Орытынды бақылау тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы соңында өткізіледі. 10 страница
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда методистер Бегман Ысқақ және Эльмира Оразбаева мазмұндаманың мынандай түрлерін ұсынады:
1. Дайын мәтін бойынша мазмұндама;
2. Сурет бойынша мазмұндама;
3. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама
Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:
1. Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау;
2. Мәтіннің мазмұнын сақтап, бірақ баяндалу формасын өзгерту;
3. Қысқарта баяндау;
4. Толықтырып мазмұндау.
Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып, баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушының көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, көркем тілмен әсерлі, жүйелі баяндалуы талап етіледі.
Оқушы тапсырманы өзі орындауы керек. Оқушының ойланып, нақты нәтижеге жетуін қадағалау – мұғалімнің басты міндеті. Жазба жұмысынан оқушының ой өрісі, білімі, сауаты көрініп отырады. Ауызша жауапта оқушы білімін толық көрсете алмауы мүмкін, ал жазба жұмыстың ішіндегі ең бір толыққанды, оқушы білімінің нәтижесін толық тексеруге мүмкіндік беретіні шығарма жұмысы.
Шығарма түрлеріне келетін болсақ, олар: еркін шығарма, оқушының іс-әрекетіне байланысты шығарма, өнер саласына байланысты шығарма, сурет, фильм (диафильм), экскурсия бойынша шығарма, оқыған, естіген әңгімелеріне байланысты шығармалар.
Шығарма жазуға қойылатын негізгі талаптар:
1. Тақырыпты толық аша білу;
2. Артық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер мен көпсөзділікке жол бермеу;
3. Шығармада сөз болған жайды оқушының басқаларға түсінікті болатындай орамды тілмен, аз сөзге көп мағына сыйғыза баяндауы;
4. Шығарманың бөлімдерінің негізгі ой арқылы шебер байланысуы;
5. Шығармада жазушының өмірбаянына, жазылу тарихына, тарихи оқиғаларға, кейіпкерлерге қатысты қателіктер жіберілмеуі керек;
6. Оқушының шығармада сын мақалалардан, әдебиеттану еңбектерінен шағын үзінділерді қисынымен қолдануы, оның терең білімін танытады;
7. Барлық айтылған ойды жинақтап, тұжырымдап, тиісті қорытынды жасай білу.
Диктантты жаздыруға қойылатын талаптар:
Мұғалімнің тексті үйде алдын-ала тағы бір қарап шығуы, әсіресе, сабақ жоспарын жасау кезінде аса қажет деп есептеледі. Сабақ жоспары демекші, диктантқа жоспар жасамайтын мұғалімдер де кездеседі. Жасағандары болса, диктанттың атын, өтетін күнін, айын, сыныпты жазумен ғана шектеледі. Ең алдымен, мәтінді оқу кезеңінде көлденең сөз, сұрақ болмауға тиіс. Жазу кезінде бірлі – жарым қалып қойған оқушы болса, ол мұғалімнің ісі. Ал кейде, оқушылар тарапынан бір қажетті сұрақ бола қалса, жаздырып жатқан кезекті сөйлемді оқушылар түгел жазып біткеннен кейін қойылу керек. Диктант мәтінін жаздыру үстінде, диктант мәтінінен сыртқары кездесуі ықтимал көлденең сөздердің көлемі, мазмұны, шамасы оқушыларға алдын ала белгілі болуға тиіс. Мәтінді жаздыру үстінде мұғалім тарапынан оқушыларға айтылатын ескертпе түріндегі сөздерді жиі пайдалануға болмайды. Ерекше бір күрделі, қиын сөйлемдерді жаздыру ретінде ғана емес, бар ынта, зейіні диктант мәтінін жазуда болып отырғанда, қапелімде мәтін арасына көлденең сөздің кіруі оқушыларды аз да болса, алаңдатады, зейінін бөледі. Екіншіден, өзі жазып үлгіре алмай отырған кейбір балалар жаңағыдай сөздерді (көлденең) ажырата алмай, мәтінмен бірге жазып қояды. Мәтінді оқуда басты талап – тілдің орфографиялық заңдылығын сақтау болып табылады.
Үйрету диктанттарының маңызы. Үйрету диктанттарының бір ерекшелігі – оқушыларды ойлануға, ізденуге, өз ойларын салыстыру әдісі бойынша дәлелдеп айта білуге және өз беттерімен жұмыс істей білуге төселдіреді. Бұл оқушыларды құлшындырып, өз ісіне деген сенімділігін арттырады. Қысқасы, үйрету диктанттары оқушыларды сауатты жазуға ғана баулып қоймайды, алған білімін сыннан өткізіп, тұрақтандыруға, мәнерлеп оқу машығын қалыптастыруға көп септігін тигізеді.
Әріп диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар. Әріп диктантын жаздыру мақсаты – ана тілін жеткілкті білмейтіндер мен басқа ұлт балаларына қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылуы мен жазылуындағы фонемалық, орфографиялық ерекшеліктерге байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтарын және оларды жаза білуді қаншалықты дәрежеде меңгергендіктерін білу. Өйткені әріп диктанты барлық жазу жұмыстарының іргетасы.
Буын диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар. Әріп диктантын жазып, әрбір дыбыс пен әріптің орфоэпиялық, орфографиялық өзгешелігін, үндестігі мен ұқсастығын салыстыру әдісімен саналы түрде түсініп, талдауға төселген оқушылар үшін буын диктантын жазу онша қиындық келтірмейді.
Сөз диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар. Сөз диктантының жеңіл болатын себебі – ол оқушылар меңгеріп болған дыбыстар мен буындардан құрылады. Мұндағы мақсат – сөздердің бір, екі, үш, төрт, одан да көп буыннан құралып, белгілі бір ұғымды білдіретінін дыбыс (әріп) және буынмен салыстыра отырып түсіндіру. Сөз диктантын жаздырар алдында оқушыға берілген сөздің қандай ұғымды білдіріп, неше буыннан, неше дыбыстан құралғанын, бірінші буындағы дауыстының жуан немесе жіңішке екенін айқындап, ондағы бір дыбыстың әріпке айналғандағы жазылу емлесін айтып өтеді. Бұл, мысалы, былайша баяндалуға тиіс: көз, құлақ, құлақшын, көзілдірік сөздері бір, екі, үш, төрт буыннан құралған. Көз сөзінде 3, көзілдірік сөзінде 10 дыбыс (әріп) бар. Төрт сөз төрт түрлі мағына білдіріп тұр. Бұл сөздерде қазақ алфавитіне тән ә, ұ, ғ, ң, һ әріптері жоқ.
Сөйлем диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар. Диктанттың бұл түрі алғашқылардың бәрінен де күрделі. Өйткені бұл бір, екі, үш, төрт, бес, одан да көп сөздерден құралып, аяқталған ойды білдіреді.Сөйлем диктантын жаздырудағы мақсат – оқушыларға сөйлемнің сыртқы құрылымын таныту және оны құрай білуге машықтандыру. Мұғалім сөйлем диктантын өткізуге кірісер алдында басқаларға түсіндіретін сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен басталып, сөздер бір-бірінен бөлек жазылатынын, мағынасына қарай сөйлем соңына нүкте, леп немесе сұрау белгілерінің бірі қойылатынын, сондай-ақ қазақ тіліне тән дыбыстардың (әріптердің) бар-жоғын айтады.Әріп, буын, сөз және сөйлем диктанттарын жаздыру үшін төмендегідей әдістер пайдаланылады.Қазақ тілі бойынша жүргізілетін диктанттар екі топқа бөлінеді: мәтіні өзгертілмеген диктанттар және мәтіні өзгертілген диктанттар.
Есту диктанты. Емле ережелерінің шегін ажырата отырып, оқушылардың есту қабілетін арттыруға байланысты орындалады. Есту диктантының орындалу тәсілі екі түрлі. Бірінші түрі: дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің, әріптер тіркесінің, тасымалдың, сөз құрамының және сөз таптарының жазылу ережесі ауызша түсіндіріледі де, осы мәліметке сай дайындалған мәтінге оқушылар көз жүгіртеді. Сонан соң бұл мәтін мұғалім тарапынан жаздырылады. Екінші түрі: мұғалім белгілі емлеге сай дайындалған мәтінді жаздырады. Жазу үстінде белгілі бір емлелердің астын сызып отыруды жүктейді. Сонан соң диктанттағы емлені оқушылардың өздері түсіндіріп, қатесін өздері түзетеді. Белгілі бір емлені түсіндіруге байланысты алынған диктанттың мәтіні 40-50 сөзге, ал арнайы жүргізілген диктант мәтінінің сөзі 90-210 сөзге дейін болады.
Көру диктанты. Емлені айыра отырып, оқушылардың көру қабілетін дамыту мақсатында жүргізіледі. Бұның да орындалу амалы екі түрлі. Бірінші түрі: емлеге сай дайындалған мәтін оқушыларға түгелдей оқытылады да, оны мұғалім дәптерге жаздырады. Содан кейін оқушылар жазылған диктантты емлеге сай түсіндіреді. Екінші түрі: мұғалім дайындаған мәтінді тақтаға жазады. Емлеге байланысты түсіндіру кезінде тақтадағы орфограммалардың асты сызылады. Сонан соң тақтадағы мәтін өшіріледі де, сол мәтінді мұғалім оқушыларға жаздырады.Бұл диктант оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. Көру диктанты үшін әріп, буын, жеке сөздер, сондай-ақ жазылуы қиын сөздер мен сөз тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар, мақалдар, жаттауға берілген өлеңдерді де алуға болады. Өздік диктанты. Диктанттың бұл түрінің де өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер мен буындарды, сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер мен жатталған өлеңдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды естеріне түсіріп, өздігінен ойланып отырып жазады. Мұғалім өздік диктанттың қай күні болатынын, нені қайталап келу керектігін оқушыларға алдын-ала ескертіп қояды. Сонда оқушылар үйден шала жаттаған өлең, жұмбақты, жаңылтпаштар мен ережелерді пысықтап келетін болады.
Шығармашылық диктант. Диктанттың бұл түрі – үйрету диктанттарының ішінде мазмұн, құрылым, стиль, әдіс-тәсіл жағынан ең күрделісі, оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білім деңгейі мен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерінің көрсеткіші. Сондықтан бұл диктант шолу, қорытындылау, қайталау сабақтарында жиі жүргізілсе, шәкірттер ескерту, бақылау диктантттарына сенімді даярлықпен келеді.
Сөздік диктанты. Сөздік диктанты сабақтың кез келген уақытында жазылады. Оған оқушылардың жыл бойы меңгеруге тиісті термин сөздері, омоним, антоним сөздері және жазылуы қиын сөздер алынады. Текстің көлемі 5-10 сөзден аспауы керек. Сөздік диктантын көру, өздік диктанттары ретінде де, мұғалімнің ауызша айтуы бойынша да жаздыруға болады. Ол мұғалімнің еркінде.
Терме диктанты. Диктанттың бұл түрі кез келген ережеге негізделіп жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқымастан бұрын қандай ережеге көңіл аудару керектігін ескертеді. Оқушылар мәтінді түгел жазбай, мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады.
Ескерту диктанты. Бұл диктант көлемі, орфографиялық емлеге тән сөздік қоры жағынан бақылау диктантына жақын келеді.Басқа диктанттардай тек кеше не бүгін ғана өтілген тақырыптарды емес, осы уақытқа дейінгі барлық материалдарды түгел қамтып, оқушыларды бақылау диктантына тікелей әзірлейді. Сондықтан бұл диктантқа енген мәтіндер бірін-бірі қайталамай, өткен материалдарды тиянақтап, толықтыра түсуге тиіс. Ескерту диктантына мұғалім де, оқушылар да тиянақты, ұқыпты да жауапты қарауы қажет.
Бақылау диктанты. Бұл диктант айына бір не әрбір үлкен тақырып, тараудан кейін немесе тоқсанның соңында өткізіледі. Бақылау диктанттары оқушылардың бұрын өтілген материалдарды қандай дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейін анықтау мақсатымен жүргізіледі. Диктант үшін ІІ сыныпта 18-20 сөзден, ІІІ сыныпта 20-30 сөзден құралған қысқа сюжетті мәтін алынады да, көлемі жөнінен де, мазмұны тұрғысынан да біртіндеп күрделеніп отырады. Бақылау диктанты төмендегіше жүргізіледі:
а) үзіліс кезін пайдаланып, мұғалім диктант тақырыбын, мәтін ішінде кездесетін қиын сөздерді тақтаға жазып қояды;
ә) мұғалім диктант мәтінін екі рет дауыстап оқып, жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алу керектігін ескертеді;
б) егер диктант мәтіні жеке сөздер мен сөз тіркестерінен немесе оған негізделген сөйлемдерден құралған болса, мұндай мәтіндердің әрбір сөзін, сөйлемін мұғалім үш рет оқиды. Оқушылар жазар алдында әрбір сөзді көңіл қоя тыңдап, ұғып алғаннан кейін ғана жазуды ұсынады. Мұғалім оқушылардың түгелдей жазуын қадағалап, ең баяу жазатын оқушы жазып бітісімен, келесі сөйлемді оқиды. Бірақ ол жаңа сөйлем екені айтылмайды.
15-тақырып. Бастауыш мектепте қазақ тілі сабақтарында білім, білік дағдыны есепке алу, тексеру және бағалау.
Дәріс жоспары:
1.Оқушылардың білімін тексерудің маңызы.
2.Оқушылардың білім, білік, дағдыларын тексеру әдістері, жолдары мен түрлері.
3.Оқушылардың білімін бағалау жолдары.
1.Оқушылардың білімін тексерудің маңызы
Оқытудың әр кезеңінде бақылаудың әр түрлері қолданылады: алдын-ала бақылау, ағымдық бақылау, тақырыптық бақылау, қорытынды бақылау.
Кез келген тақырыпты игерудің нәтижелілігі алдыңғы кезеңде игерілген білімдірдің көлемі мен деңгейінен тәуелді. Егер мұғалімде ондай ақпараттар болмаса оның оқыту процесін тиімді жобалау және басқару мүмкіндігі төмендейді. Сонымен қатар пән немесе бөлім бойынша оқушылардың білімдерін анықтау мұғалімнің өзінің іс-әрекетін дұрыс жоспарлауына және ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Аталған міндеттер алдын-ала бақылау арқылы шешіледі.
Ағымдық бақылау күнделікті жұмыста оқушылардың білімдеріндегі олқылықтарды анықтау және алдыңғы материалдарды игеруін тексеру мақсатында іске асырылады.
Тақырыптық бақылау бағдарламаның бір бөлімін өткеннен кейін қолданылады. Оның мақсаты оқушылардың білімдерін жүйелеу. Бақылаудың бұл түрі жүйелеу сабақтарында қолданылады және оқушыларды қорытынды бақылауға дайындайды.
орытынды бақылау тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы соңында өткізіледі.
Бақылау формалары: жеке, топтық және фронталды.
1. Бақылау әдістері
Бақылау әдісі - оқыту процесінің тиімділігі, оқытудың нәтижелілігі туралы мәліметтер алу мақсатымен оқыту процесіндегі қарама-қарсы байланыстарды қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушылардың бірізді өзара байланысқан әрекеттер жүйесі. Олар оқыту процесі туралы жүйелі, толық, жан-жақты, дәл және оперативті ақпараттарды алуды қамтамасыз етуі керек.
Ауызша бақылау әдістері - әңгімелесу, оқушы әңгімесі, түсіндіру, мәтінді, технологиялық картаны, схеманы оқу және тағы басқалар. Ауызша бақылаудың негізі - оқушының монолог түріндегі жауабы немесе сұрақ–жауап формасындағы әңгімелесу. Ағымдық ретіндегі ауызша бақылау әр сабақта жеке және фронталды формаларда ұйымдастырылуы мүмкін. Ауызша жеке бақылау барысында мұғалім оқушының білім деңгейі туралы толық жәәнее нақты деректтер алады. Ауызша жеке бақылаудың кемшілігі ретінде бір оқушы жауап бергенде басқа оқушылардың оқу белсенділігінің төмендеуін айтуға болады.
Ауызша фронтальды бақылау аз көлемді оқу материалы бойынша бір-бірімен логикалы байланысы бар сұрақтар ретін қажет етеді. Әдетте бұл әдіс қысқа уақыт аралығында оқу материалдарын қайталау және бекіту үшінг қолданылады. Фронтальды сұраудың жеке сұраумен салыстырғанды артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Оның артықшылығы бүкіл сыныптың жұмысын белсендіруге, аз уақыт ішінде көп оқушыларды сұрауға жағдай жасайды, уақытты үнемдейді. Сонымен қатар фронтальды сұрау барлық оқушыларға басқа оқушының жауабын толықтыруға, түзетуге мүмкіндік береді. Бірақ ол оқушының білімінің тереңдігін, жан-жақтылығын тексермейді және ондай сұрау барысында оқушының кездейсоқ сәтті жауаптары болып қалуы мүмкін.
2. Оқушылардың білімін бағалау жолдары
1. Оқушылардың білімін бағалау.
Білімдерді, іскерліктерді және дағдыларды бағалау деп оқушылардың оларды меңгеру деңгейлерін оқу бағдарламаларында көрсетілген эталондық көріністермен салыстыруын айтады. Отандық дидактикада Білімдірді, іскерліктерді және дағдыларды бағалаудың 4-баллдақ жүйесі қалыптасқан.
«5» - толық меңгерген (үздік);
«4» - жеткілікті меңгерген (жақсы);
«3» - жеткіліксіз меңгерген (қанағаттанарлық);
«2» – меңгермеген (қанағаттанарлықсыз).
1. Оқушылардың білімін тексерудің маңызы.
Оқушылардың білімді берік және дұрыс меңгеруін білу білім, білік және дағдыны тексеру арқылы жүзеге асады. Тексеру ұмытудан сақтандыру ғана құралы емес, білімді берік меңгерту құралы да. Әрбір материал мұғалім тарапынан жақсы түсіндіріліп, онан қаншама дұрыс дағды берілгенімен әр оқушының білімі, іскерлігі мен дағдысы есепке алынбаса, олардың материалды қалай меңгергені, мұғалім мен оқушылар еңбегінің барысы, нәтижесі белгісіз болады.
Үлгерімі нашар балаларды бағалау кезінде мұғалім өте мұқият болғаны жөн. Бұл мезетте оқушының тек кемшіліктерін ғана айтпай, кейбір жетістіктеріне көңіл бөліп, мадақтаған дұрыс.
2. Оқушылардың білім, білік және дағдыларын тексерудің жаппай сұрау (фронтальды) және жеке дара түрлері бар.
Фронтальды тексеру немесе жаппай сұрау бұл көптеген оқушыларды орындарын отырып сұраау – жаңа материалды оқыту және оған дайындық кезеңінде қолдану кең тараған. Ол міндетті түрде есте сақтауға арналған білімді тексеру үшін қолданылады.
Фронтальды тексеруді жоспарлай отырып, мұғалім үйде оқушыларға ұсынылатын сұрақтарды ойластырған жөн. Сонымен қатар қай оқушылардан бүгінгі сабақта сұрайтындығын да алдын-ала жоспарлап алу керек. Фронтальды тексеруді жеке дара тексерумен байланыстырған жөн. Жекелей тексеру – оқушыларды жеке сұрау – оқу материалын толық әрі терең меңгерудің обьективті көрсеткіші. Осындай жолмен тексеру кезінде өтілген материалдарды қайта жаңғыртумен бірге грамматикалық құбылыстарды дәлелдеу, түсіндіруге де көңіл бөлінеді. Әр сабақта 2,3 оқушының білім, білік және дағдысын жеке-дара тексеру керек. Жекелей тексеру байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру үшін де маңызды.
3. Фронтальды және жеке-дара тексеру де жазбаша және ауызша болуы мүмкін. Ауызша сұрау сабақтан сабаққа жүзеге асырылып отырылады. Жеке дара ауызша тексеру формасына: белгілі ереже бойынша жауап беру, тақырып бойынша хабарлама, өтілген материал бойынша мысалдар келтіру, сөйлемге түсінік беру. Ауызша жаппай тексеруге сигнальды карточкалармен жұмыс жатады. Көбінесе сигнальды карточкалар өзіндік жұмысты тексеру немесе материалды бекіту, сөздік жұмысын тексеру кезінде қолданылады. Оқытушы сөздерді оқиды, оқушылар орфограммасы бар карточканы көтереді. Сөз құрамдарын тексеру кезінде оқушылар екі сигнальды карточканы көрсетеді: біреуі жұрнақ, жалғау; екіншісі түбір.
Сигнальды карточкалар мұғалімге оперативті тұрғыда барлық сыныптың жетістігі жайлы мәлімет алуға көмектеседі.
Тексерудің жазбаша формасы – бір мезгілде барлық оқушыларды қамту, мұғалімнің ұсынған сұрақтары бойынша олардың білімдерін тексеру. Бірақ оқушылардың білімі жайлы ақпарат кешірек анықталады, себебі тексеру жұмыстары тақырып өтілген соң жүргізіледі.
Диктант үшін «байланыстырып сөйлеуге үйретуге» арналған мәтіндерді қолданған маңызды. Диктант жұмысын бағалау өлшемдері төмендегідей: Диктантқа қойылатын баға нормалары:
«5» деген баға қатесіз, түзетуі жоқ, өте ұқыпты, каллиграфиялық талаптарға сай жазылған жұмыстарға қойылады.
«4» деген баға оқушының жіберген емле қатесі екіден аспаған, 2 пунктуациялық қате жіберілген, 1-2 каллиграфиялық қатесі немесе түзетулері кездескен жағдайда қойылады.
«3» деген баға 3-тен 5-ке дейін емле қатесі бар немесе ол қателер мынадай варианттарда кездескен жағдайда: а) 3 емле, 2-3 тыныс белгі; ә) 4 емле, 2 тыныс белгі, б) 5 емле, 1-2 тыныс белгі қатесі болғанда және ұқыпсыз орындалған, каллиграфиялық нормадан айтарлықтай дәрежеде ауытқыған жұмыстарға қойылады.
«2» деген баға емле қатесі 6-7 дейін болса, жұмыс ұқыпсыз орындалып, сөздер мен әріптер ауыстырылып жазылса, бағдарлама көлеміндегі тыныс белгілері бойынша қателер кездессе қойылады.
Диктантта жіберілген мынадай қателер есепке алынбайды:
а) өтілмеген орфограммалар мен тыныс белгілері болса;
ә) сөйлем соңына нүкте қоймай, бірақ келесі сөйлемді бас әріптен бастап жазса.
Бір қате ретінде есептелетін қате түрлері:
а) бір сөзде бір қате қайталанып кездессе;
ә) екі ұқсас жіберілген тыныс белгілік қате;
б) бір әріптің қайталанып жазылуы;
в) тасымал кезінде сөздің бұрынғы жолда бар бір бөлшегі жаңа жолда қайталанып кездесуі.
Негізгі әдебиеттер: 19, 29, 32, 41
«ҚАЗАҚ (ОРЫС) ТІЛІ мен ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ» ПӘНІ БОЙЫНША 5В010200 БАСТАУЫШТА ОҚЫТУ ПЕДАГОГИКАСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ МАМАНДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ПРАКТИКАЛЫҚ (СЕМИНАРЛЫҚ) САБАҚТАРҒА