ал Әзілханды училищеде оқып жүргеннен білетінмін. Оның өлеңдері облыстық "Екпінді" газетінде жиі басылатын. Бәріміз оны училище ақыны дейтінбіз. Ол кезде училищеде "Ұшқын" деген қолжазба журнал шығатын. Әзілхан соның редакторы болды ма, редколлегия мүшесі болды ма, анығы есімде жоқ. Училищедегі өлең жазып жүрген талапкерлер жана өлеңдерімізді Әзілханға апарып көрсететінбіз. Оны өлең жазатын қыздар мен жігіттер жақсы білетін. Әзілханды мен сол себептен білетінмін. Бірақ, оның менің № Порта мектептегі кішкентай ұстазым Халиманың жолдасы екенін білмейтінмін.

Әзілханның аты соғыс кезінде де шығып жүрді. Оның майданнан жіберген өлеңдері "Екпінді" газетінде жиі басылатын. Ол кезде мұғаліммін ғой. Әзілханның өлеңі шыққан газетті алғанда "Бұл жігіт педучилищеде бізбен бірге оқыған" деп, мұғалімдерге, шәкірттерге мақтанатынмын.

Соғыстан кейін де Әзілханның аты шыға бастады. Павлодарға облыстық газеттің редакторы болғанын, одан кейін "Социалистік Қазақстан" газеті редакторының орынбасары болғанын еститінмін. Бұл кезде мен Құлекеңе (ақын Құланбай Көпішевке) екінші рет тұрмысқа шыққанмын. Енді Әзілханның кітаптары шығып, атағы жайылды. "Қазақ әдебиеті" газетінде басылған "Автопортрет" деген мақаласында ол әйелінің аты Халима екенін, қанша баласы бар екенін айтты.

"Апырау, Әзілханның әйелі №11 орта мектепте менімен бірге оқыған менің кішкентай ұстазым (сол кезде солай деп атайтынмын) Халима Өзбақанова ма екен?" деп ойладым. бірақ, Әзілханды көріп, әйелінің қай жердің қызы екенін сұрап, білудің реті келмеді.

Бір жылы Құлекендердің (Құланбайды айтамын) жақын ағалары Ағыбай Өтегенов деген ақсақал қайтыс болды. Құлекең екеуміз көңіл айта келгендерді қабылдап, сол үйде қызмет істеп жүргенбіз. Тізім жасап, келгендердің қаралы үйге көмекке берген ақшаларын қабылдап отыру маған жүктелген еді.

Сонда Әзілхан Халиманы ертіп, сол үйге келді. Әзілханның суретін газеттерден көріп жүргенмін. Танимын. Ал отыз жылдан аса көрмеген Халиманы бірден таныдым. Тістері сәл ғана ақсита көрсетіп, ақырын ғана күліп тұратын. Сол қалпы.

Жыға таныдым. Танысам да өлім үсті болғаннан кейін бірден жабыса кетпедім. Халима жасынан байсалды еді. Сол сабырлы қалпында қалыпты. Tic жарып, дәнеңе демеді. Тек кетерінде ғана менің қасыма келіп:

— Тізімге бізді де қосыңызшы, — деп Әзілханның фамилиясын атады. Содан кейін сумкасынан алып, 500 сом берді.

Менің көзім бақырайып кетті. Оған дейін 20-30 сомнан артық ешкім беріп жатқан жоқ болатын. Тек бір-екі адам ғана 50 сомнан қосқан. 500 сом деген ол кезде орташа қызметкердің жарты жалақысы болатын.

— Қанша қайырып берейін сізге? — дедім, 500 сомды тұтас беріп тұрмаған болар дедім.

— Жоқ, бәрін де қосыңыз. Ахаң (Ағыбай дегені) ағамыз Әзілханның ең жақсы көріп, құрметтейтін кісісі еді. Түгел жазыңыз, — деп қол сумкасының аузын жапты.

Мінеки, Халиманы мен көп жылдан кейін осындай күйде көрдім. Бала күнінде жаны мырза еді. Ұлғайғанда да алақаны ашық екенін ұқтым.

Артынан білсем Әзілхан соғыстан келіп, университетке оқуға түскенде жатақханада орын болмапты. Сонда Әзілхан бір-екі ай соғыста бірге болған досы Бақытжан Өтегеновтің ағасы Атыбай Өтегенов марқұмның үйінде тұрыпты. Кейін де ол үймен араласып жүріпті.

Содан кейін Құлекең екеуміз Әзілхан мен Халиманы, Құлекеңнің соғыста бірге болған ақын ағасы Дихан Әбілевті әйелімен қосып, қонаққа шақырдық. Онда да Халима, бұрынғы әдетінше, сабырлы қалыпта отырды. Бала күнімде Халиманың мені екі класс сүйреп, үздіктер қатарына қосқанын мен айтқаным жоқ. Екеуміздің бірге оқығанымызды ол да айтқан жоқ. Менің айтпаған себебім: өзім ақын, әрі күйеуім атақты ақын болғаннан кейін жас кезімде көк ми болғанымды айтуға намыстандым. Мен айтпағаннан кейін Халима да үндемеген болуы керек. Сөйтіп, бір-бірімізді бұрын білмейтін кісі күйінде қалдық. Әрине, оны менің айтуым керек еді. Айта алмадым. Айтсам, абыройым төмендеп қалады деп ойлаған болуым керек.

Содан кейін Халима мен Әзілханның үйінде біз де бірнеше рет қонақта болдық. Онда да бұл тақырыпта сөз қозғағанымыз жоқ.

Міне, соған осы күнге дейін өкінемін. Сонда жетім қызға көмектесіп, үздік оқушылар қатарына қосқаны үшін неге разылық білдіріп, алғыс айтпадым деймін. Кеше Халима қайтыс болыпты деп естігеннен кейін осы оқиға есіме түсті.

Халима қайтыс болғанда Құлекең сырқаттанып жатыр еді. Әзілханға көңіл айтуға мен келдім. Халимаға айта алмаған алғысымды Әзілханға айтып, осы оқиғаны баяндап бердім. Сол жолы Халиманың кішкене күнінде маған көмектескен еңбегінің жемісі деп, өзімнің "Луч" деген атпен баспадан орыс тілінде шыққан кітабымды сыйладым. Оның бірінші бетіне былай деп автограф жаздым: "Құрметті Әзілхан!

Менің бұл еңбегім Халимаға орнатқан кішкентай ескерткіш болсын.

Мен Халиманы ешқашан ұмытпаймын.

Гүлмәрия.

19.08.2001."

ОСЫМША ТАРАУ

"Мәңгілік махаббат жыры" кітабының бірінші басылымы жарыққа шыққаннан кейін (2005) авторға көптеген хаттар келді.

Хаттардан басқа кітап кейіпкерлеріне арналған бірсыпыра көркем туындылар жарық көрді.

Атап айтқанда ақын Нұрлан Жылқышиев орыс тілінде "Халима" деген поэма жазды (2007). Суретші Берік Жанкеев "Халима" немесе мәңгілік махаббат" деген картина жасады (2007). Жазушы Айгүл Кемелбаева "Мәңгілік махаббат жыры" деген киносценарий жазды. Сейітмұрат Егембердиев "Махаббат мұнарасы" деген баллада жариялады. Ал композиторлар Тұрсынғазы Рахимов пен Ақтоты Райымқұлова кітаптың бас кейіпкері Халимаға арналған әндер шығарды. Кітапты оқыған бірнеше ата-аналар жаңа туған сәбилеріне Халима есімін берді.

Сол туындылар мен хаттардың бірсыпырасы "Қосымша тарау" деген атпен осы екінші басылымға кіргізілді.

Нурлан АБЖАПАР

(Джилкишиев), поэт

Наши рекомендации