Практикалық сабаққа арналған жаттығулар

Практикалық сабақ 1.

Тақырыбы:Морфологияның зерттеу обьектісі, негізгі грамматикалық ұғымдар

Сабақтың мақсаты: Морфологияның зерттеу обьектісі мен грамматикалық ұғымдарды меңгерту.

Тіл-тілдің өзара бір-бірімен байланысты екі жағы болады. Оның бірі-тілдің сөздік, екіншісі-тілдің грамматикалық жақтары. Тілдің осы екі жағының бірлігінен біртұтас тіл құралы да, айтылатын ой түсінікті болып, тіл нағыз қатынас құралы ретінде қызмет ете алады. Сөз дегеніміз – қыры-сыры мол, күрделі тілдік категория. Сөздің мағыналық, дыбыстық, шығу төркіні, даму тарихы, қолданылу ерекшелігі, жасалу жолы т.б. алуан түрлі жақтары бар. Сөз – айналамыздағы зат я құбылыс жайындағы ұғымның аты я атауы болса, әрине ол атаудың қоғамдық өмірде өзіне телінген мағынасы да болады. Бірақ ол мағына өзі атайтын затпен я құбылыспен тікелей табиғи байланыста болмаса да, сол ұғымды білдіретін белгілі я сол ұғымның мазмұнының бейнесі ретінде қалыптасатындықтан, бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне де бірдей түсінікті болады.

Тілдің сөздігі осындай әр алуан мағыналары бар сөздерден құралады. Тілдегі сөздерді, олардың жүйесін, даму заңдарын, қоғамдық тұрмыстың сала-салаларымен байланыс-қатынасын, сондай-ақ жеке сөздердің лексикалық мағыналарын, сөздердің шығу тарихы мен мағыналарының даму, қолданылу өзгешеліктерін лексикология ғылымы тексереді.Лексикалық мағыналары басқа-басқа сөздерді әрі қарай топшылай түсіп, топ-топқа бөліп, олардың әр тобына тән жалпы және жалқы сипаттарын анықтауға болады.

Адам өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтын неше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көиегі арқылы ғана түсінікті етіп айта алады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады.

Бақылау сұрақтары:

1. Сөз және оның морфологиялық құрылымы неден тұрады?

2. Сөз мағынасы (Лексикалық мағына мен грамматикалық мағына) дегенді қалай түсіндіңдер?

Тапсырмалар:

1-жаттығу. Мәтелдерді көшіріп жазып, тілдің грамматикалық мағыналарына талдау жасаңыз. Жан-жануарға қатысты айтылған мәтелдерді есіңе түсіріп мәтелдер қатарын толықтыр.

1. Қасқыр да жолдасына қас қылмайды. 2. Қоян көлеңкесінен қорқады. 3. Мысық жоқта тышқан төбеге шығады. 4. Көкек өз атын өзі шақырады. 5. Тауықтың түсіне тары кіреді.

2-жаттығу. Үйде біріңғай жуан сөздерден тұратын мақал-мәтел, біріңғай жіңішке сөздерден 10 мақал-мәтел жазып, олардың әрқайсысымен сөйлем құрастырып жаз.

3-жаттығу. Төмендегі сөздерге қосымша жалғап, сөйлем құрап жазыңыз. Морфологиялық талдау жасаңыз.

Күмән, кінә, куә, күнә, шүбә, әзәзіл, дүмәдал, кінәрат, мүсәпір, шәкірт.

Әдістемелік нұсқау:

Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 414 б.

Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: 2002. – 664 б. (Б. 293-298) еңбектерін қарастыру

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

Практикалық сабақ 2.

Тақырыбы: Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма, грамматикалық категория . Грамматикалық және лексикалық мағына айыр-машылығы, ара қатынасы

Сабақтың мақсаты: Грамматикалық мағына мен форманың айырмасы. Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатыасына тоқталып, меңгерту.

Тілдің грамматикалық құрылысын тануда да, оның негізгі мәселелерін анықтауда да әрі таяныш, әрі нысана тұтатын негізгі грамматикалық ұғымдар бар. Грамматикалық құрылысқа қатысы бар негізгі ұғымдар мыналар: грамматикалық мағына, грамматикалық форма және грамматикалық категория. Грамматикалық мағына дегеніміз – сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын айтамыз. Грамматикалық мағына сздің түрленуі арқылы да, сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынастары арқылы да айтылады.

Қазақ тілінде грамматикалық мағына тудыратын сөздердің бір тобы өте, тым, аса, нағыз, нақ, дәл сияқты күшейткіш сөздер. Мыалы: өте жақсы, тым жұпыны т.б. Грамматикалық мағына негігі сөзерге шылау сөздердің селбесуі арқылы да туады. Мыс: Құрымбайдың ол не үшін келгенін де сезді.

Грамматикалық құбылыстың өзіне тән грамматикалық мағынасы мен сол мағынаны білдіретін грамматикалық тәсілі үнемі бірлікте болады. Грамматикалық мағына - грамматикалық құрылыстың мазмұны болса, грамматикалық тәсіл сол мазмұнды білдіретін формасы. Сондай жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады.

Грамматикалық категория тікелей сөйлемдегі сөздерге және сөз тіркестеріне тән жалпы грамматикалық мағынамен байланысты болады. Жалпы грамматикалық категориялар ішінара морфрологиялық категориялар және синтаксистік категориялар болып екі салаға бөлінеді. Өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады.

Келіңіз, менде қызық кітаптар, газет-журналдар бар, бірге отырып оқиық (Б.Майлин); Мүсәпірге тиген ат ұшқыр, менің атым ұшқалақ (С.Мұқанов; Адамды бағындырудың асылы – еңбек, түбінде еңбексізді еңбек жеңбек (С.Мұқанов); Міне енді сіз үйіңіздесіз (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемдердегі сөздер грамматика заңы бойынша құрылған. Бұл сөздердің кейбіреулеріне көптік жалғауы, кейбіреулеріне тәуелдік, кейбіреулеріне септік, кейбіреулеріне жіктік жалғауы жалғанып тұр да, солардың арқасында сөйлемдердегі айтылған ойлар да көріктеніп, жатық айтылып тұр. Бұл төрт түрлі жалғау тек осы сөйлемдерде ғана емес, өзге сөйлемдерде де үнемі қолданылып, әрқайсысы өз орнында белгілі мағыналар үстепғ сөздердің қызметтерін сараландырып отырады. Демек, төрт түрлі жалғаудың әрқайсысының өзіне тән грамматикалық мағыналары және сол мағыналарына орай арнаулы грамматикалық формалары бар. Сол себептен олар өз алдарына категория деп танылып, әрқайсысы бас-басына септеу категориясы, көптеу, тәуелдеу, жіктеу категориясы делініп есептеледі. Сөздерге жалғаулардан өзге жұрнақтар да қосылып, өздерінің ерекшеліктеріне қарай, әр түрлі грамматикалық мағыналар үстеп, әрі олардың тұлғаларын өзгертіп, әр қилы басқа категориялар тудырып отырады.

1-жаттығу. Берілген сөздердің мағынасын түсіндіріп, әрқайсысына сөйлем құрастыр. Грамматикалық мағынаның мәнін түсіндіріңіз: Әзиз, әзден, әзәзіл, әкпіш, әлет, әміркен, әпсана, базына.

2- тапсырма. Термин сөздерді сөздікке жазу, олардың мағынасын түсіндіру. Әрбір сұрақтың жазбаша жауабы болу керек. Барлық сұрақ ауызша сұралады. Берілген сөйлемге грамматикалық талдау жаса.

3-жаттығу. Сөз таптарының топтастырылуына қарай морфологиялық талдау жасаңыз. Мәтінге тақырып ойлап көріңіз. «Қытымыр қыс...» тақырыбына шағын әңгіме жазыңыздар.

Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр- шықыр етіп қыс келді.

Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақ түтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шыңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймаста, күнбатыстан шатынаған, шақшиған, жалғыз көзді жан алғыштан жаман жарық жұлдыз шығады, күннен-күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырады да тұрады (Аймауытов Ж. «Қартқожа»).

Бақылау сұрақтары:

Грамматикалық мағына дегеніміз не?

Грамматикалық форма дегеніміз не?

Грамматикалық ұғымдар дегеніміз не?

Грамматикалық категория дегеніміз не?

Грамматикалық категорияларды атаңыздар.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: 2002.– 664б.(Б.293-298)

Практикалық сабақ 3.

Тақырыбы: Сөздерді таптастыру принциптері

Сабақтың мақсаты:Сөздерді таптастыру, топтастыру қағидаларын жете меңгерту.

Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең алдымен үш топқа бөлінеді. Олар- атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер.

Атаушы сөздер дегеніміз өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер.

Көмекші сөздер дегеніміз өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер.Одағай сөздер деп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын сөздерді айтамыз. Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздер тобын айтамыз. Атаушы сөздер есімдер және етістіктер деген топтарға бөлінсе, есімдердің өзі атаушы есімдер және үстеуші есімдер болып жіктеледі.

Атаушы есімдер іштей зат есім, сын есім, сан есім, есімдік деген сөз таптарына сараланса, үстеуші есімдер іштей үстеу сөздер мен еліктеу сөздерге бөлінеді.

Көмекші сөздер ерекшеліктеріне қарай жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер деп аталатын топтарға бөлінеді.

Қазіргі қазақ тіліндегі сөздер 9 топқа бөлінеді:

1. Зат есім 2. Сын есім 3. Сан есім 4. Есімдік 5. Етістік 6. Үстеу 7. Еліктеу сөз 8.Көмекші сөз (шылау) 9. Одағай

Тапсырма: Сөздерді сөз таптарына былай талдау жасайды: сөз қай сөз табы екенін анықтап, одан кейін, біріншіден,мағыналық түрін, екіншіден, құрамын ажыратамыз.

Бақылау сұрақтары:

Сөздер морфологиялық және семантикалық белгілеріне қарай нешеге бөлінеді?

Қазақ тіліндегі сөз таптары неше топқа бөлінеді?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

Практикалық сабақ 4.

Тақырыбы: Зат есімнің семантикалық сипаты. Семантикалық ерекшеліктері бар топтары

Сабақтың мақсаты: Хат есімнің лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгеріп, морфологиялық талдау түрлеріне тоқталу.

Зат есімнің қай-қайсы болсын заттық ұғымды білдіргендіктен, олар негізінен алғанда, біркелкі болғандарымен іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды қамтиды. Мысалы: ағаш, су, шөп, сүт, темір тәрізді сөздер, әдетте көзбен көріп, қолмен ұстап тануға боларлықтай нақтылы, деректі заттармен байланысты ұғымдарды білдірсе, ақыл, сана, ой, жақсылық, адамгершілік секілді сөздер ойлау, топшылау қабілеттері арқылы танылатын абстрактылы заттермен байланысты ұғымдарды білдіреді.

Зат есімдердің ішінде даралау және жинақтауұғымын білдіру қабілеті де жоқ емес. Мыс: Құрт, құмырсқа, апа, қарындас, төсек, орын тәрізді дара сөздер белгілі-белгілі заттардың аты болса, құрт-құмырсқа, апа-қарындас, төсек-орын сияқты қос сөздер белгілі бір ұғымдардың жинақтап, олардың топ-тобының атын білдіреді.

Зат есімнің ішінде өздеріне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар кейбір топтар да жоқ емес. Ондай, семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар топтарға: адамзат және ғаламзат есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді эмоциялы-экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді жатқызуға болады. Зат есім – сөзжасамы өте күрделі сөз табы. Оның түрлі себептері бар. Зат есімде сөзжасам тәсілдерінің бәрі қызмет етеді және де бәрі де белсенді қызмет атқарады. Зат есімнің сөзжасамдық бірліктері де алуан түрді. Солардың ішінде зат есімні сөзжасамдық жұрнақтары ерекше көзге түседі. Зат есімнің сөжасамдық жұрнақтарға өте бай, олардың мағынасы мен құрамында да үлкен ерекшеліктер бар. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуында сөзжасамдық жұрнақтар арқылы жасалуы жатады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары деп алуан түрлі сөздерден туынды түбір зат зат атауын жасайтын жұрнақтар аталады. Мыс: тыңшы, қызметкер,арбакеш, сыпырғыш т.б.ьТуынды туынды зат есімдердің жасалуына зат есім, сын есім, сан есім, етістік сөздер негіз болады. Осы сөз таптарының сөздерінің негіз болуы арқылы жасалған туынды түбір зат есім сөздер туынды түбір сөздер болып саналады.

Бақылау сұрақтары:

1. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуына мысал келтіру.

2. Зат есімнің жұрнақтары.

3. Зат есімнің жалпы сипаттамасы.

4. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты.

5. Зат есімдердің құрылымы туралы.

Практикалық сабақ 5.

Тақырыбы: .Сын есімнің шырай категориясы

Сабақтың мақсаты: Сын есімнің лексика-грамматикалық түрлерін саралау.

Сын есімнің морфемалық құрамдары

1. Сын есімнің семантикалық топтары.

2. Сын есімнің морфемалық құрамдары.

3. Сын есімдердің жасалуы.

4. Шырай түрлері

Ақ, қара, сары, көк, сұр, биік, үлкен, аласа, жылы, жұқа, қалың, тік, ірі, кіші сияқты сапалық сын есімдерді алсақ, қазіргі кезде олардың қай-қайсысы болса да, тиісті морфемаларға бөлшектенбейтін түбір сөздер есебінде қабылданып, ежелден келе жатқан негізі сын есімдер ретінде түсініледі. Сөйтіп, сын есімдерді морфемалық құрамдарына қарай, негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер деп бөлуге болады.

Бірақ оларды осылайша жіктеу шартты нәрсе екенін есте үстау қажет, өйткені қазіргі кезде негізгі сын деп жүрген сөздердің көпшілігінің төркінін талдап қарағанымызда, туынды сындар болып келеді. Мысалы: тұнық, суық, сұйық, сирек, жазық, толық, ашық, жабық, иік, жетік, тілік, сергек сияқты сындар бастапқы тұн, суы, ары, сұйы,сире, жаз, тол, аш, жап, и, жет, тіл, сергі деген етістіктерден туған.

Сын есімдер морфологиялық, синтаксистік, морфологиялық-синтастиктік тәсілдер арқылы жасалады. Морфологиялық тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады. Синтаксистік тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы ( ақ сары, қызыл сары; қара көк), негізгі сындар мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы, зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы ( көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы арқылы (үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы-таусыз, елді-күнді) жасалады. Морфологиялық-синтаксистік тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы (мысалы; басқа, өзге, шала-жансар т.б.) жасалады.

Зат есім, етістік сөзжасамынан кейінгі орында сын есім сөзжасамы тұрады. Сын есім туындылар есім сөздерден де, етістіктен де жасала береді. Сын есімнің туынды атаулары құрамы жағынан дара және күрделі болып бөлінеді. Дара туындыларға бір сөзден тұратын жұрнақ арқылы жасалған туынды түбір сын атаулары жатады. Күрделі сын атаулары екі не одан да көп сыңарлардан жасалып, бір сандық белгінің атын білдіреді. Сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының бір тобы есім сөздерден сындық туынды түбір атауларды жасайды.

Сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары сөзжасамдық қабілеті жағынан әр түрлі. Есім сөздерден туынды түбір жасайтын сөзжасамдық жұрнақтар сөзжасамдық қабілеті жағынан өнімді және өнімсіз болып бөлінеді. Тілге көптеген туынды түбір сын есім қосқан жұрнақтар өнімді болып саналады. Өнімді сөзжасамдық жұрнақтардың ішінен –ды, -ді, -ты, -ті, -лы, -лі жұрнағы ерекше көзге түседі.

Өнімсіз жұрнақтар тілге жекелеген туынды түбір сын аталымдарын ғана қосқан, сондықтан олар өнімсіз жұрнақ аталады.Мысалы: -қы, -кі жұрнағы арқылы жинақы, күлдіргі, бұралқы сияқты туынды сын атаулары ғана жасалған. Сол сияқты –ын, -ін жұрнағы да аз ғана туынды жасаған. Мыс: бүтін, ұзын, ортан. Сын есім сөзжасамы сөзжасамдық жұрнақтарға байлығы жағынан жұрнақтардың мағынасына толық тоқталу. Заттың белгісі я сипаты біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады. Сын есімнің 4 түрлі шырайы бар: жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай.

Бақылау сұрақтары:

1. Сын есімнің семантикалық топтары.

2. Сын есімнің морфемалық құрамдары.

3. Сын есімдердің жасалуы.

4. Шырай түрлері.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

Практикалық сабақ 6.

Тақырыбы: Сандық ұғым мәнді басқа сөздер

Сабақтың мақсаты: Сан есімдер –сандық ұғымды білдіретін есім сөздер қатарына жататын сөз табы екенін меңгерту.

1.Сан есімнің лексика-семантикалық өзгешелігі.

2. Сан есімнің морфологиялық өзгешелігі.

3. Сан есімнің синтаксистік өзгешелігі.

Сан есімдер – есімдер тобына жататын сөз таптарының бірі. Сан есімдер басқа сөздерге тіркестірілмей жеке-дара айтылғанда , тек абстракт сандық ұғымдардың атаулары ретінде қолданылады. Олардың нақты мағыналары өзге сөздермен қарым-қатынасқа түсіп айтылғанда ғана айқындалып отырады. Сан есімге жатпайтын сөздердің ішінде де мағынасы жағынан сандық ұғымға жақындығы бар сөздер кездеседі. Олар: жалғыз, дара, жалқы, сыңар, қос, егіз т.б.Мысалы: Бар сеніп отырғанымыз осы жалғыз ұл (С.М.). Бұл-егіздің-сыңары (С.Ж.). Сен дарасың, данасың (Ғ.М.)Жалқы жүрген қырсыққа кез болады (Қ.Т.).

Сандық ұғымға қатысы бар мұндай сөздердің мәні кейбір сан есім сөздермен мағыналас та келеді. Олардың ішіндегі жалғыз, жалқы, дара, сыңар сөздері бір сан есіммен мағыналас, қос, егіз сөздері екі есептік санмен мағыналас. Ал жарты, ширек сөздері бөлшектік сандармен мағыналас, жарты, жарым –бүтіннің жарты бөлігі, ширек- бүтіннің төрттен біріне тең. Сондай-ақ тілде әр түрлі өлшем мәнін білдіретін сөздер мен сөз тіркетері бар. Көлем мәнділер: бір шөкім, бір үйір, бір құшақ, бір топ.

Салмақ өлшемін білдіретіндер: пұт, (16)кг, қадақ (750 гр.), батпан 150 кг, Қалыңдық мәнді білдіретіндер: бір елі, бармақ елі, (1-2,5 см), кез (50см.) аршын 75 см. Құлаш 1,5-2м, қозы-көш (5-6 км). Ат шаптырым 25-30 км.

Морфологиялық сипаттары жағынан да сан есімдердің өзіне тән, өзге сөз таптарына ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Сан есімнің негізгі функциясы анықтау қызметі болғандықтан, ол үнемі айқындайтын сөздерінен бұрын қолданылады, бірақ ешқандай да морфологиялық өзгеріске түспейді.

Сан есімдер іштей дара сан және күрделі сан болып екіге бөлінеді. Дара сандардың атаулары аса көп емес, олардың бар болғаны - жиырма шақты ғана. Күрделі сан есімдер осы аталатын дара сан атауларының әр алуан жолымен тіркестіріле қолданылуы және қосарлана айтылуы арқылы жасалады. Сан емімдер септік сан, реттік сан, болжалдық сан, жинақтық сан, топтық сан, бөлшектік сан болып алты топқа бөлінеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Сан есім туралы түсінік. 2. Сан есімнің лексика-семантикалық өзгешелігі.

3. Сан есімнің морфологиялық өзгешелігі.

4. Сан есімнің синтаксистік өзгешелігі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991

.2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

Практикалық сабақ 7.

Тақырыбы: Жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, болымсыздық есімдіктері, сөйлемдегі қызметі, есімдікке ауысқан сөздер (прономиналдану)

Сабақтың мақсаты:Сөйлемдегі есімдіктің дейктикалық қызметі( мен тыңдаушы, сен -сөйлеуші, сөйлеу әрекетіне қатысушы қызметі) мен қандай мағынада қолданылатынын яғни анофоралық қызметін анықтау.

Есімдіктер заттық есімдіктер, белгі есімдіктері, сандық есімдіктер деп үш топқа бөлінеді.Заттық ұғым мағынасында қолданылып, көбіне бастауыш, толықтауыш қызметінде қолданылады. Олар мыналар: мен, сен, сіз, ол, біз, сендер, сіздер, олар, ешкім, кім, не, өзі, ештеме, кейбір, ірбір, іркім, біреу, әлдене, әлдекім, бірдеме, кейбіреу, қайсыбір. Бұларды субстантивтік есімдіктер деп атайды.

Белгі есімдіктері қай? Қайсы? Қандай? деген сұрақтарға жауап береді.Олар: бұл, сол, мына, ана, осы,, мынау, анау, сонау, тонау, әне, міне әнекей, мінекей. Бұларды атрибутивтік есімдіктер деп атайды., олар түрленбейді. Тек заттанғанда ғана түрленіп қолданады.

Сандық есімдіктер сөйлемде сандық ұғыммен байланысты қолданылады, олар: қанша, қаншама, бірнеше, біршама, бірқыдыру. Есімдік қазіргі тілдің даму сатысында негізгі түбір сөздер болып табылады. Траихи тұрғыдан олардың құрамында түбірге кіріккен қосымшалары бар. Мәселен: ме-н, бі-з,ана-у т.б.

Есімдіктер туралы жалпы сипаттама.

2. Жіктеу есімдіктері,

3. Сілтеу есімдіктері.

4. Сұрау есімдігі.

5. Өздік есімдік.

Есімдер тобына жататын сөз табының бірі – есімдіктер. Есімдіктер затын атын, сынын, санын, я олардың аттарын білдірмейді, бірақ солардың орнына жұмсалады. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде меңзеу арқылы білдіреді.

Есімдіктер шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді: оның бір тобына өте ерте заманнан келе жатқан байырғы түбір есімдіктер енеді де, екінші тобына тіліміздің даму, жетілу процестерімен байланысты, кейінгі заманда пайда болған есімдіктер жатады.

Бірінші тобына: мен, сен, ол, біз, сіз, қай, кім? Не? Міне, бұл, осы, сол

Екінші тобына: бір, бар, біреу, бүкіл, түгел, әр, күллі, пәлен т.б.

Мағыналарына қарай есімдіктер мынадай топтарға бөлінеді: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау.

Бақылау сұрақтары:

1. Есімдіктердің мағыналық топтары 2. Сұрау есімдігі қалай жасалады?

3. Өздік есімдіктеріне мысал келтіру.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007

Практикалық сабақ 8.

Тақырыбы: . Етістіктің зерттелуі. Етістіктің семантикалық топтары, туынды етістіктер

Сабақтың мақсаты: Көне заман тіл білімінде етістіктің танылуы, басқа сөз таптарынан күрделі грамматикалық құрылымы арқылы ерекшеленетінін меңгерту.

Етістіктің лексикалық құрамында қанша сөз болса, солардың әрқайсысының өзіне тән лексикалық мағынасы болады. Солай бола тұра лексикалық мағыналары қаншалықты басқа-басқа болғандарымен, сол етістіктердің бәрі де, ең алдымен өздерінің мазмұнындағы барлығына да ортақ сипат есебінде танылатын семантикалық ерекшеліктеріне қарай бір сөз тобына телінеді. Дегенмен де, лексика-грамматикалық белгілері біріңғай жеке сөз табы саналатын етістіктердің өздерін іштей бір-біріне мағына жағынан жақындықтарына, өзара функция жағынан орайластықтарына қарай топ-топқа бөлуге болады.

Етістікті мағынасына қарай топтастыру мәселесі де, басқа сөз таптары сияқты, белгілі бір мақсатқа я нысанаға орайлас құрылуы қажет. Морфологиялық құрылымы жағынан етістіктер жалаң етістіктер және күрделі етістіктер деп аталатын екі салаға бөлінеді. Осымен қатар етістіктің аналитикалық етістіктер деп аталатын түрлері де бар. Жалаң етістіктерге түбір етістіктер және жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер жатады. Мыс: ек, жек, оқы, жаз, кел т.б.

Жалаң етістіктер, сөйтіп құрылымына қарай түбір етістіктер және туынды етістіктер деген екі топқа жіктеледі.Түбір етістіктер деп арнаулы морфологиялық бөлшектері жоқ, демек қазіргі кезде морфологиялық жағынан түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге болмайтындай етістік формалары аталады. Туынды етістіктерге, әдетте, түбірлерден арнаулы жұрнақтар арқылы жасалған етістіктер жатады. Етістік сөзжасамында аналитикалық тәсіл өте белсенді қызмет атқарады. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі етістіктерге тіліміз өте бай. Көне замандардан бері қолданылып , тілді күрделі етістіктермен байытқан бұл тәсіл арқылы жасалған күрделі етістіктердің өзіндік ерекшеліктері мол. Етістіктің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы деп екі етістіктің бір-бірімен тіркесіп, бір күрделі қимыл ұғымын білдіріп, бір күрделі етістік жасауы аталады. Алдымен күрделі етістіктер күрделі қимыл ұғымын білдіреді. Күрделі қимыл ұғымы деп екі түрлі қимылдың біртұтас қимыл-әрекет мәніне ие болған түрін айтамыз.

Әдістемелік нұсқау. Граммтикалық талдау мына үлгіде жасалады: берілген сөйлемдегі сөздердің, сөз тіркестерінің лексикалық мағынасымен қатар, грамматикалық мағынасын, грамматикалық формасын, граммтикалық тәсілін көрсету.Мысалы: оқып жүр – лек. мағынасы –қимыл, грам. мағынасы- шақтық, жақтық, грам. формасы –ып көсемше және нольдік, грам. тәсілі – аналетикалық.

Практикалық сабақ 9.

Тақырыбы: Етістіктің модальдылық мағынасы, оның рай категориясымен байланысы

Сабақтың мақсаты:Модальдылық мағына –тілдің түрлі деңгейіне қатысты, өте кең өрісті тілдік категория екеніне тоқталып, меңгерту.

Модальдылық мағына етістік құрамынан көп орын алады. Оның ішінде етістік баяндауышта модальдылық мағынасыз баяндауышты кездестіру өте қиын. Өйткені модальдылық сөйлеушінің сөйлемдегі ойға айтылған көзқарасын, ойын, пікірін білдіреді. Сөйлемдегі ой, уақиға сөйлеуші тарапынан хабарланады да, сөйлеуші сөйлемнің негізгі белгісінің біріне жатады. Мысалы. Ол келді. Дегенде қимылдың келешекте жасалатыны туралы сөйлеуші өз ойын білдірген. Бұдан сөйлемдегі қимылды білдіретін баяндауыш арқылы сөйлеуші реалды қимылды да, неғайбіл қимылды білдіретінні басқаша айтқанда, сөйлеушінің қимылды реалды, неғайбілділігі туралы пікірі модальдық мағынаға жатады. Олар обьективті, субьективті болып екіге бөлінеді. Осындапй ерекшеліктеріне қарай яғни амалдың ақиқатты білдіруіне қарай етістіктің райлары реалды және неғайбіл райлар болып сараланады. Реалды- ашық рай, нераелды: бұйрық рай, шартты рай, қалау рай. Ашық райдың арнайы көрсеткіші жоқ. Неғайбіл райлардың көрсеткіштері бар.2. Ашық райдағы реальді қимылды шақ көрсеткіштері білдіреді. Сондықтан ашық райдың шақтарындағы етістіктер обьективті модальдық мағынаға, ал неғайбіл райлар субьективті мағынаға жатады.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007

3.С.Құлманов Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальділігінің функциональды-семантикалық өрісі. Канд. Дисс.автореф.2004.7-8 б.

Практикалық сабақ 10

Тақырыбы: Тұйық етістік, білдіретін мағынасы, тұйық етістіктің шақ категориясына қатыстылығы

Сабақтың мақсаты:

1.Маманов Е. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы: 1966 ж. (11-32беттер)

2. Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. 1972 ж

Практикалық сабақ 11.

Тақырыбы: Етістік тұлғасының сөйлемде түрленуі

Сабақтың мақсаты: Етістіктің сөйлемде қолданылғанда түрлі тұлғада келуі, оның грамматикалық категорияларының көптігіне байланысты болып келетіндігін меңгерту.

Практикалық сабақ 12.

Тақырыбы: Дара, күрделі үстеулер

Сабақтың мақсаты:Үстеу сөздер әртүрлі тәсілдер арқылы жасалатын болғандықтан морфемдік құрамының әр түрлі болатынын және дара және күрделі үстеулерді меңгерту.

1.Үстеу жалпы түсінік.

2. Үстеудің мағыналық түрлері

3. Үстеудің жасалу жолдары

4. Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары.

5. Біріктіру арқылы үстеудің жасалуы.

Үстеудің сөзжасамы деп үстеудің сөзжасамдық бірліктерінің белгілі сөзжасамдық тәсілдер арқылы туынды үстеулер жасауы аталады. Мысалы: балаша қуанды, қыстай оқуда болды.

Үстеудің басқа сөз таптарындай күрделі сөзжасамдық жүйесі болмаса да, өзіндік ерекшелігі бар, белгілі заңдылықтары мен шағын сөзжасамдық бірліктері бар, тілдің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрі дерлік қызмет ететін сөзжасамдық жүйесі бар.Үстеудің сөзжасамдық жүйесінің басқа сөз таптарынан ерекшелігі – олардың жалғаулардың түбірге кірігіп, көнеруі арқылы туынды үстеудің жасалуы. Мыс: алға, бірге, әзірге, күнде т.б. сияқты үстеулер түбір сөздерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауының кірігіп көнеруінен жасалған. Бұл тілдік құбылыс басқа ірі сөз табтарында жоқтың қасы. Тек сын есімде өзге, басқа сияқты жекелеген сөздер ғана осы жолмен қалыптасқан. Үстеудің сөзжасам жүйесінде бұл тәсіл арқылы аумақты бір топ туынды үстеулер жасаған. Сондықтан оны үстеу сөзжасамының өзіндік ерекшелігі деп тану керек.Үстеу де - өзінің құрамын басқа сөз таптары арқылы толықтыратын сөз табы. Үстеудің жасалуында басқа сөз табтарының лексикалық бірліктері негіз сөз қызметін атқарады, өзі де ол қызметке қатысады. Олардың үстеудің өзінен басқа мына сөз таптарын атауға болады. Зат есім, сын есім, сан есім сөздер мен есімдіктер. Тілде қалыптасқан сөзжасамдық тәсілдеріне толық тоқталу.

Бақылау сұрақтары:

1. Үстеудің мағыналық түрлері

2. Үстеудің жасалу жолдары

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007

Практикалық сабақ 13

Тақырыбы: Еліктеуіш сөздердің фонетика-морфологиялық сипаты

Сабақтың мақсаты: Еліктеуіш сөздердің дыбыстық құрамындағы дыбыстардың жуан, жіңішке, қысаң, ұяң болуының өзіндік атқаратын қызметтеріне тоқталу.

1. Еліктеуіш сөздердің семантикалық сипаты.

2. Еліктеуіш сөздердің фонетика, морфологиялық сипаты.

3. Еліктеу сөздердің синтаксистік қызметі.

Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, грамматикалық сыр-сипаты жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуан сөздер еліктеу сөздер деп аталады.

Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, күңк, сарт-сұрт т.б.

Еліктеу сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын, сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы туынды есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.

Бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз. М/ы: маң-маң, жапыр-жұпыр, жалт-жұлт, тарбаң-тарбаң, едірең-едірең т.б.

Бақылау сұрақтары:

1. Еліктеуіш сөздердің семантикалық сипаты.

2. Еліктеуіш сөздердің фонетика, морфологиялық сипаты.

3. Еліктеу сөздердің синтаксистік қызметі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007

Практикалық сабақ 14.

Тақырыбы: Септеуліктер, жалғаулықтар

Сабақтың мақсаты: Грамматикалық сипаттарына қарай шылаулар 3 жікке бөлінеді: олар- септеуліктер, жалғаулықтар, демеуліктер.

Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, бірыңғай сөйлемдердің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Жалғаулық шылаулар салаластырғыш жалғаулықтар және сабақтастырғыш жалғаулықтар болып екіге бөлінеді. Салаластырғыш жалғаулықтар:

1.Ыңғайластық: мен(бен, пен), және, тағы, әрі, да,(де, та, те),әм

2. Талғаулықты: біресе, әлде, я, бірде, яки, не, немесе, болмаса, не болмаса, құй, мейлі.

Сабақтастырғыш:

Қарсылықты: бірақ, алайда, әйтсе де, дегенмен, әйтпесе, әйткенде, әйтпегенде, сонда да, сүйтсе де.

Себептік: себебі, өйткені,

Салдарлық: сондықтан, сол себепті

Шарттық: егер, егер де, алда-жалда

Айқындағыш: яғни, демек

Ұштастырғыш: ендеше, олай болса, ал ендеше.

Септеуліктер деп обьекті мен обьектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз.

Атау септік: сайын, үшін, сияқты, туралы, арқылы, Барыс септік: қарай, таман,салым, тарта, жуық, шейін, дейін

Шығыс септік: гөрі, бері, кейін, соң, бұрын, бетер

Көмектес септік: қатар, қоса, бірге

Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер жамайтын сөздерді айтамыз.

1.Сұраулық демеуліктер: ма (ме, ба, бе, па, пе), ше

Күшейткіш демеуліктер: -ау, -ай, -ақ, да (де, та, те)

Нақтылық демеуліктер: қой, (ғой), -ды(-ді, -ты, -ті)

Шектік демеуліктер: қана, ғана, -ай

Болжалдық демеуліктер:-мыс, (-міс), -ау

Болымсыздық демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ

Қомсыну демеуліктер: екеш

Бақылау сұрақтары:

Шылаулар деген не?

Демеулік шылауларға мысал келтір.

Жалғаулық шылауларға мысал келтір.

Септеулік шылауларға мысал келтір.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

Практикалық сабақ 15.

Тақырыбы: Одағайлардың морфемдік құрамы

Сабақтың мақсаты:

Одағайлар - өз алдына ерекшеліктері бар сөздер.

Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөләнеді.

Негізгі одағайларға: ау, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, оһо, аһа, беу т.б.

Туынды одағайлар: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, масқарай, о тоба, япырмай, о дариға т.б. Бұлардан басқа тілімізде адамға арнай айтылатын: кәні, міне, әні, мә, жә, әйдә, әй, тек, тәйт сияқты одағайлар бар. Бұлар кейбіреулері көрсету,я нұсқау, кейбіреулері ұсыну, кейбіреулері тыю мағыналарын береді. Бұларды ишарат одағайлары деп атаған дұрыс.

Бақылау сұрақтары:

Одағайлардың ерекшелігі.

Одағайлардың түрлері, мысалдар келтіру.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы: Інжу-Маржан, 2007.

ГЛОССАРИЙ

Терминдер Терминдердің түсіндірмесі
Морфология Грек тілінің форма және ілім деген сөзінен шыққан. Тілдің морфологиялық құрылысын және сөздің грамматикалық түрлену сипатын зерттейді. А.Ысқақов морфологияны сөз және оның формалары туралы ілім деп атаған. В.В.Виноградов грамматикалық сөз туралы ілім деп атады.
Аналогия Тілдегінің барлығы да белгілі заңдылыққа бағынады деушілер.  
Грамматикалық мағына Сөздің лексикалық мағынасымен бірге ойды білдіруде қызмет атқарады.
Грамматикалық мағына беретін тілдік бірліктер Қосымша және көмекші бірліктер арқылы беріледі  
Грамматикалық категория Бір тектес жүйелі грамматикалық мағыналардан тұратын және оларды білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіштері бар тілдік құбылыс.
Морфема Сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең мағыналы бөлшегі.
Сөздің морфологиялық құрылымы Негізгі морфемалар мен көмекші морфемалардан тұрады.
Негізгі морфема Әрі қарай бөлшектеуге келмейтін лексикалық мағынасы бар морфема.
Көмекші морфемалар Қосымшалар және көмекші сөздерден тұрады.
Субстантивтену Сан есім мен сын есімнің қолданыста заттануы.  
Филология Жазба ескерткіштердің тілін, стилі, тарихи жақтарын зертейтін ілім.
Шырай категориясы Сындық белгінің әр түрлі заттардағы дәрежесін білдіретін грамматикалық категория.  
Экстралингвистика Тілдің сыртқы дүниемен, қоғаммен байланысын зерттейді.
Деривация бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау процесі
Адвербиалдану сөздің үстеу тобына өтуі
Адъективация сөздің сын есімдер тобына өту
Морфема (грек.) тілдің негізгі бірлігі, ең кіші таңба
Қосымша морфема морфеманың бір түрі
Түбір сөдің лексикалық мағынасын сақтаушы негізгі бөлік
Грамматика   (грек. – әріп, жазу) тілдің құрылымы, яғни морфологиялық категориялар мен тұлғалар
Етіс етістікке тән грамматикалық категория
Аффикс тіл элементі
Конвергенция бірдейлесу сөзі бойынша жасалған термин
Дивергенция ажырасу деген сөз бойынша жасалған термин
Агглютинация қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы
Проклитика өзінен кейінгі атауыш сөздердің фразалық екпіні ішіне кіре айту құбылысы
Супплетивизм тілдегі грамматикалық мағына білдірудің синтетикалық тәсілі
Фузия аглютинацияға қарама-қарсы құбылыс
Энклитика өзінің алдындағы атауыш сөз екпіні ішіне кіре айту құбылысы

Студент білімін бақылау мен бағалау материалдары

«Морфология» пәні бойынша дифференциалды сынақ сұрақтары

1.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердіңграмматикалық сипатын талдаңыз.

2. Қазақ тілінің морфемалар жүйесі туралы ғалымдар пікірлерін саралаңыз.

3.Қазіргі қазақ тіліндегі нөлдік форма туралы ғылыми тұжырымдар туралы.

4.Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарын сипаттаңыз.

5.Қазақ тіліндегі сөздерді топтастыру қағидалары туралы.

6.Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының қалыптасуы туралы.

7.Зат есім, күрделі зат есімдер туралы қағидаттар.

8.Қазақ есімдерінің тарихы туралы.

9.Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары жайында.

10.Тәуелді форма және оның қолданылуын сипаттаңыз.

11.Қазақ тіліндегі септік тұлғаларының білдіретін мағыналары жөнінде.

12.Сын есім және оның қолданылу аясы.

13.Сапалық сын есімдердің жүйесі жайында ғалымдар пікірлері.

14.Қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің стильдік анықтамасы.

15.Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы туралы.

16.Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі.

17.Қазақ тіліндегі есімдіктер, ғалымдар анықтамасыдағы қайшылықтар.

18.Қазақ тіліндегі етіс категориясы туралы.

19.Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы.

20.Бұйрық райдың парадигмасы мен мағыналық құрамы.

21.Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің модальдылық құрылымдары.

22. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы.

23.Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі.

24. Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер семантикасы.

25. Қазіргі қазақ тіліндегі шылаулардың синтаксисі.

26. Жалғаулықтар, олардың сөздерді байланыстырудағы қызметі.

27.Қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың мағыналық құрамы.

28.Одағайлардың морфемдік құрамы туралы.

29.Сөз таптары туралы ғалымдардың тұжырымдамалары.

30.Морфологияның қиын мәселелері туралы саралаңыз.

31.Морфологияның зерттеу нысаны.

32.Морфологияның зерттелу тарихынан.

33.Морфемалар, олардың түрлері.

34. Жұрнақ, оның түрлері.

35. Жалғау, онң түрлері.

36. Күрделі сөз, белгілері, сипаты.

37. Біріккен сөз.

38. Қос сөз, оған тән белгі, түрлері.

39.Қысқарған сөздер. Қазақ тілінде қалыптасуы.

40. Зат есімнің лексика-семантикалық сипаттары

41.Зат есімнің грамматикалық белгілері.

42.Зат есімнің синтаксистік қызметі.

43. Зат есімнің құрылымдық түрлері.

44.Зат есімнің грамматикалық категориялары.

45.Зат есімнің септелуі, жай, тәуелді септеу.

46. Зат есімнің жіктелуі.

47.Зат есімнің тәуелденуі.Ортақ, оңаша тәуелдеу.

48.Зат есімніңкөптік мағыналары, берілу жалдары.

49.Сын есімнің морфологиялық белгілері.

50. Сын есімнің шырай категориясы.

51Сын есімнің синтакистік қызметі.

52.Сын есімнің мағыналық жіктелуі.

53. Сан есім, өзіндік ерекшеліктері.

54. Сан есімнің мағыналық топтары, жасалу жолдары.

55. Есімдік, оның түрлері.

56. Үстеудің лексика-семантикалық түрлері

57. Үстеу сөздердің мағынасына қарай түрлері.

58.Үстеудің сөйлемдегі қызметі.

59. Еліктеу сөздер, олардың лексикалық, тұлғалық ерекшеліктері.

60.Еліктеу сөздердің түрлері.

61. Шылау. Шылаудың түрлері.

62. Септеуліктер.

63. Жалғаулықтар.

64. Демеуліктер.

65. Шылаудың көмекші сөздер қызметінде жұмсалуы.

66. Одағай- оқшау сөздер тобы.

67. Одағайдың мағыналық түрлері.

68.Қыстырма сөздер.

69.Қаратпа сөздер.

70. Оқшау сөздердің ұқсас, айырым белгілері.

Дифференциалдық сынақ бойынша рефератты бағалау критерийлері

№№ Бағалау критерийі
Тақырыпқа сай жоспар құру, ойларының ерекшелігі
Негізгі мәселені меңгеруі, тақырыпты ашуы, материалдарды жинақтауы
Ғылыми әдебиеттерді пайдаланып, жауаптарының нақты фактілермен өрілуі  
Реферат бойынша студенттің белсенділігі, тұжырымы, өз көзқарасын дәлелдей алуы

Наши рекомендации