ТҰлҒаныҢ еҢбек Әрекетіне бейімделуініҢ психологиялыҚ мӘселелері

Адам іс-әрекетінің алғашқы тарихи түрі – еңбек болып табылады. Ал еңбек әрекетіне араласқан адамның басты ерекшеліктерінің бірі – оның еңбекке қабілеттілігі, ал кез келген еңбек түрі іс-әрекет болып табылады. Іс-әрекет – адамның қоршаған ортаға деген белсенді қатынасының бір формасы немесе қоршаған орта мен субьектінің өзара қатынасының динамикалық жүйесі. Адамның іс-әрекеті – күрделі құбылыс. Белгілі бір өнім адам іс-әрекетінің нәтижесі болып табылады. Адам, еңбектің қай түрімен айналысса да, өмірге ең алдымен қайраткер, іскер және жасампаз болып келеді. Оның арнайы әрекеті еңбекте, еңбек іс-әрекетінің актісі түрінде қалыптасады. Белгілі бір қоғамдық функцияларды атқаратын әрекеттердің жиынтығы еңбек әрекетінің белгілі бір түрін құрайды.

Еңбек дегеніміз – адамдардың материалдық және рухани қажетін қанағаттандыратын қоғамдық пайдалы өнім өндіруге бағытталған іс-әрекет. Еңбек өнімдерін жасауға қатынасу арқылы адам өмір сүріп отырған өндірістік қатынастар жүйесіне араласады. Бұл екі фактор еңбек әрекетіне көзқарас пен еңбек мотивін қалыптастырады. Адамды еңбекте жоғары көрсеткіштерге жетуге жетелейтін себептер өмір сүріп отырған өндірістік қатынастарға тікелей байланысты. Адамдардың еңбекке құлшынуы тек қана жеке мүддеден тумайды, сонымен қатар қоғам мүддесін ойлаудан тұрады. Сонымен қатар адамның еңбекке деген ынтасы оның жаңа еңбекке араласуына бейімделуінен көрінеді. Олай болса адамның еңбек әрекетіне араласуының басты көрсеткіші оның кәсіби бейімделуімен байланысты. «Кәсіби бейімделу» — бұл жұмысқа жаңа түскен адамның өз ортасына біртіндеп төселіп, бейімделуі. Оның алғашқы кезеңі өндірістік тәжірибе кезінде, негізгі жағы нақты жұмыс үстінде жүзеге асады.

Мамандық таңдау мәселесі туралы отандық ғалым Ж.Аймауытов: « … қазақ жастарына мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жәй күнелту, тамақ, асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін процесс» — деп ерекше сипаттама берген.

Ал Ф.Парсонс мамандықты дұрыс таңдау үшін ең алдымен өзі және өзінің қабілеті туралы толық білу керектігін ескертеді.

Еңбек үстінде адам қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндірумен бірге өзінің психологиялық қасиеттерінің жақсы жақтарын қалыптастырады. Еңбек ету барысында өзіне-өзі қызмет ету қабілеті, тәжірибелік іскерлігі, дербестігі, икемділігі, қарым–қатынас ережелері, ынтасы мен тапқырлығы шыңдала түседі.

Психологияда іс-әрекеттің жетекші түрі деген ұғым бар. Белгілі бір жас кезеңіндегі бала психикасында, оның психикалық үрдістерінде және тұлғаның психикалық қасиеттерінде басты, маңызды өзгерістер тудыратын іс-әрекет түрін жетекші дейміз.

Еңбек мәселесін психология ғылымында оның еңбек психологиясы атты саласы қарастырады. Еңбек психологиясы – еңбек іс-әрекетінің нақты нысандарының және адамның еңбекке деген көзқарасының қалыптасуының психологиялық заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Еңбек психологиясының обьектісі – индивидтің өндірістік жағдайларындағы және оның жұмыс күшін ұдайы өндіру жағдайларындағы әрекеті. Еңбек психологиясының негіздері медицинаның, физиологияның, техниканың, социология мен саяси экономиканың ықпал әсерімен қалыптасты. Еңбек психологиясының қазіргі уақыттағы басты-басты міндеттері өндірістік қатынастарды жетілдіру, еңбектің сапасын жақсарту, өмірлік жағдайларды жақсарту, апаттық жағдаяттарға жол бермеу міндеттерімен тығыз байланысты.

Еңбек іс-әрекетінің психологиялық ерекшеліктері төмендегі мәселелер қарастырады:

1. кәсіби іс-әрекеттің нақты түрлерінің психологиялық ерекшеліктері (оның құралы, жағдайы, мазмұны ұйымдасытырлуы, қателер талдауы, мамандықтың жіктелінуі және тб.);

2. еңбектің қауіпсізідігіне, сенімділігіне, құндылығына адамның индивидуалды-психологиялық ерекшеліктерінің ықпалы;

3. адамның кәсіби жарамдылығының қалыптасуының психологиялық заңдылықтары (еңбекке кәсіби бағдар, кәсіби іріктеу, кәсіби дайындық, бейімделу );

4. еңбек субьектісінің қызметтік жағдайы (зорығу, эмоциялық қысым, стресс және тб);

5. адам мен техниканың өзара қатынасының психологиялық заңдылықтары;

6. жаңа техниканы эксплуатациялау және құрастыру процесіндегі инженерлік-психологиялық қамтасыздық (жоба, бағалау).

Тұлғаның мамандық таңдау мен мамандыққа бағдарлануы туралы В.Д.Шадриков, Т.В.Кудрявцев, К.А.Абульханова-Славская, Ю.П.Поваренокв, Е.А.Климов еңбектерінде қарастырылған. Еңбек әрекетінің өзіндік құрылымы еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Ал еңбектің өнімділігі сол еңбек етуші субьектілердің білімі, жағдайы, еңбектегі қатынасы, еңбектің ұйымдастырылуына және тб. байланысты. Адамның психикалық өмірінің жан – жақты дамуы белгілі әрекетпен байланысты. Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған процесс. Адам үшін іс — әрекеттің қашан да қоғамдық әлеуметтік мәні зор.

Е.А.Климов көп жақты факторларға негізделіп «Мамандықтардың төрт қабатты жіктеуін» ұсынды. Бірінші қабаты мамандық типтеріне байланысты бес жүйеден құралған:

1. адам – тірі табиғат – агроном, микробиолог және тб.;

2. адам – техника – слесарь, механик, оператор, тб.;

3. адам-адам – дәрігер, мұғалім, сатушы және тб.;

4. адам –белгі жүйесі – математик, редактор және тб.;

5. адам – көркемдік бейне – дирижор, суретші, артист және тб.

Екінші қабаты еңбектің мақсатына сай үш түрлі класқа топталған:

1. гностикалық мамандық ( грекше — білім) – дегустатор, контролер, социолог тб.;

2. көркемделуші мамандық – малшы-шебер, токарь, мұғалім, бухгалтер тб.;

3. ізденуші мамандық – бақылаушы-ұшқыш, инженер-конструктор, тәрбиеші тб.

Үшінші қабатта еңбектің негігі құралдары арқылы жоғарыдағы мамандықтар бөлінеді:

1. қол еңбек мамандығы;

2. қол-машина еңбек мамандығы;

3. автоматтандырылған және автоматты жүйедегі мамандықтар.

4. еңбектің қызметтік құралдарымен байланысты мамандық;

Төртінші қабатта еңбек жағдайының белгілері бойынша топтастырылады:

1. бірқалыпты микроклиматты бөлмедегі жұмыс – зертханашы, есепші тб.;

2. ашық ауаудағы жұмыс – агроном, инспектор, тб.;

3. ерекше жағдайдағы жұмыс – шахтер, өрт сөндіруші тб.;

4. жоғары жауапкершілікті қажет ететін жұмыс – тәрбиеші, мұғалім, дәрігер.

Кәсіби іс-әрекет мотивтерінің құрылымына мінездеме беру үшін Б.Н.Додонов ұсыныстарын қолдануға болады. Кез келген іс-әрекеттің төменде көрсетілген факторлар жиынтығы — оның себептері бола алады. Олар мыналар:

1. іс-әрекеттің жүру барысынан рахат алу, қанағаттану;

2. іс-әрекеттен өнім немесе қорытынды алу (жасайтын өнім, білім, тәжірибе жинақтау және тб.);

3. іс-әрекет үшін марапатталу (жалақы, қызметінің жоғарлауы, табысқа жету және тб.);

4. іс-әрекеттен ауытқу және оны дұрыс орындамау жағдайында болатын шаралардан аулақ болуға ұмтылу, жауапқа тартылуды болдырмау.

Еңбектің психологиялық мазмұны адамның кез келген мамандықты меңгеруде ішкі және сыртқы индивидуалды қасиеттерін және бағыттылықтарын меңгеруі. Мамандыққа деген мотивация. Ол сыртқы және ішкі мотивация болып қарастырылады. Сыртқы мотивация жұмыскердің өзінен тыс тұратын мотивтерден: жалақы, қысымға түсіп кету қорқынышы, мақсатына жетуге ұмтылу және тб. Сыртқы дұрыс мотивацияларға мыналар жатады: материалдық жағдай, қызметте жоғарылау, ұжым және жолдастары тарапынан қолдау табу, бедел. Адамның өз күшін салып жұмыс істеуіне қажетті мотивтер. Сыртқы кері мотивацияға автор мыналарды жатқызады: жаза қолдану, қаржылай ақы төлеттіру, сынға ұшырату және тб.

Мамандықты меңгеру үшін ең бірініші адамның сол мамандыққа жарамдылығы қажет. Ал мамандыққа жарамдылық дегеніміз адамның еңбектің белгілі бір түріне жарамдылығын көрсететін психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерінің, оған тиісті білім, дағды, икемділіктердің жиынтығы. Кәсіби жарамдылықты ажыратуда оның алғашқы жұмысқа араласуында оның еңбек нәтижесі, бейімделуі диагностикалық тест әдісімен адамдардың мамандық таңдауында қандай мотивтердің болатындығы, олардың мән-мәнісі зерттеледі. Мұнда адам медициналық, психологиялық, физиологиялық кешенді тексеруден өтеді.

Жеке адам санасы мен ақылы арқылы дараланады. Оның дыбысты анық тілі, еңбектену әрекеті қоғамдық жағдайда, бір – бірімен қарым – қатынаста қарастырылады. Іс — әрекеттің жеке тұлға дамуындағы ерекшеліктері әрекетінің нәтижесінен көрінеді. Еңбек – адамның дамып жетілуіндегі және қажеттіліктерін өтеудегі негізгі әрекет түрлері.

Адамының іс — әрекетін тиімді ұйымдастыру оның өз ісіне қызығу мен жауапкершілік сезімін оятады. Адам өмір сүру барысында өз психикасын түрлі жолмен жарыққа шығарады. Мектеп жасына дейінгі бала өз психологиясын ойын арқылы көрсетсе, мектеп оқушысы оқу әрекетінің нәтижесімен бағалаланды. Ал ересек адам өзіне тән ерекшеліктерін еңбек процесінің сан алуан салаларында көрсетеді.

Адам психикасының дамуында мамандық таңдау орын алады. Соңғы жылдарда адамның психологиясын зерттеуде психологтар мен педагог мамандар, ұстаздар мен ата – аналардың жете зер салып көңіл аударып отырған маңызды мәселенің тұлғаның дұрыс мамандық таңдауы. Себебі оның болашақ жемісті іс-әрекеті.

Осындай мәселенің байыбын барлап оның тиімді жолын табу әлеуметтік өмірде адамның жеке басының қалыпты дамуын қамтамасыз ете алмай, оған зиянды әсер етері даусыз. Бұл мәселенің өзектілігі қазіргі кездегі адамдардың іс-әрекетінің ұжымдық ерекшелігінің артуымен байланысты, тәжірибенің талаптарымен байланысты және адамдарды ұйымдастырудың, басқарудың тиімділігінің өзекті мәселелерімен, олардың араларындағы қарым-қатынастың күшеюін реттеу, тәрбиелік және психотерапиялық әсерлерді қолдану мәселеріне байланысты. Сондықтан, жас мамандардың кәсіби қызметке бейімделуіне жағымды ықпал жасау, қолдау көрсету, дамыту іс-шараларын ұйымдастыру арқылы оның неге қабілетті екенін анықтаумен қатар болашақта жағымды жетістікке жетуге мүмкіндік туғызады.

Психологиялық қызмет орталықтарының мамандары еңбек әрекетіне араласқан адамдармен жұмыс жүргізуде, психодиагностикалау мен коррекциялық іс-шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты төмендегі жалпы тапсырмаларды шешеді:

– еңбек әрекетіне араласқан адамдардың психикалық дамуының диагностикасы мен мониторингі;

– тұлғалық және интеллектуалды – даму коррекциясы;

– әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктері;

– тұлғааралық конфликтілерді алдын алу мен шешуге көмек;

– қосымша білім беруге психологиялық қолдау;

– Тұлғалардың дағдарысты жағдайларына көмек;

– кәсіби кеңес беру мен ағарту.

Сонымен, адамдардың еңбекке араласқан жағдайдағы біріккен іс-әрекеттерінің тиімділігі, көбіне жеке тұлғалық және топтық мүмкіндіктердің қолайлы жүзеге асуына байланысты болады. Ұжымдағы қолайлы іс-әрекет тек оның нәтижелерінің өнімділігіне ғана әсер етпейді, сонымен бірге адамды тұлға ретінде қайта қалыптастырады, оның жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Ғылыми танымның деңгейіне байланысты – теоретикалық немесе эмпирикалық әдістер ретінде анықталады. Көбінесе эмпирикалық әдіс қолданылады.

Әңгімелесу – адам туралы онымен қарым-қатынас жасау, оның мақсаты бағытталған сұрақтарға жауаптарының нәтижесінде мәліметтер (ақпараттар) алудың эмпирикалық әдісі. Жүргізуші оның мақсаты туралы зерттелінушіге айтпайды. Жауаптар (мүмкіндігінше әңгімелесушілердің назарын аудармай) дыбыс таспасына жазу немесе тез жазып отыру, стенография арқылы тіркеліп отырады. Әңгімелесу – адамды зерттеудің дербес әдісі, сонымен қатар көмекші әдіс, мысалы, эксперимент пен терапияның алдын алушы әдіс бола алады.

Сұхбат – әңгімелесудің ерекше түрі ретінде, ол туралы хабарлар, сұхбат алынып отырған адам туралы ақпарат алу үшін ғана емес басқа да адамдар, оқиғалар, т.б. туралы мәліметтер алу үшін қолданылады. Әңгімелесу, сұхбат барысында сараптамалық баға берілуі мүмкін.

Сауалнама– арнайы дайындалған жауаптар және зерттеудің негізгі міндетіне сәйкес сұрақтар негізінде ақпарат алудың эмпирикалық әлеуметтік-психологиялық әдісі. Сауалнаманы дайындау – кәсібилік пен жауапкершілікті талап ететін іс. Сауалнама құрастыруда: 1) сұрақтардыңмазмұны, 2) олардың түрі-ашық немесе жасырын, соңғысына «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қажет, 3) олардың тұжырымдалуы (анықтылығы,жауаптарға көмек берілмейді, т.б.), 4) сұрақтардың саны мен реті ескеріледі.

Сауалнама ауызша, жазбаша, жеке, топтық бола алады, алайда кезкелген жағдайда ол екі талапқа жауап беруі тиіс: іріктеудің көрнекілігі мен біркелкілігі. Сауалнама материалдары сапалық және сандық өңдеуден өтеді.

Эксперимент – ғылыми зерттеуде кеңінен таралған эмпирикалық әдіс. Эксперименттің зертханалық түрін (арнайы жағдайларда, аппаратура пайдалану, т.б.) және әсерін зерттеу үшін арнайы ұйымдастырылған, оқытудың, өмірдің, еңбектің кәдімгі жағдайларында жүргізілетін табиғи эксперимент түрлерін ажыратады.

А.В. Петровский атап өткендей, зерттеу әдісі ретіндегі экспериментте сыналушы оның мақсаты жөнінде білмейді. Эксперимент жүргізуші зерттеудің мақсатын анықтап, болжам ұсынып қана қоймай, зерттеуді жүргізу жағдайы мен зерттеу түрін де өзгерте алады. Эксперименттің нәтижесі арнайы хаттамаларда қатаң және дәлме-дәл тіркеліп отырылады, онда сыналушының аты-жөні, ол туралы қажетті мәліметтер, күні, уақыты, мақсаты белгіленеді. Эксперименттің деректері сандық өңдеуден өтеді (факторлық, корреляциялық талдау, т.б.), сапалық түсінік беруден өтеді.

Эксперимент жеке, топтық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бола алады.Құжаттар талдау. Зерттелетін өндіріс технология кітаптарымен танысу, басылымдардағы мақалаларды зерттеу, нұсқаулар, лауазымдық бұйрықтарды, т.б. жазбаша құжаттарды қарастыру еңбек әрекетінің жалпы ерекшеліктерін анықтап, мынадай шараларды қолдануға мүмкіндік береді:

– негізгі кәсіптік міндеттерді, еңбек операциялары мен режимдер

сипаттамаларын белгілеу;

– мамандармен әңгімелесу мен оларды бақылау жоспарларын

дайындау;

– жұмыс орнын ұйымдастыру;

– күрделі оқиғалар, төтенше жағдайлар, өндірістік ақау, кәсіптік

зақымдану оқиғаларды статистикалық талдау;

– әрбір жұмысшыға жеке дара көзқарас салысынан қатынасу.

Сұрау әдісі. Зерттеу мақсатына, сұрауға қатысатын адамдар санына, техника мен уақыт мүмкіншіліктеріне байланысты сұрау әңгіме немесе анкета арқылы өтеді. Әңгіме артықшылығы – ол еркін түрде өтіп, түсініксіз жерлерді анықтауға болады. Сұрауға әртүрлі мамандар қатысады. Оның қиын жері – адам табысты жұмыс атқарса да, ол өз әрекетін анық, толық түрде сипаттала алмауы мүмкін. Сондықтан толық ақпарат жинау үшін сұрау алдында тиянақты дайындалу қажет.

Бақылау әдісі. Бақылау арқылы жұмысшылардың еңбек өзгешеліктерін, әртүрлі операциялар орындау барысын, әрекеттің жеке дара стилін, адам психикасының сыртқы көріністерін, әртүрлі тұлға ерекшеліктерін анықтауға болады. Оның сыртында еңбек процесіндегі қарым-қатынастар, техникамен айналысу қабілеті байқалынады. Кәсіп әрекетін психологиялық талдау барысында оның өндірістік-техникалық құрылымы айқындалады: кәсіптің адам әрекеті мен жүріс-тұрысына қоятын талаптары анықталады.

Бақылау салыстырмалы түрде өтеді:

– жұмыс тиімділігі жоғары және төмен жұмысшылар салыстырылады;

– жоғары тәжірибелі және жаңадан келген адамдар;

– жоғары сапалы өнім және өнімді ақау шығаратын жұмысшылар;

– өнім сапасы;

– операциялар, тәсілдер мен амалдар салыстырылады.

Бақылау әдетте хронометражбен бірге қолданып, әртүрлі іс-қимылдар орындау уақыты тіркелінеді. Оның сыртында «фотография рабочего дня» деп аталатын әдіс пайдаланады: еңбек әрекетінің реті, әртүрлі жұмысқа, дем алуға кететін уақыт тіркелініп, бүкіл жұмыс күні бойыпайдалы және пайдасыз жұмсалатын уақыт анықталады.

Өзін-өзі бақылау. Ол екі түрде өтуі мүмкін:

1. Маманның өзі-өзіне есеп беруі. Бұл жағдайда маманға «дыбыстап ойлау», яғни әрбір операцияны, құралдармен жасайтын әрекетін, әрбір сигнал қабылдау процесін айтып отыру тапсырмасы беріледі. Бақылаушы адамға оқушы ретінде әрбір іс-қимылды түсіндіру керек болады. Алғашқыда өзі-өзіне есеп беру кезінде бақыланатын объекттер саны аз болып, одан кейін көбейе бастайды. Жаңа жағдайға үйренуімен байланысты белгілі қиыншылықтардан өткеннен кейін мамандар өз әрекетін еркін, толық түрде айтып бере алатынын практикада көрсетеді. Кейбір кездерде әрекет вербализациясы адамның түсінбеген міндеттерін санаға енгізп, оны

ұғынуға себепші болып, нәтижесінде еңбек тиімділігі көтеріледі.

Маманның өзі оқушы ретінде кәсіпті жүйелі түрде үйреніп, еңбек дағдыларын игеріп, еңбек субъектісі ретінде өркендейді. Бұл әдіс еңбек әрекетіне бейімделу процесінің ерекшеліктері мен қиыншылықтарын анықтауға жәрдем береді. Оны еңбектік әдіс деп атап, қарапайым, үйренуі жеңіл, көп уақытты талап етпейтін кәсіптерге қатысты пайдаланады.

Күрделі әрекетті зерттеген кезде бөлек еңбек операциялары, сатылары анықталып, еңбектік сынақтар өткізіледі.

Еңбектік әдіс кемшіліктеріне қарамай (психолог бақылауларын жұмыс күні аяқталғаннан кейін, шаршау күйінде тіркеген көп нәрсені есінен шығарып алуы мүмкін болады), осы әдіспен жиналған ақпарат маңызды, сенімді болып табылады, өйткені психолог жұмысшыда белгілі психикалық актілер болатынын жобалап қоймай, олардың бар екенін анық біледі, өйткені оларды психолог өз басынан кешеді, олар оның тәжірибесінде бар болады.

Эксперимент әдісі. Профессиография барысында өткізілетін эксперимент дайын психограмманы тексеру үшін қолданылады. Бұл мақсатпен әртүрлі кәсіптік дайындығы бар мамандарды бірнеше топқа бөледі.

Арнайы әдістемелер, құралдар, сауалнамалар арқылы әрбір топ мүшелерінің бағыттану психограммасында кәсіпке маңызды болып көрсетілген қасиеттері зерттелінеді. Эксперимент нәтижелері жұмыс табыстылығымен салыстырылады. Мысалы, жақсы жұмысшылардың көбі белгілі бір қасиетті зерттегенде жоғары көрсеткіштерге жетіп, ал нашар, табыстылығы төмен жұмысшылар қасиеттері төмен деңгейде болса, осы зерттелінген қасиет кәсіп үшін маңызды болып табылады. Өндірістік эксперимент әрқашанда сыналушының табиғи жағдайында, яғни жұмыс

орнында жасалынады.

Өндірістік экспериментте бақылауға көнбейтін, кездейсоқ факторлер көп болады. Оның сыртында, сынау өндірістік процеске кедергі болмай, қысқа мезгілде өтуі керек.

Тұлғалық әдістер. Бұл әдістер еңбек субъектісінің жай бақылау арқылы анықталмайтын тұлғалық ерекшеліктерді зерттеуге бағытталған. Кәсіптік табыстылық негізінде жататын әртүрлі қасиеттер мен тұлға қатынастарының көптеген көріністері болады. Оларды адамның өзі (көптеген сұрақнамалар мен тестілерде) немесе басқа адамдар (тәуелсіз сипаттама әдісі) бағалайды.

Осы бағалар бойынша экспериментатор қызметкер тұлғасының қасиеттері туралы қорытынды жасайды. Дегенмен, бұл қасиеттер өмірлік жағдайға орай өзгеруі мүмкін.

Еңбек процесін алгоритмдік сипаттау әдісі. Бұл әдіс жиналған ақпаратты реттеу амалдарына жатады. Алгоритм дегеніміз – белгілі міндетті, тапсырманы орындауға әкелетін, жазбаша түрде немесе графикті, символдар арқылы белгіленетін іс-әрекет реті. Әдіс іс-қимыл барысын ықшам түрде көрсетіп, олардың арақатынасын анықтауға мүмкіндік береді. Толықтығы, нақтылығы, жүйелілігі арқасында алгоритм жұмысшылар операциясын бақылап, еңбектің қандай сәтінде төтенше, ерекше оқиғалар жиі пайда болатынын, қандай операциялар автоматтандыруды талап ететінін, т.б. құбылыстар айқындалады.

Алгоритмдерді озат тәжірибені қарастыру мен таратуда, жұмысшылар дайындауда, еңбек нормаларын белгілегенде пайдаланған жөн болады.

Құрылымдық әдіс. А.И. Губинский ұсынған құрылымдық әдіс еңбек әрекетін негізгі және қосымша операциялардан тұратын құрылым ретінде қарастырып, операциялардың уақыт пен сенімділік сипаттамалары зерттелінеді. Осы әдістің негізгі принциптерінің бірі – иерархия қағидасы. Адам әрекеті бірнеше деңгейде қарастырылады:

– оперативтік деңгейде – орындалатын міндеттер арақатынасының құрылымы ретінде;

– бір тапсырманы орындау деңгейінде – алгоритмдер арақатынасының құрылымы ретінде;

– алгоритм деңгейінде – операциялар арақатынасының құрылымы

ретінде;

– операциялық деңгейде – оның компоненттері қарастырылады.

Структуралық әдісті пайдалану кезінде бірқатар қиыншылықтар туады. Мысалы, құрылымның сыртқы себептермен байланыстылығы, ойлау әрекетін анықтауға болмайды.

Жүйелі талдау. Кәсіптік әрекеттің жүйелі талдауының ең лайықты әдісін В.Д. Шадриков жасаған. Ол жүйелі бағыт методологиясына сүйеніп, әрекетті бірнеше деңгейде зерттеген жөн болады деген.

Наши рекомендации