ЖҰМЫС БЕРУШІМЕН ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ӨКІЛДІ ОРГАНДАРЫ – ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ.

Еңбек заңнамасында жұмыс берушінің және жұмыскерлердiң өкiлдi органдарының түсініктері берілген (ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 40) және 44) тармақшаларында). Жұмыс берушілердің өкілдері болып – құрылтай құжаттары және (немесе) сенімхат негізінде жұмыс берушінің, немесе жұмыс берушілер тобының, мүдделерін білдіруге уәкілеттілігі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар танылады.

Құрылтай құжаты не сенімхат негізінде өкілдік ететін тұлғалардың бірі ретінде заңды тұлғаның филиалының директорын атауға болады. Филиал директоры өз қызметін сол филиал туралы ережеге, оған берілген сенімхатқа сай атқарады. Салыстырмалы түрде, мемлекеттік мекемелердің құрылтай құжаттары болып сол мекеменің белгіленген тәртіпте бекітілген ережесі танылады. Мемлекеттік мекемеден бөлек, мемлекеттік кәсіпорындар -олар туралы жарғы негізінде қызметтерін іске асырады. Сәйкесінше, құрылтай құжаттары болып ұйымның не жарғысы не ережесі танылады (ҚР АК-нің 41-бабы).

Сенімхат – сенiм бiлдiрушiнiң (жұмыс берушінің) атынан өкiлдiк ету үшiн сенiм бiлдiріп басқа тұлғаға (жұмыскерге немесе лауазымды тұлғаға) берген жазбаша құжаты танылады. Сенімхат туралы жалпылық ережелер ҚР АК-нің 167-171 баптарымен айқындалған.ҚР Азаматтық процестік кодексінің 58-бабы 1-бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес, азаматтық іске қатысатын тұлғалардың (талапкердің, жауапкердің) өтініші бойынша жоғары заң білімі бар жеке тұлғалар (азаматтар) тапсырма (сенімхат) негізінде сотта өкіл бола алады.Ұйым басшысымен (жұмыс берушімен) жұмыскерге берілетін сенімхат сол ұйымның мөрімен расталады. Қандай да бір жеке тұлғаның басқа тұлғаға беретін сенімхаты нотариалдық куәландыру нысанында рәсімделеді. Еңбек заңнамасында (148-баптың 5-тармағында) жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері ретінде кімдер танылатыны туралы ережелер бекітілген. Олардың қатарында: 1) республикалық деңгейде – ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің – республикалық одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктің (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің) – республикалық салалық бірлестіктерінің өкілдері; 2) салалық деңгейде – ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және (немесе) салалық ұйымдардың өкілдері; 3) өңірлік деңгейде: өңірлік палаталардың өкілдері; облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік; қалалық, аудандық деңгейлерде – шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктері танылады.Жұмыс берушілердің өкілі болып басқа да органдар (ұйымдар), жеке тұлға – сенімхат негізінде (не қызметкері) танылуы мүмкін.Жұмыскерлердiң өкiлдерi (өкілді органдары) – кәсiптiк одақтардың, олардың бiрлестiктерiнiң органдары, ал олар болмаған кезде жұмыскерлердiң жалпы жиналысында (конференциясында) жұмыскерлердiң (конференция делегаттарының) кемінде үштен екісі қатысқан кезде қатысушылардың көпшілік дауысымен сайланған және уәкiлеттiк берілген сайланбалы өкiлдері танылады.

Осылай жұмыскерлердің мүддесін білдіретін уәкілетті өкілдері болып кәсіптік одақтар мен сайланбалы өкілдері (не олардың бірі) танылады. Жұмыскерлердің өкілді органадарының бірі болып, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы №211-V «Кәсiптiк одақтар туралы» Заңына және еңбек заңнамасына сәйкес (ҚР ЕК-нің 20-бабы), кәсіптік одақтар танылады.

ҚР ЕК-не жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері – жұмыскерлердің өкілді органы ретінде жаңадан енгізілді.

Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдеріне келесідей уәкілеттіліктер берілген:

1) жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау;

2) жұмыс берушімен ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу және ұжымдық шарттарды жасасу бойынша ұжымдық келіссөздер жүргізу;

3) ұжымдық шарттарға сәйкес қалыпты еңбек жағдайларын зерделеу және қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану үшін жұмыс орындарына бару;

4) жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын белгіленген тәртіппен реттеуге қатысу.

Өкілді органдардың құқықтары заңнамамен қатар ұжымдық шартта не басқа келісім шартта (меморандумда) айқындалуы мүмкін.

Кәсiподақтардың уәкілеттіліктері ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының 16-бабына сәйкес төмендегіше айқындалған:

1) өз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттiк органдармен өз өкілеттігі шегінде, жұмыс берушілермен, жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен (қауымдастықтармен, одақтармен), өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда қызметкерлердің өкілдері болуға;

2) өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап арыз беруге, медиация жүргізу кезінде, сотта, еңбек төрелігінде немесе аралық сотта, мемлекеттік органдарда олардың мүдделерiн жақтап әрекет етуге, оларға өзге де құқықтық көмек көрсетуге;

3) мемлекеттiк органдарға кәсiподақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасайтын, олар қабылдаған нормативтік құқықтық актiлердiң толық немесе iшiнара күшін жою не оларды өзгерту туралы өтiнiш жасауға;

4) мемлекеттiк органдардың кәсiподақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасайтын актiлерiне сотқа шағымдануға;

5) еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысуға;

6) ҚР еңбек заңнамасына және ҚР медиация туралы заңнамасына сәйкес жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысуға;

7) өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;

8) келіссөздер жүргізуге, келісімдер және ұжымдық шарттар жасасуға;

9) ақша қорларын қалыптастыруға;

10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрамында еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайы мен еңбекті қорғауға тексерулер жүргізу бойынша жұмыс берушімен бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыруға;

11) азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;

12) келісімдерге және ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын сақтай отырып, қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды зерделеу және қолдану үшін кәсіподақ мүшелерінің жұмыс орындарына өз өкілдерін жіберуге;

13) ҚР заңнамасында белгiленген тәртiппен ереуiлдер, бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыруға және өткiзуге;

14) мемлекеттік органдарға ҚР кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзатын, келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтын тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;

15) баспа қызметiмен айналысуға, өз жұмысын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ұйымдарда да жария етуге;

16) кәсіподаққа меншік құқығында тиесілі мүлікті иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге;

17) жарғылық мақсаттарға сәйкес өз мүшелерінің мүддесіне орай өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға.

Наши рекомендации