Орытынды бақылау тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы соңында өткізіледі. 6 страница

Орфография принциптері. Сауатты жазу дағдысы емле ережелерін жақсы білуге байланысты қалыптасады. Оқушылар емле ережелерін өз бетімен емес, мұғалімнің үйрету нәтижесінде ұғынады. Қазақ тілінің орфографиясы үш принципке негізделеді. Олар: морфологиялық принцип, фонетикалық принцип және дәстүрлі (тарихи) принцип. Бұл принциптердің сипаттары мен қолданылатын жағдайларына қысқаша шолу жасайық. Тілде жазу үш принципке сүйенеді.
1. Морфологиялық принцип. Бұл принцип бойынша сөздер айтылуынша емес, бастапқы түбір тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы: бас-шы (айтылуындай башшы емес), түн-гі (түңгі емес), Жан-пейіс (Жәмпейіс емес) болып сөздің түбірі де, қосымша да өз тұлғаларын сақтап жазылады.
2. Дәстүрлі (тарихи) принцип бойынша сөздер әуелгі тұлғасында емес, тілде қалыптасқан тұлғасы бойынша жазылады. Мысалы: хал, хат, хабар т. б. сөздер қал, к,ат, қабар болып жазылмайды, дәстүр бойынша қалыптасқан тұлғасында жазылады.
3. Фонетикалық принцип бойынша сөздер дыбыстық заңдарға сүйеніліп, айтылуы және естілуі бойынша жазылады. Мысалы, жаздыгүні, сексен, бүгін, жауып қойды, белбеу сияқты сөздер осылай айтылуынша, естілуінше жазылады, ал бұл сөздердің тарихи тұлғалары — жаздың күні, сегіз он, бұл күн, жап+ып қойды, белбау.
Қазақ тіліндегі сөздер бір ғана принцип бойынша жазылмайды. Сөздердің көпшілігі морфологиялық принцип бойынша жазылса да, фонетикалык және дәстүрлі принциптер бойынша да жазылатын сөздер аз емес. Оны қазақ тілінің ресми бекітілген «Орфографиялық (емле) ережелері» мен орфографиялық сөздіктері белгілеп отырады. Орфографиялық ережелерді Қазақстан республикасының Жоғарғы Кеңесі бекітеді.

Орфография зерттейтін объектілер мыналар:

1. Әріптердің жазылу емлесі.

2. Түбір мен қосымшалардың қолданылу жолдары.

3. Сөздің бөлек-бөлек не бірігіп, я дефис арқылы жазылу емлесі, қысқарған сөздердің жазылуы.

4. Бас әріптердің қолданылуы мен жазылуы.

5. Сөздің тасымалдану жолдары.

6. Шылау сөздердің жазылу емлесі.

Есту факторына негізделген жаттығу жұмыстарын оқыту практикасында диктант деп атау кеңінен орын алады. Бастауыш сыныптарда диктанттың ескерту, түсіндірмелі, терме, еркін, сөздік, бақылау, өздік және шығармашылық тәрізді түрлері қолданылады. Ал, жаздырылатын материалдың сипатына қарай I сыныпта әріп диктанты, буын диктанты, сөз диктанты дейтін түрлер де пайдаланылады. Әлбетте, бұл диктанттар I сынып оқушыларының әріп, буын және сөз тануларына байланысты қолданылады. Сөйтіп, балалардың тиісті дыбыстың әрпін жазуды үйреніп келе жатқанын, белгілі буындардың құрамында неше әріп, қай әріптер бар екенін, буын жасап тұрған не әріп екенін қалай түсінетіндігін байқау үшін, сонымен бірге кемістіктерін қолма-қол түзетіп, дұрыс ұғым беру үшін жүргізіледі. Сонымен бұл диктанттардың оқушылар білімін байқау — бақылау мәні де, үйрету мәні де болады.

Бақылау диктанты әр сыныпта шамамен 5 рет (әр оқу тоқсаны сайын – 1 рет, оқу жылының қорытындысы бойынша – 1 рет) алынады. Диктантқа арналған сөз саны төмендегідей:

1-сынып - І жартыжылдықта 8-10 сөз, жыл аяғында 20-25 сөз.

2-сынып – І жартыжылдықта 30-35 сөз, жыл аяғында 35-40 сөз.

3-сынып – І жартыжылдықта 40-50 сөз, жыл аяғында 50-65 сөз.

4-сынып – І жартыжылдықта 65-70 сөз, жыл аяғында 75-80 сөз.

Сөздік диктанты:

1-сынып 1-8 сөз

2-сынып 8-12 сөз

3-сынып 12-15 сөз

4-сынып 15-20 сөз

Орфографиялық талдау. Орфографиялық талдау қазақ тілі сабағында жүргізілетін басқа жұмыстармен қатар жасалады. Ол, әрине, грамматикалық талдау және диктант жұмыстарына байланысты жүреді. Емлелік талдау үш жолмен жасалады.

1.Баспа мәтінді талдау.

2.Оқушылардың мұғалім тексеріп берген жұмысын талдау.

3.Мұғалім берген тапсырманы ауызша талдау.

Негізгі әдебиеттер: 6, 10, 23, 24.

Тақырып 9. Әртүрлі жанрдағы шығармалармен жұмыс ерекшеліктері

Дәріс мазмұны:

1. Қысқа мазмұнды әңгімелерді оқыту.

2. Өлеңді оқыту ерекшелігі.

3. Ертегілерді оқыту.

4. Мысал, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді оқыту.

5. Ғылыми очерк, мақалаларды оқыту.

«Көркем шығарма – білім көзі, тәрбие құралы» десек, бастауыш сыныптарға ұсынылатын әңгімелер бала танымына сай белгілі бір оқиға желісіне негізделген, көркем бейне қызғылықты бейне арқылы қабылданатын көркем шығармалар болуға тиіс.

Қазіргі оқу бағдарламалары мен ана тілін оқыту технологиялары оқушылардың өзіндік әректін ұйымдастыруды, өзіндік сана, ой-пікірін қалыптастыруды алға тартады. Соған сәйкес бастауыш сыныптарды көркем шығармаларды оқу сабақтарының оқушының оқушының әдеби сауаттылығы мен теориялық білімді коммуникативтік біліктілікпен ұштастыра білуіне, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі мен ұлтжандылық қасиет қалыптастыруына орай ұйымдастырылуына мән беріледі.

Оқулыққа қазақ балалар әдебиетінің көрнекті жазушыларының балаларға арналған қысқа мазмұнды, танымдық, тәрбиелік мәні зор әңгімелері мен мысалдары алынады. Ы. Алтынсариннің «Талаптың пайдасы», А. Байтұрсұновтың «Балықшы мен балық», Ж. Аймауытовтың «Құштарлық», Б. Соқпақбаевтің «Балапан торғай», Д. Касеновтың «Тасымал», А. Хамзиннің «Мейірім», А. Жақсыбаев «Талшыбық», Ә. Табылдының «Аппақ бала», Ә. Шынбатыровтың «Ақ кептер», Ж. Жұмақановтың «Әлияның ерлігі», Ә. Бөриевтің «Бауыржан» т.б шығармалары орын алады.

Мектептің бастауыш сатысында әңгімелерді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүргізіледі:

  1. Әңгімені қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау;
  2. Әңгімеге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;
  3. Әңгімені оқу (мұғалім, оқушы, рөлге бөліп, т.б)
  4. Әңгіменің мазмұнын айту;
  5. Әңгіменің негізгі ойын ашу;
  6. Әңгіменің оқиға желісін аңғарту;
  7. Әңгімені талдау (көркем бейнені анықтау, т.б);
  8. Әңгімені бөліктерге бөлу;
  9. Әңгімеге жоспар жасау.
  10. Әңгіме мазмұны бойынша шығармашылық жұмыстар (мазмұнды ішінара өзгерту, мазмұнды толық өзгерту, сюжетті сурет салу, т.б).

Екінші сынып оқушылары әңгіме мазмұнын бірден түсіне қоймайды, бұл сол жастағы баланың психо-физиологиялық ерекшелігіне байланысты болады. Сондықтан көркем шығарманы оқымас бұрын мұғалім төмендегідей дайындық жұмыстарын ойластырады:

  1. Әңгіме мазмұнына байланысты сұрақ-тапсырмалар дайындау.
  2. Дидактикалық материалдар дайындау (ребус, аннаграмма, метаграммалар, сөзжұмбақтар мен жұмбақтар, тест үлгілері т.б)
  3. Көрнекі құралдар дайындау (аудио-видио құралдар, слайдтар, бейне тапсырмалар, фильмдер, (мультимедиялық, диафильм, кинофильмдер), суретті кітапшалар, сюжетті суреттер, т.б.).

Мысалы, оқулықтың «Менің елім – Қазақстаным» бөлімінде А. Қыраубаевтың «Сұлтан Бейбарыс» атты әңгімесі берілген. Әңгімені оқуға кіріспес бұрын жүргізілетін алғашқы жұмыс – мұғалім оқушы назарын жаңа тақырыпқа аудару үшін мынадай сұрақтар дайындалады:

  1. Сұлтан Бейбарыс жайлы не білесіңдер?
  2. Ол қай елден шыққан екен?
  3. Бейбарыс туралы қандай кинофильм түсірілді?

Оқушылар Бейбарыс туралы хабарлама деректен соң, әңгіменің авторы мен тақырыбына, Бейбарыс өмір сүрген кезең жайлы қысқаша тоқталады. Осы ретпен оқушыларға автор мен кейіпкердің суреттерін (актер Н. Жантөриннің суреті), кинофильмнен үзінді көрсетуге болады.

Мәтінде пәлендей бала түсінгеніне ауырлық келтіретін сөздер кездеспейді. Алайда күределі болуы мүмкін деген «жауапкершілік кезі», «әскербасы», «мауқын басады» деген сөздеріне түсініктеме берілген.

Әңгіме мазмұнын түсінудегі басты жұмыс – шығарманы оқу. Жалпы әңгімені 1-2-сыныптарда мұғалімнің өзі оқып шыққаны абзал. Шығарма бастан аяқ толық оқылса ғана бала одан әсер алады. Мұғалімнің бір рет мәнерлеп оқығанынан оқушы шығарма мазмұнын толық түсіне кетуі мүмкін емес, солай бола тұрғанмен әңгіме мазмұнын ұғып алуға деген ықыласты туғызу ең маңызды жұмыс саналады. Келесі орындалатын іс – шығарманы баланың қызығушылығы төмендегідей тұрғанда оқушыларға оқыту. Бұл жұмысты мұғалімдер түрлі тәсіл арқылы орындатуға болады. Сондай тәсілдерге мыналар жатады:

  1. Мәтінді оқиға желісі бойынша оқушыларға бөліп оқыту.
  2. Мәтінді рөлге бөліп оқыту.
  3. Мәтінді толық бір оқушыға оқыту.
  4. Мәтінді шығармашылық тапсырмалар бойынша оқыту.

Оқушыларға шығарма мазмұнын меңгерту үшін оның мазмұнын ашатын, түсінігін қалыптастыратын төмендегідей логикалық сұрақтар беріледі:

  1. Әкесі мен баласы не туралы әңгімелесті?
  2. Әкесі баласына кім туралы әңгіме айтты?
  3. Сұлтан Бейбарыс туған жерін қалай есіне түсіреді?
  4. Бойтұмарды неліктен қадір тұтады?
  5. Әркімге туған жері неге қымбат?

Оқушылар сұрақтарға жауап беру барысында әңгіме мазмұнын біршама түсініп, өз ойын жеткізуге тырысады. Мұғалімнің басты әрекеті – оқушының сұраққа толық жауап беруін, сөйлемдерді дұрыс құрап айтуын қадағалау, байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға көмектесу, өз бетінше ой түйіндеуге, пікір айтуына жағдай жасау болып табылады.

Бастауыш сыныпта оқушылардың оқу жағдайын қалыптастыру күрделі жұмыстардың біріне жатады. Әңгімені оқу үшін бала сөзді буындамай, ұластырып тұтас оқуы, шапшаң оқи білуі тиіс. Екінші сыныпта мұғалім көбінесе оқушылардың оқу сапасын күшейту жұмыстарына күш салады. Бұл жұмыстарға – дауыстап оқыту, сұрақ-тапсырмалар бойынша жауабын тапқызып оқыту, суреттеулер мен сипаттауларды тапқызып оқыту, оқиға желісін бөліп оқыту сияқты әдіс-тәсілдер жатқызылады. Шығармашылыққа негізделген мұндай тапсырмаларды мұғалім бірыңғай топтық жұмыс, сараланған топтық жұмыстар арқылы да жүргізуге болады. Топтық жұмыстар оқушының топ алдындағы жауапкершілігін, топбасшы бола білу, бірлесе шешім қабылдай білу, жеке дара шешім қабылдай білу сияқты қабілеттерін қалыптастырады.

Оқу сабақтарында ойын әдістерін пайдаланудың да маңызы зор. 1-2-сынып оқушысы ойнай отырып әрекет жасауға, ойнай отырып ойлануға, ойланып отырып еркін сөйлеуге дағдыланады. Ойын сондай-ақ баланың ақыл-ойын, қиялын дамытуға әсер етеді. Әдебиеттік оқу сабақтарында көбінесе ұлттық ойындар (жұмбақ, айтыс ойындары т.б) мен дидактикалық ойындарды түрлентіп өтудің пайдасы зор. Дидактикалық ойындар, әсіресе, сабақты бекіту, оқушыларды сергіту кезінде жиі пайдаланылады.

Оқулықтағы бөлімдер мазмұны баланы Қазақстанның ертеңгі болашағы – жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Баланы адамгершілік пен имандылыққа, еңбексүйгіштік пен іскерлікке, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін шығармалар «Асыл сөз», «Өнегелі өмір», «Еңбек түбі – береке» сияқты бөлімдерде сараланып отырды. Оқушыларға ұсынылған шығармалар баланы бір жағынан қайырымдылыққа, екінші жағынан еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа үнемділікке үйретеді, ал үшіншіден, баланы саутты өмір сүруге, спортпен айналысуға баулиды. Оқулықтағы бөлімдерге енген көркем шығармалар жалпы алғанда өз елін сүйетін, туған жерін қорғайтын, ана тілін қастерлейтін Қазақстан атты тәуелсіз Отанның ұлтжанды, отансүйгіш адал азаматын, ертеңгі елінің тұтқасы болар дара тұлғаны тәрбиелеуде мақсат етеді.

Әдеби шығарма өмірді түсінуге көмектеседі. Ақын-жазушылардың идеясы, көркемдік шындығы, шығарманың мазмұны арқылы оқушыларды баурап, оларға түрлі сезім, ой туғызады, өмірге көзқарасын қалыптастырады. Көркем әдеби шығармалардың мұндай ерекшеліктері өзіндік әдістемені қажет етеді.

Бастауыш сыныптың ана тілі оқулықтарына көркем шығарманың мынадай жанрлары енгізілген: өлең, жұмбақ, әңгіме, мысал, ертегілер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, айтыс, шешендік сөздер, ғылыми мақалалар мен очерктер, т.б. Оқушыларға мәтінді қабылдаттыру үшін әр түрлі әдістерді қолданып, сабақты жаңартып отырса құба-құп. Ол үшін ең алдымен дұрыс мәнерлеп оқуға көп көңіл бөлу керек. Оқушылардың білім алуы - ең алдымен мәтінді қабылдау болып табылады. Көркем сөзді мәнерлеп, өлеңді мәнерлеп оқып, жатқа айтудың, оқушылардың шығармашылық түйсігін қалыптастыруда маңызы зор,

Өлең сөздің тыңдаушыларын өзіне баурайтын сазды, әуезді өрнек-нақышы, эмоциялық бояуы, үні, дыбыс әуені, мәні, табиғаты ауызекі естілгенде ғана ашылмақ. Осындай сиқырлы күшінен де болар, ұлы Абай "Өлең сөздің патшасы, сөз сарайы" деген. Өлең сөздің құдыретті қасиетін бала бойына ерте бастан сіңіру, зердесіне жеткізу - оқу-тәрбие ісінде үлкен мәнге ие. Жақсы өлең жақсы оқылмаса, оның өңі қашады, мазмұны сүреңсіз, әсерсіз шығады.

Өлең сөздің ырғақ, ұйқас, бунақ, тармақ, шумақ кідірістері - қара сөзбен жазылған шығармалардан даралап тұратын белгісі. Осы ерекшеліктер өлеңді ауызша оқығанда, жатқа айтқанда арнайы ескертіледі.

Бастауыш сынып оқушыларына берілген өлеңдер алуан түрлі болып келеді. Кейбір өлеңдер белгілі бір оқиғаға құрылса, ал енді бір тобы автордың көңіл-күйіне, асқақ ойының мағынасын білдіреді.

Өлеңдерді оқу тәртібін шамамен былайша көрсетуге болады:

1) Өлең оқылмас бұрын оның мазмұнына қарай оқушымен әңгіме өткізіледі. Бұл әңгімеде өлең ішіндегі оқушылардың ұғымына ауырлау деген бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы түсіндіріледі.

2) Өлеңді ырғағына келтіре, мәнерлеп алдымен мұғалімнің өзі оқып шығады. Оқу барысында балалар кітаптарын жауып, тыңдап отырады.

3) Оқушылар өлеңге әуелі іштерінен көз жүгіртіп өтеді де, сонан кейін оны дұрыстап оқиды.

4) Өлең мазмұны талданады. Кейбір көлемдірек өлеңдер бөлім-бөлімге бөлініп, ал қысқа өлеңдер тұтас талданады.

5) Өлеңді 2-рет қорытындылау мақсатында оқуға дайындық жұмысы жүргізіледі. Оқу техникасы (шапшаң, жай) дауыс сазы, хормен оқу, жеке оқушыға оқыту, т.б. жұмыстар.

Оқушылар оқыған материалының мазмұнын дұрыс қабылдап, ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі. Оқушылар әңгімені дұрыс қабылдау үшін негізінен, мынандай жұмыстар жүргізіледі:

1. Әңгімені қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау;

2. Әңгімеге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;

3. Әңгімені оқу;

4. Оқыған әңгіменің мазмұнын айту;

5. Әңгіменің жоспарын жасау;

6. Әңгіменің мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жүмыстар.

Бастауыш сынып оқулықтарында берілген өлеңдер алуан түрлі: кейбір өлеңдер белгілі бір оқиғаға құрылса, (мысалы, Ө.Тұрманжановтың "Қарлығаш") қайсыбірі табиғат құбылыстары жайлы (Күз, Жазғы дала, Жазғытұрым т.б.с.с), ал енді бір тобы автордың көңіл-күйін, асқақ ойын білдіреді. Мысалы, "Үш бақытым" өлеңінде М.Мақатаев:

"Ең бірінші бақытым — Халқым менің,

Саған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым — Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші — Отан деген,

Кім мықты? -десе біреу, — Отан! дер ем.

...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен!" — деп, Отанын, туған халқын, тілін ардақтай, оған деген өзінің жүрек сезімін, адал ниетін білдірсе, одан әрі олардың ерекшеліктерін метафора мен эпитет арқылы (Саған берем ойымның алтын кенін", "Тас жүректі тіліммен тілімдедім", "Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?") бейнелеп көрсетеді. Осы типтес талай өлеңдер бастауыш сынып оқулықтарында молынан берілді.

Мұндай өлеңдердің оқылуында олардың табиғатына сай, ерекшеліктер кездеседі. Өлеңдерді оқу тәртібін шамамен былайша көрсетуге болады:

1. Өлең оқылмас бұрын оның мазмұнына қарай, оқушылармен әңгіме өткізіледі. Бұл әңгімеде өлең ішінде кездесетін, оқушылардың ұғымына ауырлық келтіреді-ау деген, бірен-саран бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы түсіндіріледі.

2. Өлеңді ырғағына келтіріп, мәнерлі түрде, егер өлеңнің көлемі ұзақ болмаса, алдымен мүғалімнің озі оқып шығады. Оқу барысында балалар кітаптарынан іштей бірге оқып отырады.

3. Сонан кейін өленді оқушылар дауыстап, дұрыс, мәнерлеп оқиды.

4. Өлең мазмұны талданады. Кейбір көлемдірек өлең бөлім-бөлімге бөлініп, ал қысқа өлендер тұтас талданады.

5. Өлеңнің мазмұны бойынша жалпы сұрақ қойылады.

6. Өлеңді екінші рет, қорытындылау мақсатында оқуға дайындық жұмысы жүргізіледі (оқу техникасы, мәнерлеп оку, дауыс сазы, хормен оқу, жеке оқушыға оқыту т.б. жұмыстар) және кейбір үзінділер немесе бөлім немесе тұтас оқытылады.

Ертегілерді оқыту. Халық әділеттілік пен адамгершілікті, ақылдылық пен батырлыкты ертеден-ақ өте жоғары бағалап, әңгімеге, ән-жырға арқау етіп отырған. Халықтың ауыздан-ауызға тарап, бізге жеткен ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында да ақылдылық пен ақымақтық, арамзалық пен адалдық, жақсылык пен жауыздық қатар көрсетіледі. Ертегілердің тәрбиелік маңызы орасан зор. Ертегілерді оқу арқылы балалар қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ертегінің тілі түсінікті, қанатгы сөздер мен бейнелі тіркестерге бай болып келеді. К.Д.Ушинскийдің сөзімен айтқанда, ертегі оқушыны халық қазынасына ендіреді, халық рухымен араластырады.

Ертегілерді оқуда мыналар ескерілуі қажет:

1. Ертегіні оқу барысында "бұл ойдан шығарылған, өмірде кездеспейді" деудің қажеті жоқ, балықтың, жан-жануарлардың сөйлемейтінін балалардың өздері де біледі, бірақ ертегідегі оқиғаға сеніп, оның кейіпкерлерінің іс-әрекетіне бірде қайғырып, бірде куанып, киял көгіне көтеріледі, көңілденеді, қиялдау оларды армандауға үйретеді.

2. Оқушыларды кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйретуде де ертегілердің пайдасы мол. Ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме әдетге бір-екі айқын белгілерді көрсетсе де анық түсінікті болып келеді.

3. Қара сөзбен жазылған ертегілер мәтінге жақын үлгімен мазмұндалады. Кейде ертегіні оқымай-ақ, мұғалім оның мазмұнын қызықты етіп, қысқаша айтып береді. Егер артистердің орындауындағы фонохрестоматияны пайдаланса, тіпті жақсы.

4. Ертегі оқушыларды жоспар жасауға үйрету үшін де өте қолайлы. Оны бөлімдерге бөлу, ат қою, кандай суреттер салуға болатынын анықтау т.б. осындай жұмыстарды 2-3 сынып оқушылары орындай алады. Ал 4-сыныпта ертегіге өз беттерімен жоспар жасау тапсырылады.

5. Жануарлар туралы ертегілерді оқығанда дайындықтың онша керегі жоқ.

6. Кейбір ертегілерді пъесаға айналдырып, қуыршақ жасатып, сыныптан тыс сабақтарда балаларға орындатуға болады.

7. Ертегінің композициялық ерекшеліктерін қарапайым түрде бақылау жүргізіп Жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді оқу-үйрету жүмыстары да үнемі іске асырылып отырғаны жөн.

8. Ертегілерді балалар қызыға оқиды, олардың мазмұнын бір оқығанда-ақ игереді. Сондықтан бірқатар ертегілерді оқығанда жалпы идеясын ғана әңгілеп, мазмұнын үйден оқуға тапсыруға да болады.

Оқулықтарда жұмбақ, мақал-мәтелдердің көпшілігі мәтіндердің аяғында беріледі, сонымен қатар, бастауыш мектепке арналған жұмбақ, мақал-мәтелдср жинағы жоқ болғандықтан, авторлар оқушылардың тілін ұштаудағы бұл материалдардың орасан зор маңызын еске алып, оқулықтарға бірсыпыра жұмбақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар енгізген. Бүл материалдар бір мезгілде, бір кезеңде ғана оқылмайды. Мұғалім қандай да болмасын бір мәтінмен жұмыс жасау барысында ол жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің ішінен өтіп отырған материалының мазмұнына сай келетіндерін іріктеп пайдаланады. Немесе олардың кейбіреулерін үйге оқуға не жаттауға тапсырады. Мысалы, "Елдің ері" әңгімесін оқығанан кейін оқулықтағы мақал-мәтелдердің ішінен "Ерлік білектен емес, жүректен ", "Батыр туса, ел ырысы, жаңбыр жауса, жер ырысы ", "Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады". Немесе И.Крыловтың "Қарға мен түлкі" мысалын оқығанда "Өзі айлакер, озі бір қу, жүрген жері бір айқай шу" жұмбағын жаттатып, оның мәнісін түсіндіре кетудің, яғни оның жүрген жерінің неге айқай-шу болатынын сұрап, анықтай отырудың артықтығы жоқ. Мақал-мәтелдер мен жұмбақ бір жағынан балалардың өмірге көзқарасын, ой-өрісін кеңейтсе, екінші жағынан тілін дамытып, сөздік қорын байытады.

Наши рекомендации