Орытынды бақылау тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы соңында өткізіледі. 7 страница

А.Байтұрсынов бастауыш мектеп балаларына мақал-мәтел үйретудің пайдасын айта келіп, оның қысқа да дөл және халықтың тамаша байырғы тілімен қандай да болмасын табиғат немесе адам тұрмысының шындық құбылысын сипаттайтынын көрсетеді.

Мақал-мәтелдер және жұмбақтар бойынша жұмыстар жүргізу үшін, кейде сиректеу болса да жеке сабақ арнаудың да пайдасы мол. Мұндай сабақ ұйымдастыруда оларды белгілі бір тақырыпқа арнап, іріктеп топтап алады.

Мақал-мәтелдер — тәрбиелік мәні күшті, балаларды жақсылыққа баулып, жамандықтан аулақ болуға үгіттейтін өнегелі сөз. Сондықтан әр мақалдың мағынасы талданып, соған қарай белгілі бір қорытынды жасалады.

«Мақал-мәтелдер — халықтың моральдық кодексі, тәрбие теориясы, атаның артындағы ізбасарына қалдырған өнегелі өсиеті. Адамға өткен дәуір — бәрі сабақ. Заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа кітап сөзіндей аса қымбат болғаны да, болатыны да осыдан» — дейді қазақтың халық ақыны, ұзақ жыл «Балдырған» журналының бас редакторы болған М.Әлімбаев.

Жұмбақтар бойынша жұмыс негізінен, оның шешуін табу бағытында жүргізіледі. Ол үшін нәрселерді, құбылыстарды жұмбақтап айтылған белгілеріне карай, іздестіру жолымен табу әдісі ұсынылады. Мұндай жағдайда жұмбақталған нәрсенің жалпы қай салаға жататыны, қандай бағытта ізделетіні айтылады. Мысалы, "іздесем, ізі жоқ, бауыздасам қаны жоқ" жұмбағын шешу керек делік. Бұл нәрсені өзеннен, көлден іздеу керектігі, оның суда болатыны ескертіледі. Мұндай бағыт берілмеген жағдайда балаларға қиындық түседі.

Ал жұмбақтың құрамындағы метафоралық бейне сол жұмбақталған нәрсені іздестіріп табу барысында өзі-өзінен ашылады. Мысалы, жоғарыда айтылған жұмбақты шешу барысында өзен, көлде болатын нәрселер іздестіріледі. Балалар бірден суда болатын балық, бақа-шаян сияқтыларды айтады. Олардың ізі болмағанымен қаны болатыны, ал біздің жұмбағымыздағы нәрсенің қаны да, ізі де жоқтығы айтылады.

Жұмбақтың шешуі табылғаннан кейін, сұрақ-жауап арқылы метафоралық бейне ашылады. Жұмбақта қандай іс жөнінде айтылады? Мұндағы бауыздау сөзінің мағынасын қалай түсінуге болады? (қайықтың тұмсығымен су толқынын кесуі) т.с.с. немесе "Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп" жұмбағының кұрамындағы сөздердің де әуелі тура мағынасы талданады: кез келген нәрсенің салған ізінің сөйлей алмайтындығы, салған іздің сейлеуі дегеннің не екені сұралады. Осы арқылы бұл жұмбақталып отырғанды оқу құралдарының төңірегінен іздестіру керектігі айтылып, олардың ішінде қозғалатын, жүретін қандай нәрселердің бар екені ойластырылады. Егер балалар оны таба алмайтындай болса "Оқу құралдарының ішінде қайсыларында жол бар?" деген сияқты сұрақ арқылы дәптер мен кітапта жол болатыны анықталады. Сонан соң дәптердегі сызық жолдың сөйлей алмайтыны, сөйлейтін жол —жазу екені, жазу жолын қалам, қарындаш салатыны айқындалады. Жұмбақталған қарындаштың белгілерін балалар өздері табады. Жұмбақтағы "салған ізі" дегеннің жазған жазу екенін де айтады. Осы сияқты, екі-үш жұмбақтың шешуі талданып көрсетілгеннен кейін, балалар өздері де заттың белгілерін жұмбақтап айтуға тырысады.

Мысалдарды оқыту. Әдеби шығармалардың басқа түрлерінен мысалдың мынадай өзгешеліктері бар:

а) аллегориямен айтылатыны.

ө) мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны.

б) оның оқылу ерекшелігі. Осыдан келіп, мынадай методикалық сұрақ туады: мысалдағы аллегорияны ашу керек пе, жоқ па? Мұндай сұраққа жауап беру үшін, мысалдың сипатын, мазмұнын, оны балалардың қалай қабылдайтынын байқап қараған дұрыс.

Бастауыш сынып оқушылары мысалды оқығанда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады, оны шындық деп қабылдайды. Сондықтан мысалды оқып шығысымен, автордың ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны кім деп түсінесіндер? дегендей, сұрак, қою қателік болар еді. Өйткені жүмысты мұндай әдіспен жүргізу — оқушылардың мысалды оқығанда алған әсерлерін жояды. Сондықтан балалардың одан алған әсерлері әлсіремей, қайта күшейе түсетіндей, мысалдағы кейіпкерлердің іс-әрекетін тереңірек ұғына түсуіне жағдай жасайтын әдіс-тәсілдер қарастырылады. Ол үшін алдымен мысалдағы суреттелген оқиғаны, қатысушы кейіпкерлерді шындық, өмірде болатындай етіп түсіндіру керек. Ал мысалда суреттелгендер балаларға шындық, болмыс жөнінде қате түсінік береді, өйткені қарға, түлкі сөйлемейді ғой деген сияқтылардан кауіптенудің қажеті жоқ. Олардың сөйлемейтінін балалардың өздері де жақсы біледі, сонда да оны шындық сияқты қабылдайды. Мысалы, балалар тіпті 4-сыныптың өзінде де қылыштасу, атысу ойындарын шындық сияқты ойнайды. Олар таяқтың қылыш, найза еместігін әрине жақсы біледі, бірақ өздерінше шын найза, қылыш деп есептейді. Немесе қыз балалардың кейбіреулері әлі де қуыршақпен ойнайды, оның сөйлемейтінін біле тұра, шын кісі деп есептеп, онымен сөйлесіп отырады. Сол сияқты мысалдағы оқиғаны да бастауыш сынып оқушылары шындықта болатындай көріп қабылдайды.

Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: мысалдарды оқығанда көңіл қоятын жай — оқушыларға оның мазмұнын қабылдату және ондағы кейіпкелердің іс-әрекетін талдау.

Мысалдағы аллегорияны ашу жұмысын 4-сыныпта мынадай тәсілмен іске асыруға болады. Мұнда мысалда суреттелген оқиғаға ұқсас оқиға іздестіріледі. Айталық, И.А.Крыловтың "Қарға мен түлкі" мысалы оқылғаннан кейін біреудің қолындағы нәрсесін алдап алу өмірде кездесе ме, ондай әрекет жақсы ма, жаман ба... дегендей сұрау қою арқылы, ондағы негізгі ойды түсінуге жеңілдік жасалады. Кейбір жағдайларда мысалда суреттелген оқиғаға өмірде болатын ұқсас оқиға табу жұмысы мысал оқылмас бұрын, алдын ала дайындық әңгіменің барысында жүргізіледі.

Мысалдың екінші ерекшелігі — онда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мәні бар, қорытынды пікір болатындығы. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында беріледі. Мысалы, "Қарға мен түлкі" мысалынан шығатын қорытынды мәтіннің басында берілген:

Жұрт біледі, күледі,

Сұрқия тілдің жаманын,

Қошеметшілердің амалын,

Сонда да солар қайда жоқ,

Ептеп айтса, ересің,

Артынан өкінсең де пайда жоқ...

Мысал оқытуда осыдай қорытынды пікірді пайдаланып, құрғақ сөзбен "Мұндай жаман мінез-құлықтан, іс-әрекеттен аулақ болу керек" деудің бастауыш сынып оқушыларына әсері шамалы болады. Ондай үгітті тіпті сол оқылып отырған мысалдан үзінді келтіре отырып айтқанда да, кішкене балалардың санасына бірден қона қояды деу қиын. Сондықтан мысал оқытуда онда айтылатын үгітті табуға тырыспай, оның кейіпкерлері мен сол кейіпкерлердің іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан сөздеріндегі ой анық ашылуға тиіс. Осыған орай, мысалдан шығатын қорытынды пікірді оның мазмүны талданып болғаннан кейін оқуға болады. Оқығаннан кейін оның мән-мағынасын нақтылаңқырап түсіндірген дұрыс.

Мысал оқытудың үшінші ерекшелігі — оны дауыстап, дұрыс, мәнерлеп оқу тәсілінде. Мысалдағы айтылатын сөз автордың атынан айтылмай, кейіпкердің атынан баяндалатын болса, сол кейіпкердің басындағы ерекшелігіне қарай, дауыс сазы да құбылып отырады. Мысалы, "Шал мен малайды" өткенде, ол екеуінің сөзі немесе "Қарға мен түлкіде" түлкі мен қарғаның сөзі бір ырғақпен оқылмайды. Тіпті бір кейіпкердің сөзін оқу мәнері де оның қылығына қарай түрлене береді. Шалдың: "Бауырым, түгеншежан, айыршы!" дегені жалынышты үнмен оқылса, "Әумесер, ақылың жоқ, ит доңыз" — деген сөздерді жекіру, ұрсу мәнерінде, ал малайдың:

Ұрсасың неге, шалым маған, — деді, —

Сөккендей не істедім саған? — деді, —

Жазғаным менің сені аю жаудан

Айырып алғаным ба аман? — деді, —

Сөздері таңырқаған, шарасыздық сезіммен, сұраулық мән беріліп оқылады. "Қарға мен түлкі" мысалында автор сөзі бір әуенмен оқыла келе, түлкінің сөзі басталған кезде дауыс құбылып отырады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен автордың сөз қолдануына қарай, дауыс ырғағының құбылуы балалардың ынтасын арттырып, мысалдың кейбір жолдарын бір-екі оқығанда-ақ жаттап алуларына жағдай жасайды.

Қорыта айтқанда, мысалды төмендегідей жолдармен оқытуға болады:

І.Оқылатын мысал жөнінде мұғалім алдын ала әңгіме өткізеді; онда балаларға түсінігі ауырлық келтіретін сөздердің (сол мысалдың ішінде кездесетін) кейбіреулерін кірістіре отырып, олардың мағыналарын аша кетеді.

2. Мұғалім мысалды әуелі нақышына келтіре, өзі оқиды, сонан кейін оқушыларға оқытады.

3. Мысалдың мазмұны талданады.

4. Мысалдың кейбір жерлерінен үзінді келтіре отырып, ондағы негізгі ойдың не екені қорытындыда әңгімеленді.

5. Мысалдың мазмұнына ұқсас өмірде кездесетін іс-әрекеттерден мысалдар келтіріледі.

6. Мүмкіндігіне қарай рольге бөліп оқытылады.

Бірақ мұнда мысалдағы бір сөздің өзін (автор сөзі, мысалы, "дейді"-ні біреуі т.с.с.) бөліп-бөліп бытыратып, мысалдың берекесін кетіріп, түсініксіз жасап, ролге бөлудің пайдасы жоқ.

Бұл көрсетілгендер өзгеріссіз осы күйінде үнемі сақталып отырылсын деген ой тумасқа тиіс. Өйткені мысалдың мазмүны мен сипатына карай, бұл айтылғандардың кейде қысқартылуы немесе толықтырылып отырылуы да мүмкін. Дегенмен мысал оқытуда негізінен осы принципті ұстанған жон.

Ғылыми мақалалар мен очерктерді оқыту. Бастауыш сынып оқушыларында ғылым салаларынан хабар беру және табиғат құбылыстары, еліміздегі бұрын болған және қазіргі қоғамдык алуан түрлі оқиғалар туралы мағлұматтарын толықтыру мақсатымен оқулықтарда ғылыми мақалалар берілген. Мұндай мақалаларды оқудың ерекшеліктері бар. Олар:

1. Тақырыптың не нәрсеге арналатыны анық көрініп тұрады және оның мазмұны, мақсаты болады. Мысалы, тақырыбы еңбек процесіне немесе адамдардың әлеуметтік түрмысына т.с.с. арналса, ол мақаланың мақсаты осы туралы дәл мағлүматтар беру болып табылады.

2. Ғылыми мақалалар бір құбылыстың ерекше белгілерін корсетіп қана коймайды, сонымен қатар оның баска құбылыстармен, фактілермен байланысын көрсетеді, оны пайдалануға үйретеді. Сондықтан ғылыми мақалалардың мазмүнын айтканда логикалық тәсілдер пайдаланылады. Мысалы, Ақселеу Ссйдімбектің 2 сыныптағы "Түлкі түгінен жазған" мақаласын ойлаудың индукция тәсілімен түсіндірген жөн. Онда түлкінің не істегені жөнінде фактілер тізіліп көрсетіледі де, соңында "Мен күшіктері үшін мұншалықты есті тірлік жасап жүрген түлкіге қайран қалдым " деген қорытынды шығарылады.

3. Ғылыми мақалалардың тіл ерекшелігі де болады: арнаулы терминология, сөзді дәл қолдану, сөйлемдердің синтаксистік құрылысының қатаң тәртіпте болуы т.б. Алайда мұндай ерекшеліктерге қарап ғылыми мақалаларда балалар үшін бейнелі тіркестер мүлде кездеспейді екен деген ұғым тумасқа тиіс. Мысалы, "Аққулы көлде" (С.Сейфуллин), "Гүлдер көбелектер" (Ө.Тұрманжанов) т.с.с мақалаларда лирикалык элементтер мен бейнелі тіркестер молынан ұшырайды. Сонда да болса, ғылыми мақалаларға тән ерекше белгілер бар.

Ғылыми мақалалар мен очерктер тақырыптық жағынан ұқсас. Очерк — бір нәрсеге қысқаша мәнерлі сипаттама беретін әдеби шығарма. Ғылыми мақалалардан ерекшелігі очерк көркемдік сипатта жазылып, сюжетке құрылады. ("Қаһарлы күндерде", "Мерген қыз", "Азаттық сақшысы" т.б.).

К.Д.Ушинский ғылыми мақалаларды логикалық оқу деп атайды. Бұл өте дұрыс. Өйткені мақалалар коркем шығармалардағыдай, бірден оқушының сезіміне әсер етіп, кейіпкерлердің іс-әрекетімен балаларды еріксіз еліктіріп әкетпейді, зейінді, ерік күшін талап етеді.

Мақалаларда немесе очерктерде әдетте мүлде жаңа фактілер беріледі, сондықтан оқуға кіріспес бұрын міндетті түрде дайындық жұмысы керек. Мұнда бірде біз балаларды мақалалардан жаңа ұғым алуга дайындаймыз, яғни оқуға деген қызығушылық сезімі туып, мақаланы қабылдауға балалар толық дайындалады. Екіншіде балаларды мақаланы қабылдауға ғана дайындап қоймаймыз, дайындық кезінің өзінде білім береміз. Мысалы, 4- сыныпта "Сырым батыр" мақаласын оқымас бұрын Сырым батыр деген кім екенін, ол қай кездерде өмір сүрген адам, мақала неге "Сырым батыр" деп аталғанын т.с.с. мәселелер жөнінде түсінік бермей, мақаланы оқудың пайдасы аз.

Дайындық жұмысынан кейін мәтін оқылады. Егер мәтін қысқа болса, тұтас оқылады, онымен жұмысқа дайындалады. Оқушылар мәтінді оқығаннан кейін берілген сұрауларға жауап қайтарып, тапсырмаларды орындайды. Мұнда мәтін бойынша қандай жұмыс жасайтындары дайындық кезінде ескертіледі.

Мақала оқылу барысында екі рет талданады. Бірінші оқығанда сөздердің мағынасы, кейбір фактілер анықталып, болімдердегі басты ойды аңғару мәселелері жөнінде жұмыс жүргізілсе, екінші рет оқылғанда фактілердің арасындағы байланыстарди табу, қорытынды жасау жұмыстары жүргізіледі. Кейбір жағдайларда мақаланың мазмұнын меңгерту үшін үшінші рет оқытуға болады.

Ғылыми мақалаларды оқытуда терминдер мен қорытындыларға ерекше көңіл ауларылады. Терминдер, түсінуге ауыр сөздер мен тіркестер қайта оқытылады. Дайындық жұмысы кезінде оларға берілген анықтамалар қайталанады, қорытындыланып, талқыланады, егер анықтамалар қысқа болса, тақтаға жазылады.

Тақырып 10. Сөзжасамды оқыту технологиясы

Дәріс жоспары:

1. Грамматикалық ұғымдардың мәні.

2. Сөздің морфемалық құрамын оқыту әдістемесі.

3. Грамматикалық және сөзжасам жаттығулары, олардың типтері.

4. Грамматикалық талдау, оның түрлері.

Грамматика курсының негізгі мақсаты оқушыларға ана тілінің заңдылықтарын грамматикалық курс ерекшеліктерін білгізу, оның байланыстарын меңгерту болып табылады. Бастауыш сыныпта оқылатын тіл сабақтары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тіл мен әдебиеттен алғашқы мағлұматтар беру, тілін байыту, еркін сөйлесу мен сауатты жазуға ұйымдастыру мен қатар мынадай тәрбиелік міндеттерді шешеді:

- оқушылардың дұрыс көзқарасын қалыптастыру, осының негізінде саяси идеялық, адамгершілік, эстетикалық сезімдерін ояту, логикалық және бейнелі ойлауды жетілдіру;

- айналадағы дүние туралы, адам, табиғат, қоғам туралы білімдерін байыту;

- орындауға керекті жаңа іс-әрекеттер, түрлі оқу әрекеттерін меңгерту, сабаққа берілетін уақытты тиімді пайдалану, өздігінен жұмыс істей білуге баулу;

Грамматикалық ұғымдар дегеніміз - сөздерге, сөз тіркестеріне, сөйлемге, қосымшаларға т.б. қатысты белгілердің дерексіздене отырып жинақталып, жүйеленуі. (Уәйісова Г.) Сондықтан, грамматикалық ұғымдарды, оның ішінде тілдің морфемалық жүйесін оқыту балалардың психофизиологиялық мүмкіндіктерін анық білуді қажет етеді:

Осыған орай:

1. Балалардың қабылдау мүмкіндігінен артық ұғымдарды түсіндіруге болмайды.

2. Берілген ұғымдар туралы тым қарапайымдандырып немесе қайта-қайта түсіндіріп, балалардың белсенді таным қабілетіне кедергі жасауға болмайды.

3. Берілетін материалдың мазмұнынына орай балалардың психофизиологиялық мүмкіндіктеріне қарай сабақ құрылымын оқыту әдістерін түрлендіріп отыру қажет.

«Сөз құрамы» екінші және үшінші сыныптарда өтіледі. Екінші сыныпта түбір, қосымша, жалғау, жұрнақ, туынды сөз; үшінші сыныпта біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер деген грамматикалық ұғымдар меңгертіліп, олардың мағыналары, жасалу жолдары, жазылу емлелері үйретіледі.

Қазақ тілі грамматикасын оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер: Әңгіме әдісі немесе сұрақ -жауап әдісі, ал кейде эвристикалық әдіс деп те аталады. Мұғалім сұрақ қояды, оқушылар өз білгендері бойынша жауап қайтарады. Бұл әдіс балаларды ойландырады, өздіктерінен пікір айтуға итермелейді, олардың белсенділіктерін күшейтеді, зейіндерін сабаққа аударуды қамтамасыз етеді. Эвристикалық әдіс кейде проблемалық әдіспен ұштасады. әңгіме кезінде балалардың алдына белгілі бір міндет немесе проблема қойылады, оны балалар өздері шешуге тиіс. Мысалы, оларға бақылауға бірнеше сөз немесе сөйлем беріледі, соның ішінде мағынасы жағынан бір сұраққа (мысалы, «қайда?» сұрағына жауап беретін әр түрлі жалғауда тұрған зат есімдерді, мәселен, қалада, далада, мектепте, балабақшада т.б. ) жауап беретін бірнеше сөздерді табулары керек.

Грамматика сабақтарында өтіліп отырған материалға (оқушылардың) балалардың ой жүгіртуіне, пікір айтуына қарай индуктивтік немесе дедуктивтік әдістер қолданылады. Мұғалім бірде (индуктивтік жағдайда), тіл құбылыстарын жеке – жеке түсіндіріп, сонан жалпы қорытынды шығартады; бұл жолда қолданылған әдіс индуктивтік немесе индукция әдісі деп аталады. Ал, екінші жағдайда анықтаманы немесе ережені хабарлап, сонан соң оны нақты материалға қолдануды (берілген сөздерді, сөйлемдерді немесе тексті талдауды) ұсынады, өздеріне мысал келтіртеді. Мұндай жолмен ұйымдастырылған жұмыста қолданылатын әдіс дедуктивті немесе дедукция әдісі деп аталады. /Слайд көрсету/.

3. Сөздің морфемалық құрамын оқыту әдістемесі

Сөз құрамын оқытудың, морфемаларды оқып-білудің маңызы мынада:

1. Сөзді морфемалық құрамына қарай таңдау және сөз жасау жаттығулары оқушылардың логикалық ойы мен тіл байлығын дамытуға әсерін тигізеді.

2. Сөз құрамы жөнінен теориялық материалдармен танысу балалрдың тіл туралы білімдерін кеңейтеді.

3. Сөз құрамын оқып-үйрену оқушылардың орфографияны толық меңгеруіне, сауатты жаза білуіне негіз қалайды, себебі қазақ тілінен түбір сөздерін жазу морфемалық процеске негізделеді.

4. Оқушылардың сөздің мәнін терең түсініп, дұрыс қолдана білуге, сөз мағынасы мен формасының ара қатынасына зейін аударуға дағдыланады.

5. Балалардың сөздік қорын байытып, сөз тіркесінің байланысын табуға, өз ойынан сөз тіркесін жасауға, сөйлем құрау дағдысына машықтандыру, орфографиялық норманы сақтап, мәнерлеп оқуға, таза сөйлеуге үйретуде де маңызы зор.

Сөз құрамын (морфемаларды) меңгерту төмендегідей міндеттерге жетуді көздейді.

1. Жүйелі практикалық жұмыс процесінде оқушылардың түбір, жұрнақ, жалғау деген ұғымдарды саналы меңгеруі қамтамасыз етіледі.

2. Оқушыларды сөзді бөлшектерінде талдай алу іскерлігіне машықтандыру, яғни сөздің түбірін, жұрнақ, жалғауларын тану, берілген бір сөзге түрлі-түрлі жұрнақ жалғап түбірлес сөздер жасау, бір ғана жұрнақ жалғанған әр алуан түбірі бар сөз табу сияқты көптеген жаттығу жұмыстары атқарылады. Сөйтіп, түбір формасы бірдей, мағынасы басқа сөздерді түбірлес сөздерден, ал, түбірлес сөздерді омонимдер мен көп мағыналы сөздерден ажырата білуге үйренеді.

3. Оқушылар орфографиямыздың морфологиялық принципті мәнімен танысады.

4. Оқушыларға дұрыс жазу ережелерінің негіздерін білдіріп, олардың өз сөздерінде өте жиі қолданылатын қосымшаларды пайдалануға назар аударылады.

5. Балаларға жаңа сөз жасату, лексикалық жаттығулар жүйесінде олардың актив сөздігін байыту, шығармашылық сипаттағы тапсырмалар орындату, байланыстырып сөйлеуге үйрету міндеттерін шешу де көзделеді.

Қосымшаларды таныстырғанда, мына кестені пайдалануға болады.

Оның бірінші бөлімі бір сөзге әр түрлі қосымша жалғанатынын, ол қосымшалар өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа бір сөзбен байланыстырып тұратыны байқатылады. Екінші мысалдан түбірге қосымшалардың жалғану тәртібі көрінеді. Түбірге алдымен жұрнақ, одан соң жалғаулар үстемелеп жалғанатыны талданып, таныстырылады:

1. Шопан жайлау -ды көрді.

-ға шықты.

-да болды.

-дан қайтты.

2. Біз кеме -ші -лер -мен кездестік.

Сөздің түбірге жалғанатын бөлшегін қосымша дейміз.

Екінші сыныпта өтілетін сөз құрамы тақырыбы бойынша үйретілетін білім мазмұны мынадай: түбір сөз, яғни негізгі түбір, қосымшалы сөз, қосымша, бір түбірге қосымшаның жуан не жіңішке болып жалғанатын емлесі, қосымшаның жұрнақ және жалғау болып екі түрге бөлінетіні, туынды сөз, қосымшалардың сөзге жалғану тәртібі.

Түбірмен таныстырғанда, мысалға алынатын сөздің оқушыларға таныс заттың атын білдіретін сөздер болуы ескертіледі ал, қосымшалардан оқушылардың тез түсінуге қолайлысы-көптік жалғаулар.

Бұл арада көптік жалғау деген термин әзір аталмайды. Бірақ көптік жалғауды таныту қызметіне дайындық жасалып, балаларға оны практикалық тұрғыда байқату, түсіндіру мақсаты жүзеге асырала бастайды. Одан әрі қарай қосымшалардың түр-түрі кездесетін сөздер арқылы қосымшалы сөз жасалатыны көрсетіледі. Қосымшалардың сөзді түрлендіретіні және сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөйлем құрауға қызмет ететіні бірте-бірте танытылады. Сонымен, бұл тақырыптан оқушылар сөздің өзгермейтін бөлігін негізгі түбір (түбір сөз), сөздің түбірге жалғанатын бөлшегін қосымша деп атайтынымыз жөнінде екі ереже үйренеді. Жаттығу тапсырмаларын орындатқанда, түбір сөзді қосымша сөзге айналдыру, қосымшалы сөзден түбірді таптыру немесе берілген сөздерде лайық қосымшаларды тауып жалғап жазу міндеттері орындалады. Осы жұмыстарға байланысты түбір мен қосымшаға байланысты емле мәселесі де ескеріліп, үйретіледі. Демек түбірдегі дауыстылардың жуан не жіңішке дыбыс болуларына қарай қосымшалардың да жуан немесе жіңішке болып жалғанатыны, ал түбірдің соңғы дыбысының дауысты, қатаң, ұяң болуына сәйкес қосымшалардың алдыңғы дыбысының сондай дыбыстан басталып, үйлесіп жалғанатынына мысалдар арқылы бақылатып, жаздырып түсіндіріледі. Мысалы, ән, оқу, аң сөздеріне –шы, -ші қосымшаларының, біл, айт, жаз сөздеріне –қыш, -ғыш, -гіш қосымшаларының лайықтысын жалғау – жөнінде тапсырма беріледі.

Наши рекомендации