Тақырып. Қазақстандағы педагогикалық ойлар
Жоспар
1. XIX ғасырдағы көрнекті қазақ ағартушылары халықтық тәрбие туралы
2.Этнопедагогиканың XX ғасырда Қазақстанда дамуы
1. XIX ғасырдағы көрнекті қазақ ағартушылары халықтық тәрбие туралы. Әбубәкiр Диваев (1855-1933).Қазақ ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинау, бастыру мәселелерi ХIХ-ғ. мен ХХ-ғ. Басында бiр топ орыс ғалымдары айналысты. Олардың iшiнде Сырдария генерал-губернаторы Н.И.Гродековтың 1884 ж. қазақ, өзбек, қырғыз халқы ауыз әдебиетiн жинауды қолға алып, бұл жұмысты жергiлiктi халықтың тiлiн, салт-дәстүрiн жетiк бiлетiн Орынбор кадет корпусiнiң түлегi Ә.Диваевқа тапсырды. Ол араб, парсы тiлдерiмен қоса қазақ, өзбек, тәжiк тiлдерiн де жетiк бiлетiн едi, 100-ге тарта ғылыми еңбек қалдырды. Ол жинаған қазақтың батырлар жыры 1922-23 ж.ж. Ташкентте тұңғыш 9 том болып басылды. 1924 ж. Ташкентте қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерiнен құрастырған “Тарту” атты жинақ, ал 1926 ж. Қызылордада “Балаларға тарту” жинағы шықты. Ол “Алпамыс”, “Қамбар батыр” жырларының бiрнеше варианттарын, “Тазша бала” ертегiсiнiң үш нұсқасын салыстыра зерттеп, олардың iшiндегi ең толығын және ең көркем дегендерiн баспа арқылы шығарып отырған. Ә.Диваев “қазақ” сөзiнiң шығу тарихы туралы да өз пiкiрiн, бiлдiредi. Ол қазақтың тыю сөздерi мен 70-ке тарта ырымдарын талдай келiп, олардың шығу тегiне, тәлiмдiк мәнiне тоқталады. Бақсылардың кiм екендiгiне түсiнiктеме бередi. Қазақтың “Ас иесiмен тәттi”, “Айналайын” деген сөздердiң этимологиясына талдау жасайды.
Шәкәрiм Құдайбердиев (1858-1931).Абайдың реалистiк дәстүрiн жалғастырушы әрi ақын, әрi жазушы, аудармашы, философ, шежiрешi әмбебап ғалым. Ол жастайынан өнер-бiлiмге, әдебиет пен тiлге (араб, парсы, түрiк, орыс тiлдерiн жетiк бiлген) бейiмдiлiк көрсетiп, көп iзденiп, шығыс, батыс классиктерiнiң еңбектерiн оқып үйренген. 1905-1906 ж. Орыс география қоғамының Семей бөлiмшесiне мүше болған. 1905-1906 ж.ж. Меккеге сапар шегiп Стамбул кiтапханасындағы бай мәдени мұрамен танысқан. Қайтып келе жатып, Ясная поянадағы Л.Н.Толстоймен кездесiп пiкiрлескен. “Толстойша” деген өлеңiн жазған. Ол халық аңыздары негiзiнде “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлiк-Кебек” дастандарын жазып, қазақтың әдет-ғұрыптары туралы мол мәлiметтер бередi. 1911 ж. “Түрiк, қырғыз, қазақ һәм хандар шежiресi” атты еңбегiн жазады. Ол Толстойдың қысқа әңгiмелерiн, Физулидiң “Ләйлi-Мәжнүн” поэмасын, Пушкиннiң “Дубровский” атты поэмаларын аударады. 1918 ж. “Абай” журналына Қожа Хафиз шығармаларын аударып бастырады. Шәкәрiмнiң дүниенiң жаратылысы, философиялық-геологиялық көзқарасы “Үш анық”, “Қазақ айнасы”, “Анық пен танық”, “Мұсылмандық шарттары” атты еңбектерiнен көрiнiс тапқан. Ол бұл еңбектердi жазбас бұрын батыс, шығыстың атақты ғалымдары: Пифагор, Маско, Эпиур, Демокрит, Аббас, Ньютон, Линней, Гасанди, Мұхаммед, Исус Христос, Дарвин т.б. еңбектерiн оқып шығып үлкен дайындықпен келген. Олардың пiкiрлерiмен терең танысқан Шәкәрiм дүниенiң негiзi атомдардың қосындысынан тұрады, жаңа туып, өсiп-өнiп, өлiп-өшiп үнемi жаңаруда, өзгерiстерде болады дегендi қуаттайды.
“Кеттi, келдi, толды, семдi, өзгелендi бұл ғалам…
Туды, өлдi, жанды, сөндi, өршiп, өндi қайтадан” дей келiп: “Iздедiм, таптым, анығын. Тастадым ескi танығын” – деп ой түйедi. Дүние сырын бiлу, нану, ұғыну, тану – бәрi ақыл iсi. Ол мида қорытылып түсiнiк, ой, сезiм болып көрiнiс бередi дейдi.
Тән сезiп, құлақ естiп, көзбен көрмек,
Мұрын иiс, тiл дәмнен хабар бермек.
Бесеуiнен мидағы ой хабар алып,
Жақсы-жаман – әр iстi сол тексермек – деп мидың қызметiнiң нәтижесi сезiм мүшелерiнiң әрекетi арқылы белгiлi болады, адам өзiн айналада қоршаған дүниенiң сырын бес сезiм мүшелерiнң әрекетi хабарына нагiзделген мидың қорытуымен танып бiледi деп материалистiк философиялық қорытынды жасайды. Шәкәрiм өнердi, бiлiмдi, адал еңбекпен күн көрудi, әдiлет жолын қууды насихаттады.
Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) Бүкiл саналы өмiрiн қазақ халқының бақытты, берекелi, бiрлiкшiл ел болуын аңсаған, сол жолда аянбай еңбек еткен ақын, аудармашы, тiлшi, ғалым, көрнектi қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынов қазақ елiн отырықшылыққа, мектеп ашып бiлiм алуға шақырған ағартушы. Ол бiрнеше оқулықтардың авторы: (“Әлiпби”, “Тiл құралы”, “Баяншы”, “Әдебиет танытқыш” т.б.) Ол И.А.Крыловтың бiрнеше мысал өлеңдерiн аударып, 1909 ж. Петербургте “Қырық мысал” деген атпен бастырып шығарды. А.Байтұрсынов М.Дулатовпен бiрiгiп 1913-1917 ж.ж. Орынборда “Қазақ” газетiн шығарды. Онда мектеп, оқу-ағарту iсi, отырықшылық, сауда, ел билеу iсi, Мемлекетiк Думаға қатынас мәселелерiн сөз еттi. Алдыңғы қатарлы елдердi үлгi еттi. Надандықтан құтылудың жолы оқу-ағарту iсi деп қарады. Мектептерге бiлiмдi мұғалiм кадрларын даярлауды көтердi. Қазақ алфавитiн жаңартып араб әрпiне жаңа әлiппе жасады. А.Байтұрсынов пәндердi оқытудың әдiстемесiмен де айналысты. 1928 ж. “Жаңа мектеп” журналының 8-санында жарияланға “Қай әдiс жақсы?” деген көлемдi мақаласында ұлы педагог Л.Н.Толстойдың “Үйрету әдiстерi туралы” деген еңбегiне талдау жасай отырып, “әдiс деген қатып-семiп қалған догма емес… Жақсы дерлiкте, жаман дерлiк те бiр әдiс жоқ. Олқылықтың белгiсi – бiр ғана әдiспен болу. Шеберлiктiң белгiсi – түрлi әдiстi болу” деп ойын тұжырымдайды. Ол сауаттылықты негiзгi жазуға жаттықтыру деп қарады. Жазу дегенiмiз – әрiптердiң суретiн салу, ал оқу дегенiмiз – суретi салынған әрiптердiң дыбысын дұрыс айту. Балалар дыбысты ажыратып үйренген соң, сол дыбыстың таңбасы – қәрiптi көрсету керек. Оны меңгергеннен кейiн оқу, жазу жұмыстарының бәрiне сол тiреу болады деп балаларды оқуға, жазуға үйретудiң әдiс-тәсiлдерiн сөз еттi. 1920 ж. Қазанда “Баяншы” деген атпен тiлдi оқытудың методикасына арналған әдiстемелiк құрал шығарды. А.Байтұрсынов оқытудың бiлiмдiлiк-танымдық жағымен бiрге тәлiмгерлiк қызметiне де баса көңiл бөлдi. Әрбiр оқылатын тақырыптардың бiлiм бере отырып, тәрбие де беруiн қарастыруды талап еттi.
Хәлел Досмұхамедов ( 1883-1937) 1909 ж. Петербургтегi әскери медицина академиясын оқып, бiтiрiп Керм губерниясында, кейiн 22 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери дәрiгерлiк қызмет атқарады. Осы кезден бастап қоғамдық iстерге белсене араласып, “Орал”, “Пiкiр”, “Қазақ” газеттерiне мақалалар жазады. 1917 ж. бастап Алашорда үкiметiнiң басқару жұмыстарына белсене араласады. Батыс Қазақстан өлкесiндегi Алаш партиясының белсендi қайраткерлерiнiң бiрi болады. 1924 ж. Орта Азия университетiнде ординатор, 1926-29 ж.ж. Қазақ педагогикалық институтында проректор, кейiнне педалогия кафедра меңгерушiсi, профессорлық қызметтер атқарады. Жаратылыстану ғылымы саласында тұңғыш “Адамның тән тiршiлiгi” (1927) “Сүйектiлер туралы” (1928) Жануарлар (1929) атты оқулықтар жазып шығарады. Осы ғылым саласында тұңғыш ұлттық ғылыми терминдердi қалыптастыруда елеулi еңбек етедi. Х.Досмұхамедов тарих, әдебиет, тiл бiлiмi ғылымдар саласында да бiрнеше ғылыми еңбектер жазып көзге түседi. Мысалы: “Қазақ халық әдебиет”, “Қазақ-қырғыз тiлiндегi сингормонизм заңы”, “Кенесары-Наурызбай”, “Шатай қозғалысы туралы” еңбектерiнде қазақ ауыз әдебиетi үлгiлерiнiң тәлiмдiк жағына баса көңiл бөлген, қазақ әдебиетiн жинап зерттеушi орыс ғалымдары: В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, Г.Н.Потанин, А.В.Алекторов, Ә.Диваев т.б. еңбектерiне талдау жасаған. Қазақ ауыз әдебиетiн ғылыми тұрғыда тұңғыш классификация жасаған.
Мiржақып Дулатов (1885-1935).1897 ж. Торғайдағы орыс-қазақ мектебiне түсiп, оны 1902 ж. бiтiрiп шығып 6-7 жыл ауылда мұғалiм болған Мiржақып кейiн Омбы, Қарқаралы қалаларына барады. 1909 ж. Уфада “Оян, қазақ” атты еңбегiн, кейiн “Бақытсыз Жамал” романын бастырып шығарады. “Айқап” журналына әртүрлi тақырыпта мақалалар жазып тұрады. 1913-1917 ж.ж Орынборда А.Байтұрсыновпен бiрге “Қазақ” газетiн шығарады. Қазан төңкерiсiне дейiн, сондай-ақ Кеңестiк үкiмет жылдарында Алаш үкiметi мен партиясының белсендi қайраткерi болғаны үшiн бiрнеше рет 1922-26 ж.ж. Орынбордағы қазақ ағарту институтында оқытушы болады. 1922 ж. екi бөлiмнен тұратын бастауыш сыныпқа арналған “Есеп құралы”, 1924 жылы “Қирағат” атты оқулығын басып шығарды. Ұлы педагог Ы.Алтынсариннiң оқу-ағарту мәселесiне байланысты идеяларын әрмен қарай жалғастырып, ол да А.Байтұрсынов сияқты оқу-тәрбие iстерiн ғылыми тұрғыда қарастырды. Оқытудың жаңа әдiс-тәсiлдерiн марапаттап, шәкiрттердiң жаңа бағдарлама бойынша бiлiм алуына, сабақтың ғылыми дидактикалық негiзде жүргiзiлуiне зер салды. М.Дулатов өзiнiң “есеп құралы” кiтабын бiрiншiден, қазақ өмiрiмен байланыстырса, екiншiден тұңғыш рет елуге тарта материалдық терминдердi тiлiмiзге енгiзудi, үшiншiден оқулықтағы материалдардың бiлiмдiк және тәлiмдiк жағынан бiрдей қарастырылуына зер салды. Сөйтiп, М.Дулатов математикалық оқудың негiзiн салды.
Нәзипа Құлжанова (1887-1934).Ол қазақ әйелдерi арасынан тұңғыш әлеуметтiк iске белсене араласқан әрi мұғалiм, әрi педагог-ғалым, әрi журналист болды. Ол 1902 ж. Қостанайдағы қыздар гимназиясын оқып бiтiрiп, Торғайдағы қыздар училищесiнде, кейiн (1904-1919 ж.ж.) Семейдегi мұғалiмдер семинариясында мұғалiмдiк қызмет атқарды. Н.Құлжанова 1924 ж. “Мектепке дейiнгi балаларды тәрбиелеу” атты еңбегiн жазып, Орынбордан бастырып шығарды. Кейiн “Әйел теңдiгi” журналында қазақ балабақшаларындағы озат тәжiрибелер жайында бiрнеше мақалалар жазады. 1924 жылы “Ана мен бала” атты еңбегiн жазып шығарады. Бұл еңбекке алғы сөзi атақты – турколог ғалым, қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынов алғысөз жазды. Автор мектепке дейiнгi тәрбиенiң мазмұнын, мақсатын баяндай келiп, баланың қимыл-қозғалысына, сезiм мүшелерiне, сөйлеу, ойлау ерiк-жiгерiн жетiлдiру жолдарына тоқталады. Бала ойынының мәнi мен маңызына тоқталады. Жас баланың өсiп-жетiлуiне, дүние-танымына табиғаттың әсерiнiң ерекшелiгiне тоқтала келiп, “суға түсiп, жүгiрiп, құспен бiрге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шiркей, құрт-құмырсқамен бiрге көкорай шалғын, тоғай арасын сайрандап жүрiп, көңiлi де, жан-тәнi де бiрдей тегiс өсiп, өркендемек” – дейдi.
Жүсiпбек Аймауытов (1889-1931).Жазықсыз жапа шеккен, қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң көрнектi қайраткерлерiнiң бiрi Ж.Аймауытов қазақ топырағында тұңғыш шыққан педагог, психолог-ғалым. Ол бiрнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ж.Аймауытов Павлодардағы орыс-қазақ мектебiн, онан кейiн Семейдегi мұғалiмдер семинариясын (1918) бiтiрген. 1924 ж. Баянауылда бала оқытады. 1920 жылы РК(б)К қатарына кiредi. Қазақстан Советтерiнiң сьезiне делегат болып сайланады. ҚАССР Халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесi, “Қазақ тiлi”, “Ақ жол” газеттерiнiң қызметкерi, мектеп мұғалiмi, 1926-29 жылдары Шымкенттегi педтехникумның директоры болып iстейдi. 1931 жылы ұлтшыл деп айыпталып, жазықсыз өлiм жазасына кесiледi. 1918 ж. “Абай” журналының бас редакторы бола отырып, тәрбиемен байланысты бiрнеше ғылыми мақалалар жариялады. Солардың iшiнде 1922 ж. жеке кiтап болып шыққан “Тәрбие жетекшiсi” атты еңбегiн ерекше атап өтуге тура келедi. Ол еңбегiнде Ж Аймауытов “Адам мiнезiнiң, ақыл-қайратының әр түрлi болуы – тәрбиенiң түрлi-түрлi болуынан. Адам баласының ұрлық iстеуi, өтiрiк айтуы, кiсi тонауы, өлтiруi сияқты бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенiң жетiспегендiгiнен” – дейдi. Автор бала тәрбиесiндегi отбасының рөлiне зор мән бере келiп, “Баланы бұзуға, яки түзетуге себеп болатын бiр шарт – жас күнiнде көрген өнегеге, ата-анасының берген тәрбиесiне байланысты “ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi” деп бала мiнезiн қалыптастырудағы отбасы мүшелерiнiң ықпалына тоқталады. Ж.Аймауытов өнегелi үйелменнен де бұзақы мiнездi баланың шығуы немесе тәрбиесi нашар отбасынан да тәрбиелi, өнегелi баланың өсуi мүмкiн дей келедi де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға елiктеуден болатынын дәлелдейдi. Ол “ойын-сауық, өлең-жырды естiп өскен елдiң баласы өнерге бейiм болады, дiндар елдiң баласы дiншiл келедi. Жастайынан кемдiк, жоқшылық, қағажу көрiп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады” – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигiзетiн ықпалына тоқталады. Ж.Аймауытов 1929 ж. “Комплекстi оқыту жолдары” деген еңбегiнде баланың бiлiмге деген ынта-ықыласын, зейiн-зердесiн арттыру үшiн мұғалiмдерден төмендегi шарттарды орындауды талап еттi. Олар: жаңа берiлетiн бiлiмдi баланың бұрын меңгерген бiлiмiне негiздеу, оқушылардың жаңа бiлiмдi меңгеруiне бағыттайтын проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың назарын меңгерiлетiн жаңа бiлiмге бағыттау, басы артық, қажетсiз мағлұматтарды айтудан сақтану, салыстыру, теңеу, ұқсату, сияқты тәсiлдердi қолдану арқылы балалардың бiлiмге деген қызығушылығын артыру. Тәсiлдердi үнемi жаңартып жандандырып отыру, көрнекiлiктi пайдалану т.б. дидактикалық әдiс-тәсiлдердi сөз етедi. Сондай-ақ ол “Психология” (1926), “Жан жүйесi және өнер таңдау”(1926) деген оқулықтарын жазып, психология, педагогика, әдәстеме ғылымдарын ұщтастыра оқытуға терең мән бередi.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938)әрi лирик ақын, әрi аудармашы, әрi ұстаз-ғалым Мағжан Жұмабаев ондаған поэма, жүздеген лирикалық өлеңдерiмен бiрге, оқытушылық қызметтi атқара жүрiп, тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырды. Ол жазған “Бастауыш мектепте ана тiлi” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Педагогика” (1922) атты оқулықтары педагогика және әдiстеме ғылымдарына қосқан тың үлес болып саналады. М.Жұмабаев орыс, батыс педагог-психолог ғалымдар еңбектерiн оқи отырып, сонымен бiрге тәрбиенiң ұлттық ерекшелiктерiн ескере өзiнiң “Педагогика” атты оқулығын жазудағы ұстанымын былайша сипаттайды: “Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн (орыс, батыс ғалымдарын айтып отыр – С.Қ.) таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi. Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң жәрдемiмен таза орыс сөздерi қазақшаға айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi (интернацианалдық терминдер – С.Қ.) болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп азаптануды тиiс таппадым”. Шынында да ол кезде қазақша педагогикалық терминдар жоқтың қасы едi. М.Жұмабаев жүздеген педагогикалық жаңа терминдердi ойлап тауып, тiлiмiзге енгiзген. Оқу құралының бiрiншi бөлiмiнде педагогиканың жалпы мәселесiне арналған. Оның пiкiрiнше тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Тәрбиенiң бұдан басқа да бiрнеше түрлерi бар. Автордың төрт тәрбиеге баса көңiл бөлуi сол заманның талабынан туған көзқараспен астасып жатыр.
Әдебиеттер:
1.Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы.А; “Бiлiм” 2004ж.
2.Жарықбаев К.Б., Қалиев С. Қазақ тәлiмiнiң тарихы. А; “Санат” 1995 ж.
3. Қазақтың тәлiмдiк ой-пiкiр Антологиясы, 2 томдық. А; “Рауан” 1т. 1994., 2 т. 1998 ж.
4.Құдайбердiұлы Ш. Шығармалары А; “Жазушы” 1991 ж.
5.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 1-7 том. 1998-2005 ж.