Орытынды бақылау тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы соңында өткізіледі. 4 страница

4. Ұзақ мәтіндерді бөлімдерге бөліп, ат қоюы. Шығарманың идеялық мазмұнына сәйкес қорытынды ой дайындауы.

II. Мәтінді түсініп қабылдауы үшін оқушылармен жүргізілетін жұмыстар:

1. Оқытылатын мәтінге дайындық ретінде алдын ала экскурсияға шығару, әр түрлі тәжірибе жасату.

2. Өтілетін тақырып мазмұнын толықтыратындай қосымша сыныптан тыс оқу материалдарын беру, оқыту.

3. Жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тақырыптық суреттер іздету.

4. Ән, табиғаттану, бейнелеу өнері сабақтарында өтілетін мәтіндерге сәйкес жұмыстар жасату. (Материал осы пәндермен байланысты болатын жағдайда). Мысалы, Наурыз мерекесі немесе, 8-наурыз мерекесі қарсаңында осы тақырыпта алдын ала әндер үйрету, жыл мезгілдеріне байланысты суреттер жинату.

III. Жаңа материалды түсініп қабылдау үшін сабақ үстінде жүргізілетін жұмыстар:

1. Кіріспе әңгіме.

2. Мұғалімнің мәтінді тұтас баяндауы не оқып беруі.

3. Сөздік жұмысы.

4. Бөлім-бөлім бойынша оқушыларға дауыстатып оқыту.

5. Сұрақ-жауап арқылы не түсінгендерін, қалай түсінгендерін байқау.

6. Іштен оқу.

7. Қажетті жағдайда оқудың басқа түрлерін іске асыру. Мысалы: рөлге бөліп оқу, теріп оқу, бөлімге бөліп оқу.

8. Түсінгендері бойынша бөлімге ат қою, мазмұндық сурет салу, мазмұнына сәйкес мақал-мәтел айту.

9. Осы әңгімеге ұқсас, идеялық ойын аша түсетін қосымша әңгімеге өлең, т.б. айту.

10. Мәтінді қалай қабылдағанын байқау, алған білімін білікке айналдыруға бағытталған қорытынды әңгімеге өткізу.

Осындай жұмыс түрлері өз жүйесін тауып жүргізілгенде ғана бала оқу матералын толық түсініп, өзінің бойына рухани азық алмақ..

Бастауыш сынып оқушыларын дұрыс оқуға үйрету үшін қойылатын талаптың бірі - мәнерлеп оқу. Дауыс интонациясын сақтап оқығанда ғана бала дүрыс оқиды әрі оқығанын түсінеді. Бұдан шығатын қорытынды: оқудың сапалары бірімен-бірі тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отырады. Түсініп оқу үшін дұрыс оқу керек. Мәнерлеп оқу үшін оқып отырғанын түсіну керек. Мәнерлі оқылмаса, дұрыс түсіне алмаймыз. Ендеше бастауыш сыныпта мәнерлеп оқуға үйрету сауат ашу кезеңінен басталады. Сауат ашу кезеңінің дайындық сатысынан бастап сөйлеуге үйретеміз. Ал оның басты үлгісі - мүғалімнің өзінің дауыс интонациясы. Мәнерлеп оқу дегеніміз — дұрыс оқу, сонымен бірге дауыс инто­нациясы арқылы сөйлем не мәтіндегі негізгі ойды жеткізу, мазмұндық ой екпінін қоя білу, кейіпкер көңіл-күйін сезіне оқу. Екінші сөзбен айтканда, қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу, дауысты құбылтып, тыңдаушысына әсерлі етіп жеткізу.

Баланы мәнерлеп оқуға үйрету үшін мүғалімнің өзі мәнерлеп оқу техникасын жетік біліп, оның оқушыларына меңгерте алатындай дәрежеде болуы керек.

Көркем шығарманы мәнеріне келтіріп, әсерлі оқу үшін ең алдымен дыбыстау мүшелерінің қызметіне, әр дыбыстың жасалуына, естілуіне, оқылуына баса назар аударып, түрлі жаттығулар жасатып отырған жөн. Оқудың, сөйлеудің мәнерлі болуы дұрыс, еркін дем алуға байланысты. Оқу процесінде ауаны керегінше жұтып, сыртқа бірден шығармай, ерікті түрде дем алып, орынды пайдалана білсек, бұл мәнерлі оқудық негізгі қүралы болмақ.

Мәнерлі оқуда дауыстың маңызы зор. Дауыс сейлеу мүшелері мен ауаның бір-біріне соқтығысуымен жасалады. Соның ішінде дауыстың ажыратылуы дауыс шымылдырығына тікелей байланысты. Дауыс шымылдырығында пайда болған үн қуыс мүшелері арқылы өткенде әр түрлі реңге ие болады. Сөйлеу мүшелерінің физиологиялық құрылысында кемшіліктер болмаса, дауыс таза, күшті шығады. Ал сөйлеу мүшелерін күтпей, суыққа шалдырса, дауыс қырылдап, дауыс шықпай немесе міңгірлеп, түсініксіз болуы мүмкін.

Әр адамның өз дауысы болады, ойткені әр адамның өзінше анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктері бар.

Дауыстың өзіндік сапасы болады, олар: дауыс күші, қарқыны, тембір.

Сөйлеу не оқу кезінде дауыс күші бірде жоғары, бірде төмен болады. Мысалы: Құрмысқа мен қара қоңыз бір сыныпта оқып жүр. Құрмысқа күн сайын бес алып, қоңыздың күнделігі екіге тола берді деген сөйлемдерде көтеріңкі дауыспен оқылатын сөздер - бір сыныпта, күн сайын, екіге, ал жай, төмендеп оқылатын сөздер оқып жүрді, артынша бір қалыпта оқылатын сөздер - құрмысқа бес алып жүрді, қара қоңыздың күнделігі екіге толды. Осы сөздерді оқудағы дауыс қарқыны (темпі) орташа болып келеді. Бұл сөйлемдерді тез оқуға болмайды.

Ал дауыстың тембрі (құбылуы) тыңдаушыға әсер ететіндей болуы керек. Құбылта оқу шығарманың мазмұнын дұрыс түсінгенде ғана іске аспақ.

Дауыстың құбылуын, әсіресе мысал жанрында берілген көркем шығармаларды оқығанда анық байқауға болады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Дикция сөйлеудің тазалығы мен ашықтығы. Бастауыш сынып мұғалімдерінің, дикциясы ашық, таза болуы керек, сөйлеу тілінде мүкіс болмауы керек. Ол үшін мүғалім дыбыстардың жасалуының артикуляциясын жақсы біліп, сөйлеу барысында оны дұрыс қолданып, оқушыларынан да соны талап етіп, түрлі артикуляциялық жаттығулар жасап отырғаны жөн. Мәнерлеп оқуда дауыс ырғағы интонацияның орны бөлек. Керкем сөз оқушы адамның шығармадағы кейіпкерлердің көңіл-күйі, ішкі сезімін, жан-дүниесін тыңдаушыға сан алуан дауыс сазы арқылы жеткізуін интонация дейміз. Интонация дұрыс болу үшін оның элементтерін дұрыс, бір-бірімен ұштастыра пайдалануымыз керек.

Грамматикалық кідірістер - тыныс белгілеріне бай­ланысты қойылатын кідірістер. Жазуда белгілі бір нормативті басшылыққа ала отырып, сөйлемге тыныс белгілерін қоямыз. Тиісті тыныс белгілерін сөйлемнің мән-магынасына байланысты қою - сауаттылықтың негізі. Ал осы сөздерді оқуда тыныс белгі қойылған жерге грамматикалық немесе нормативтік кідіріс жасау - мәнерлеп оқудың негізгі шарты. Әрбір тыныс белгіге кідіріс жасаудың өзіндік ерекшелігі бар. Хабарлы сөйлемнің соңында қойылатын нүкте кілт тоқтамай, сөз соңындағы сөз не тіркес бояу созылыңырай оқылады. Сол сияқты бастауыштан кейін қойылатын сызықшаға арнайы тоқталып, кідіріс жасалмаса, бастауыштың синтаксистік қызметінің өзгеріп кетуі мүмкін. Ол - инженер Асыл. Ол инженер – Асыл. Бірінші сөйлемде ол сөзі бастауыш болса, екінші сөйлемде анықтауыш қызметін атқарып тұр.

Оқу саласының бір түрі - шапшаң оқу. Шапшаң оқуға үйрету сауат ашудың әліппе сатысының соңына таман жүргізіле бастайды. Дұрыс оқуға төселген бала біртіндеп шапшаңдықты қосып отыруы керек. Шапшаң оқу – қалай болса, солай тез оқу деген сөз емес. Түсініп, мәнерлеп оқуды жүзеге асыра отырып оқу деген сөз. Сондықтан да оқу бағдарламасында оқушылардың, оқу шапшаңдығына, икемділігіне қойылатын талаптың бірі: Оқушылардың 1 минутта оқу жылдамдығының сөз санымен берілуі. Мысалы: 1-сыныпта - 15-20 сөз, 2-сыныпта -25-30 сөз, 3-сыныпта - 60-75 сөз, 4-сыныпта - 80-90 сөз.

6. Тақырып. Фонетика мен лексиканы оқыту технологиясы

Дәріс жоспары:

1.Бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытудағы фонетикалық білімнің ролі.

2.Бастауыш мектепте фонетикадан берілетін білім көлемі.

3Дауысты дыбыс пен әріп емлесін оқыту

4.Дауыcсыз дыбыс пен әріп емлесін оқыту.

5.Буын мен тасымалды оқыту әдістемесі.

6.Лексиканы оқыту әдістемесі

1.Бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытудағы фонетикалық білімнің ролі

Тіл дамыту балалардың ойын дамытумен тығыз байланысты. Сондықтан балаларға сөйлеу үлгісін беру, яғни сөйлеу ортасын жасау қажет. Балалар мектепке алғаш келген күннен бастап-ақ оқу мен жазуға үйрене бастайды. Оқу да, жазу да - тілдің жүйесіне, оның фонетика, графика, лексика, грамматика, орфографиялық білімдеріне сүйенетін сөйлеу дағдылары.

Тіл дамыту оқушылар мен мұғалімнің бірлескен ұзақ уақытын талап етеді. Баланың сөйлеуіне, сөз қолданысына басқа сабақтар сияқты фонетика және графиканы түсіндіргенде тиімді тәсілдерді қолданып, дұрыс ұйымдастырылса едәуір нәтижеге жетуге болады. Сонымен тіл дамыту жұмысын мектепте дұрыс жолға қою үшін әр мұғалім оқулықтар мен әдістемелік құралдарды басшылыққа ала отырып, 1-2 сыныпта фонетика мен графика негіздерін оқытуға үлкен орын бөлген жөн.

2.Бастауыш мектепте фонетикадан берілетін білім көлемі

Мектеп бағдарламасына сай бастауыш мектеп оқушылары мынадай фонетикалық – графикалық іскерліктерді меңгеруге тиіс: сөздегі дыбыстарды дұрыс атау,олардың орналасу жүйесін анықтау, дыбыстар мен әріптерді ажырату,дыбыстар мен әріптерді дұрыс атау, дауысты және дауыссыз дыбыстарды айыру, сөздерді буынға бөлу,екпінді буындарды табу. Фонетика мен графиканы оқыту 1-2 сыныптарда басты орын алады, өйткені бұл кезеңде оқушылар оқу мен жазу процестерін толық меңгереді. 3-4 сыныптарда фонетика жөнінде бағдарламада қосымша мәліметтер берілмеген, бірақ фонетикалық білім жаңа байланыстарға түсіп, қайта жаңғыртылады.

3.Дауысты дыбыс пен әріп емлесін оқыту

Дауысты дыбыстарды үйреткенде, қолданылатын негізгі әдістер дыбыстың естілуін таңдап бақылату, сөйлеу арқылы жаттықтыру, дыбыстың мәнін сөздерді салыстыру тәсілімен таныту, әріптердің жазылу емлесін талдау, жаттығу жұмыстары бойынша меңгерту болып табылады. Бұл әдіс-тәсілдер қалыпты жүйемен жүргізіліп, оқушылардың практикалық дағдысына ендіріледі.

Дауысты дыбыстың жуан, жіңішке түрлерінің өзіндік белгісін айтылуы қалпын байқатумен де аңғартуға болады. Мысалы а-ны айтқанда тілдің ұшы кейін тартылып, дауыс жолы кеңейтілетіндігі, содан «а» жуан айтылатыны, «ә» дыбысын айтқанда, тілдің ұшы сәл ілгері ұмтылып, сол тұста дауыс жолы тарыла түсетіні, содан кейін «ә» жіңішке дыбысталатыны түсіндіріледі.

4.Дауыcсыз дыбыс пен әріп емлесін оқыту.

Дауыссыз дыбыстар мен олардың әріптерінің жазылу емлесі екінші және үшінші сыныптарда өтіледі. Екінші сыныпта б-п, қ-ғ, к-г, л, р, н, ң, әріптерінің қолданылуы мен соларға байланысы бар кейбір емле қарастырылады. Ал үшінші сыныпта орыс тілі графикасынан алынған дыбыстар мен әріптердің жазылуы үйретіледі. Олар: э, ф, в, ц, ч, щ, х, һ.

Екінші сыныпта дауыссыз дыбыстардың дыбысталу ерекшеліктері бойынша қатаң, ұяң, үнді болып үшке бөлінетіні түсіндіріліп, әр түрден өтілетін әріптерге байланысты емле ережелері үйретіледі. Дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяңдығы жөнінен жұптала келетін түрлері жеке тақырып бойынша қарастырылып, оларды бір-бірінен айыра білу және жазу емлесін меңгеру талабы қойылады. Осы мақсатта тіл заңдылықтарын , орфографиялық ережелерді танытарлықтай оқушылар ұғымына лайық ықшам ережелер беріледі.

5. Буын мен тасымалды оқыту

Буын мен тасымал бірінші сыныптан бастап танытылады. Буын ұғымымен және оны сөзден ажырату дағдысымен балалар әліппе кезінде үздіксіз жұмыс жасап үйренген болатын. Әсіресе, оқуға үйрету барысында оқу бірлігі етіп буын оқу, сөзді буындап оқу алынатыны белгілі. Осындай практикалық жұмыстар нәтижесінде оқушыларға буын, сөздің буын жігін айыру, буында оқу, буында сөз құрау дағдылары беріледі. Ал қазақ тілі курсында оқушылар буын ұғымы, мәні, оның жасалуы, құрамы туралы ғылымға негізделген түсінік алады. Бағдарламаға сәйкес оқушыларға буында бір дауысты, бір немесе бірнеше дауыссыз дыбыс болатыны, сөздер бір буынды да, көп буынды да болатыны, ашық, тұйық, бітеу буын түрлері жөнінде ұғым беріледі. Оқулықтарда осы білім мазмұнына сәйкес анықтамалар, мысалдар келтіріледі.

Буын ұғымына анықтама бергенде, Қ. Жұбановтың берген анықтамасын басшылыққа алған жөн: «Сөз ішіндегі екі дауысты дыбыстың арасындағы дауыссыз дыбыс өзінен соңғы дауыстыға ілесіп буын құралады».

Сонда балалар сөзді буынға бөлген кезде мынадай кемшіліктерге жол берілмейді. Атап айтсақ, қай-ық емес, қа-йық. – уақ- ыт емес, уа- қыт, ау- а емес, а-уа т.б.

6.Лексиканы оқыту әдістемесі.

I. Қазақ мектептерінде ана тілінің лексикалық жүйесі (сөздер мен сөз мағыналары) туралы ұғымдардың оқытылуын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады:

а) бірінші кезең — Ы.Алтынсариннің "Қазақ хрестоматиясы" жарық көрген 1889 жылдан бастап, қазақ мектебіне арналған біртипті оқу бағдарламасы мен "Қазақ тілі" оқулығы жарияланған 1936 жылға дейінгі кезең. Бұл кезеңде ана тіліндегі сөздер мен олардың мағыналары туралы қарапайым ұғымдарды оқушыларға меңгертудің тиімді үлгілері Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсынов оқулықтарынан, басқа да авторлардың алғашқы әліппелерінен мол ұшырасады. Алайда, тіл білімінің бір саласы ретіндегі "лексика" ұғымының ол кезде өлі ғылыми айналысқа түспегендігіне, тілдегі сөз бен оның мағыналары туралы түсініктердің жеке ғылым саласы болып қалыптаспағандығына байланысты жоғарыдағы үлгілер аталған оқулықтарда бөлек — бөлек мысалдар, жаттығулар түрінде жүйесіз берілген;

ә) екінші кезең — 1936—1953 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі оқу бағдарламалары мен оқулықтарда лексикалық ұғымдарға арнаулы сағаттар бөлініп, жеке тақырыптар арналмағанымен сөз жөне оның машиналық ерекшеліктері (мағыналары ұқсас, дыбысталуы өзгеше сөздер, дыбысталуы ұқсас, мағыналары өзгеше сөздер т.б.) туралы оқушыларға теориялық мағлұматтар айтылып, жаттығулар беріліп келді;

II. Осы кезеңдерден өту процесінде оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы оқушыларға берілетін лексикалық ұғымдар мен дағдылар көлемі бірте — бірте кеңейіп, ғылыми сипаты тереңдей түскенін байқаймыз. Алайда, бұдан қазіргі оқу бағдарламалары мен оқулықтарда ана тілінің лексикалық жүйесін оқытудың қазіргі жағдайын мінсіз деген пікір тумауы керек. Әсіресе, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуынан кейінгі тілдің сөздік қоры мен сөздік құрамында (жаңа терминдер жасауға, көнерген сөздердің қайтадан қолданысқа енуіне байланысты) болып жатқан өзгерістер оқулықтағы "Неологизмдер", "Терминдер", "Кәсіби сөздер", "Архаизмдер" тақырыптарына жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Оның үстіне, қазіргі қолданылып жүрген оқулықтарда осы ұғымдарға қатысты теориялық мағлұматтарды пысықтау үшін берілетін жаттығулар ғылыми дәлдік талабына жауап бермейді. Мысалы, қазіргі 6-класс оқулығындағы архаизмдерге берілген анықтаманы алайық: "Кейбір сөздердің белгілейтін заттары мен құбылыстары ескірмеген, жоғалмаған, бірақ олар бұл күнге басқа сөздермен (атаулармен) аталады. Мұндай заттар мен құбылыстардың бұрынғы, көне атаулары архаизмдер делінеді. Мысалы: алдаспан, шоқпар, қауға, тулақ, зындан, жеркене, күпі деген сөздер..." /20-бет/.

Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 7.

7-тақырып. Мәтінді қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстар

Дәріс жоспары:

1.Оқулықтағы шығармаларды оқытудың тиімді жолдары.

2. Көркем мәтінмен жұмыс жасау сипаты.

3.Бастауыш сыныпта оқушыларға мәтінді қабылдаттыру мәселелері

4. Мәтінді түсініп оқу үшін істелетін жұмыстар

5.Мәтінге байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысы

Бастауыш сыныптарда шығарманы оқытудың кез келген әдісі мұғалімнің оқушы іс-әрекетін ұйымдастырудағы мақсатты бағытталған іс-әрекеттің жүйесін көрсетеді. Педогогика ғылымында ғалым Н.В.Савиннің сөз әдісі, көрнекілік әдісі, И.Т. Огородниковтың кітаппен жұмыс, әңгіме деп аталаған әдістері, ғалым И.Я.Лернердің, М.Н. Скаткиндердің түсіндірмелі-илюстративтік, проблеммалық және эвристикалық әдістері мәтінді оқу, мәтінмен жұмыс, мәтінге қарапайым талдау жасау барысында жүргізіледі.

Көрнекті психолог Л.С.Выготский оқыту мен дамытуды байланыстыра отырып, дамыта оқытуды баланың дамуын қалыптастыратын «үздік оқыту» дей келе, оны былайша жүйелейді:

  1. Оқытудың ұйымдастыру формаларын, әдістерін тәсілдерін баланың даму заңдылықтарына сәйкестендіріп оқыту;
  2. Оқыта отырып баланың жалпы дамуын қамтамасыз ету;
  3. Шығармашыл оқушыны тәрбиелеу;
  4. Баланың өзін-өзі өзгертетін субъект ретінде дамыту;
  5. Баланың дамуының нәтижелі болуы – мұғалімнің нені қалай істегеніне емес, оқушының қалай орындағанында;

Ғалым С.Рахметова соңғы жылдары шыққан әдістемелік еңбегінде мәтін бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстарды былайша топтап көрсетеді:

  1. шығарманың баяндалу түрлерін өзгертіп әңгімелеу;
  2. Оқылған шығарманың мазмұнын толық өзгертіп әңгімелеу;
  3. Оқылған шығарманың мазмұнын аз-кем өзгертіп әңгімелеу;
  4. Оқылған шығарманың мазмұны бойынша сурет салу;
  5. Мәтін бойынша қорытынды әңгіме ұйымдастыру;

Шығарманы оқуға дайындалдыру жұмысы, біріншіден, балаларды оқылатын мәтіннің мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің ісін саналы түсіне білуге үйрету, екіншіден, оқытылатын мәтіннің мазмұнына қызықтыру, үшіншіден, ондағы түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіріп, мәтінмен жұмыс жасауды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Мәтінді, шығарманы оқуда, әсіресе, шығармашылықпен оқу әдісінің мақсаты мен өзіндік ерекшелігі – шығарманы көркем қабылдауды белсенді етуді, яғни балаларға көркемдікті сезіндіру, көркемдік бейімділік пен қабілеттілікті қалыптастыру, бейнелі, көркем ойлауды дамыту болып табылады. Көркем шығарманы оқу ғылыми-танымдық мәтінді оқу үрдісінен өзгеше жүргізіледі. Көркем шығарманы оқуда сөзге мән беру, сөз иірімдері мен ырғағына назар аударту, қиялға, көңіл-күй сезімдеріне ерік беру қажет болады. Сондықтан да мұғалім оқушыларға өлең үлгілерін, көркем шығармаларды оқығанда, көркем сөзді тыңдай және ести білуге, сол сөздерджен ләззат алуға, яғни мәнерлеп оқуға мән бере отырып дағдыландырады.

Қазіргі мектептің барлық сатысында оқытудың жаңа технологиясы өріс алып келеді. Оларға дамыта оқыту, проблемалық оқыту, модулдік оқыту сияқты оқытудың дамытушылық қызметі білімді игеру үрдісінде оқушылардың ақыл – ой, логикалық әрекетін ұйымдастыруға шығармашылық белсенділіген арттыруға бағытталады. Жаңа технологияларды игеру мұғалімнің кәсіби – интеллектуалдық, рухани – адамгершілік, азаматтық келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізіп, өзін - өзі шығармашылық ізденістер арқылы дамытып, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың тиімді жолдарын табуына көмектеседі. Ал оқушының жеке басын дамыту – іс-әрекет пен оқу үдерісінде ғана іске асады және барлық әлеуметтік әрекеттердің (ойын, оқу, еңбек, танымдық, коммуникативтік)үйлесуі арқылы жүзеге асады.

Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемелекеттік стандарттында: «Бастауыш білім мазмұны оқушылардың білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар екі деңгеймен беріледі:

1. Оқу материалының мектеп ұсынатын базалық (инварианттық) деңгейі (немесе мүмкіндік деңгейі).

2. Оқушылар дайындығының ең аз (минималды) қажетті деңгейі (міндетті деңгейі)

Бұл екеуінің аралығында бірнеше деңгейлер болуы тиіс.» делінген. Соған орай «Әдебиеттік оқу» пәні бойынша білімді игеру 1) білуге; 2) түсінуге; 3) қолдануға; 4) біліктенуге бағытталады. Оқулықтағы мәтін бойынша оқушылар орындайтын тапсырмаларды, деңгейге бөліп беруге болады. Ең алдымен, шығарманы қабылдауға бағытталған «шығарманы дұрыс түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқы» немесе «мәтінді рөлге бөліп оқы», «өлеңді жаттап ал» сияқты міндетті деңгейдің тапсырмалары беріледі.

Екінші алгоритмдік деңгей бойынша оқылып отырған шығарманы реттеу және жүйелеу үшін берілген тапсырмалар. Олар «Отан сөзінің мағынасын ашып айт», «Қаланың Астана атану себебі неде?», «Туған жерің туралы не білесің?» сияқты сұрақ тапсырмалардан тұрады.

Үшіншіден эвристикалық деңгейдің тапсырмалары. Мұнда оқушы пәннен алған білімдерін тиісті жерде қолдана алуға бағытталады. Белгілі бір үлгі бойынша жұмыс істей отырып, оқушы берілген мәліметті пайдаланудың өз нұсқасын ұсынады. Айталық, «мәтіндерге қандай тақырып ортақ», «мысалдан өзіңе қандай сабақ алдың» т.б.

Төрінші шығармашылық деңгейдің тапсырмалары бойынша оқушы өнімді әрекет жасауға ұмтылады, яғни ойдан құрастыру, мәтін құрастыру, шығарманың мазмүнын өзгертіп әңгімелеу т.б. шығармашылық жұмыстар орындайды.

Мектептің бастауыш сатысында ана тілін оқытуда, әсіресе, эврисьтикалық әдісті, шығармашылықпен оқу әдісін, оқушы білімін тексеруде тесттілеу әдістерін қолдану тиімді. Эвристикалық әдіс- оқушылардың оқыған шығармасын эвристикалық әңгіме түрінде өз бетінше жүргізу арқылы көрінеді. Бұл әдіс бойынша оқушылар шығарма мәтінімен жұмыс жүргізеді және оны талдауда шығарма оқиғаларының себеп салдарын айқындайды, ондағы көріністер мен кейіпкерлердің өзара байланыстылық жақтарын түйсінеді оқушылардың мұғалімнің «неліктен?» деген сұрағына жауап береді. Мұғалім эвристикалық әңгіме кезінде сұрақтарын жүйелегенде қойған сұрағы алдыңғы сұрақтарынан туындайтындай болуы тиіс. Демек шығармашылық әрекетке негізделген мұндай әдістер оқушының білімді ізденіс үстінде қабылдауын, белсенді іс-әрекетін қалыптастырып, өз күшіне деген сенімін арттырады.

Наши рекомендации