ЖҰмыс беруші мен жҰмыскердіҢ еҢбек ҚҰҚыҒыныҢ субъектілері ретінде ҚҰҚыҚтыҚ мӘртебесі.

Л-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу-әдістемелік кешені

Мамандығы: Құқықтану

Шифр: 5В030100

Пән: Еңбек құқығы

ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ

Тақырып. Еңбек құқығының субъектілері: ұғымы, түрлері және олардың құқықтық мәртебесі.

Еңбек құқығы субъектілерінің ұғымы.

Жұмыс беруші мен жұмыскердің еңбек құқығының субъектілері ретінде құқықтық мәртебесі.

Жұмыс берушімен жұмыскерлердің өкілді органдары – еңбек құқығының субъектілері.

Зін-өзі басқаратын қоғамдық органдар.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары.

ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҰҒЫМЫ.

Еңбек құқығы субъектілерінің ұғымын, олардың түрлері мен құқықтық жағдайын айқындауда қаралатын сұрақтардың тікелей мемлекет, сала, аумақ және ұйым деңгейінде еңбекті, мемлекеттік қызметі дұрыс ұйымдастыру, жоспарлау, шешім қабылдау және қабылданатын шешімнің орындалу (іске асырылу) механизмдерінің дұрыс айқындалуына көңіл бөлу қажет.Еңбек құқығының субъектілері болып – еңбек саласындағы құқықтар мен міндеттерді іске асыруға қатысатын еңбек қатынастарының қатысушылары танылады. Еңбек құқығының субъектілері ретінде, азаматтар (жұмыскерлер), коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер, құрылу және меншік нысанына қарамастан барлық заңды тұлғалар (жұмыс берушілер), тиісті саладағы мемлекеттік органдар танылады. Еңбек құқығы субъектілері еңбек қатынастарына түсуі үшін олардың құқықтық және әрекет қабілеттілігінің болуы міндетті болып табылады. Еңбек құқығы субъектілерінің құқық қабілеттілігі– еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған құқықтар мен міндеттерге иелену мүмкіндігі мәтінінде қаралады. ҚР ЕК-нің 31-бабының 1-тармағына сәйкес, он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі, яғни 16 жасқа толған әрбір жеке тұлға еңбек қатынастарына толық көлемде түсуге құқылы. Осы Кодекстің 31-бабының 2-тармағымен еңбек қатынастарына түсудің (еңбек шартын жасау үшін) ең төменгі жас мөлшері айқындалған: 1) орта білім беру ұйымында негізгі орта (мектептерде 9 сыныпты аяқтаған), жалпы орта (11, 12 сыныпты аяқтаған) білім алған – 15 жасқа толған азаматтармен; 2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін – 14 жасқа толған оқушылармен; 3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және иман­дылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) оларды орындауға қатысу үшін – 14 жасқа толмаған адамдармен.Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-ІІІ «Білім туралы» Заңының 47-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес,білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілерге оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыру құқығы берілген.ҚР ЕК-де (31-баптың 3-тармағында), 14 жасқа толған оқушылармен еңбек қатынастарын рәсімдеу үшін, оқушының өзімен қатар, оның ата-анасының біреуі, не қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.

ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ЖҰМЫСКЕРДІҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ РЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ.

Жұмыс беруші мен жұмыскердің ұғымы ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 39) және 43) тармақшаларында берілген. Жұмыс беруші – жұмыскермен еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға. Жұмыскер – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында болатын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға.

Жұмыс берушінің құқықтық қабілеттілігі.ҚР ЕК-не сәйкес, жұмыс беруші ретінде жеке және заңды тұлғалар танылады. Жеке тұлға мен заңды тұлға ұғымы ҚР Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) жалпы бөлімінде берілген.

Әркімнің құқық субъектісі болып танылуына, сонымен қатар, жұмыспен қамтылуына деген құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген. Конституцияның 24 және 28 бaптарынa сәйкeс, әркімнің eңбeк eту бoстaндығынa, қызмeт пeн кәсіп түрін eркін тaңдaуынa, қaуіпсіздік пeн тaзaлық тaлaптaрынa сaй eңбeк eту жaғдaйымeн қaмтaмaсыз eтілуінe, сoндaй-aқ, жұмыссыздықтaн әлeумeттік қoрғaлуғa дeгeн құқығы жaрия eтілгeн. ҚР АК-нің 12-бабына сәйкес, жеке тұлғалар болып Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары (шетел азаматтары), азаматтығы жоқ адамдар танылады. Азамат ретінде жеке тұлғалардың танылатыны, азаматтыққа қабылдау және оны өзгерту мәселелері Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы №1017-ХII «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы»Заңымен айқындалған.

Кейбір жағдайларда үйде жұмыс істеу үшін жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар, жұмыс беруші 18 жасқа толған азаматтар, еңбек қатынастарына еңбек шартын жасау арқылы түседі. Жоғарыда айтылғандай жұмыс беруші ретінде жеке кәсіпкер болып танылмайтын кез келген 18 жасқа толған азамат танылуы мүмкін – еңбек күшін жалдаған жағдайда.

Шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың ұғымдары Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы №2337 «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 2-бабында берілген. Шетел азаматы болып, ҚР азаматы болып табылмайтын, өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысы бар екендiгiне дәлелi бар адам танылады. Азаматтығы жоқ адамдар болып ҚР азаматы болып танылмайтын және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысы бар екендiгiне дәлелi жоқ адам танылады.

Аталмыш Заңмен, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметi және демалыс, денсаулық сақтау, әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру, білім алу және тағы да басқа әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтары айқындалған.

Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасының азаматтары, еңбек күшін жалдаған жағдайда, жұмыс беруші болып танылады.

2015 жылдың 29 қазанында қабылданған № 375-V ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 23-бабының 1-тармағына сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, оралмандар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері) кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Осы Кодекстің 23-бабының 2-тармағына сәйкес,кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке тұлға, осы Кодексте көзделген тәртіппен, дара кәсіпкер ретінде тіркеледі.

Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары (шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері; орта кәсіпкерлік субъектілері; ірі кәсіпкерлік субъектілері) ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабында айқындалған.

Азаматтардың кәсіпкерлік қызметі ҚР АК-нің 19-бабына сәйкес айқындалған: заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметімен айналысу мүмкіндігі (1 тармақ); кәсіпкерлік қызметімен айналысатын азаматтарға (дара кәсіпкерлерге) коммерциялық заңды тұлғаға таралатын осы Кодекстің нормалары қолданылуға жатады.

Заңды тұлғаның ұғымы, ҚР Азаматтық кодексінің 33-бабының 1-тармағында берілген: «меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға ретінде танылады.».

Заңды тұлғаның құқықтық қабілеттілігі ҚР АК-нің 35-бабының 2-тармағында берілген. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi – құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Белгілі бір қызмет түрімен айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында – заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi рұқсатты (лицензияны) алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, не қолданыс мерзiмi өткен, немесе заңнамалық актілерімен белгiленген тәртiп бойынша жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.

Заңды тұлғалар – заңнамамен рұқсат алуды көздейтін жекелеген қызмет түрлерімен айналысуы не әрекеттерді жүзеге асыруы үшін олармен алынатын тиісті құжаттар (лицензиялар, рұқсаттар, хабарламалар) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңымен реттеледі.ҚР АК-нің 19-бабының 5-тармағына сәйкес, егер дара кәсіпкер лицензиялануға жататын қызметті жүзеге асырса, оның сол қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы тиіс.

Заңды тұлғаның құрылуы (мемлекеттік тіркеуден өту тәртібі) Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі №2198 «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі №112 Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығымен айқындалады.

Заңды тұлғалардың түрлері мен құрылу нысандары ҚР АК-нің 34-бабымен айқындалған.Олар, қызмет бағыттары бойынша, коммерциялық және коммерциялық емес болып екі түрге бөлінеді:1)коммерциялық заңды тұлғалар – өзінің басты мақсаты ретінде пайда табуды көздейтін ұйымдар танылады; 2) коммерциялық емес заңды тұлғалар – өзінің мақсатын іске асыруда пайда табуды көздемейтін ұйымдар.

Коммерциялық заңды тұлғалар:мемлекеттік кәсiпорындар, шаруашылық серiктестiктер, акционерлік қоғамдар, өндiрiстiк кооператив нысанында құрылған ұйымдар. Коммерциялық емес заңды тұлғалар: мемлекеттік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында құрылған ұйымдар.

Коммерциялық заңды тұлғалардың құқықтық жағдайы келесі арнайы заңнамалық актілермен айқындалады:

1) мемлекеттік кәсіпорындар – Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңымен;

2) шаруашылық серіктестіктер: ЖШС және Қосымша жауапкершілі бар серіктестіктер –Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі №220 «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңымен; толық серіктестік және сенім серіктестіктер -Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 мамырдағы №2255 «Шаруашылық серіктестіктері туралы» Заңымен;

3) акционерлік қоғамдар –Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы №415-ІІ «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңымен;

4) өндірістік кооперативтер – Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 5 қазандағы №2486 «Өндiрiстiк кооператив туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңымен.

Коммерциялық емес заңды тұлғалардың құқықтық жағдайы келесі заңнамалық актілермен айқындалады:

1) мемлекеттік мекемелер–ҚР АК-мен жәнеҚазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңымен;

2) қоғамдық бірлестіктер – Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142-II «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы №3-I «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі №344-ІІ «Саяси партиялар туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы №211-V «Кәсiптiк одақтар туралы» Заңымен;

3) тұтыну кооперативтері – Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94-1 «Тұрғын үй қатынастары туралы»
Заңымен;

4) қорлар – Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142-II «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңымен;

5) діни бірлестіктер - Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142-II «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңымен айқындалған.

Еңбек құқығы субъектілерінің əрекет қабілеттілігі – әр субъектінің өзіне тиесілі құқықтары мен міндеттерін иелену және оларды іске асыру қабілеті мәтінінде түсіндіріледі. Мысал ретінде, азаматтың, адамның еңбек қатынастарына түсу үшін салалық әрекет қабілеттілігі – 14 жастан, жалпы әрекет қабілеттілігі – 16 жастан, арнайы әрекет қабілеттілігі – 18 жастан туындайды. 14-жасқа толған азамат, ҚР АК-нің 22-бабының 2-тармағына сәйкес, өздігінше тапқан табысымен, стипендиясымен еркін пайдаланады. Әркімнің толық азаматтық құқықтық кабілеттілігі 18 жастан туйындайды.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №149 «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес,жұмыс іздеп жүрген адамдар тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына, халыққа қызмет көрсету орталығына не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жұмысқа орналасу жөнінде өтiнiш беруге құқылы. Бұл орайда азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелу арқылы (әрекет ету арқылы) құқықтарын іске асыра алады.Еңбек құқығының субъектілеріне құқықтармен қатар тиісті міндеттемелер де жүктеледі.

Наши рекомендации