Адірлі ағайындар! достар! туыстар!

Бүгін қазақ халқының аяулы аналарының бірі, өзіміздің қадірлі Халиманың қырқына келіп отырмыз.

Мен ауруханада жатқандықтан бәрімізге қымбат Халиманың қойылған жеріне бара алмадым. Қолымнан топырақ сала алмадым. Оның есесіне бір палатада жатқан Есләм Зікібаев екеуміз Халиманың қайтыс болғанын ести сала қатты қайғырып, Әзілханға хат жаздық, көңіл айттық. Бұл достың қимас жарынан айырылғанына қоса қайғырғанымыз еді.

Әзілхан, сен жаңа ұзақ сөз сөйлеп, Халиманың барлық қасиеттерін айттың. Мен сенің бір сөзіңді қақас жібермей, тебірене тыңдадым. Неге десең, біз білетін Халиманы сенің бізден артық білетініңді білеміз. Бірақ, дәл осы жерде Халиманың қасиеттерін көңілдегідей жеткізіп, сипаттап берген уақытта мүлдем жаңарып сала берді, аруағыңнан айналайын, Халима! Сол тұрғыдан ризашылығын өзгелер айта жатар. Біз, Зәуреш екеуміз өз ойымызды білдіріп отырмыз.

Әзілхан мен Халима екеуі ылғи бірге жүретін. Жұп жазбайтын. Самолет, поезбен алыс сапарларға да бірге баратын. Көшеде де, азық-түлік дүкенінде де, ауруханада да қатар жүрген Халима мен Әзілхан екеуіне кездесіп қалатынбыз. Көшеде қолтықтасып бара жатқан екеуінің сыртынан қарап Зәуреш екеуміз оларға қызыға: "Біздің Қозы Көрпеш пен Баянмыз ғой!" — дейтінбіз. Сүйсініп, солай дейтінбіз.

Әзілхан, қазақта: "Артының жақсылығын берсін!" деген сөз бар. Ол бекер айтылмаған. "Артының жақсылығын берсін" деген үрім-бұтағы өркендей берсін, тіршілігі жалғаса берсін, мұрагерлері бола берсін, үрім-бұтағы сонау не заманға жетсін деген сөз ғой. Сол тілекті халықтан артық мен айта алмаймын. Артының жақсылығын берсін. Сен болатын болсаң, Әзілхан, Халиманың әрі өзі, әрі көзісің. Сені көрген уақытта оны да көргендей боламыз. Сен қара болғанмен, ішің дара ғой. Өзіңді бір көріп, сөйлесіп қалғанда қуанып қалатын жайымыз бар. Сондықтан тіршілігіңді сақта. Сен бізге керексің! Бізге ғана емес, бүкіл халқыңа керексің. Иншалла, дейміз.

Өзің алысқа кеткеніңмен, Әзілханың аман болсын, Халима! Біздің ортамызда жүре берсін! Сен оны қасыңа шақыруға асықпа!

* * *

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,

Қазақстанның Халық жазушысы

Адірлі Әзеке!

Халима апамыз туралы сөз айттыңыз. Маған бұл апай туралы жоқтау жырыңыз сияқты болып естілді. Ақын болсаңыз жоқтау жырын өлеңмен де айтуыңызға болар еді. Бірақ, Сіз қара сөзбен жырладыңыз. Соны көпшілікке айттыңыз. Шеріңізді тарқаттыңыз. Мұңыңызды шақтыңыз. Сіздің бізге шер тарқатқаныңыз керек. Сіздің бізге кеңіп қалғаныңыз керек. Басқаларымыз да айта жатармыз. Сол ішіңізді бір кеңітіп, халқыңызға мұң шаққаныңызды біз тыңдап отырдық.

Ал енді мен Халекең туралы не айтам? Ол кісінің қолынан талай рет дәм татып едім. Алдымен соны айтамын.

Мен Әзекеңді бұрыннан білемін ғой. Нақты білгенім алпыс сегізінші жылы бұрын Әзекең отырған үйге мен кірдім. Содан бері білемін. Оған міне 33 жыл болды.

Әсіресе, қатты араласқанымыз жетпісінші жылдардың ортасы. Атақты "Ақиқат пен аңыздың" жазылып, баспаға берілген кезі. Оның редакторлығына баспа мені тағайындады. Мен сондағы көп редакторлардың бірі болатынмын.

"Ақиқат пен аңызға" шабуыл жасаушылар көп болды. Әзекең екеуміз бір жақпыз, бүкіл баспа бір жақ. Айтысып-тартысамыз. Мен Әзекеңнің адвокатына айналдым. Сондай кездерде бірде жеңіп, бірде жеңіліп, аһылап-үһілеп, Желтоқсан көшесіндегі Әзекеңнің бұрынғы үйіне келеміз. Халима апайымыз бізді қарсы алады, жағдайымызды біледі. Сол кезде Халекең бізге сүйеу болды. Әзекеңнің ол кезде де жүрегі ауыратын. Сонда Халекең Әзекеңнін қатты қайғырмау жатын, ішіндегі зорлықтан көрген қорлығының неғұрлым тез тарқап кетуін ойлаушы еді. Әзеккеңнің үлкен сүйеніші Халима апай екеніне менің сол кезде көзім жеткен.

Сол күндердің суретін көз алдыма келтірейін. Біз өрт сөндіргендей болып, Әзекеңнің үйіне келетінбіз. Қып-қызыл өрттің ішінен шыққандай, әрі әлсіреген, әрі қатулы күйде болатынбыз.

Сондай күйде келгенімізде жеңгеміз жымия күліп, қарсы алатын. Ешқашан дауыс көтермейтін. Біздің сөзіміздің ұзын-ұрғасын тыңдай отырып, сабырлы күйде бас изейтін.

"Жолы болмасын, жолы болмағырлардың" деп ешкімді қарғап-сілемейтін. Шайымызды жасап, асымызды алдымызға қоятын. Сөйтіп бізді сабамызға түсіретін. Бізді арқамыздан қатып, сабырға шақыратын. Аятының ұшымен жүріп, қызмет ететін. Бөлмеге кірген, шыққан сайын Әзекеңді сөзімен аймалап, көзімен әлдидейтін. Жүрегі ауырып қалмаса екен деп бәйек болатын. Осы жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысымен Әзекен иығынан сипап қойып, кухняға барарда, қайта келгенде, жүгіріп жүріп Тайбурылды баққан Құртқадай болып қызмет ететін. Иесі жалынан сипаған тұлпардай болып, біз жуасып қалатынбыз.

Әйтпесе, ашулы келген күйеуін одан сайын шаптап, қиқу көтеріп: "өйту керек, бүйту керек ол иттерді!" деп, күйеуінің көңіліндегі сөніп келе жатқан шаланы қайта қоздырып, қайта үрлеп, үй ішінде өрт тұтатып отырса, онда не күйге душар болар едің! Не жағдайға ұшырар едің! Ондай әйелдер аз ба?

Ал, Халекең сом алтыннан құйылғандай сабырлы кісі еді. Әзекеңнің аяулы бапкері еді.

Егер біз Әзекеңді бүгін әдебиетте үлкен биіктерге шықты, үлкен нәтижеге жетті дейтін болсақ, сол еңбектің ішінде біздің Халима апайдың үлкен үлесі бар. Күйеулеріне, асық жарларына шын берілген әйелдер біздің қазақта аз емес қой, құдайға шүкір. Бірақ, ол екінің бірі де болмауы мүмкін. Жаңағы айтқандай, Халима апай Өзінің бүкіл өмірін күйеуіне, Әзекеңе арнаған адам. Өз басын мүлде ұмытқан адам деуге болады. Осы кісінің бүкіл тірлігіне, бүкіл өміріне өз басын арнаған және басқа тіршілігім бар деп ойламаған адам. Мен соны көріп едім.

Ал енді не айтамын?

Әзеке, жаңа айтыпсыз ғой, "Хорлан" деген ән шығармағанмен, "Халима" деген кітап жазатыныңызға көзім жетіп тұр. Жаңағы бізге оқығаныңыз сол кітаптың бір тарауы болуы да мүмкін: кіріспесі ме, басқасы ма, әйтеуір, соның бір бөлігі. Халыққа үлгі болатын, қазақ қыздарына үлгі болатын Халима апайдың қасиеттері көп. Соны жұрт оқитын болсын. Соны асықпай түсіріңіз. Халима апайдың қарызы сонда өтеледі деп ойлаймын.

Ал не айтамыз? Халима апайдың аманаты көп екен. Өзіңізден серт алыпты, уәде алыпты. Балалардың арасында жүре беру, ұзақ жүру туралы, соны орындаңыз. Балаларға әлі де әке керек, ата керек. Сіз сияқты сүйеніш, асқар тау керек. Балалардың ортасында жүре беріңіз, Әзеке.

Халима апайдың алдынан жарылқасын. Балалары бақытты болсын.

* * *

Нұрым САНСЫЗБАЕВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері

Ал, ағайын, жолдастар!

Мен Сібірдің қазатымын. Фамилиям Сансызбаев, атым Нұрым. Қаржы министрлігінің, Госпланның ардагерімін. Ал енді мен Сібірдің қазағы болғандықтан "Пәленеке", "Түгенеке" дегенді азырақ қолданамын. Міне, Әзілхан, бұл кісімен менің таныс болғаным Рымбек Байсейітов арқылы. Рымбек Байсейітов деген қаржы министрі болған. 1951 жылы ол Семейден, мен Қызылордадан осы Алматыға көшіп келіп, көрші тұрдық. Бірге қызметтес болдық. Сол арқылы мына Әзілхан ағаларыңмен де таныстық. Үшеуіміз де түйедей құрдаспыз. Үшеуіміз де партия қатарына 1943 жылы өткен екенбіз. Рымбек досымыздың дүниеден кеткеніне биыл 10 жыл болды. Ал, мына Әзілхан құрдасты құрметтеп, 1991 жылы Халима екеуіне хат жазғаным бар.

Содан бір штрихты айта кетейін.

1976 жылы мен Госпланда істеп жүріп, Қызылорда облысына іссапарға бардым. Ар жағында Байқоңырға сота кеткім келді. Өйткені онда космодром бар. Ол жерді көру қызық қой. Мен кітапты жақсы көретін адаммын. Байқоңырда "Әскери кітаптар" деген дүкен бар екен. Соған бардым. Барсам, Чистяков деген генералдың "Служим отчизне" деген кітабы тұр екен. Соның төрт данасын сатып алдым. Оның біреуін Рымбек досыма бердім. Өйткені ол да майдангер. Әзілхан майдангер, бұл кісіге де бердім. Сонсоң бір данасын Әзілхан арқылы Бауыржанға бердім. Бұл да айта кетуге тұратын естелік жағдай ғой.

Ал енді біз соғыс ардагерлері біраз адамдар отырмыз. Соғыстың атын Сталинсіз айтқан — ол соғыс тарихы емес. Сталинсіз соғыс тарихы жоқ, 1941-1945 жылдардағы Сталинді атамай жазғандардың бәрін жалған деп есептеймін.

Ал енді Халимаға келсек, бұл кісіні біздің досымыз деуге болады. Ол кісі жайында Әзекеңнің өзі оқып берді. Бұл кітап шығатын болсын. Халыққа таратылатын болсын. Қазақстанда Әзекенді білмейтін адам аз. Басқа республикалардың да көзі ашық адамдары жақсы біледі.

Сосын бұл кісінің еңбекқорлығын айталық. Мына Қалмұхан ініміз Халимаға арнап, "Қазақ әдебиетіне" жазды. Содан кейін басқа да көп көңіл айтушылар болды. Содан кейін Әзекең солардың бәріне "Қазақ әдебиетінде" рақметін айтты. Сосын бұл кісінің еңбекқорлығы кеше Әлжаппар Әбішев ағамыз қайтыс болғанда да бұл кісі өз көңілін білдірді. Оның барлығы да бұл кісінің әркімге жанашыр екендігін көрсетеді. Жастар бағалай білмейді, ал бұл кісінің жазғандарының бәрі халық сүйіп оқитын еңбектер: "Портреты" кітабы, ерлікпен махаббат жөнінде жазғандары тағы басқа кітаптар. Сол еңбектер кезінде қайта басылуға тиісті. Соны оқып, кейінгі ұрпақ бағалай білетін болады.

Ал, Әзеке, мына Мақыш досыңыз айтып тұр, сіздің анау-мынау сырқаттарыңыздың бәрін Халима алып кетті деп есептейміз. Енді алдағы Жеңіс күндері, Тәуелсіздіктің он жылдығы сияқты күндерде Халима бәрімізге "Смирно!" деп команда береді. Сонда біз дік етіп тұра қалуымыз керек.

Халекең біздің есімізде мәңгі сақталады. Балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіз бәрі аман болсын!

***

Тұрсынхан ӘБДІРАХМАНОВА,

Қазақстанның халық жазушысы, ақын

Менің Әз ағаңның атын алғаш естігеніме 60 жылдай уақыт болды. Соғыс кезінде Баубек Бұлқышевтың шығармалары "Комсомольская правда" газетінде дүркін-дүркін басылып тұрды. Сол сияқты болып, Семей облыстық "Екпінді" газетінде Әзілхан Нұршайықов деген сержанттың майданнан жіберген өлеңдері, очерктері, әңгімелері жиі басылатын.

Бұл кісінің "Қыздарға сәлем" деген өлеңінің мына бір шумағы әлі күнге дейін есімде:

Қайран қыздар, сағындық, амал қанша,

Жас қартайдық көп өмір сүрген жанша.

Жараланған жүректі жақсартатын,

Дәрі жасап қойыңдар, біз барғанша, деген.

Әз ағаңның әскерден жазғандарын бүкіл Семей облысы, үлкені бар, кішісі бар, түгел оқитын. Оқығандар оқи алмағандарға айтып жататын. Естіген ел Әз ағаңның аман келуіне тілектестік білдіретін.

Мен ол кезде Семей облысының Абай ауданында комсомол комитетінің секретары едім. Жастарды ұйымдастырып, колхозшыларға ойын-сауық көрсетеміз. Сонда әр сауықтың бір нөмірі "Майданнан келген хат" деп аталатын. Сол нөмірде Әз ағаңның "Екпінді" газетінде басылған өлеңдері тақпақ ретінде айтылатын.

Ол кезде майдандағы жігіттерге елдегі қыз-келіншектердің хаттарын жазғызатынбыз. Танымайтын қыз, білмейтін келіншектер бейтаныс жауынгерге хат жолдап, жауды жеңіп келулеріне тілектестік білдіретін. Облыстық газетте хаты жарияланып, аяғында әдірістері көрсетілген (ол кезде полевая почта деп аталатын) жауынгерлерді қыз-келіншектерге бөліп, бекітіп беретінбіз.

— Сен бұл жігітке үзбей хат жазып тұр, — дейтінбіз.

Қыздар бір-бірінен "Сенің полевойыңнан хат бар ма? Не деп жазыпты?" — деп сұрасып жататын.

Жігіттерге хат жазуға ділмәр, сөзге шешен қыздарды бөлетінбіз. Сондай қыздардың бірі райсоветтің хатшысы

Әсима Сарыбаева болатын. Тобықтының қызы ғой, ділмәр болатын. Ақын сержант Нұршайықовты сол қызға меншіктеп бердік. Әсима Әз атаңа үзбей хат жазып тұрды. Әсимаға келген хаттан Әз ағаңның жазуын көрдік.

Сол Әз атаңның өзін менің соғыс біткеннен екі жыл кейін көруіме тура келді. Онда да, "жалт етті де, жоқ болды" дегендей, екі-үш сағат ішінде ғана.

Ол 1947 жылдың бас кезі болатын. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауына әзірлік жүріп жатқан. Мен ол кезде Семей облысының Шар ауданында райкомның әйелдер бөлімінде қызмет істейтінмін. Біздің аудан сайлайтын депутатымыз Беленов деген кісі екен. Аты-жөнін ұмытып қалдым. Алматыдан келмек. Ішкі істер министрінің (сол кезде нарком делінетін) орынбасары болса керек.

Райком депутаттыққа кандидатпен кездесу өткізілетін жерлерге жауапты ұйымдастырушылар бөлді. Мені Суықбұлақ стансасының іргесіндегі Новотаубинко деген ауылға бөлді. Келдім, болашақ депутатқа көрсетілетін мәдени шараларды ұйымдастырдым. Сайлаушылармен кездесуден кейін кандидатқа концерт қойып, сауық көрсетуіміз керек.

Ол ауылдағы жеті жылдық мектептің директоры Сәки Бекбаева деген қыз екен. Сонымен сөйлесіп, концерт бағдарламасын жасап, қасымда көмекші болып жүретін бір мұғалім беруді сұрадым. Директор класта сабақ өткізіп жатқан Халима Өзбақанова деген мұғалімді шақыртты.

— Мәскеуден келген мұғалім қызымыз бар. Соны сізге қосып берейін, — деді директор.

"Мәскеуден келген" дегенге мен елең етіп қалдым. "Мәскеудің қызы мұнда неге жүреді? Орыс па, қазақ па?" деп ойладым. Сол сәтте директор кабинетінің есігі ашылып, орта бойлы, аққұба қыз кіріп келе жатты. Аятын одыраңдамай, жай басады, жүрісінің өзінен ілтипаттылық танылады. Аятын жай басқанда керенау аяқ емес, аққудың қанатымен су сызғанындай, сырғып қозғалатын әсем жүріс.

Жаныма жақындап, сәлемдескенде бетіне қайта қарадым. Беті жай аққұба ғана емес, аппақ таңдай екен. Екі көзі ботаның көзіндей жаудырап тұр. Жымия күлгені жан ерітерлік. Жігіт тұрғай, қыз ғашық болғандай періште екен. Ішімнен осылай ойладым.

Танысқаннан кейін шаруаға кірістік. Домбырашылар, әншілер, күйшілер жинадық гармонь да табылды. Өзім де әншімін ғой. Концерт ішінде мен де ән айтатын болдым. Сақадай сай, дайын тұрдық.

Бірнеше шанамен ақ қарды борандай бұрқыратып, қонақтар келді. Кандидатымыз дембелше келген сары орыс екен. Сайлаушылармен кездесуде орысша сөйледі. Қасында қағылездеу келген қара жігіт аудармашысы бар екен. Фамилиясын ести алмай қалдым. Кандидаттың сөзін көркемдей аударып, өлең оқығандай, түйдек-түйдегімен төгеді. Жұрт қайта-қайта қол соғады. Депутаттың өз сөзінен гөрі аудармашыға қол соғу көп болды. Концерт берілді, ән айтылды, кездесу аяқталды.

Қонағасыдан кейін қонақтар аттанарда менің көмекшім "Мәскеуден келген мұғалім" мен депутаттың аудармашысы жұқалтаң қара жігіт екеуі біріне бірі елжірей қарап, әрең ажырасты.

Депутаттарды аттандырып салып, дастарқан басына қайта оралдық. Кезекпен ән айтыстық.

Бір әредікте мен "Мәскеуден келген мұғалімнен":

— Жаңағы жігіт танысың ба? — деп сұрадым.

— Иә, — деді де қойды қыз.

Қандай танысы екенін білгім келді. Мына аққудың көгілдіріндей қызды шүйкедей қара жігітке ішімнен қимадым. Сұрадым.

— Доспыз, — деді ол ақырын ғана төмен қарап, жымиып.

— Жай дос қана емес, ғашық сияқтысыздар ғой, – дедім мен күліп.

— Солай десеңіз де болады, апай, — деді ол да күлімсіреп.

— Семейде қызмет істей ме?

— Жоқ, Алматыда, университетте оқиды.

— Мұнда қалай келіп жүр?

— Қазір қысқы каникул ғой. Семейге келіп, "Екпінді" газетінде уақытша қызмет істеп жүр. Газет депутаттың қасына қосыпты: әрі аудармашы боласың, әрі мақала жазып жіберіп отырасың, — депті.

— Сіз мұнда келетінін білдіңіз бе?

— Білдім. Семейден жеделхат жіберген.

— Аты-жөні кім?

Қыз ойланып қалды.

— Оны қайтесіз? — деді содан соң.

— Жай білейін дегенім ғой, қалқам.

— Аты Әзілхан, фамилиясы Нұршайықов.

Менің ойыма майданнан Семей газетіне өлең жіберіп тұратын сержант сарт ете түсті.

— Сол ма?

— Иә, — деп қыз басын изеді.

Міне, мен Әз ағаңды ең алғаш осылай көріп, Халимамен бірінші рет осылай танысқан едім.

Мінеки, содан бері мен Халиманы 54 жыл бойы білемін. Халима суырылып сөйлемейтін. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Бірақ, оның аузы жүйрік болмағанымен, жаны жібек, жүрегі шешен болатын.

Халима Әз ағаңа әрқашан қанат бітіріп отыратын еді. Әз атаңның үнжырғасын түсірмейтін, қабатына кірбің жуытпайтын. Әз атан жұмыс істеп отырғанда оған не сырттың, не үй-ішінің шуын естіртіпейтін. Екеуі екі бөлмеге жайғасып, машинканы қатар басып, жұмыс істеп отырғанда аспанда қатарласа ұшқан қос аққудың қанаттарының суылы құлаққа келетін.

Мінеки, менің Халима туралы естелігім осы. Көбірек сөйлеп кеттім-ау деймін. Кешірім сұраймын.

Сенің қымбат қасиеттерің ұлтымыздың ұрпағына дарысын, Халима!

* * *

Сәки БЕКБАЕВА,

ардагер ұстаз, Халиманың досы

Мен интернатта Халимамен бірге оқыдым. Бірге өсіп, бой жеттік. Бой жеткеннен кейін үйлі-баранды болып, қатар өмір сүрдік. Өз өмірімде мен Халимадай ұстамды қыз, өнегелі әйел көргенім жоқ.

Қазақта "бір туар" деген сөз бар ғой. Тек еркектерге ғана қолданылады. Ал үлгілі қыздың, адал жардың, асыл ананың бір туары Халима еді. Мен Халимадай мінсіз әйелмен кездескенім жоқ. Бар шығар. Бірақ, мен білмеймін. Халима адал, әділ, ақпейіл, ақкөңіл, арлы, абыройлы болды. Ол осындай ерекше туған жан еді.

Халима қыз күнінен кесте тіге білетін. Он саусағы майысқан шебер, іскер, ісмер болды. Демалыс күндері басқа қыздар қала қыдырып, кино қуалап кеткенде жатақханада Халима жалғыз қалатын. Жалғыз қалатын да, қыздардың өтінішін орындап, әркімге шілтер тоқып отыратын. Халиманың мінсіз мінезімен, өнерпаздығымен, сабаққа деген алғырлығымен онымен қатар өскен ешқайсымыз таласа алмайтынбыз.

Халима соғыс біткеннен кейін ұзақ уақыт, бір жарым жыл ауырып, Мәскеуде ауруханада жатты. Алғашында әскери госпитальда болды. Артынан оны бір ғылыми институттың ауруханасына ауыстырды. Сол кезде маған хат жазып тұрды. Соғыстан бұрын интернатта бірге оқығанбыз. Сол кезде үлкен қыздар кішілерді сіңлі, кішілер үлкендерді апа етіп алатын дәстүр болтын. Сонда Халима менің сіңлім, мен апасы болғанмын. Бір анадан туғандай боп өмір сүргенбіз. Онжылдықты бітіре сала ол өзі тіленіп, соғысқа кетті. Мен кәрі әке-шешемді қарайлап, солардың қасында қалдым. Соғыс кезінде ауылға келіп, мұғалім болдым. Халима әскерге кеткеннен кейін. Соғыстан кейін Шар ауданындағы Новотаубинко деген орталау мектепке мұғалім етіп тағайындады. Ол ауыл Шар мен Семей арасындағы Суықбұлақ деген стансаның қасында болатын. Сонда директор боп тұрған кезімде Халимадан хат алып тұрдым. Бір хатында ол:

"Қазір Әзілхан оқуда. Әскерден босағаннан кейін қайда барарымды білмеймін. Қызмет істеп, Әзілханның университет бітіруіне көмектессем деймін. Оның әкесі де, атасы да соғыста оққа ұшты ғой. Көмектесетін ешкімі жоқ" деп жазыпты.

Әзілхан Халиманың сүйген жігіті болатын. Оны Халима менен басқа ешкімге айтпайтын.

Халима жазылып, Мәскеуден қайтты. Жолда Алматыға соғып, бізге келді. Суықбұлақ стансасынан қарсы алдық.

Шар аудандық оқу бөлімінің бастығы Зейнеп Төребаева деген кісімен Халиманы қызметке алуға келісіп қойғанмын. Келе сала оған Новотаубинко орталау мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып тағайындалсын деген бұйрық берілді. Халима беріле қызмет істеп жатты. Балалар оны өте жақсы көрді. Өзі менің сіңлім ретінде біздің үйде тұрып жатқан. Сол 1946 жылдың күзінде Әзілхан Алматыдан Халимаға ұрын келіп қайтты. Біздің үйде 2-3 күн қонақ болды. "Халиманың болашақ күйеуі" деп айтуға ұялып, біз оны үй ішіне, ауыл адамдарына "Халиманың нағашысы" деп таныстырдық.

Халима қалай ауырып-сырқағанын, қалай қысылып-қиналғанын ешқашан айтпайтын. Сөйтсем Мәскеуде қатты ауырыпты. Оны үшінші топтағы мүгедектікке шығарыпты. Айтқан жоқ.

Бір күні оның қағаздарының арасынан ұзынша сары кітапшаны көзім шалып қалды. Сыртында "Пенсионная книжка" деген жазуы бар.

— Әй, мынауың не? — дедім.

— Сондай бірдеңе ғой, — деді ол жайбарақат.

— Сен пенсионерсің бе?

— Жай, әншейін. Ауруханада жатқанда комиссия мені мүгедектікке көшірген. Осы бойынша пенсия алып тұрасың, деген.

— Алып жүрдің бе?

— Мәскеуде алғанмын. Мұнда келген соң тастадым: мұғалімдік жалақым бар ғой. Пенсияны не қыламын, — деді ол қолын сермеп.

Халиманың әскерден пенсионер боп қайтқанын ешкім сезген жоқ. Өзі де тіс жарып айтқан емес. Мен книжкасын көріп қалып қана білдім.

Мінеки, Халиманың ұстамдылығының бір мысалы осы.

Келесі жылы Әзілхан Халиманы өз аулына алып кетті. Шар мен көрші Жарма ауданына қарайтын Ақбұзау деген колхоз екен. Әрі досы, әрі шешесі болып, мен Халиманы Ақбұзауға апарып салдым.

Әзілханның әкесі мен ағасы соғыста өлген. Халима бірнеше жыл иесіз тұрған йен үйдің келіні болып, босағасын аттады.

Өмір бойы Семейде өскен, Мәскеуде бірнеше жыл қызмет істеген қала қызы адам айдаса бармайтын алыстағы бір қараңғы ауылға барып орналасты.

Халиманы ұзатып, Ақбұзауға апарып салғаннан кейін өз үйім қаңырап, өз ауылым ел көшкендей болып қалды. Жаңа жылда Халима мектебімізге ұйымдастырған шыршаны ауыл жұрты аузынан тастамай айтып жүрді.

Сөйткен Халимамен Алматыда қайта табысып, қол ұстасып, ұзақ жыл өмір сүрдік. Бізді ажал айырды.

Халима өте ұқыпты еді. Оның әр нәрсесі өз орнында тұратын. Ұқыптылық, тиянақтылық, уәдешілдік жағынан оған жан жетпейтін.

Мектепте бірге сабақ бердік қой. Сонда өзге мұғалімдердің ішінде тек Халима ғана күн сайын өз сабағына конспект жасап келетін. Ол орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді дедім ғой. Кейін Алматыға барғанда ЖенПИ-дің филология факультетінің орыс бөлімшесіне оқуға түсті. Ол кезде біздің қазақ әдебиетінен Абайдан басқа білетініміз шамалы. Ал Халима қазақ әдебиетінің де, орыс әдебиетінің де көп ақын, жазушыларын білетін. Көбінің өлеңдерін жатқа айтатын. Оның есте сақтау қабілеті деген өте күшті еді. Бір рет оқыған өлеңі оның ойында қолма-қол жатталып қалатын. Орыс әдебиетінен оның ерекше жақсы көрген жазушысы Грибоедов болатын. Соның әлі "Беда" ма, "Горе" ма, бір шығармасы бар емес пе?.. Иә, дұрыс айтасыз: "Горе от ума". Дәл, дәл. Соның жеке шумақтарын жатқа айтып отыратын.

Сырға өте берік еді. Tic жарып, ешкімге сыр шашпайтын. Мектепте оқып жүргенде Әзекеңмен дос болып жүреді екен. Соны апасы болып жүрген маған да айтқан емес. Тек соғыс біткеннен кейін, ауруханадан шығып, елге қайтарда ғана айтты. Интернатта оқып жүрген кезімізде Әзілханды Халима Грибоедовқа теңестіреді екен. Ол кезде жақсы көрген жігіттерге, қыздарға кітаптардағы жақсы кейіпкердің немесе кітап авторының атын қою әдеті болатын. Маған қыздар Лермонтовтың Бэлла деген кейіпкерінің атын қойған. Ал Ха-лиманы бәріміз "Катя", "Катюша" деп атайтынбыз.

Айналайын Халима дана еді ғой! Дана болатын. Қайтыс боларында менің сүйегіме Сәки түссін деп өзі айтып кетіпті. Ақ жуып, арулап қойдық қой айналайынды.

Егер менен біреу: "Адал дос қандай болады?" деп сұраса, мен: "Халимадай болуы керек!" дер едім.

Егер менен біреу: "Адал жар қандай болады?" деп сұраса, мен оған: "Халимадай болуы керек!" дер едім.

Сен өмірдегі ең өнегелі әйел болдың. Өнегең өшпесін, бауырым, досым, қымбатты Халима!

* * *

Ишағы ЖАҒЫПАРОВА,

Ұлы Абайдың шөбересі, Халимамен жетімдер

үйінде бірге өскен, интернатта бірге оқыған,

әскерге бірге барған досы

Қазақта жақсы әйелдер көп қой. Бірақ, көптің ішінде бір ерекше көзге түсетін әйелдер болады. Солардың бірегейлерінің бірі Халима еді.

Менің Халимамен дос болып, бірге өскеніме 65 жыл болды. Біз, Халима екеуміз сонау 1936 жылы Семейдегі мектеп-интернатқа, Жаңасемейдегі балалар үйінен (екеуміз екі балалар үйінде болдық) бірге келіп, бесінші класқа бірге оқуға түстік. Балалар үйінде бастауыш мектеп қана болатын. Төрт класты сонда бітіргенбіз.

Халима туралы айтатын жақсы сөздер көп. Халекенді айтсам менің жылағым келеді, кешіріңіздер, жылап та тұрмын.

Бір туған апа-сіңлідей болдық. Соңғы күнге дейін телефонмен сөйлеспесек тұра алмайтын едік. "Сатан не болды? Неге үндемей қалдың?" дейтінбіз.

Бесінші класқа бірге түстік дедім ғой. Ол ерекше жаралған жан еді. Ол вундеркинд еді. Ол кезде вундеркинд деген сөзді білмейміз ғой. Артынан ойласам, Халима біздің ортамыздағы вундеркинд болған екен. Біз оны өзіміз сияқты балалардың бірі деп ойладық қой. Халима интернатта ауырып жүріп оқыды. Жыл сайын көктемде ауруханаға түсіп қалатын, оқу жылы аяқталар кезде. Ол тек үздік оқитын болғандықтан, кластан класқа емтихансыз көшіріліп отыратын. Ол уақытта медаль деген болмайтын. Болса, бірінші алтын медаль Халимаға тиетін еді.

Біз оқыған № 11 орта мектепте, былайша айтқанда, біздің Семей қаласында тамаша-тамаша, сұлу-сұлу қыздар болды. Оқу жағынан, тәртіп жатынан, көзге түсу жағынан. Сол уақытта Әзілхан біздің мектепке жиі келіп жүрді. Онда өзі Абай атамыздың атындағы педучилищеде оқитын. Педучилище де, №11 мектеп те Совет көшесінде болатын. Арасы жарты шақырымдай жер ғана. Әзілхан біздің интернатымызға қыз андып келетін. Сол кезде Әзілханның біздің екі қызымызға көзі түсті. Оның біреуі Орынкеш Мысырова деген подругам, біреуі Халима болатын. Осы үшеуіміз дос едік. Бізді орысша "Три подруги" , қазақша "үш подруга" деп айтатын.

Мінеки, сол үш подруганың екеуі қайтыс болып кетті. Енді мен жалғыз қалдым.

Біздің Халима шашы бұйра, қой көзді, қыр мұрынды, беті аппақ сұлу болатын. Бірақ, ол өз сұлулығына ешқашан мән бермейтін. Басқа қыздар сияқты қайта-қайта үңіліп, айнаға қарамайтын. Үн-түнсіз жүре беретін.

Кейде Халимаға киноға барайық десем:

— Киноны неғыласың, сабағыңды оқы, дейтін.

Өзі қазақ, орыс кітаптарын үнемі оқып отыратын. Қандай кітаптар екені әзір есімде жоқ. Өйткені өзім кітап оқуға құмар емес болатынмын. Бір есімде қалғаны Халима кітапханаға барып, кітап оқығанды жақсы көретін еді. Өйткені, кітапхана тыныш қой. У-шу жоқ. Ал интернатта қыздардың бірі өлең айтып, бірі күліп, шулап жататын. Бірақ Халима солардың біріне ренжімей, кітабын оқи беретін.

Біздің Семейде Гоголь деген үлкен кітапхана болды. Халима ылғи сонда баратын. Қыздардың ешқайсысы ол кітапханаға бармайтын, ерінетін. Ал Халимаға анда-санда ілесіп, Орынкеш қана баратын.

Халима өте ісмер болды. Ақылды еді. Өзі суретші болатын. Саусағы майысып отырып, неше түрлі суреттер салатын қарындашпен. Біреудің көзін сығырайтып, біреудің көзін бадырайтып, қағазға түсіре қоятын. Қабырға газетіне шығатын суреттердің бәрін Халима салатын. Ол өзі ақын да болатын. Орысша, қазақша өлеңдер шығаратын. Өзі үндемей жүрсе де, ішкі юморы күшті болатын. Әркімге арнап әртүрлі әзіл өлеңдер шығаратын да, артынан жыртып тастай салатын. Әзекеңе көмектесу үшін өз бойындағы сол өнердің бәрін Халима тастап кетті. Ал тастамаған өнері ісмерлігі еді.

Осы арада айтайын дегенім Халекеңнің сол ісмерлігі туралы.

Біздің Әзекене костюмдер дәл келмейді ғой. Бәрі қолқылдаған үлкен. Соларды Халима үйге әкеліп, костюмін өзі тарылтып, шалбарын өзі қысқартып беретін. Ақшалары аз, кедей кездерінде Халима Әзекеңнің жазғы костюмдерін өз қолымен тігіп беріп жүрді. Өз көзіммен көрдім. Костюм ғана емес, басына киетін жазғы, күзгі картоздарды да тігетін. Ал қысқа қарай аяғына түйе жүнінен қысқы шұлықтардың да бірнешеуін тоқып берді. Қолына тура дүкендікіндей етіп, түйе жүнінен қолғап та тоқып беретін.

Тоқу өнері жатынан Халима фабрика десе де болатындай еді. Өз үстіне жемпір, ұзын етек көйлек тоқып, киіп жүрді. Әзілханға да, балаларына да бірнеше жемпір тоқып, кигізді. Шәлі тоқу шеберлігін айтсаңшы. Халиманың қолынан шыққан шәлілер Орынбургский платоктардан кем түспейтін. Қыздарының туған күндерінен арнап, жеті жасқа толғанына, рамката салып, іліп қоятын-сюжетті кестелер тоқығаны көз алдыма. Олардың аятына: "Туған күніңмен, Жанаржан!" немесе "Жеті жасар Жанатым!" деген тоқыма жазулар жазатын.

Халима бұл тоқыма өнерімен Әзекең жазушы атағына жетпей тұрғанда шұғылданды. Әзекең жазушы болғаннан кейін өзінің мұғалімдік қызметін тастап, соның секретары болды. Әзекеңнің жазушылық жұмысының бәріне де Халима өзінің қолқабысын тигізіп отырды.

Тіпті, Әзекең алыстағы мұрағатқа барғанда да Халекең қасында болды. Әзекенді аялап, оның сырқат жүрегіне жүк түсірмей барлығын өзі көшірді. Халима орысша, қазақшаға да бірдей еді.

Біз бүгін тамақ ішу үшін емес, Халиманы еске түсіру үшін келдік. Оның әрбір жақсылығын, әрбір ісін көз алдымызға елестетеміз.

Сондықтан, Халимамен бірге өсіп, бірге оқып, әскерге бірге барғандықтан мен өз білгенімді, өз көргенімді айтып жатырмын.

Әскерге баруымыз былай болды.

Халима аз сөйлемегенімен, құрбы қыздардың алдында бедел! күшті болды. Халима қанша талантты, дарынды болса да, ешқашан мен сондаймын деп айтпайтын. Бірақ, біз өзіміз Ха-лимадай болуға тырысатынбыз. Оның айтқанын бұлжытпай орындайтынбыз. Соның бәрі Халиманың беделінің күштілігі еді.

Сол беделінің күштілігімен Халима оныншы класты бітірерде: "Майданға барайық. Жаумен соғысайық. Бізді балалар үйіне өткізіп, интернатта тәрбиелеп, әкеміздей болған Кеңес Үкіметіне қызмет етейік, Отанымызды жаудан қорғайық!" деп бізді үгіттеді. Өзі алдымен военкомға арыз апарып берді. Бізге де арыз жаздырып, военкоматқа ертіп апарды.

Сол арыздарымыз бойынша бізді әскерге қабылдады. Он бірінші мектептің он қызы қол ұстасып, әскерге аттандық. Халима, Орынкеш Мысырова, Шәкәр Ботаханова, Хантай Елубаева, Зифа Әркешова, тағы басқалар бар.

Бірақ, бізді Батысқа қарай емес, Шығысқа қарай жөнелтті. Борзя деген стансада Халима мен Орынкеш екеуін сендер радистка боласыңдар деп, эшелоннан түсіріп, алып қалды. Басқамыз Читаға жетіп, авиация бөлімінде қызмет істеуге кірістік.

Артынан Халима военный цензор болып, Мәскеуде қызмет істеді. Сержант деген әскери атағы болды.

Соғыс біткеннен кейін бәріміз елге қайттық. Халима соғыс біте сала бала күнгі сырқаты асқынып, ауруханада жатып қалды. Бір жарым жыл емделіп, әскерден кеш қайтты. Сол кезде мен Алматыда едім. Уәсила (Уәсила Мағауияқызы (1890-1954) Абайдың өз қолында өскен немересі, Ишағы Мағауияның Уәсиладан кейін Жағыпар деген ұлынан туған сіңлісі) апамның үйінде болатынмын. Мәскеуден қайтқан Халиманы Алматыда өзім қарсы алдым. Ол кезде Әзілхан Алматыда жоқ болатын. Жазғы демалысқа шығып, Семейге кеткен. Халима екеуміз Уәсила апамның үйінде үш күн бойы бір төсекте жаттық. Өткен күндерімізді еске түсірдік. Халима

Семей облысының Шар ауданындағы Сәкиге барып, мұғалім боламын деді. Барды. Халиманы Әзілханға өз үйінен Сәки ұзатты.

Ал енді мен Халиманың жақсылығын айтып, жеткізе алмаймын. Сәкидей суырылған шешен емеспін. Сөзге шорқақпын. Сондықтан да бірді айтып, бірге кетіп жатқан болармын. Оған кешірім сұраймын.

Халиманы мен өзімнің туған туысымнан артық көрдім. Осы Алматыда туған сіңлім Ғазел бар. Егер мен бір жаққа жолаушы кетсем, не курортқа барсам үйімнің кілтін Ғазелге емес, Халимаға тастап кететінмін. Туыстан артық болды деген сол емес пе?

Осында көп адамдар отырмыз. Менің оң жатымда отырған Нұрсипат академияның атақты членкоры болған Төлеубай Амановтың әйелі. Төлеубай марқұм біздің мектептің түлегі еді. Ол бізден бірер класс жоғары оқып, соғыстан келгеннен кейін членкор атағына жетті. Академияның математика институтының директоры болды. Біздің №11 мектепте ұлдардан озық болған Төлеубай болатын. Қыздардың үздігі Халима болатын. Егер Халима өз өмірін Әзекеңе арнамаса, академик болатын еді деп ойлаймын.

Семейден шыққан Рымбек Ілияшев деген атақты ағамыз болған. Сол жатымда сол кісінің қарындасы қызы Меңсафа отыр. Меңсафа да Халимамен бірге оқыған. Оның ар жатында әйелдер туралы жазып жүрген белгілі ғалымдардың бірі Рахима Сыздықова отыр. Бұлар қасымызда бұрын қайтыс боп кеткен аға-іні жазушы, ақын ағаларымыздың үйлеріндегі тамаша-тамаша жеңгелеріміз бен сіңлілеріміз отыр. Апаларымыз отыр. Олар: Қалижан Бекхожин ағаның үйіндегі жеңгеміз Зайда, Сырбай Мәуленовтың үйіндегі құрдасымыз Күлжамал, Зейін Шашкиннің қарындасы Мәкиза отыр. Қабдікәрім Ыдырысов бауырымыздың үйіндегі Бәтіш келініміз және бар. Осылардың бәрі Халима екеуміздің әрі апаларымыз, әрі жеңгелеріміз, кейбіреулері келіндеріміз. Халиманың қайтыс болғанына осылардың бәрінің қабырғасы қайысты. Солардың бір тобының атынан мен сөйлеп тұрмын.

Халиманың бізге қалдырған үлгі боларлық қасиеті көп. Қонақ күту, дос сыйлау, алысты жақын тұту деген сияқты. Халиманың қолынан атақты Мұхтар атамыздың өзі дәм татқан

Павлодарға барғанда. Халиманың ақылдылығын, аналығын, даналығын, еңбекшілдігін мен ешқашан айтып жеткізе алмаймын. Ол үшін маған он жыл ойлану керек. Оның көп қасиеттерін Әзекеңнің өзі айтып кетті. Айтылмағаны әлі де көп деп ойлаймын. Халиманың қасиеттерін Әзекең де айтып, тауыса алмайтын шығар деймін.

Өзгені айтпағанда Халиманың өсірген балалары қандай! Шетінен инабатты, ілтипатты. Тіпті көшеде жаяу кетіп бара жатсаң, тоқтай қалып, машинасына отырғызып, барар жеріңе жеткізіп салатынын айтсаңшы.

Халиманың адам сыйлағыштығының тағы бір белгісі сонау алыс елдегі құда-құдағилары өз немерелеріне Халиманың атын қойыпты. Жақсы көрмесе кім өз баласына өзге біреудің атын қояды? Қоймайды! Өз есімімен аталатын кіші Халима кішкене Халима әже Халиманың артына қалдырып кеткен үлгілі ескерткіштерінің бірі деп ойлаймын.

Халима менің жүрегімде. Жүрегімнің әрбір лүпілі "Халима!" деп соғады.

Ол осы отырғандардың бәрінің жүрегінде.

Ол ұмытылатын әйел емес!

Менің айтайын дегенім осы.

Кешегі зұлым жаудан сен сержант боп қорғаған Отаның аман болсын, Халима!

* * *

Есләм ЗІКІБАЕВ,

ақын

Әз аға!

Өткенде ауруханада жатқанда екі ауыз ғана сөз жаздым. Ондайда адам айтатұғын сөз таппай қалады. Мен реанимацияда жатқан кезде, Сіз үлкен басыңызбен терезеден келіп, менің көңілімді сұрадыңыз. Менің бір айтатыным бар:

Көңілімде мен өлсем жылайтындар да, жыламайтыңдар бар.

Көңілімде сұрайтындар бар, сұрамайтыңдар бар.

Таңданба: ол өмірдің өз заңдылығы,

Маған да ұнайтындар бар, ұнамайтындар бар,

— деп балаларыма өсиет етіп айтатыным бар.

Сол айтқандай кейбір ағайындар тура қарама-қарсы кеп қалсаң, "Сен қалайсың?" деп сұрамайды. Ал енді сіз өзіңіз ауруханада жатып, төртінші этаждан мен ауырып қалды деп төменге түсіп, менің көңілімді сұрап жүргеніңізде сол кезде апайымыз да ауырып жөн көрсететін ағаларымыздың жақсы қасиеттері көп деп айтамыз. Соның ішінде біз сияқты жүрегі қайта-қайта ауыратын інілердің көңілін сұраудың жөні бір бөлек. Бірақ, еңсеңді түсірме, болбырап кетпе деген сияқты үлгі айтатын ағалар аз. Мен де балаларыма Әз ағаң да жеті-сегіз рет инфаркт алған. Сол кісінің жасына дейін мен сол кісіні қуып жететін шытармын деп әзілдеп айтып қоямын.

Сіз елге керексіз.

Сіз бала-шағаңызға керексіз.

Арттағы үрім-бұтақтарыңызға керексіз.

Ертеңгі тарихқа керексіз.

Сондықтан сіз мықты болуға қақылысыз.

Мықты болыңыз.

Ал енді Халима апам туралы айтатын болсам, пікірім мынадай. Ғашықтар туралы біз бала күнімізден естіп келеміз. Сауатымыз ашылғаннан кейін кітап оқып, хиссаларға көз жүгіртіп, талай ғашықтар болғанын естіп, білдік. Бірақ, өмірде ондай ғашықтарды көрген жоқ едім. Енді көзім жетті. Ол Халима мен Әз ағаң екен. Ләйлі мен Мәжнүнді алыстан іздеудің керегі жоқ, қасымызда екен!

Ләйлі мен Мәжнүн бір-біріне жас кезінде ғашық болды. Ал әдебиет тарихында бір-біріне өмір бойы ғашық болып өткен ешкім жоқ. Ал Халима апам соңғы үзілер сәтіне дейін Сізге ғашық болып өтіпті. Ал Сіз ол кісі өлсе де апама ғашық екенсіз. Мұны Сіздің жаңа осы отырғандарға арнап апам туралы оқыған поэмаңыздан ұқтым. Сіз жаңа бізге мәңгілік ғашықтық жыр оқыдыңыз. Сіз оны қара сөзбен жазғансыз. Бірақ, мен оны поэма деп қабылдадым. Гогольдің "Өлі жандар" деген қара сөзбен жазылған поэмасы бар емес пе? Мен соған ұқсаттым.

Ендігі сөзімді Халима апамның рухына арнаймын. Мен апамның қолынан қанша шай ішіп, шарап жұтқанымды айтпаймын. Тоқ етерін ғана айтамын.

Баян сұлу мен Қыз Жібектей ғашықтардың ендігі Пірі, қайталап айтамын, Баян сұлу мен Қаз Жібектей ғашықтардың ендігі Пірі өзіңіз болыңыз, Халима aпa! Нұрыңыз бейіште шалқып, өлмес рухыңыз о дүниедегі Баян мен Қыз Жібектің қасынан орын алсын!

* * *

Асылхан ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

қажы, молда

Қадірменді Әз ағаң мен Халима апамыздың туыстары! Бүгін, білген адамға, шын мәнінде бір кітапты оқып шыққандай оқиға болып отыр. Біз, енді, молда болғаннан кейін талай өліктің қаралы сәттерін қолымызбен атқарып жүрміз ғой. Бірақ, өз басым, Халима апама арналған мұндай жоқтау жырын ешқашан естіген емеспін. "Жоқтау жыры" деп Әз ағаңның апай туралы сөйлеген сөзін де, ол кісіден кейін сөйлегендердің шын жүректерінен шыққан лебізін де айтамын.

Сол себептен сіздерден "үзір" дейді ғой, үзір сұраймыз. Мына дастарқанның негізгі мақсаты құран оқып, бағыштаумен аяқталуы керек. Сол себептен қазір құран оқылған соң сіздердің тұрып кетпеулеріңізді сұраймын. Құран оқылғаннан кейін апамызды еске алу рәсімін ары қарай жалғастыра беруді сұраймын. Намазшам уақыт жақындап қалғандықтан құран оқиық. Артынан сіздер ары қарай жалғастыра беріңіздер. Амандықта, жақсылықта кездесуге нәсіп етсін.

(Құран оқылды.)

* * *

Дәмелі Дүйсенбайқызы МҮСӘПІРБЕКОВА,

Халиманың немере сіңілсі

Мен Халиманың немере сіңлісімін. Мен Темірханнан туғанмын. Темірхан, Өзбақан, Өзіхан Қарақаннан туады. Өзбақанның Қалиәкпарынан Халима.

Халимашты кішкене күнінде балалар үйіне алып кеткен. Әкелерім іздеп, Семейден табады. Семейдің көк базарында кездеседі. Балалар үйінің шашын қиған қыздары базар аралап, шемішке сатып алып жүреді. Содан әкем көп қыздың ішінен Халимашты шырамытады.

— Қарағым, атың кім? — дейді.

— Халима, — дейді ол.

— Әкеңнің аты кім?

— Қалиәкпар.

— Шешеңнің аты кім?

— Зәукен.

— Қағазда кіммін деп жазыласын?

— Өзбақанова деп.

Одан әкем еңіреп, Халимашты құшағына алады.

— Жүр, Аягөзге алып кетемін, — дейді. Халимаш басын шайқайды.

— Мен балалар үйінің баласымын. Менің интернаттан басқа туысым жоқ, — дейді.

— Интернатың қайда?

— Пәлен жерде.

Әкем Халиманың интернатына барады.

— Қызымызды таптым, алып кетемін, — дейді әкем. Оған интернат басшылары бас шайқайды.

— Халиманың шын туысқаны екеніңізді дәлелдейтін жергілікті жерден құжат әкеліңіз. Әйтпесе баламызды біз сізге жетектетіп, жібере алмаймыз, — дейді.

Әкем Аягөзге келіп, құжат жинап, Дүйсен деген інісін ертіп, Семейге қайта барады. Семейге бара жатқан менің әкемнің аяғы сынып, Шар деген стансада қалып қояды. Содан Дүйсен ағамыз Семейге өзі барып, Халимашты алып қайтады. Жолда Шарға соғып, менің әкем Дүйсенбайды екеулеп Аягөзге жеткізеді. Содан Дүйсен аға жұмыс істейтін Мыңбұлақ деген жерге барып, онда біраз тұрады да, Аягөзге келеді.

Ол жазғы демалыс кезі екен. Демалыс біткен соң Халимаш:

— Интернатымды сағындым, сондағы дос, жолдас қыздарымды сағындым! Мен оларсыз өмір сүре алмаймын !— деп, Семейге қайтып кетіпті.

Содан Халимаш Әзекеңе қосылыпты. Оны естігеннен кейін әкем:

— Айналайын жолы болсын! Бақыты ашынсын. Барған жеріне балдай батып, судай сіңсін, – деп сырттай бағасын беріпті.

Бұл кісімен жолдас болғанына 54 жыл болыпты. Осы елу төрт жыл бойы бірін-бірі сыйлап, бірінің-бірі көңілін қалдырмай тату-тәтті өмір сүріп еді. Менің ішімнен сыр шығармайтын, бір тоға, сондай ақылды адам болды.

Халимаш апам Әзекеннің басынан құс ұшырған жоқ. Табанына шөгір кіргізген жоқ. Басынан — күн, табанынан сыз өткізген жоқ. Әз ағаңа лақтырылған таяққа өз шекесін тосты, қанатын кең аурудан, сырқаудан, тілден, көзден сөзден аман сақтады.

Одан кейін Әзекеңнің талай жақсылықтары жайынып жатыр елге. Біздің Аягөз еліне де. Аягөз — жеті ағадан қара көк үзілмеген жер. Атақты Баян сұлу апамыздың да сүйегі Аягөзде жатыр. Аягөзден шыққан 17 ақынның ағаты алысқа кеткен. Сол ауданымызда бір үлкен ұлы дүбір той болғалы жатыр. Арғы ағамыз Ақтанберді ақынның тойы. Сол тойға Әзекенді шақырсақ, денсаулығы жарамайды. Аягөзде Мүсәпірбеков деген менің балаларым бар. Солар да көңіл айтып жатыр, Әзеке, Сізге. Қайтыс болғанда жете алмадық. Содан кейін балалар мені қырқына жіберді.

Ақтанберді ағамыз өзі ақын, өзі батыр болған кісі ғой. Менің балаларым сол кісінің тұқымдары. Ақтанбердіге арнап үй тіккізгелі жатыр. Егер Әзекең келе алмаса деп, балалар шапан беріп жіберді.

— Тойға келгенде де киетін шапаны ғой. Соны апамыздың қырқында жездемізге тапсырып келіңіз, — деді. Міне, сол шапанды иығыңызға жабуға рұқсат етіңіз.

Ендігі айтарым:

— Сен Баян сұлу апаңның сіңлісі едің, барлық қазақ қыздары саған тартқан саналы болсын, Халима aпa!

* * *

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ,

жазушы, Қазақ радиосының әдебиет пен өнер редакциясының меңгерушісі

Армысыңдар, тыңдарман қауым?!

Бүгін Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың "Жазушының жары" деген хикаясын тыңдайсыздар. Бұл хикая "Халима. Мәңгілік махаббат жыры" деген атпен "Жұлдыз" журналында жарияланған. Бүгін жазушы өзінің жан жары болған Халима туралы толғанысын тыңдармандарға өз аузынан айтып береді. Бұл хикаяның әрі авторы, әрі кейіпкері Әзілхан Нұршайықовты көзқарақты жұрт кеңінен біледі.

Әз ағамыз бар өмірін, күресі мен арпалысын, күйініші мен сүйінішін халық мүддесіне арнап, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қаһармандық пен махаббатты, достық пен ынтымақты талмай жырлап келе жатқан тұлға. Қажымайтын, талмайтын, ұзаққа сілтейтін халықтың қадірлі Әзілханы. Өмірді жан-жақты көре білетін, көргенін көркемдеп қағазға түсіре білетін қаламгер.

Әзілхан ағаның сүйікті шығармаларының бірі өздеріңіз тыңдағалы отырған "Халима" хикаясы. Бұл хикаяда ағамыздың жан жары Халимаға деген мәңгі суымас ыстық махаббаты баяндалады. Қазақ әйелі қандай болуы, оның бойында қандай ұлттық өнегелі қасиеттер сақталуы керектігі айтылады. Шығарма адамдардың қоғам алдындағы, махаббат алдындағы міндеттері қандай екенін жақсы түсіндіреді. Бұл хикаяны тыңдап, кітаптан оқыған адамдардың: "Шіркін-ай! Менің де жарым Халимадай болса екен!" деп армандарына сөз жоқ.

2.06.2002.

* * *

2002 жылы 21 шілдеде

Наши рекомендации