Жай сөйлемдердің семантикалық түрлері– көптілділіктің грамматикалық негізін қалайтын құралдар
Қазақстанда көптілділікті дамытудың бірден бір кедергісі - ол лингвистикалық пәнге оқытудың нәтижелерін бақылауға «қолайлы» абстрактілік тілдік жүйеге бағытталуы. Мұндай кертартпа көзқарас көптілді құзыреттілікті қалыптастырмайды. Бірнеше тілге сапалы үйретудің жолы – тіл құралдарын мағыналық бірліктер ретінде қарастыру. Семантикалық негізіндегі сөйлемдерді бір ізге салып, сөйлеу дамуының бірыңғай логикалық негізін құру қажет. Осындай жай сөйлемдердің семантикалық негізінде бірнеше тілдерді қатар меңгеруге болады. Мысалы, сөйлемдердің семантикалық түрлерінің бірі - «Субъект және оның сипаты». Мұндай түр шынайы өмірді көрсететін барлық тақырып аясында қолданылады және де әртүрлі тілдер құралдарын салыстыру негізі болып табылады. Бұл ойымызды келесі суретте көрсетеміз:
1 кескіндеме – Жай сөйлемдердің әр түрлі тілдердегі семантикалық түрі
Әртүрлі тілдердегі жай синтаксистік конструкцияларды қатарынан көрсету оқушылардың берілген тәсілдерді игеруіне мүмкіншілік туғызады. Келесі кезең – ұқсас сөз таптарына жататын сөздерді берілген конструкцияларға енгізу. Осы орайда, белгілі тақырып аясында қолданылатын құрылымдардың лексикалық нақтылануы оның міндетті шарты болып есептеледі.
Қазақ тілінде: Бала ақылды/ байсалды/ тапқыр/ елгезек/ тәрбиелі. Үй кірпіштен/ағаштан/тастан салынған. Бөлме – бесінші/алтыншы/жетінші/ сегізінші/ он бесінші/ жиырма бесінші/ отыз бесінші/ қырық бесінші. Тақырып оқылған/ талқыланған/ оқылмаған/талқыланбаған.
Орыс тілінде: Мальчик добрый/ умный/ спокойный/ находчивый/ чуткий/ воспитанный. Дом - из кирпича/ из дерева/из камней. Комната пятая/шестая/седьмая/восьмая/ пятнадцатая/двадцать пятая. Тема изученная/ изучена/ обсужденная/обсуждена.
Ағылшын тілінде: The boy is kind/ clever/ calm/creative/sensitive/ well-brought up/ . The house is made of brick/ wood/stone. Room is number five/six/seven/ eight/fifteen/ twenty-five. The topic has been studied/ discussed.
Осындай жағдайда грамматикалық конструкциялар бекітіледі, сонымен қатар, жай құрылымдар негізінде олардың енгізілуін жоспарлайтын сөздік қор байы түседі: Бала өте мейірімді. Біздің үй кірпіштен салынған. Келесі бөлме – бесінші.
Әрі қарай конструкциялармен немесе предикативтік бөлімдермен белгілі бір алгоритм бойынша күрделендірілетін кезең басталады.
Белгілі бір мысал ретінде көрсетілген және де 3-4 тілде игерілген типтік конструкция оны басқа тақырыптарға қолдануға мүмкіншілік береді. Сонымен, бірнеше тілді зерттеудің тиімділігі тілдік материалды функционалдық-семантикалық деңгейлер, типтік семантикалық конструкциялар арқылы жеткізуіне байланысты. Типтік семантикалық-грамматикалық конструкциялар тізімі көптілдікті тиімді меңгеру негізі бола алатын оқу материалы болып табылады. Тілдік жүйені дәстүрлі игеруден бас тарту және де салыстырмалы аспектіде жай сөйлемдердің семантикалық түрлер жүйесін енгізу қазақстандық лингводидактиканың жетістігі болып саналады, себебі ол баланың ана тілін табиғи игеруін көрсетеді.
Бұл еңбекте белгілі бір тақырып аясында қолданылатын жай сөйлемдердің семантикалық түрлер тізімін ұсынамыз. Оның негізі –синтаксистің бірліктері – синтаксемалар [5]. Семантикалық түрлері бастапқы және предикативті бағыныңқы синтаксемалардан тұратын жай сөйлемдерді іріктеп, блоктарға топтастырдық. Оның ішінде: «субъект және оның физикалық іс-қимылы», «субъект және оның психикалық іс-қимылы», «субъект және оның интеллектуалдық (оның ішінде – ойлау, сөйлеу) қабілеті», «субъект және оның әлеуметтік-этикалық ахуалы», « субъект және оның қозғалысы», «субъект және оның сипаты (мекен-жайы бойынша – тұрақты я болмаса уақытша, т.т.»; «субъект және оның күйі (физикалық / психикалық), сезінуі, табиғаттың күйі», «бір нәрсенің немесе кімнің бар болуы»; «күй / қасиет және оның сипаттамасы», «субъект және оның немен/кіммен иеленуі»; «субъект және оның неден/кімнен бас тартуы», «субъект және онда ненің/кімнің жоқ болуы», « субъект және оның құбылуы ия болмаса өзгеруі», «субъектілердің көптігі және олардың қарым-қатынасы», «ортақ-бөлшек, олардың бір-біріне әсер етуі», «кімнің/ненің кіммен/немен салыстырылуы», «кімге/неге шектеу қою», «іс-қимылдың, күйдің, қасиеттің мүмкіншілдігі, қажеттілігі / қажетсіздігі».
Аталған семантикалық түрлерді оқыту бірліктері ретінде қарастырсақ, сөйлемнің әрбір семантикалық түрі функционалдық-семантикалық деңгейдің негізі болатындығына көз жеткіземіз. Сонымен, жай сөйлемдердің семантикалық түрі бір атаулы функционалдық-семантикалық деңгейге сәйкес келеді. Аталмыш деңгейлер кез-келген сөйлеу тақырыптарын қамтамасыз етеді, сонымен қатар, олар семантикалық-грамматикалық қатынастардың негізгі түрлерін, яғни монологтік сөйлеудегі ойды жеткізеді.
Жай сөйлемдердің семантикалық түрлерін анықтау барысында олардың пропозиционалдық мазмұны ескеріледі. Функционалдық-семантикалық өріс шеңберінде сөйлемнің иллокутивтік аспектісі жеке қарастырылады. Функционалдық-семантикалық өрістің құрылымын талдау арқылы сөйлемдердің пропозиционалдық мазмұнын қалыптасу реттілігін көрсетейік.
Функционалдық-семантикалық өріс (ФСӨ) негізіне детерминантсыз сипаттағы жай синтаксемалар енеді. Сонымен қатар, субъект мағынасындағы Барыс септіктегі форма (Оған жеңіл болды. ) енеді.
Қалған синтаксемалар сөйлемнің типтік мағынасын ұйымдастыруына қатысқанына қарай әр ФСӨ ядросынан бастап жайғасады.
Екінші шеңберде (оқу үрдісіндегі материалды жеткізудің екінші жолы) локативті, темпоралды, каузативті, жағдаятты, тақырыптық детерминант ретінде табылатын синтаксемалар жайғасады. Мұндай реттілік адамның ой логикасымен байланысты: кез-келген жай пікір анықтауды қажет етеді: «Қай жерде? Қашан? Не себептен? Не туралы? Нені?».
ФСӨ-тің үшінші шеңберін есім, адъектив, адвербалды позицияда байланысқан синтаксемалар құрайды, себебі, олар субъект пен объектіні сипаттайды.
Әдістемелік тұрғыдан төртінші орынға сөйлемді күрделендіретін жартылай предикативті синтаксемалар жайғасады. Маңыздылығына қарай олар екінші шеңберге лайықты.
ФСӨ-тің бесінші шеңберіне жай сөйлемдердің семантикалық түрлерінің әр түрлі эксплицитті және имплицитті салалас комбинациялары енеді. Мысалы: «Субъект-1 және оның қозғалысы» және «Субъект-2 және оның күйі» (Аналары келгенде, балалары көңілденді); «Субъект -1 және оның физикалық іс-әрекеті», ал «Субъект-1-дегі не нәрсенің болмауы» (Олар көп жылдар жұмыс істейді, бірақ әлі де үйсіз ).
Көптілдікті дамыту мақсатында сөздік қорды және сөйлеудің синтаксистік жүйесін байыту үшін лексиканы да, грамматиканы да семантикалық блоктармен беру қажет. Белгілі бір тақырып бойынша сөйлеу дағдысын тақырып аясында айтылған әр ойдың мазмұнына сүйену тәсілі жақсы дамытады.
ФСӨ-тің ең сыртқы шеңберіне эксплицитті және имплицитті бағыныңқы қатынастағы сөйлемдердің семантикалық түрлерінің комбинациялары енеді.
Көптілдікті дамытуға бағытталған ұсынылып отырған әдіснамалық көзқарас лексикалық және синтаксистік синонимияны бірнеше тіл құралдарын салыстыру негізінде табиғи игеруге көздейді. Сонымен қоса, білім беру жүйесінің кез-келген деңгейінде функционалдық лексикалық-грамматикалық материал минимумы әрбір ойды жеткізуге негіз бола алады.
Бастауыш мектепте осы мағыналық сипатта берілген синтаксистік бірліктер оқыту үдерісіне енгізілсе, 6-9 жасар балалар өз ойларына сәйкес ықшамдап берілген сөздік қорымен тақырып аясында жай сөйлемдерді құрастыра алатыны сөзсіз. Бұл әдіскерлерге тіл дамытуға арналған материалды дұрыс іріктеуге тиімді жол деп санаймыз. Мысалы, «Көктем» тақырыбына арналған сабақты алсақ, тақырыпшаларға сәйкес жай сөйлемдердің типтері теріледі: «субъект және оның сипаты»; «субъект және оның күйі (физикалық / психикалық), сезінуі, табиғаттың күйі», «бір нәрсенің бар болуы»; «күй / қасиет және оның сипаттамасы», «субъект және оның құбылуы / өзгеруі». Осы мағыналық типтер аясында сөйлемдер құрастырылып, олар кішкене мәтіндерге айналдырылады. Жоғарыда сипатталған жай сөйлем негізінде ұлғайтылатын синтаксистік бірліктер орта және жоғары буында бірте-бірте сыныптан сыныпқа қосылатын болады.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бастауыш мектепте оқытуда бірыңғай тақырыптық минимум теріліп, соның негізінде бір уақыттық параллельде үш тіл сабақтарында осы жай сөйлемдердің бірдей мағыналық типтері негізінде синтаксистік материал беріліп отырса, оқушылар тез арада үш тілдің грамматикасын меңгеріп алады. Сөздік қоры әр тақырып сайын өзгертіліп отырса, грамматикалық конструкциялар қайталанып отырады.
Осы грамматикалық материалды теруге тіл жүйесінен тыс дүниетанымдық тақырыптар негіз болуы тиіс. Тақырып – сөйлеу ниеті (речевые интенции) - тақырыпшалар – тақырыпшалар аясындағы кілт сөздер мен сөз тіркестері – жай сөйлемнің мағыналық типтері оқыту бірліктері болып алынады. Жай сөйлемнің мағыналық типтері бір тақырыптан келесі тақырыпқа ауысып жалғасын тауып отырады, лексикалық толықтырылуы әр тақырыпта әр түрлі болады.
Бастауыш мектепте көрнекілікке, балалар жасына лайықты жағдаяттарға сүйеніп, үш тілдің мазмұнын де осылардың бірыңғай негізіне сәйкестендірсе, бастауыш мектепте үштілдіктің алдыңғы сатысы меңгеріледі.