Файзолла сатыбалдыҰлы

(1883–1959)

Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болған ақын, дін қайраткері, қари Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылы 27 қыркүйекте бұрынғы Торғай уезі, Батпаққара мекенінде дүниеге келген.

Әкесі – белгілі діни оқымысты Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы. Діни білімді 1900 жылы дейін Троицкіде Ахун хазіреттен және Бұхара медресесінен алады. 1901–1906 жылдары Торғай қаласындағы уездік мешіт, медреселерде Науан хазірет, дамолла Байту, Бейіс хазірет, Оспан қожа, қайраткерлермен бірге қызмет істеген. 1906–1918 жылдары Батпаққарада Сатыбалды ишанның мешіт-медресесінде ұстаздық құрып, 1923–1928 жылдары мешіттерде имамдық етеді. 1928–1935 жылдары нағашысы Міржақып Дулатовпен бірге айдауда болады.

«Шафағат яр соллаллаһ» және «Мүнажат» циклымен жазған жырлары Аллаһтың хақтығына, әділдіктің күні туатынына деген сенімге толы. «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Мағжан түсіме кіргенде», «Ахметсафа Юсуповқа хат» сынды өлеңдері тарихилығымен құнды. Ақын «Тас мешіт» (1914), «Тоқымбет – Гүләйім» (1929), «Адамзат шежіресі» (1930), «Ұзақ жол» (1935), «Аяз би» (1946) атты дастандар жазған. «Әбдіғаппар хан» атты ұзақ поэмасын 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне арнаған.

1959 жылы дүниеден өткен.

ТАС ТҮРМЕДЕ

Тырнағыма қадаса да инесін,

Білсін тағдыр өнер басын имесін.

Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,

Бірақ өлең өмір кебін кимесін.

Көре алмадым күннің жарық сәулесін,

Көрдім бірақ бейнеп-азап әуресін.

Тас түрмеде ұзақ жылдар отыру.

Кім-кімнің да кетірер-ақ тәубәсін.

Тағдыр солай жазған екен шара жоқ,

Әттең, әттең, қас-дұшпанға таба боп.

Жатқандығым жанға батып жазықсыз

Жүрегімде алай-дүлей жанады от.

Тоқтатамын өзімді-өзім сабырмен,

Өткен күнді ескерместен жәбірмен.

– Уа, Файзолла, тәуекел де Аллаһқа,

Жан болып сен жаралғанда қадірлі ең.

Түрме болып кете берсе тұрағың,

Арман, мақсат орындалмас мұратың.

Ғазиз басқа болар ма екен бостандық,

Сахарада кеңес-дүкен құратын.

«Жазмыштан озмыш жоқ» десек те,

Өкінішті, қаласын көп есепке.

Ақиқат пен ақ ісіңді теріс деу

Адамдықты айналдыру есекке.

Қайран шындық, женуің хақ түбінде

Сол үшін сен, Уә Файзолла, бүгілме.

Алма-төкпе бұл дүрбелең-ақтаңдақ,

Жол ашқан шақ өсек-аяң, күбірге.

Ахаңнан да бейхабар боп отырмын,

Көкірек – от, көңіл – тұман, соқырмын.

Қайран аға – ғұламасы қазақтың,

Тамызығы өлең-жалын, отымның.

Ақ оралып, жүйрік озар күн келер,

Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?!

Әттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет,

Ар алдында адалдыққа күн берер.

Адамды сен табар едің, ғұламам,

Тура жолмен қайда жүрсең жүр аман.

Ей тіршілік!

Ар мен Ахаң беттесін,

Басқа тілек кетсем де өліп сұраман.

1928 жыл

ТҰТҚЫНДАРҒА АЙТҚАН ЖҰБАТУ

Өкімет – қамқор анаң, халық – баласы,

Еңбекші, кедей, батырақ – нақ баласы.

Бай, кулак, атқа мінер, құйыршық деп,

Ат сою саясаттың тап сарысы.

Қыран көз қырын салып қараса егер

Табылар олардың да тап-тазасы.

Үміт көп өкіметтен шешер деген

Ашылып алдағы істің ақ-қарасы.

1929 жыл

ЗАМАН-АЙ

(әні бар)

Тастан салған ақ түрме керегесін,

Қарай-қарай тоздырдым терезесін.

Қызғылықты өмірдің кезеңінде,

Көре алмадым шіркіннің мерекесін, заман-ай.

Қайырмасы:

Заман біздің өзгерді,

Жаңаланып түр берді.

Ойламаған жерлерден,

Ауыр бейнет кез келді.

Көңіл көтер жабықпа, бозбалалар,

Заман-айдың сарыны мұң менен зар.

Қайғы кетіп, көңілден – бейнет қашсын,

Көтеріңкі дауыспен осы әнге сал, заман-ай

Қайырмасы.

Қорек еттік қара нан күн көруге,

Ермек болды қандала түн бөлуге.

Бауыры суық қара жер жалпақ жатқан,

Зар болдық қой сені де бір көруге, заман-ай.

Қайырмасы.

Түс бозарып, қан кетті тас үй сорып,

Қайғыртады, жүректі бейнет қонып.

Бейнет бітер, өмірге болса сабыр,

Уақыт жетсе кетерміз, ойнап-күліп, заман-ай.

Қайырмасы.

Екі мезгіл күніне саналамыз,

Малдай болып айдалып қамаламыз.

Бір көруге зар болып жарық дүние,

Тарылып тұр бұл күнде заманымыз, заман-ай.

Қайырмасы.

Рахаттан жатырмыз күдер үзіп,

Толқытады жүректі қайғы езіп.

Ыстық жүрек айырылып бірге соққан,

Сүйген жарлар жүр екен қалай төзіп, заман-ай.

Қайырмасы.

Көңілімнің жемісі сәбилер-ай,

Сағынамын ынтығып жылай-жылай.

Маңдайыңнан иіскейтін күн болар ма,

Тас түйінін босатып шебер құдай, заман-ай.

Қайырмасы.

Біз жатырмыз бейнеттен «бақыт» қонып,

Бас байланып, жүрекке қайғы толып.

Дәм жазғанда оралып қосылармыз,

Кеткен жан жоқпыз мәңгілік тұтқын болып, заман-ай.

Қайырмасы.

Кіндік қаным төгілген туған жерім,

Қоныстанған мекендеп тау мен белім.

Айырып тұр тұз-нәсіп Сіз бен бізді,

Қош аман бол, көргенше қайран елім, заман-ай.

Қайырмасы.

Сарқыраған күмістей бұлақтарым,

Сыбырласқан жағалай құрақтарым.

Қош аман бол, көргенше қайта айналып,

Сауық-сайран етіскен қарақтарым, заман-ай.

Қайырмасы.

Қоныс етіп жайлаған сай мен сала,

Жұпар исің аңқыған еркін дала.

Саған айтпай сәлемді кімге айтайын,

Көшіп-қонып шалқыған кең сахара, заман-ай.

Қайырмасы.

Жаңалыққа бет бұрдық ескі қалып,

Ынтық болып ой алла-ай, арып-талып.

Орта жолдан кез болып бейнет құрғыр,

Мұрындықтан ұстап тұр бұрып алып.

Қайырмасы.

Бейнет келіп ұстады нақ білектеп,

Орын алды зарлатып қақ жүректен.

Түсіп кетті шыбын жан көкпарыға,

Рахым, шафрат болмаса құдіреттен, заман-ай.

Қайырмасы.

Торығасың таң атса, күнің батпай,

Күн өтуін тілейміз дамыл таппай.

Асыққанмен тағдырдан аса алмаспыз,

Бұйырған ырыздықтың дәмін татпай, заман-ай.

Қайырмасы.

Басқа – бейнет, көңілге – қайғы дарып,

Пендеге-пенде болған біз бір ғарып.

Ерте салған құлыптан кешке шейін,

Отырасың сығалай көзің талып, заман-ай.

Қайырмасы.

Кім тыңдайды мұңыңды зарлағанмен,

Кім ермейді ағымға арланғанмен.

Тағдыр ісі осылай болмақшы екен,

Бұл қалай деп бас шайқап таңданғанмен, заман-ай.

Қайырмасы.

ЗАҚ ЖОЛ

Уа, тағдыр, өзің басшы-пәруәрдігар,

Тар жолда тайғақ кешу болғайсың жар,

Айдалып Қостанайдан кеткен күні,

Бетіне ақ қағаздың түскен бұл зар.

Айдалдық Қостанайдан апрельде,

Толқыған ғазиз ғұмыр кетті желге.

Жайлауды аңсап ұшқан жыл құстары,

Сәлем айт барғаныңда туған елге.

Қайран ел шалқып өскен қалды бізден,

Амандық, қош айта алмай көріп көзбен.

Барамыз, бет белгісіз, мұндай халге,

«Сары алтын – сабыр түбі», жөн ғой төзген.

Тізілген аққуларым, сыңқылдасып,

Кетейін сендерменен амандасып.

Айдын көл – шағалалы шалқарыма

Сәлем айт, қонып өтсең үстін басып.

Төрт түлік жағасында шыр айналған,

Құлпырып масатыдай шырайланған,

Аңқыған жұпар исі Сымтасыма

Сәлем айт біз бейбақтан сорға айдалған.

Апат боп алып кетті жапқан жала,

Ісіне уақыттың бар ма шара.

Кір жуып, кіндік қаным төгілген жер –

Қалды артта көшіп-қонған сай мен сала...

Туысқан кейін қалды ата-ана,

Зар жылап жетім қалды қатын-бала.

Ағымның тегершігі аунап кетіп,

Оралды басқа – бейнет, тәнге – жара.

Дегейсің: көш-жөнекей амандасты,

Моншақтай домалатып көзден жасты.

Баста ерік болмаған соң сыр аша алмай,

Қош айтып, иек қағып, изеп басты.

Жайлауға жетсең аман қатар түзеп,

Айтарсың сәлемімді кезек-кезек,

Толқынмен қайық мініп еспесі жоқ,

Кетті деп қасіретте күйіп өзек.

Айтарсың әнге салып біздің халды,

Кетті деп сауғаға алып шыбын жанды.

Отырып тәуекелдің кемесіне,

Азыққа айнымас деп бейнет алды.

Сәлем айт ордалы жұрт қалың елге,

Қара орман – атамекен, асқар белге.

Белгісіз тұз-нәсіптің қосылары,

Жол шектік сапарланып алыс жерге.

Қолға алдық орамалды, көзді жастап,

Мекенді туып-өскен кеттік тастап.

Қош, сау бол, көреміз бе, көрмейміз бе,

Жөнелдік отарбамен желдей есіп.

Аққудан сәлем айттық жүрген ұшып,

Аңсаған атамекен ойға түсіп.

Жамбасқа қара тақтай төсек болып,

Жөнелдік отарбамен желдей есіп.

Тәртіп боп жоғарыдан бекілген заң,

Келгенде жөнелтуге болдық аң-таң.

Обыске тал бойыңнан тінту алып,

Торып жүр конвой біткен болып қатаң.

Айдалдық сәрсенбі күн түстен кейін,

Қысылдық не деулікке жетпей зейін.

Шуласып қатын-бала жылағанда,

Дүниеден пида болдық өткендейін.

Зар төгіп туысқандар қалды тұрып,

Амалсыз, қоштаса алмай, кеттік жүріп.

Айтуға «аман болды» тілі келмей,

Ел-жұрттың қала берді дымы құрып.

Бейнетпен қонған бақыт қайғы аралас,

Қан құсып, екі көзден тамыздық жас.

Ажалдың қарқаралы мүйнетіндей,

Келмеді қош айтысып, изеуге бас.

Дариға, басқа туды мұндай заман,

Алды-артың болжауы жоқ толған күмән.

Біле алмай не боларлық ахуалды,

Көңілді қауіп-қатер – басты тұман.

Алдырмай киер киім, ішер тамақ,

Иіріп ызғарменен қойды қамап.

Денені аштық, бейнет қатар жайлап,

Үстінде отарбаның шектік азап.

Қара айғыр гүрілдетіп жөнелді алып,

Ақырып, айбаттанып, түтін салып.

Өзінде 8 өгіз, 42 адам,

Ауа жоқ дем аларлық, бықсып-жанып.

Ышқынып тартты дүлдүл аянбастан,

Қалды артта туған-туыс құты қашқан.

Құстардан аман-саулық сәлем айтып,

Дариға, кеттік артқа қайрылмастан...

Сыртыңнан не демейді дұшпан мен қас,

Қадірін елдің білмес көңілі мас.

Кетсе егер ойға түсіп қайран Арқа,

Жаңбырдай нөсерлейді көзімнен жас.

Кісіге қиын екен туған жері,

Қозғалды жүрегімнің қайғы-шері.

Көкорай көк шалғыны былай тұрсын,

Арқаның көп аңсатты жұпар желі.

Сол жерде тамып алғаш кіндік қаным,

Жуылған суыменен сәби тәнім.

Сымтасым еске түссе пәруана боп,

Байғыздай шырылдады шыбын жаным.

Табады айналып кеп ат қазығын,

Деуші еді бұрынғылар хаққа жүгін.

Болмаса бір құдайдың дәл өзіне,

Адамның баласына жоқ жазығым.

Бұйрыққа шара бар ма ағым салған,

Пендені допша үйірер фәни жалған.

Кім тірі барар дейсің елге осынау

Бейнеті бастан асқан ауыр жолдан.

Тілімдеп көкірегімді шыққан бұл сөз,

Ажал ма, мехнат па – болса екен тез.

Аз ұйықтап, көбіне ояу, шарт жүгініп,

Төрт мезгіл терезеден алмаймын көз...

Бар екен Ақтеңізден тартқан канал,

Сол жерге алып барды, жоқ қой амал.

Кездесіп сол арада Міржақыпқа,

Отырдым ескендей боп қоңыр самал.

Көрісіп, құшақтасып, көзді шылап,

Өбісіп, көңіл босап, тұрдық жылап.

Сонан соң есті жиып, ақылға кеп,

Мән-жайды бастан кешкен білдік сұрап.

Бөліндік сәл тұрған соң, амал бар ма,

Айырылдық қимай-қимай әрең-зорға.

Міржақып шыдай алмай көп тұруға,

Секіріп түсіп кетті қазған орға.

Қалмады сол уақытта менде де сән,

Шырқырап кеудемдегі қу шыбын жан.

Кемсеңдеп кете бардым, өтім күйіп,

Бір ысып, бір суынып қажыған тән.

Амалсыз қала берді қайран бауыр,

Сияқты титықтаған аттай жауыр.

Сабазды мұндай халде көрем деп пе ем,

Тиді ғой бұл кездесу маған да ауыр.

Көзіме көрінді де қала берді,

Іштегі бір толқытып қайғы-шерді.

– Файзеке, саған, – дейді үн шығарып, –

Көруге жазсын тағдыр туған жерді.

– Тілегім: сен де аман бол, – дедім мен де, –

Нағашым, түпқазығым – алтын көмбе.

Бейнеттің барлығынан халас етіп,

Қылмасын рақатынан тағдыр кенде.

Айтқан сөз, қылған тілек осы болды,

Екіге кетті айырып бейнет жолды.

Міржақып – ор ішінде, мен – биікте,

Ыстық жас іштен шыққан көзге толды.

Мені айдап кете барды конвой алып,

Дайындап винтовкаға оғын салып.

Тәртіпке қарсы келер болсам егер,

Атуға тұр «батырың» дайындалып.

Айырылды менен және Шора ғарып,

Серіксіз жабырқадым жалғыз қалып.

Ұзамай қызметке орналастым,

Қолыма тас кесетін қару алып.

Бұзамыз қара тасты дәрі қосып,

Қазірде тас-талқан қып жарып-осып.

Ғажайып қайламенен бір аламат,

Тастаймыз мұнарадай тауды тесіп.

Осылай болып тұрды ахуалдар,

Жиналған түрлі халық – қанша жан бар!

Пароход, кеме жүріп өтетұғын

Жасадық тасты қашап ұзын аңғар.

Бар күшін қазынаның сонда төккен,

Бітетін бір іс екен жинап көппен.

Тап келіп таланына талай ердің,

Аз емес азаматтар бейнет шеккен.

Дүниеге канал екен даңқы жеткен,

Межесі жоспарланған оның көптен.

Патшалық Ресейдің заманында

Николай күші жетпей тастап кеткен.

Жоқ еді мұндай бейнет біздің ойда,

Қолдарға тас кесетін алдық қайла.

Жасадық ауыр еңбек белді шешпей,

Іс үшін бір ғажайып елге пайда.

Бұл жерге айап келген жел несібе,

Он сағат қызметі бар сөткесіне.

Қояды кепілдікке бір-біріңді,

Жұмыстан шетке шығып кетпесіне.

Ұсақ ұлт қызмет еттік қатар түзеп,

Біріне-бірі бітсе барып кезек.

Аманат шыбын жаным аман қалды

Ажалдан аңдып жүрген арсыз кезеп.

Жылында, 1-ші июль, 33-тің,

Өткіздік рашотын барлық істің.

Каналы «Беломордың» тәмәм болып,

Қуаныштан қызыл туды сүйіп, құштым.

Бар екен Мәскеуде де бір зор канал,

Сияқты бітпей тұрған үлкен қамал.

Бұзылмай бригадасы ударниктің,

Сол жерге іс қылуға болдық барар.

Дәм айдап Москваға жүріп кеттік,

Тоқтамай, бес сөткеде келіп жеттік.

Артельден сегізінші орын алып,

Екінші «Лакпунктті» мекен еттік.

Каналға 7-июль түстік барып,

Қолдарға жер қазатын қару алып.

Аямай жан мен тәнді жұмыс қылдық,

Дөңбектей домалатып тасты аударып.

Он төрт ай тұрдым «Мәскеу» каналында,

Өнерді үйрену бар талабымда.

Жігіттің басады ғой ісі оңға,

Басына бақыт құсы қонарында.

Бөлендік еңбекпенен абыройға,

Әр түрлі қабілетті жиып бойға.

Жүрді алып Москвадан тағы бір күн,

Сол шақта алаң болып, түстік ойға.

Апарды «Сибирьстрой» деген жайға,

Не жаздық дейміз іштей бұл құдайға.

Онда да ударник болдық біздер,

Әр іске тауып жөн мен ақыл-айла.

Өткіздім 34-тің жылын сонда,

Саспадым болғаннан соң өнер қолда,

Тіленіп өзім бардым қол көтеріп,

Не қиын бола қалса кәсіп қайда.

Тағы да 35-тің жылын көрдім,

Шашылған ырыздықтың дәнін тердім.

Туғанда февральдың оны күні,

Пәвеске – шақыртумен кеңсе келдім.

Бостандық, ақтау қағаз алып қолға,

Қуанышын жүрегімнің басып зорға,

Өңім бе я түсім бе дегендейін,

Қиял-ой бұлғақтайды оң мен солға.

Қапысыз орындалып арман-тілек,

Кеудеме сыймай лүп-лүп соқты жүрек.

Жаладан аман-есен халас болдым,

Қалды артта бейнетті күн – қара түнек.

Болып тұр әлдеқалай көңіл шіркін,

Аптығып, аласұрып дүркін-дүркін,

Жат болып әлдеқашан алыс қалған

Көрем деп ағайын мен елін-жұртын.

Зардабын көрсем-дағы көп қысымның,

Ақтығын білгеннен соң өз ісімнің,

Азапты сапардағы алты жылды

Отанға қызмет ету деп түсіндім.

Сол жерде билет алдым Қостанайға,

Жеттім деп алты жылғы құштар ойға.

Ақылды алып ұшқан сезім жеңіп

Кетті ғой, келсе-дағы жас талайға.

Отарба түтін салып будақ-будақ,

Жолдармен зымырайды бунақ-бунақ.

Келеді кеудемдегі асау жүрек

Лақтырып өлең-жырды шумақ-шумақ.

Тарқатып алты жылғы шерін іштің,

Қалдырып зәр-уытын күйініштің,

Бір көрсем туған жерді деп келемін,

Парлатып арғымағын сағыныштың.

Келген соң Қостанайға ойға түстім,

Мән-жайын сұрап-біліп елдегі істің.

Ұқтым да, Алматыға кетпек болдым,

Қонбасын біздің басқа бақыт құстың.

Аңдадым түсерімді барсам торға,

Елдегі Батпаққара қазған орға.

Қыл дұзақ құрулы екен шырмайтұғын,

Болсаң да неше дүлдүл, неше жорға!

Амалсыз Алматыға бетті бұрдым,

Өртеніп өкпе-бауыр, әрең тұрдым.

Безгенше туған жерден бәдәуидей,

Несіне, деп ойладым, өмір сүрдім?!

Болса да туған жерсіз күнім қараң,

Сорғалап ағыл-тегіл көзден сорам,

Тағы айдалып, қуғындар деп елде болсам,

Амалсыз Алматыға кетіп барам...

1929–1935 жыл

Наши рекомендации